• Тұлға
  • 10 Маусым, 2021

ТҮРКОЛОГ

Оның түркологияда танылуына табанды еңбек еткен, ғалымдардың алдыңғы қатарында ҚР ҰҒА академигі, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Кеңесбай Мұсаевтың аты айрықша айтылады.

Академик К.Мұсаев туралы әңгіме қозғалғанда, оны еліміздің ғалымдарынан ерекшелеп тұратын екі мәселе ойға келеді. Біріншісі, ғалымның өзінің саналы ғұмырын, яғни алпыс жылдан астам уақытын Мәскеуде өткізгені, екіншіден, Кеңестер Одағындағы түркологтардың бас ғылыми орталығы болған – КСРО Ғылым академиясының Тіл білімі институтында аспиранттықтан әлемдік түркологтар қатарына қосылуы. 
Ғалымның ғұмырнамалық деректеріне көз салсақ, қатардағы қарапайым жұмысшы Мұса ­Шойтанов пен Әшен Биеділованың шаңырағында дүниеге келгенін, білімге деген құштарлық оны Түркістан педагогикалық училищесіне жетелегенін және оны үздік бітірген жеткіншек жоғары білім алуды армандап, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түседі. Университетте алған білімді жалғастырып, одан әрі ғылыммен шұғылдануға шешім қабылдайды да, «кез келгеннің қолына түсе бермейтін, кез келгеннің бақшасында пісе бермейтін» дегендей, кеңестік түркологияның «бас штабы» – Мәскеудегі Ғылым академиясының Тіл білімі институтына аспирант болып қабылданады. 
Тіл дамуының тарихи заңдылықтарын анықтауда салыстырмалы-тарихи әдістің рөлі ерекше екені белгілі. Бір туыстық топқа кіретін тілдердің қалыптасуы мен дамуына арналған «Түркі тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы» атты көп томдық еңбектің авторларының бірі ретінде таңдалуы ғалымның түркологиядағы орнын айқындап тұрғанын көре аламыз. 
Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасын жоғары теориялық деңгейде ғылыми негіздеп, жүйелілікті сақтай отырып, туыстас тілдердің ортақ және өзіндік ерекшеліктеріне арқау болған ­Литва, Польша, Қырым мен Украинаны мекен еткен қарайым халқының тілін зерделеген зерттеуіне түркологтардың жоғары баға бергені мәлім. Зерделенген зерттеулердің нәтижесіндей «Қарайым тілінің грамматикасы», «Қарайым тілінің қысқаша грамматикалық очеркі» атты құнды еңбектері түркология ғылымына қосылған сүбелі үлес ретінде танылды. Әрқайсысы бір тұлға саналатын түркологтар арасынан суырылып шығып, қазіргі кез болса сөз басқа, кеңестік кезеңнің тұсында қырыққа толар-толмас шағында «Қарайым тілінің құрылымы» атты докторлық диссертация қорғаған мәскеулік қазақ – Кеңесбай Мұсаұлы ғылыми жұмысының нәтижесімен бірге, түркі әлеміне қазақ деген ұлттың ұланы екендігін паш етті. 
Академик К.Мұсаевтың түркология ғылымына жаңа леп алып келген Моңғолия, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина, Қырғызстан, Қазақстан, Башқұртстан, Қарашай-Балқария, Қалмықия, Хакасия елдері мен Мәскеу қаласының отыздан астам жас түркітанушылардың жолын ашып, олардың ғылым докторлары мен кандидаттары ғылыми дәрежесін алуға жетекшілік жасағанын айтқанымыз абзал. 
Қазақстанда латын негізді қазақ әліпбиіне көшу үдерісі басталып кеткені белгілі. Жетілдірілген нұсқасы да әзірленіп, көпшілікке ұсынылғанын бұқаралық ақпарат құралдары жариялап та үлгерді. Сөз жоқ, академик К.Мұсаевтың «Алфавиты языков народов СССР» атты еңбегіндегі теориялық және практикалық идеялары, әліпбиді енгізуде ұстанар ұстанымдар, оларды іске асыру тетіктері туралы құнды пікірлері назарға алынғаны күмән тудырмаса керек. 
Ғалымның түркология, әлеуметтік-лингвистка, грамматика, лексикология және лексикография ­саласы  бойынша 300-ге жуық ғылыми еңбектерінен бөлек, ТМД елдеріндегі терминология мәселесін тереңдей қарастырғанын осы елдерді мекендеген халықтың терминологиясының қалыптасуы мен ­дамуы, түркі тілдерінің әдеби тілі туралы аз халықтың әлеуметтік-лингвистикалық көкейкесті мәселелерінің нақты тілдік материалдары негізінде қаузаған зерттеу жұмыстары кеңестік кезеңнің өзінде-ақ ғылыми ортаның назарын өзіне аударған еді. 
Лексикография саласындағы еңбектерін санамаламай-ақ ғалымның туыстық түркі тілдерінің қос тілді, көп тілді сөздіктерді түзуге белсенді қатысқанын, оның ішінде «Ноғай-орыс сөздігінің» редакторы ретінде лексикография теориясын одан әрі дамытуға еткен еңбегін ерекше айтуға болады. Аз халықтар тағдырына араша түсіп, олардың тілін, тарихын және әдет-ғұрпы сақталуына көп көңіл бөлгенін де айтуымыз керек. Осылардың ішінде жоғарыда сөз еткен қарайым халқының тағдырына араласып, олардың грамматикасын жазып шыққаны айтқанымызға айқын дәлел бола алады. 
Сол кездегі Кеңестер Одағының «Советская тюркология» журналының басшыларының бірі ретінде, қазақ тілінің түркі дүниесіне танылуына себепкер болып, еліміздің тілші-ғалымдарының ғылыми зерттеулері журналда жариялануына көп еңбек сіңіргенін, әрдайым көмек қолын созып, қазақстандық түрколог ғалымдарының қатарының артуына айрықша үлес қосқаны өз алдына бір әңгіме. 
Тіл жанашырлары жақсы білу керек, 1989 жылы қазақ тілін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын оқып-үйренуге, әдет-ғұрып, тұрмыс-салтын сақтап, одан әрі дамыту мақсатында халықаралық «Қазақ қоғамы» құрылғаны белгілі. Қоғамның жұмысы қарқын алған сол бір тұста оның бастауыш ұйымдары тек біздің елімізде ғана емес, қандастарымыз мекен еткен алыс-жақын елдерде де ашылған болатын. Түркия, Моңғолия, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттерінде, сондай-ақ Омбы, Орынбор, Астрахань, Қорған, Санк-Петербург, Саратов қалаларында да бастауыш ұйымдар бой көтерген болатын. Міне, осы тұста Кеңестер Одағының бас қаласы, яғни астанасы – Мәскеуде «Қазақ тілі» қоғамын құруға бастамашылық етіп, әрі оның төрағасы болып сайланған академик К.Мұсаев Мәскеуде тұрып жатқан қандастарымыздың рухани түлеуіне тірек болды десек, артық айтпаған болармыз. Мәскеулік мемлекеттік және қоғамдық мекемелермен бірлесе отырып, тіл дамытуға қажетті ғылыми-әдістемелік, оқу-анықтамалық құралдар, сөздіктер мен тілашарлар шығаруды ұйымдастыруды қолға алған академик, қазақтың тілін, әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын өзге ұлт өкілдеріне таныстыра отырып, қазақ ұлтына деген құрметін арттырғанын айтқанымыз абзал. Қазақ тілін насихаттау мақсатында радио, теледидар, бұқаралық танымдық-ақпараттық жарияланымдардың жарық көруіне және ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізуге қолғабыс жасады. Қазақ тілін үйренемін деушілерге, әсіресе Мәскеуде білім алып жатқан немесе тұрып жатқан қандастарымызға мемлекеттік тілді меңгеру үшін тілдік курстар ашқаны да белгілі. Бір қызығы, ғалымның өзі де қазақ тілі курстарына қатысушыларға дәріс беріп, қазақ тіліне деген құрметті және қызығушылықты ояту жолында еңбек еткенін біреу білсе, біреу білмес.
Дәріс демекші, академик К.Мұсаев 1958-1994 жылдардың аралығына Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтының көркем ­аударма кафедрасында қазақ, қырғыз, түркімен, ­татар, қарақалпақ, алтай және хакас тілдерінде, ал 1997 жылдан М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Африка  және Азия елдері институтында профессор ретінде қазақ тілінде дәріс оқығанының өзі ғалымның туған тілге деген жанашырлығын көрсетсе керек.
Ғалымның тағы бір қырын айта кетсек артық болмас. Ол – оның математика мен шахматқа деген құштарлығы. Көз көргендердің айтуына қарағанда, ­талантты жас жеткіншекке Оңтүстік Қазақстан облыстық білім беру бөлімі Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түсу үшін жолдама береді. Алайда ол кезде институтқа қабылдау ережелеріне сәйкес, Кеңесбай Мұсаұлы он сегіз жасқа толмағандығына байланысты жоғары оқу орнына қабылданбай қалады. Академиктің тағылымдық және танымдық келбетіне көз жібере отырып, қайсы істі бастамасын нақтылықты, нәтижелілікті және ой жүйелілігін қажет ететін қасиеті математикаға қызығушылығы мен шахматқа құмарлығының жемісіндей көрінеді маған.
Академик К.Мұсаевтың ғалымға тән қарапайым, ғылымға арналған ғұмырының нәтижесін ғана қанағат тұтып, еткен еңбегін насихаттап, бұқаралық ақпарат құралдарында көрініп қалу, мадаққа толы әріптестері арқылы мақалалар жариялатуға қарсы болғанын байқаймыз. Осы мақаланы әзірлеу барысында оны қатты сезіндік. Қазақстанда, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде, тіпті түркі дүниесіне танымал тұлғаның том-томдаған түркологияға арналған кітаптары мен ғылыми-зерттеу еңбектерінен өзге бірен-саран болмаса, мерейтойларға орайластырып дайындалған арнайы мақалаларды көп кездестіре алмадық. Осыған байланысты, жас әдебиетші-ғалым Жылбек  Керімбектің мақаласында айтылған ақпараттарды да алға тарта әңгімелегенді жөн көрдік.
Көзі тірі болғанда, академик Кеңесбай Мұсаев тоқсан жасқа келер еді. Амал қанша, өткен жылы сұм ажал ағамызды арамыздан алып кетті. 
Сөзіміздің басында сөз еткеніміздей, ғалымның өзі жазған құнды еңбектерінен басқа түркологтардың мұрағаттарынан табыла бермейтін, сирек кітаптар қоры сақталған ешкімде жоқ кітапханасы қалғанын естіп, үлкен ойға қалдық. Біздің пікірімізше, түркі дүниесін түгендеп отырған Халықаралық түркі академиясының басшысы, академик ­Дархан Қыдырәлі мырзаға қолқа салған жөн сияқты. Академиктің тоқсан жылдығына орайластырып, халықаралық конференция өткізіп, ғалымның кітаптары Иштван Мандоки, Әбдуәлі Қайдаров пен Рәбиға Сыздықова секілді Түркі академиясының төрінен орын алуын ойластырса, нұр үстіне нұр ­болар еді. Сонымен бірге ғалымның Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің құрметті профессоры екені ескеріліп, олар да іс-шара өткізуге бастамашылдық танытса, артық болмас еді. Сондай-ақ қазақтың атын әлемге паш етіп, қазақ тілінің түркі әлемінің төрінен орын алуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым туралы «Қазақстан», «Хабар» телеарналарында арнайы хабарлар дайындалса, мерейтойына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталса, академик Кеңесбай Мұсаевтың есімін ел есінде қалдырып, жас ұрпаққа үлгі етіп көрсетуге жол ашылар еді.

Айдарды
жүргізетін 
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, 
академик, 
филология ғылымының 
докторы, 
профессор

1130 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы