• Руханият
  • 10 Маусым, 2021

ТАҒДЫР ЖОЛЫҚТЫРҒАН ҚҰРДАСЫМ

БИЫЛ ҚЫЗҒАЛДАҚ КЕШ

КӨКТЕГЕН СИЯҚТЫ

 

Бұрынғының зерделі ескікөздерінен жеткен қазақтың «Киіз кітабында» «Қаласам, Он сегіз мың ғаламды тарының қауызына ғана сыйдырам» деген Жаратқан Иенің құдіретті пәрмені тап бүгін адамзат баласының басына келіп, дағдарысқа салып, әбдіретіп отырғандайі. Табиғат-Анаға шектен тыс зорлық-зомбылық көрсеткен пенделер тығырыққа тірелуі, әлемдік билік, қисапсыз байлық, шексіз астамшылдық дегеннің бәрі болмашы ғана дүние екенін тағы бір ескертіп тұрғандай. Табиғат-Ана бір сәт болса да еркін тыныстап, бой «жасағандай», өскелең заманның жастары Тунбергтер атойлап жатыр. Бір бүйірден індет зауалы бүріп, 101 атты қатер, 1001 атты пәлесі өршіп-ақ тұрған дағдарыс тіршілік заңы Табиғат-Ана заңынан өзге емес екендігін, жұмыр жер бетіндегі тіршілік өзара үйлесім мен сыйластықта ғана екенін, қазақтың қара өлеңінде жырланғандай «түбі жалған» ғаламдағы пендеауи тірлікке ауыр соққы болып тұр...

Сөйтіп, Жер-Ана бір сәтке еркін тыныстап қалды, Ғарыштағы серіктер Үндіқытай аспаны аумағындағы ауа құрдымы сейілгенін, Жерорта теңізі жағалауына балық, қатран, дельфиндер жақындап келе бастағанын, алматылықтар қала аспанының көк екенін, Алатау шыңдарының заңғар екенін байқап үлгерді. Осыны сезді ме, қайдам, араға уақыт салып гүлдейтін қазақ даласының байырғы өсімдігі – қызғалдақ қасиетті Қазығұртта, Жетісудағы Арқарлыда биыл әдеттен ерте, әрі кең алқапты ала жайқалғанын «өлең тәрізді өсекшіге» айналған әлеуметтік желідегілер «елге жайып» сүйіншілетіп жатыр. Бүгінгі жұмадағы мінәжат ғұрпымызда өткендерге иман, пейіш, тірілерге қайыр-береке, жүректеріне ізгілік тілеген дұғамызда біршама жақындарымыз еске оралды. Қайыра дұға оқыдық, қолдан келетіні сол. «Өмір тынбай алға жылжу емес, еміс-еміс өткенді еске алу» деген бір ойшылдың сөзі жебеу болды ма, ойландым, толғандым. Себебі жұбайымның баяғыда Астанадан бір топ болып қайтқан жолда түсірген фотосуреттерінде кең алқап толы қызғалдақ еді дегені түрткі болды. Расында, солай еді. Өмір сапарының бір сәтінде Жетісу өңіріндегі осындай қызғалдақ толы алқаппен жүйткіген отарбада өзін аса бақытты жан екенін тебірене айтып, бапталған қоңыр дауысымен қазақтың әндерін тебірене шырқап келе жатқан ел Сақа, Сақаң деп атап кеткен Сағынтай досымды еске алдым. Ол мамыр айының дәл ортасы болатын. Ал биыл қызғалдақ кеш көктеген сияқты. Сағынтай бүгін арамызда жоқ, бақилық болғалы жыл уағы да асты... Қайран әзіз жанға жартқан пайғамбар жасын да бұйыртпағаны өкінішті. Ақын осындайда жырлаған болар, «мен лағнет айтамын уақыттан бұрын келген өлімге» деп.

 

КҮЛТЕГІН САПАРЫ ЖӘНЕ

ӘЛЕКЕҢ СҮЙГЕН ӘНДЕР

 

Көптен ойтолғаққа салған, досым ­туралы естелікке кірісуге қамшы болған аталмыш оқиға былай болған еді. Ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына ғылым, білім саласының мамандары жаңадан бой тіктей бастаған елордаға жиналып, түркі өркениетіне арналған кең ауқымды симпозиум іспетті шараға қатысып, шад-шадыман көңіл тоғайып қайтқан еді. Оңтүстікке қарай аттанатындар бір қауым бірнеше вагонға іркес-тіркес жайғасқан археолог, тілші, түрколог, тарихшы, этнограф, әдебиетшілер Астанадан Шуға дейін айтары толастаған жоқ, ғылыми конференцияны поезда жалғастырды. Пікірталас, талқылау, пайымдау, мәре-сәре дастарқан. Ортамызда жасы да, жолы да үлкен Дәниел Әлкейқызы Марғұлан әкесі туралы естеліктерге, жоспарларын айтады. Ән кезегінде, ол Әлекеңнің сүйетін әндерін бастады, осы кезде бір тұстан тамаша бір дауыспен әнді іліп әкеткен Сағынтай еді. Нәшіне келтіре орындап, тәнті етті. Осыдан соң қолқалау көбейді, Әлекең сүйген «Жиырма бес», «Екі жирен» әндерін Сақаң досымыз ерекше көзін жұмып, мұртын шиырып, ерекше тебірінеспен, беріле шырқады. Жаны қазақ, қан мен құқайды көп көрген елдің ұрпағы, жан-тәнімен қазақы, аузын ашса жүрегі көрінеті аңқылдақ Сақаң құмарынан шыққанша шырқап, арман-мұратынан, өткен тарих тағылымынан азды-көпті қадау-қадау қағидасын ортаға салып төгіліп еді.

Шымкент пен тараздық әріптестер Шуда қимай қоштасты. Ары қарай Отар, Ақши тұсындағы үлкен алқапта жайқалған қызғалдақ теңізі еріксіз көңіл тербетеді. Отарба дәлізінен сақараға көз тастап тұрған Сақаң: «Жігіттер, осы далада қаншама аталарымыз жан берді, Астанаға жеткен Тоныкөк пен Күлтегін рухынан ерекше қуат көрем, тірек көрем» деп толқи тебіренді. Біз жамыраса ләйім, ұзағынан, солай болсын дестік. Расында, бұл – Сағынтайдың жүрекжарды сөзі, азаматтық арманы еді. Мұны айтудан, қайталаудан ол шаршаған емес, елдіктің мұраты жолында ол бек ұстанымы бар, көшелі азамат-тұғын.

Осындай ерекше жиыннан рух көтеріліп, міндет жүктеп қайтқан едік. Өз басым, Карпат қойнауындағы Секей және мажар руна жазуларындағы эпиграфиялық ескерткіштер туралы шолу баяндама жасап, атақты Алтай Сәрсенұлынан бата алған едім (осыны ары қарай індет деуші еді Сақаң). Сағынтай да, үлкен талқылауларға атсалысып, сырттан таныс, тілеуқор талай жандармен бетпе-бет танысып, рухтанып қайтқан сапардың әсерін кейін ілтипатпен жиі еске алушы еді.

 

«МӘДЕНИ МҰРА» ЖОЛЫ

 

Бұл оқиғадан бірнеше жылдан кейін Елбасы бастамасымен «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық бағдарламасы іске жегілуі ғылым мен білімді жаңа сапалық деңгейге көтергендігі тарих ретінде ғана емес, ұлт руханиятындағы ірі оқиға болып жылнамадан орын алды. Осы кезең Сақаң үшін бақытты, әрі ­толайым табысқа толы кезең болды. Әзіл-қалжыңымыз жараса, талмай ізденіп, қолдан келгенін жасап тырбанамыз, жастық леп, энтузиазмге толы кез, дүниені өзертіп қазағымыздың ұлттық қарыштауын табанда жүзеге асырып, өскелең жұрттармен иық тірестіріп, бақуатты бай кезеңіне куә бола қалатындай елестетеміз. Күллі замандастарымыз да солай.

Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты шет тілдердегі деректемелер әрқайсысы бес-бес том болып жарық көрді. Сағынтай бір топ жерлестерімен бірге қытай деректерімен, біз моңғол деректерімен атқарушы болып жұмыс істедік. Осы жайтта қуақы тілді Ақеділ деген қу «Басшылары – Еженхан мен Базылхан, ал Сұңғатай мен Хинаят екеуіне «құл-құтан» деп әзілге қосты. Расында екі мықтының, яки Жоба жетекшілерінің ныспысында «хан» титулы бар, өздері жетекші, ал біз екеуміз оларға «құл-құтан» атқарушы болмай кім боламыз. Осыны естігенде Сақаң разы болып, інісіне жуып бергені бар. Жуу сылтау ғана, шынтуайтында пікір алмасу клубы сияқты деуге болады.

Коммунистік жүйе қақырап күйрей бастаған кезде Атажұртқа аттандап жеткен Моңғолиядағы қазақтардың көшімен жарыса Баян-Өлгийдегі ғылыми орталықтың басшысы доктор Қабидаш Қалиасқарұлы бір топ жастарды Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясында ғылым жолында шыңдалуына әрекет жасады. Академия Президенті Ө.Сұлтанғазиннің қолдауымен уағдаластыққа қол жеткізгендердің жолы жеңіл басталды. Онан кейін лекте талпыныс жасаған мен бейбаққа Қабидаш ағамнан басқа, адами, азаматтық танытқан ұстазым Нұрсан Әлімбай мен ертеден таныс Ерден Қажыбек ағаларым еді. Сөйтіп, арман қуып, 1994 жылдың күзінде Алматыға келіп жеткен маған әр қазақтың пешенесіне жазылған «тауқымет» – баспана, жатақхана мәселесі алдымнан кесе-көлденеңдеді.

Академияның іс басқарушысына жиі соғам. Енді Қытайдан да, облыстан да жастар көптеп келіп жатыр, Академияның жатақханасында орын тапшы деген жауап алам. Бірде аспирант болып жүрген Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтына қоңырау түсіпті. Жақсы жайттан үміттеніп барғаным алдамады, қолыма жатақханадан бір орынға тілдей қағаз берді. Алып-ұшып Жамбыл көшесі 175 мекенжайындағы болжалды бөлмеге жеттім. Есікті көзілдірік киген, бет-әлпеті үнді, әлде ауғандыққа келетін, шашы мен мұрты қою, сымбатты келген жігіт ашты. Абдыра бастап, ағылшынша амандаса жаздадым, шетелдік екен деп ойладым. Ол кезде Академия саласында шетелдік жастар көбірек болатын. Ол өзі бірінші болып амандасты, ішке кіруге ишара жасады. Бұйымтайымды айттым, осылай Моңғолиядан келген аспирант едім, жамбас сыйдырар орынға осында жіберді дедім. Ол әңгімені басқа жаққа бұрып ала жөнелді. Менің де атаммен бірге туған Шәмел Қобда бетінде қалған деді. Мен «Ақын Шәмел Қалқаұлы ғой?» деп пысықтадым. Орта мектепте әдебиет сабағында оқығанымыз есіме түсіп. Дәл өзі болып шықты. Доктор Қабидаш көкемнің зерттеулерінде Моңғолиядағы жаңаша жазба әдебиеттің бастауында тұрғандардың бірі Шәмел ақын сөздері кең таралғандығын, әрі немересі Мая Сүниятбекқызы кластасым екенін жасыра алмадым. Туыстардың жайынан хабар алып отыратын ол «онда, – деді, – Мая сабақтасың болса, екеуміз құрдас болдық» деп бір қойды. «Сен үйленген балаң бар екен, ал мен бас құрауым керек, көңіл жарастырып жүрген қызым бар, қысқасы бөлмедегі орынның иесі бар» деді. Аталарының марқакөлдік екенін, аумалы-төкпелі заманда Шығыс Түркістанға өтіп, Боғда өңірінде тұрақтағанын айтты. Менің көзі тірі нағашы апам (Қасила) да сол жерден екенін «Ей, Алқабек, қайран Алтай, Марқакөл, Қалды-ау кейін қайран ел» деп әндетіп отыратынын тілге тиек еттім. Осылай танысып, мұндасып, өткен-кеткенімізді айтысып, қол алыстық. Сонан жатақ жыры жалғасты. Мені басқа орынға жіберді, бірақ бөлмелесім оралдық тілші Сабыр Мұрат жақында қорғағанша мазаламауды өтінді, солай да болды.

Сәтін салған күні арман қуған қазақ жастарына толы келісті құтханаға көшіп келдік. Дос-жарандар қатары толыға түсті. Жерлестерім Озила апай, Қайрат, Досымбектер, Ризаларға қоса Шыңжаңнан келген Райыс, Мерей, Талғат, Фарида, баяғы Сағынтай, көршіде біртоға татар жігіт Руслан Фаткуллин дегендей. Бұрынырақ танысқан Арман Зияданұлының бәрін қоя қойыңдар «тарихтың атасы – археология» деп басталатын дәрістерін ұйып тыңдаймыз. Бейне бір әдеби-мәдени танымдық клуб дерсің, өзгеше интеллектуалдық ортаға топ ете қалдық. Күнде тақырып та, дастарқан да ­дайын, қабақ шытқан жанды байқамайсыз. Кілең жастар, елдің нұрлы болашағына, озық елдің қатарынан көрінетініне сенеміз, шүкіршілік етеміз, мақтанамыз. Жастықтың желігі мен әлде замананың өліра шағы ма, әлдебір жамыраған козыдай табысқан азан-қазан бұрқ-сарқ қайнаған орта.

Бұл құтханада қонаққа толас жоқ, айтшылаған қонақ тәрізді кезек те алмасып отырады. Көрші жатақханадан телқозыдай жарасқан қос сері – Ермұрат Зейіпханұлы мен Тілеубек Қожанұлы домбыраларын арқалай келсе, ән мен күйдің тиегі ағытылып, ерекше әр енеді. Кәсіби артистер, әңгімелері де ерен, Ермұраттың жазушылығы да өзгеше. Ақеділ сияқтылар киноиндустрия саласында «спиртті суға орап ішу» деген «дәстүрден» мастер-сынып өткізіп кетеді. Өзімізше замана желі, әлем ауанын сөз етеміз.

Әсіресе Сақаң құрдасымның тарихқа қатысты әңгімесі тұшымды, тартымды, тиянақ әдебиеттері де мығым. Өйткені ол тарихшы, архелогиясы саласында іздену үстінде. Бізді бір толғандыратын мәселені – Қытайдағы қазақтың өткен-кеткені мен жай-күйін жіпке тізім жіліктейді. Өйткені онда моңғолиялықтардың көбінің дерлік туыс­тары бар, 1911 жылы Манж-Цин империясы құлағанға дейін бір әкімшілік басқаруда болған, Қытайда коммунистік төңкеріс салтанат құрғанға дейін барыс-келісі толастамаған егіз ел. Халық санасында бір ел, Алтай беті, Қобда беті деп қана бөледі. Моңғолдар қазақты кемсіткісі келсе «Оспанның қалдығы, құйыршығы» дейтін Оспан батыр, онан арғыдағы Елісхан, Зұқа сияқты тұлғалардың тарихы толғандырады. Идеологиялық сүзгіден сүзілген жартыкеш ақпараттың орнын толтыруға ізденеміз. Таңсық дүние. Себебі менің ата-анамның (1937, 1944 жылдары дүниеге келгендер) туған жері де Алтай беті. Бар білетінім атақты Қабдеш Жұмаділовтың «Соңғы көші» мен Моңғолияға қашып тірі қалған диссидент Сейітхан Әбілқасымұлының шығармалары мен ауызекі әңгімелерімен етене таныс. Өйткені Сейітхан ақсақалмен жиі араласып, жариялылық кезінде «Шарапат» атты газетті шығаруға атсалысқан кезімізде талай құнды әңгімесін тыңдаған едік. 1988 жылы Будапештте жұқпалы аурулар емханасында бірнеше айға қамақта қалған кезімде Мандоки Қоңыр марқұм жеткізген «Соңғы көш» қостомдығын әлденеше тұшына қайталап, игергем, аталарым образын тапқам (тұңғыш «Азия дауысын» көруге келгенімде ҚЖО-да Қабекеңнен қолтаңба алып, осы жайтты баяндағам. Бернард Шоу кейіпкерлеріндей ескерткіш тұрғызса, мен Ұзақ шалды қалар едім» дегенім өзіме парыз жүгі болып қалғандай (Бұл естелік хатқа түскелі, бір жылден бері қазақтың талай жайсаңы бақилық болды. Қабырғалы қаламгер Қабекең шүршітпен арадағы шекараны «шегендеген» Райымбек батырша Бақты күрежолы бойында мәңгілік дамылдауды аманат етіпті. Алды пейіш, арты кеніш болғай).

 

«АРХЕОЛОГИЯ – ТАРИХТЫҢ, ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМНЫҢ АТАСЫ»

 

Сағынтайдың Қытай қазақтары тарихынан «дәрісін» тыңдап, кейін Нәбижан, Жақсылық ағалардың еңбектеріне қол создық. Ал Сағынтай «археология – тарихтың, өнердің, гуманитарлық ғылымның атасы» деп бастап, Турфан ойпаты мен Алтай мұздағындағы небір құнды қазыналар ашылып жатқандығын жіпке тізгендей баяндайды, кірпіштің қалыңдығындай көркем альбомдарды үстелге қойып, қытайшадан тәржімалап, қазбадан табылған құндылықтардың тарихи-мәдени құндылығын бас шайқай отырып баяндайды.

1998 жылы Зейнолла аға Самашевтың экспедициясымен Алтайға аттанған тобы теңдессіз үлкен қазынаны ашқан кезде куә болғандар қатарындағы Сағынтай, Ғани, Досымбек сияқты жігіттер қуанышпен оралды. Жаңа ауқымды көкжиек ашылды, баршасы зор құлшыныспен жан-жақты іске кіріскен кез еді. Берел қазынасы, Зейнолла Самашев жаңалығы, Қырым Алтынбеков реставрация-консервация жұмыстары қазақ көкжиегінен асып, әлемдік ақпарат құралдары мен ғылыми кеңістікті аралап кетті. Сағынтай досымыз да барынша кірісіп, өзіндік үлесін қосуға құлшынды. Мақалалар, жинақтар, еңбектер, тағысын тағы жалғасын тауып жатты.

Өмір дауылы Сақаңды да есеңгірете бастады, баласы шетінеді, жұбайымен дәм-тұзы жараспады. Тауы шағылып, жігері мұқалды. Ғылыми ортасы мен достары тарапынан барынша қолдауға ие болды, әсіресе Нұржан Қуантай ағымдағы БАҚ-тарға тапсырыспен мақала жазу тапсырмасын үдетті.

 

«МУЗЕЙДЕ ТӘРТІП ПЕН

ЖҰМЫС ІСТЕУДІ ҮЙРЕНЕСІҢ»

 

Ғылым мен білім саласындағы қиындау өтпелі шақта мәдениет мекемелерінің, соның ішінде ғылыми бағытта дер кезінде жолға қойған Орталық музейдегі жұмыс және жалақы жағдайы біршама жақсы болатын. Достарымызбен ақылдасып, ғылыми ортада танылған Сағынтайды музейде жұмыс істеуге бастығымызға ұсыныс жасап көрдік, ойланайық деген соң Сағынтайға айттық. Ол арқа сүйеген Зейнолла ағасымен ақылдасқан екен, қолдау білдіріпті, айтқаны «музей тәртіп пен жұмыс істеуге үйретеді» деп батасын берген екен. Сөйтіп, Сақаң әп-сәтте музейдің археология бөлімінің қызметкері болып шыға келді. Музей қорындағы құнды жәдігерлермен етене, әрі жаңадан жабдықталған бай кітапханада кітап жасау Сақаңа үлкен қанат бітірді. Әрі, онда атақты Әлішер Ақышев қызмет ететін. Осы кез Сақаң үшін аса бір өнімді кез болды. Мақалаларды бұрқыратты, энциклопедияға дейсіз бе, газет-журналдар болсын, ғылыми жинақтарға болсын, өнімді еңбек етті. Жұмысқа бірге келіп, бірге қайтамыз, бұрынғы ортақ әңгімелерді жаңаша ракурста қайта жалғастыра өрбіттік.

Осы кезде қытайлық археологиядағы жаңалықтар, Лоулан қазынасы, мумиялар туралы, көне түркінің «Ырқ бітік» дереккөзі туралы тың мақалалар жазып, оқырмандарды тәнті етті. Түркі заманындағы қытай ақындары туралы тартысқа да араласып, оның ғылыми дерегі мен дәйегін ашып көрсетті.

Осы тұста бір тамаша зерттеуі жарқ ете қалды. Ол – Кіндік Азияның байырғы жұрттарындағы жерлеу салтында орын алған мәйіттің бетіне ұсталған бетперде, ауызтартқыш туралы мақаласы еді. Ұлы Даланың шығысынан Қарпатқа дейінгі аралықта таралған тұрандық жұрттардағы ескі мәдениеттегі параллельдер, эволюциясы, ареалы, мәні туралы дау-дамайға қатысты еді. Сақаң тыңғылықты сарапқа ала отырып, сол кезде Шыңжаңның Іле бойындағы Моңғолкүре мен Тұрфан шұратындағы Астанадан табылған жерлеу кешенінен табылған мәйіттің бетпердесі туралы дәйектерін келтіре отырып, оның түп-тамыры Қытайдан емес, Алатау, Алай, Ферғана өңірінде, Сібірдегі Таштық мәдениетіне тән төлтума құбылыс екенін айтты. Шыңжаң бөлігінде табылған аналогтарының Батыс Түркілерге тән екенін дәлелдеді. Іледе (Бомада) табылған бетперденің алтыннан жасалып, асыл таспен көмкерілген көне түркі қауымының мәртебелі шонжарына тиесілі дүние екенін дәлелдеді. Зерттеу маңызды деп танылғандықтан Ұлттық ғылым академиясының хабарларының қоғамдық ғылымдар сериясының ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған жас ғалымдардың еңбектері топтастырылған арнайы санында қайтара басылды (Сұңғатай С. Көне түркілердің алтын маскасы // ҚБжҒМ – ҰҒА-ның Хабарлары. Қоғамдық ғылымдар сериясы. 2001, №5. 16-19 б.). Бұл енді Сақаңның тамаша зерттеулерінің біреуі, мысал үшін айтылғаны ғана. Сақаң еңбектерін талдап, бағасын беру кәсіби мамандарға жүктелетін міндет.

Сақаңның тағы бір зерттеу қасиеті – «арғы бетте», яғни Шыңжаңда жарық көрген құнды этнография, фольклор тақырыбындағы ғылыми жарияланымдарды тауып беріп, замандастарына үлкен қолғабыс жасау, қамқорлық танытуы болды. Әсіресе фольклорлық «Мұра» журналынан тамаша материалдарға Сақаңның арқасында қол жеткізгенімізге шүкіршілік етеміз. Сақаң өз аталарының өткен-кеткен тағдыры туралы ізденіп, бір еңбек жазу жоспары бар екендігін айтып, оған деректер қарастырады. Бізден атасы Шәмел Қалқаұлының еңбектерін алды.

Бір жылдай уақыт ішінде Сақаң диссертация тақырыбына қатысты бірнеше мақала жазып, зерттеуінің межеленген көлемінің үштен екісін еңсеріп шыққанын жыл толайым табыстарға болғанын ағынан жарыла ақтарды. «Қырым аралы» ғылыми реставрациялық лабораториясына соғып, реставратор Қырым Қасенханұлының жасап жатқан істерін қызықтауды жиілетті.

Етене жақын араласқан осы тұста өзінің өткен жастық кезі туралы небір әңгімелерді айтатын, аузынан тастамайтыны жан досы Нұрлан Кенжеахметұлы екеуінің бала күннен бергі хикаялары, Шыңжаң университетіндегі студенттік шақ дегендей. Халық мәдениетін зерттеуге құлшынған біз үшін мұндай тұшымды мәлімет пен деректі аңғарымпаз, әрі зерттеуші адамның аузынан есту бақылау мен ой-түйін түюге таптырмайтын мүмкіндік. Расында, Сақаң жақсы әңгімешіл ғана емес, ерекше романтик, жаны нәзік, періштедей таза жан еді. Ән мен музыкаға деген талғамы, оны жіліктеп талдауы да өзгеше болатын.

Алайда «музейдегі тәртіпті жұмысы» ұзаққа созылмады. Сақаң ада-күде «хабар-ошарсыз» кетті, жер мен көктен іздеп, шарқ ұрдық. Еш хабар таппаймыз, есік бекітулі, ешкім білмейді. Әсіресе Нәпіл екеумізге жақын аумақта тұрса да, ғайып болған Сақаңды таңертең де, кешке де іздеп шарқ ұрамыз. Ақыры жан-жақтап жүріп таптық-ау. Жаңа астана жаққа кетіп, үйлену қамына кіріскен екен. Дұрыс болды деп, қуаныстық. Бірақ ол ­музей еңбек тәртібін бұзғаны үшін ұялды ма, әлде академия саласын қимады да музейдегі жұмысын жалғастыруға құлшыныс танытпады. Жан-жақтап айтқан достарының сөзіне құлақ аспай табандап тұрып алды. Расында, принципке беріктік қасиеті бар-тын.

Жан құрдас болғаннан кейін Сақаңа батыра айтып, әзілге сүйеп асыра талап қоюға еркім бар еді. Оны өзі де құптайтын. Артық серілігің үдеп кетсе, «тағы бір келгенде Сұңғатай ақсақалдан жазбаша келісім алам да, онан кейінгі ісіңмен дендеп шұғылданам» деп дөңайбат жасаймын. «Шатақ мінезіңнен бәрін күтуге болады. Бірақ менің жүрегім нәзік, осал екенін ұмытпа» дейтін әзіл-шынын араластырып. Ақыры, сол жүрек құрғыры шынында алып жеді. Жаны жайсаң азаматтың осал қырын дөп тауып, уақыт өткен сайын асқындыра берді. Бар жағдайын жасап, күтімге алған жары Пәкенге досымыздың риясыз құрметі шексіз еді. Жиендері мен туысқандары, аға-әпке, жезделері де көп қолдау жасағанына тәубә дейтін. Әсіресе әке-шешесінің қазасы қатты есеңгіретіп кетті...

Зейнолла ағасының жақсылығын айтып отыратын, дегенмен, «қолды кеш сермеп» дер кезінде біраз жайтты өткізіп алғанына өкінетін. Соңғы бір сапарында қазақ археологиясының ірі тұлғасы Карл Молдахметұлының Қытайға жасаған сапарында бірге барғанын, көп тың жайттан хабардар бола отырып, атқаратын іс жоспарларын түзгенін достарымен бөліскен еді.

Айналдырған ауру алып тынбайды. Ақыры, мол білім мен білікті игерген, парасат мен достықтың үлгісі болған, археология мен дерекнаманың нарына айналған Сағынтайдың пешенесіне жазған ғұмыры келте болды. Әзиз азамат кете барды. Көп жоспарлары мен мақсаттарын еңсеруге толық мұршасы болмағаны өкінішті. Бірақ, шүкірлік етеріміз, қазақ руханияты мен ғылымына өзіндік үлесін қосып үлгерген жанның аты ұмытылмақ емес деп жұбатамыз бір-бірімізді. Қаншама ой-аңсар, құнды пікір қағаз бетіне түспей қалды ма деп алаңдаймыз. Бірақ, не шара... 

Бабақұмар Хинаят,

тарих ғылымының кандидаты

2383 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы