• Тұлға
  • 10 Маусым, 2021

ПАРАСАТ

Ғалым Ғалиолламен өткізген отырыстың өзін өте бір мәнді, мәмілелі, көңілді адамға бір ерекше тыныс беретіндей сезінемін. Сондықтан да мен «еңбегіне  қарай құрмет, жасына қарай ізет» ­деген қағиданы ұстанамын. Мен үшін досым Ғалиолла ғылымда, әсіресе ауылшаруашылығы дақылдарының ­селекциясы, генетикасы, технологиялық зерттеулері бойынша теңдесі жоқ үлкен ғалым, құбылыс деп айтсам да артық болмас. Ғалиолланың ғылымға сіңірген еңбегін айту үстінде оның еңбекқорлығы, барша адамға адалдығы, кең тынысы, кесек тұлғасы, парасат-пайымының молдығы, еңбекқорлығы, келешек ұрпаққа берер тағылымы, тағы басқа да айта берсе өте көп өміршең үлгілері жетерлік.  Бір басына жетерлік тектілігі бар, іскерлігі мен ауыз толтырып айтарлықтай өрелі  еңбектері бар биік те адал азамат, еңбегінің нағыз жемісті кезеңіне жетіп отырғанына өз басым қуаныштымын.

Академик Ғалиолла Төлендіұлының ғылым даңғылына шығуы мен оның осы жолда өсуіне зер салсақ, ол жастық шақтан бастап-ақ алдына мақсат қойып іздену нәтижесінде жүйелі түрде келгенін аңғару қиын емес. Бұл мектеп қабырғасында, шамасы, 9-10 сыныптарда болса керек, сол кездегі «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясына сұрау жолдап, Қазақтың ауылшаруашылығы институтының агрономия факультетіне қалай түсуге болады, қандай пәндерден емтихан тапсырады, жатақханасы, кітапханасы жақсы ма, спорттың қандай түрлері, көркем өнерпаздар үйірмесі қалай деген көптеген сауал қойып, хат жазғанын, одан көп кешікпей өзінің көңілі толатын жауап алғанын  ерекше бір рахатты сезіммен айтқаны есімде. «Мен осыдан бастап өзімді-өзім қамшылап, осы салаға еңбек етуді мақсат еткенім рас» деп қояды Ғалекең. Бұл дегеніңіз «болар бала басынан», «болар істің басына, жақсы келер қасына» деген өнегелі нақыл сөздерге сиымды, мектеп оқушысының алда тұрған оқу – ғылым деген сапарға аяқ алысы. Бүгінгі академик Мейірманның алғашқы жаңалығы болатын. 
Ғалекең осы оқу ордасына оқуға түсіп, Лениндік стипендиат атанып, түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене қатынасып, тынымсыз еңбекқор болғанын жақсы білеміз. Осы әңгімелерді өзімен бірге қатар оқыған дос-құрбыларынан, қазіргі ірі-ірі лауазымды азаматтардың мақтанышты сезіммен айтқандарынан тыңдаған болатынмын. Еңбегінің осылай басталуын келешектегі маман-ғалым үшін сәттілік деп ойлаймын. «Жарайсың азаматым» деген ризашылығымды аузымды толтырып айтуға толық құқым бар екендігін жасыра алмаймын. 
Студент кезден бастап ғылым саласына жол сілтеп, ғылыми жетекшісі болған, биология ғылымының докторы, профессор Ағыбай Алманиязовты ұстазым деп мақтан тұтып жадыраған кездерін көп көрдім. Әсіресе оның өсімдіктердің цитологиясы мен цитоэмбриологиясы бойынша берген ілімдерін ерекше бағалап, айрықша мақтаныш сезіммен басқаларға жеткізе білуінің өзі ғалымға ғана жарасатын мінез. Өзі де «Менің осы кездерге дейінгі ғылым саласында қандай да бір жетістігім болатын болса, соған себепші болған, қолтығымнан демеп, жол көрсеткен, осы кісіге ерекше ризамын, рақметім орасан үлкен» деп отырады. Бұл дегеніңіз үлкен көрегенділік, үлкен сүйіспеншілік, адами кішілік пен кісіліктің, ұстазды қошемет етудің айрықша көрінісі деп есептеймін. Ұстаз сенімін ақтау, ел сенімін ақтау деп түсінемін. Ғалекеңнің осыншалықты адами қасиеті көбімізге өнеге болса керек.
Ғалиолла мансап пен жалған беделге, жасанды құрмет пен  қошеметке жаны қас. Бұл кісінің бүкіл болмысы, жаратылысы бөлек, өзгелерге ұқсамайды. Онымен сөйлесу, әңгімелесу өте жеңіл. Кәдімгі бірге туған туыстай, кішіпейіл, адамға жағымды, жатық мінезін айтсаңшы. Бұл кісінің кіммен болсын тез сөйлесіп кететін, сөзін тыңдата білетін қасиеттеріне қызығамын. Мәселе, адамның жасында емес, білімі мықты болса өзін көрсете білетіндігін осы академик Ғалиолла Төлендіұлынан көрдім. Кезінде Мұхтар Әуезов «Әлкей Марғұлан академик емес, ол сол академияның өзі» деген екен. Менің осы кейіпкерім осы нақыл сөздердегідей тура тұтас академия сияқты. «Құнды сөз құнарлы ойдан шығады» дегендей-ақ, оның әрбір ғылыми еңбегінің жүйелі екендігі  байқалады. Өйткені оның ойлау қабілеті бұлақтың бастауы сияқты тың екендігіне шүбә келтірмейсің. 
Академик Ғалиолла Төлендіұлының ерекше екпін түсіріп айтатын еңбектерінің ішінде өзінің саналы ғұмырының көбісін арнаған, осы күнге дейін қол үзбей айналысып келе жатқан саласы – жоңышқа дақылының селекциясы мен генетикасы. Жоңышқаның биологиялық құрылымы, генетикалық қасиеттері мен белгілері, ­жалпы табиғаты өте күрделі дақыл. Зерттеу тәжірибелері мен методикалық әдістемелерге бағына бермейтін өзіндік ерекшеліктері бар өсімдік. Табиғатта жоңышқаның диплоидты, тетраплоидты, гексаплоидты түрлерінің болуы ғылыми жұмыстардың нәтижелі ­болуына көптеген қиындықтар тудырады. Өйткені әрбір генетикалық түрдің (генотиптің) өзінің бейімделген өсу ортасына байланыс­ты тек сол ортада ғана өзінің потенциалды мүмкіндіктерін көрсете алатын қасиеті ­болады. Негізгі қиыншылығы будандастырудан алған ұрықтардың әртүрлі – фертильді, стерильді, гомозиготалы, гетерозиготалы үлгілері пайда болуында. Бұл өсімдіктердің тек сыртқы түрлері ғана емес, ішкі, биохимиялық, физиологиялық және технологиялық сапаларында да үлкен генетикалық өзгерістер болып, оны біртектілікке келтіру мерзімі ұзарып, селекциялық процестерді де ұзаққа созады. Дегенмен, осындай қиын да, күрделі еңбектің нәтижесінде Ғалекең бірнеше жаңа сорттардың үлгілерін алғандығын, қолданылған әдістердің тиімділік әкелгенін көрсете білген ғалым. 
Білім, ғылым саласында жан-жақты берекелі тірлік жасап жүргендіктен болар, ол алқалы симпозиумдарда, конгресстерде топ жарып, тың пікірлер айта алатын шешендік, лекторлық қасиетін өз басым ерекше қастерлеймін. Қай жерге, қай елге барса да академик Ғ.Мейірман  көрген-білгендерін көңілінен өткізіп, екшеп біздің аудиторияға хабарлап отыратындығын айта кету абзал. Онда ол сол елде жүріп жатқан ауылшаруашылығының әрбір салаларына қатысты жаңалықтарды елге жеткізіп, өзінің істеп жүрген зерттеулеріне  қосып, кейінгі істелетін шаруаларға да ұсыныс беретін шешендігін айтпасқа болмайды. 
Жасыратыны жоқ, осы кездері ауыл­шаруашылығы ғылымы бойынша осындай жаңалығы, тың ойлары бар ғалым сирек. «Өзін ғана ойлаған жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған адамдықтың белгісі» деген халық даналығы осындай ерекше мінезі бар адамдарды нұсқаса керек. Ол өзіне дегеннен гөрі жұрт үшін қызмет істегенді мәртебе санайды. Бейтаныс кісілерге де ерінбей-жалықпай егісті қалай егу, күту, жинау керек  деген агрономиялық көптеген сауалды түсінікті ғылыми тілмен жеткізгеніне талай сүйсінгенмін. 
Академик Ғ.Мейірман көп жылдар бойы ауылшаруашылығы ғылымын басқару орталықтарында қызмет істеді. Оның ішінде Сыр өңіріне барып Қызылорда қаласындағы Қазақтың күріш ғылыми-зерттеу институтын басқарғанын әріптестері үлкен жетістікке санайды. Мекеме басқару да үлкен білімді, өнерді қажет ететіні белгілі. Өйткені басқару деген адамдардың, ұжымның ақыл-ойларын, шешімдерін, қарама-қайшылықтарын білім мен ақылға салып қорытып, оны мақсатты  бағдарламаларға жұмсау әркімнің қолынан келе беретін тіршілік емес. 
«Ұлық болсаң кішік бол» дегенді үнемі есінде сақтап, әрдайым қара­пайымдылығынан танған емес.  Біреуге өкпелеу, сенімсіздік көрсету оған жат. Айналасындағы әріптестеріне, басқа да адамдарға, әсіресе өзінен кейінгі ілесіп келе жатқан жастарға қамқорлығы шексіз. Алланың сөзі бар, «бергенге беремін» деген. Өзінің қаншама еңбегін халыққа аямай беріп жатса, соншама құрмет пен алғыс Ғалекеңнің мол адамгершілік ниетіне келіп жатқаны бүкіл елге белгілі. Ғалиолланың бір басына жетерлік атақ-дәрежелері бар: ғылым докторы, академик, профессор, бірнеше жаңа ғылыми жобалардың жетекшісі, шығарған жаңа сорттарының саны өте көп. Бірақ осылай екенмін деп елпілдемейді, өзінің тұжырымды пікірлерін, тағылымды ойларын, өзінің ғылымға деген ұстанымын, ғылыми рухани байлығын ластамай, таза ұстай білуі де өнеге аларлық қасиет. 
Академик Ғ.Мейірманның зерттеу лабораториясындағы аса ауқымды ғылыми жобаларының бірі «Қазақстан Республикасында жемдік және мал азықтық шөптердің жабайы түрлері мен туыстарының генетикалық қорын сақтау» проблемасы. Бұл проблема мемлекет тарапынан Біріккен Ұлттар  Ұйымының «Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау» құжаттарына сәйкес зерттеу жүргізіліп келе жатқан көлемді еңбек. Мәселенің өзектілігі өте ауқымды. 
Оның бұл қолға алған мәселесі дүниежүзілік өзектілігі бар, экспедициялық өте ауқымды зерттеу екенін, оның ішінде осыны ұйымдастыра, осы іске барлығымызды жұмылдыра білетін, білімді жетекшінің еңбегін ерекше атап көрсете білуміз керек. Бұл нағыз еңбек, ал білім де осы жерде керектігі өзінен-өзі түсінікті. Осындай ауқымды экспедициялық зерттеулерге үлкен еңбектің, ұйымдастыру қабілетінің басымдылығымен іске асатынына көзімізді жеткізді. Осы зерттеулердің қиындық келтіретін тұстары өте көп. Әртүрлі түрлерді, туыстарды сол күйінде сақтап қалу үшін жыл сайын сол әрбір түрдің, туыстың дәнін жинау, оны арнайы орындарда сақтау, жылма-жыл оны көбейту, және сол өсімдікке тиісті систематикалық анықтама беру негізінде жүргізіледі. Жиналған осы өсімдіктерге үш тілде (қазақша, орысша, латынша) анықтама беріліп, алынған жерінің бойлық, ендік көрсеткіші, теңіз деңгейінен биіктігі, «seit coll» анықтамасы толық жазылып, «генетикалық қор» ережелеріне сәйкес құжатталып, ол шөпке паспорт беріледі.
Шәкәрім қажы: «мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек, осы төртеуі бойында болса, сол шын адам болады деген» екен. Осы төртеуі де академик Ғ.Мейірманның бойында бар деп толық айта аламын. Бұл оған берілген табиғаттың сыйы деп есептеймін.

Кенебай Қожахметов,
биология ғылымының докторы,
енбек ардагері

 

915 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы