• Руханият
  • 10 Маусым, 2021

«МОЙЫНҚҰМ ЖАСТАРЫНЫҢ ВАЛЬСІ» әні әлі күнге дейін аудан тұрғындарының жанын әлдилеп, жүрегін лүпілдетеді

Шөл және шөлейт аймақтарды игеру, әрі осындай жерлерде мал шаруашылығын өркендету мақсатымен, 1964 жылғы 31 желтоқсандағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен, Жамбыл облысындағы бұрынғы Көктерек ауданы аумағында, бірақ жер көлемі едәуір ұлғайтылған, Мойынқұм ауданы құрылғаны белгілі. Ал 1965 жылдың басында жаңа ауданның ашылуына арналған партконференция болып, өңірдің өзінше қаз тұрып, қадам басуы ары қарай жақсы жалғасып кете барған. Содан бері де 55 жыл өтіпті. Осы конференцияда жас сазгер Садық Құнанбаевтың «Мойынқұм жастарының вальсі» атты әнінің түсауы кесіліп, тұңғыш рет орындалған еді.

Кешегі шөл жерге қарашы,

Бас иді Бетпақтың даласы.

Шу бойын жайнатты, қайнатты

Бүгінгі малшының баласы! – делінетін аталған әннің сөзін жазған Мырзаш ­Тұр­ғанов болса, әуезді де әдемі әнінің авторы, әрине, 21 жастағы Садық болатын. Бұл содан бері мойынқұмдықтардың сүйіп шырқайтын, алқалы жиындарда, той-томалақта ауыздарынан ­тастамайтын, ауданның әнұранына айналып кеткен дейтіндей шынымен шырайлы музыкалық шығарма десек, артық айтпаймыз. Кішкене кезінен жүрегі лүпілдеп, ерекше сезімтал болған, айналасынан жалықпай ән-әуеннің «ізін іздеп» өскен Сәкеңнің бүгінде жасы жетпіс алтыдан асты. Баяғы ­жастар вальсінен кейін де талай тамаша әнді дүниеге әлдилеп әкелген. Ол әндерінің жалпы саны қазір жүзден асады. Мәселен, «Астана – әнім менің», «Туған елім – Қазақстан», «Тәуелсіздік – ұлы күн!», «Айналдым Алматымнан», «Таразым менің тамаша», «Бетпақ дала – бай дала», «Талдықорған таңым менің» тәрізді патриоттық сипаттағы әндерімен қатар, басқада туындылары жетіп артылады. Кезінде «Орамал» мен «Анама» әні  қазақ радиосынан жиі берілетін.

1978 жылы «Мойынқұм» ән-би ­ан­самблі сол кездегі Одақтың астанасы Мәскеуге барып, халық шаруашылығы же­тістіктері көрмесінде (ВДНХ) өнер көрсетті. Сонда ауданның жезтаңдай әншісі, марқұм Зинакүл Қаймақова оның «Жүгеріші қарындас», «Сенің бейнең» атты екі әнін тамылжыта шырқап, Зинакүл де, Сәкең де қола медальді иеленгені бар. Ал келесі жылы сонау қиырдағы Португалияға сапар шеккен ансамблдің құрамында тағы да екеуі болды. Сөйтіп, мойынқұмдықтар шетелдік өзге жұртты да өнерлерімен тәнті еткен. Сонда ғой, кеңестік бас газет «Правданың» бетінде «Браво, Мойынкум!» деген мақаланың жарияланғаны.

Жалпы Садық Құнанбаев Жамбыл мәдени-ағарту училищесін, Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищені және Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген кәсіпқой композитор. Өлең де жазады, көптеген әнінің мәтінін өз жанынан тудырғаны бұл сөзімізге дәлел. «Менің Мойынқұмым» деп аталатын кітабында бірқатар жырлары мен дастандары топтастырылған. Сол сияқты 2018 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Тұлпарсазда ауылым» немесе «Садықтың сазды әндері» кіта­бында 50-ден аса әні сөзімен, нотасымен берілген. Бірнеше әні әйгілі әнші Нұрғали Нүсіпжановтың репертуарына енгізілген, сондай-ақ Талғат Күзембаев, Ғазиза Жүмекенова сынды және басқа да бел­гілі әншілер шығармаларын орындап жүр.

Садық Құнанбаев – Қазақстан Композиторлар одағының және Журналис­тер одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, республика Ақпарат саласының үздігі, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы. Сонымен қатар ­Татарстан мәдениет министрлігінің Алғыс хатымен марапатталғаны да бар. «Мен бұл жігітті көп жылдардан бері білемін. Маған келгенде алдымен өлеңін көрсететін. Ән жазатынын кейін білдім. Алғашқы кітабы – «Менің Мойынқұмым».

Садық-ау, тыңдадық қой әніңді мың,

Айтайын өлеңіңнің тәуірлігін.

Ауылын Алатауға арқалаған

Бір ұлы сендей болсын Мойын­құмның! – деп жазыпты қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлі. Бұдан артық қандай баға керек!

Сексеуілі серейген құмды өлке – Мойын­құмның аспанында әлі күнге дейін «Мойынқұм жастары вальсінің» сырлы сазы әуелей ұшып, үлкеннің де, кіші­нің де жанын жаздай жадыратады, ой-сезіміне көктем күніндей керемет әсер етеді.

Ал Сәкең болса бүгінде шау тартса да біресе баянын тартып, біресе күйсан­дығында ойнап, әдемі әуендерінің құшағында теңіздей тербеліп отырады.

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист

2060 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы