• Қоғам
  • 03 Маусым, 2021

РУХАНИ БЕТБҰРЫС

Бағдагүл Балаубаева
«Ana tili»

МӘСЕЛЕЛЕР ТІКЕЛЕЙ  ЭФИРДЕ ДЕ ШЕШІЛЕ БЕРЕДІ

Әсем қала Алматы күн өткен сайын көркейіп, құлпырып келеді. Бұған «Алматы – 2025» бағдарламасының аясында атқарылып жатқан жұмыстарды атап айтуға болады. «Шетсіз қала», «Ақылды қала», «Тең мүмкіндіктер қаласы», «Қауіпсіз қала», «Жасыл қала», «Жаһандық іскерлік орталық», «Мәдени креативті қала» бағыттары бойынша сала-салаға бөлінген жұмыс жоспарлары негізінде жүйелі түрде жұмыс жүргізілуде.

Алматы телеарнасының «Akimat LIVE» бағдарламасының әр шығарылымын тыңдап отырсаңыз, көкейде жүрген сан алуан сауалыңызға жауап аласыз. Бағдарламаның ұтымды тұсы Алматы шаһарының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа тікелей эфирде сұрақ қойып, мазалап жүрген мәселеңді қозғауға мүмкіндік мол. Бұл қала әкімінің тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс істеп, олардың пікіріне құлақ асатынын білдірсе керек.

Күні кеше кезекті тікелей эфирде шаһар басшысына Алатау ауданының тұрғыны: «Алатау ауданына жасаған қамқорлығыңыз үшін көп рақмет. Алатау ауданы адам танымастай өзгерді. Көптеген проблемалар шешімін тауып жатыр. Мен жиырма мың тұрғыны бар Ұлжан-1 ықшамауданынан хабарласып тұрмын. Бізде өткен жылдың соңына қарай көше жарықтары қосылған болатын. Желтоқсан, қаңтарда, екі ай жұмыс істеді. Аудан әкімі Азамат Бескемпірұлы есеп берді, одан кейін Сіз есеп бердіңіз, ертеңінде шам өшті де қалды. Содан бері алты ай өтті, ешкім жауап бермейді» деп хабарласып, көше шамының мәселесін көтерді. Б.Сағынтаев бірден Алатау ауданының әкімі А.Бескемпірұлын тікелей эфирге қостырып, жарық бағаналары әлі күнге дейін АҚЖ-ға берілмегенін естісімен: «Бюрократия деген осы, міне. Жауапсыздық. Жасалған дүние АҚЖ-ға өткізілмесе, оған халықтың қандай кінәсі бар. Жасадық, ел қуанып қалды. Есеп бердік, ертеңінде жарық өшіп қалды. Ұят емес пе?» деп, тез арада жарықты іске қосуды талап етті. Демек, өзегіңізді өртеген кез келген мәселені тікелей эфир арқылы әкімге бірден жеткізіп, оң шешімін табуына үлес қосуға мүмкіндігіңіз бар.

ҚАЛАНЫҢ ТАРИХИ ҚАЛПЫ САҚТАЛАДЫ

Қаланың тарихи келбетін қайта қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты қойылған сауалға: «Қандай жұмыстар жасалса да қаланың тарихи келбеті сақталуы керек. Былтыр орталық аудандарда жетпістен аса үйдің сыртын қайта жөндеуден өткіздік. Биыл да бұл жұмыс жалғасын табады. Қаланың ескі көрінісін жандандыра отырып, тарих қалтарысындағы Алматы көркін жаңғыртқымыз келеді. Өйткені тұрғындардың кейбірі балконын бекітсе, енді бірі өз бетімен әртүрлі түске бояп тастаған» деп, қаланың келбеті көркем де әсем болуы қажеттігін назарға алды. Бұл тұрғыда Арбаттағы мектеп-гимназияның бұрынғы суретін архивтен тауып, сол бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Бұл қатарда Абай атындағы Опера және балет театрының маңайы, Кіші Алматы өзенінің жағалауы және т.б. бар.

Тікелей эфир барысында елдегі пандемиялық ахуал, көгалдандыру мәселесі, Саяхат автобекеті жайы және т.б. тұрғындарды алаңдататын сауал қойылып, оған толыққанды жауап берілді. Елдегі ахуалға келгенде Алматы қаласы екі айдан бері қызыл аймақта болып, енді ғана беті бері қарағанын атап өтіп, арқаны кеңге салмай, сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертті. «Алматы қаласы екі айдан бері қызыл аймақта тұрды. Күн сайын 715-720 науқас тіркелген кез болды. Ол кезбен салыстырғанда, қазір жағдайымыз сәл тұрақталды. Біртіндеп төмендеп келеді. Бұған бәлкім вакцина алу әсер еткен болар. Мамыр айының басында Наурызбай ауданы вакцина алу жағынан алдыңғы орында тұрды. Тұрғындардың 36 пайызы вакцина алған. Ал Жетісу ауданы тұрғындарының 17 пайызы ғана вакцияланған екен. Жағдай тәуір болды деп, босаңсуға болмайды. Ешкімге ауру жұқтырмай, кедергі келтірмей, өзіңді қорғап, төңірегіңді қорғап, елдің болашағын ойлаған дұрыс» деп, бетперде тағып, ара қашықтықты сақтап, барлық санитарлық талаптарды қатаң ұстану қажеттігін қадап айтты.

Иә, бүкіл әлемді дүрліктірген індет­тің салқыны тигенімен, қаланың даму бағыттары бойынша жұмыс қызу жүріп жатыр. Мәселен, қалада Оқушылар сарайы, аудандық оқушылар үйі, өнер мектебі, сегіз музыкалық мектеп секілді жиырмадан астам қосымша білім беру ұйымдары бар, онда екі мыңға жуық үйірме мен секциялар жұмыс істейді. Биыл «Шетсіз қала» жобасы бойынша он екі мың оқушыға арналған сегіз мемлекеттік мектеп салынады. Оның бесеуі Алатау ауданына тиесілі. 2023 жылға қарай жиырмадан астам мемлекеттік балабақша, биыл 65 жекеменшік балабақша ашу жоспарланып отыр.

 

«АЛМАТЫ –  ӨРКЕНИЕТ ОРДАСЫ»

Елдегі рухани-мәдени салада да ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық көп. Бұл тұрғыда белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Бауыржан Жақып былай дейді:

– Алматы шаhары – еліміздегі ең ірі ме­­гаполис. Оның көр­кеюі – бүкіл Қазақстанның гүл­денуіне жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда, «Алматы –2025» даму бағдарламасының жүзеге асырылуы аса маңызды. Сол бағ­дарламаның рухани-мәдени бағыттағы атқарылып жатқан істеріне куә болып жүрміз. Мәселен, қаладағы кітапханалардың біразының күрделі жөндеуден өткізіліп, халыққа заманауи үлгіде қызмет көрсете бастағанын көріп жүрміз. Біраз уақыт бұрын «Нұркент» тұрғын үй кешенінде жаңадан ашылған «Алатау креатив ХАБ» заманауи кітапханасында болдым. Оқырман үшін бар жағдай жасалған. Бір жерінде кітап авторлары, ақын-жазушылармен кездесуге мүмкіндік жасалған, тіпті кітап оқуға келген оқырманның балалары ойнауға да жағдай жасалған. Ал интернетке қосылған орталықта кез келген келушінің оқырманмен әлеуметтік желі арқылы байланысқа шығуына жол ашылған. Алтынсарин мен Жандосов көшесінің қиылысында орналасқан «Қазақстан Жазушыларының кітапханасы» да бұрын-соңды болмаған жөндеуден өтті.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың тікелей қолдауымен 1958 жылы салынып, әбден тозығы жеткен Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Биылғы жылы сонау 1973 жылы Азия, Африка жазушыларының халықаралық конференциясын өткізу үшін бас ғимаратқа жалғасты салынған конференц-зал күрделі жөндеуден өткізілмекші. Бұдан бөлек, өткен жылы қалалық әкімшіліктің бюджеті есебінен 31 ақын-жазушының кітаптары жарық көрсе, биыл 45 аталым жаңа кітап шығару ұсынылып отыр. Қала әкімі екі жылда екі рет жазушылармен жүздесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Ал әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров, қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Ғани Майлыбаев, оның орынбасары Данияр Әлиев Жазушылар одағымен бірлескен көптеген шараларды қоян-қолтық атқарып жүр. Алдағы уақытта пандемияға байланысты тоқтап қалған, қомақты қаржылай жүлделері бар «Алматы – өркениет ордасы» атты әдеби байқау өткізілмекші. Оның нәтижесінде поэзия, проза, балалар әдебиеті, драматургия, қысқа метражды фильм аталымдары бойынша үздік 15 шығарма анықталмақшы. Талантты жас ақын-жазушыларға мемлекеттік бағдарламалар негізінде пәтер беру мәселесі де оңтайлы шешіле бастады. Қысқасы, қазіргі қазақ әдебиетінің дамуына, қаламгерлердің әлеуметтік жағдайының көтерілуіне Алматы қаласының әкімшілігі көп қолдау көрсете бастады. Мұны осы қалада тұратын әрбір Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (олар 400-ге жуық) сезініп отыр десек, артық айтқандық емес. Ендеше, Алматы қаласы әкімдігіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Кезінде ұлы жазушымыз Ғабит Мүсірепов: «Әдебиет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болып есептелмейтінін ұмытпайықшы» деген өсиет қалдырып еді. Қазіргі қала әкімдігіндегі азаматтар сол аталы сөзді зерделеген жандар екен, – деп біз де қуанып жүрміз!

 

КІТАПХАНАЛАР  ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Мәдениет сала­сында Орталық­тан­дырылған кітап­хана жүйесінің он салалық кітапханасы жаңарды. Осыған орай «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» ком­муналдық мемлекеттік меке­месінің директоры Роза Қасымбекқызына хабарластық. Оның айтуынша, аталған меке­меге қаладағы 26 кітапхана бөлімшесі кіреді.

– Кітапхана – ақыл мен білім ордасы десек, модернизациядан өтіп, қайта жабдықталған руханият ордасы қалалықтардың сүйікті орнына айналды. Әңгімемізді көпшіліктің көзайымына айналған Жамбыл атындағы Қалалық жасөспірімдер кітапханасынан бастайық. Ол 2018 жылы 145,7 млн теңгеге жаңғыртылып, модернизациядан кейін күн сайын бес жүз мың оқырман кіретін заманауи оқу орталығы құрылды. 2019 жылы қаланың кітапхана желісін қайта құру жұмыстары бойынша №15, 20, 24, 32, 33 кітапхана бөлімшелері, яғни бес кітапхана модернизациядан кейін қайта ашылды. Түрксіб ауданындағы №1 балалар кітапхана-бөлімшесінің іргетасы 1938 жылы қаланған. Ғасырға жуық тарихы бар кітапханаға бас сұқсаңыз, адам танымастай өзгерген. Жиырма жеті мыңға жуық кітап қоры бар, оның басым бөлігі қазақ тілінде. Балалар ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылықты тегін меңгере алады. №26 көпшілік кітапхана-бөлімшесінің ерекшелігі – коворкинг орталық бар. Жайлы жерде демалып кітап оқып, ғаламторды еркін пайдалануға мүмкіндік мол. Әуезов ауданындағы Қазақстан жазушыларының кітапханасы да ерекше күйге енген. Қазақстан жазушыларының кітапханасы – Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің жетекші бөлімшесі. 1962 жылы жұмысын бастаған мекеме, енді заманауи форматтағы технологиямен жабдықталды. Бүлдіршіндерге арналған ойын залы да бар.

Қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы Тәуел­сіздігіміздің 30 жылдығына орай кітап­ханаға 30 кітап сыйлады. Сонымен бірге Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің 30 кітабымен де толығып отыр.

Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханалары – ақпараттық, білім беру, ғылыми, мәдени және демалыс орталығы болып саналады. Сондықтан кітапханалар зиялы қауым өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің, белсенді жастардың диалог алаңына айналып келеді. Кітапханалар өз жұмысын сандық және сапалық көрсеткіштерін арттыруға бағыттайды. Оқырманды тарту және кітапханаларды кеңінен насихаттау мақсатында қаладағы аудандық әкімдіктерімен бірлесіп, іс-шаралар өткізіліп тұрады. «Өнер түні», «Кітапхана түні», Поэзия күндері және т.б. игі шаралар көпшіліктің көңілінен шықты.

Қаланың шалғай аудандарында «Жылжымалы кітапхана» белсенді жұмыс істейді, онда жас ақындар, жазушылармен кездесу өткізіледі. Биыл С.Бегалин атындағы қалалық Орталық балалар кітапханасы, №39 балалар кітапханасы, №14 көпшілік кітапхана-бөлімшесі модернизациядан өтеді деген жоспар бар.

 

ТЕЛЕАНТОЛОГИЯ ЖАСАУҒА  ПӘРМЕН БЕРДІ

Ал Алатау ауда­нын­дағы «ALATAU CREATIVE HUB» жо­басының мақсаты – кітапхананы аудан тұрғындарының назарын аударатын орталыққа айналдыру, оны қалалықтар үшін ашық ету. Осылайша, бұл Алатау ауданының кітапханасы бір уақытта мәдени нысан және қалалық коворкинг орталығы болып шықты. Бүгінде 21 шығармашылық үйірме өз жұмысын жүргізіп отыр. Алматы қаласының шығармашылық стратегиясы шеңберінде Қалалық мәдениет басқармасының пилот­тық жобасы болып есептелетін мәдениет ошағы аудан тұрғындарының ғана емес, қалалықтардың да жақсы көретін демалыс және білім орталығына айналып үлгерді.

Жалпы қаланы дамытудың бас жос­пары аясында қала тұрғындарының уақытын тиімді өткізіп, жастардың өзін-өзі жетілдіруіне, ізденуіне жан-жақты жағдай жасалып жатыр. Бұл тұрғыда қала әкімшілігіне, қалалық мәдениет басқармасына оқырман атынан шынайы алғыс білдіремін» деп Р.Қасымбекқызы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Қорыта айтқанда, тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматыда рухани бетбұрыс басталды. Бүгінде оқырман мен қаламгер арасы ажырап бара жатқаны да рас. Бұл ретте Алматы қаласы әкімдігінің «Шетсіз қала» бағдарламасының маңызы зор. «Алматы – 2050» даму стратегиясында әлеуметтік теңсіздіктерді болдырмау мақсатында қаланың рухани-мәдени даму бағытына да назар аударылған. Соның бірі шаһардың шеткері аймақтарында қаламгерлермен жаңа форматта жүздесулер өткізіп, көшпелі кітапханалар ашу көзделген. Өмір бойы осы Алматыда еңбек еткен жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы арнайы телеантология жасауға пәрмен берді. Отыздан астам қаламгерге 500 мың теңгеден грант бөлінді.

«Рухани биік кісі – ұлтының ұйытқысы» деген еді Қадыр Мырза-Әлі. Қазақылығы басым, жазушылар дүниесін жастанып оқиды деген Бақытжан Сағынтаевтың сол биіктегі тұлға екеніне көп дәлелдің қажеті жоқ. Ең бастысы, Алматы өзінің кешегі рухты уақытына, болмысына батыл беттеп барады.

1470 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы