• Тұлға
  • 10 Маусым, 2021

«Ләпә»

Иә, біз оны – қазақ қыздарының сол тұстағы орта буындарының ішіндегі аты сайын даланы жайлаған ұлт тыңдармандарына аты жақсы танымал радиожурналисі Ләтипа Ахметованы, ұстазымыз «Ардакүреңнің» – Рымғали Нұрғалиев екеуінің тұңғыш ұлдары, сол тұста балабақшаға барып, тілі   жаңа жаттығып келе жатқан  Ардақтың қойған атымен, бұрын да, қазір де «Ләпә» деп атаймыз. Осы атау, өзімізге үйреншікті ғана емес, мұнда өзімсінген жылылық қана емес, сонымен қатар кең дүниемен бетпе-бет келген бозөкпе шақтағы өткен өмірдің еш қаперсіз алғашқы албырт қуаныш-жұбаныштарымен қатар, «Балы тамған жас қамыс, Ормасаңшы көктейін» деп Абай айтқан, күйбең тіршіліктен сана сенделісіне ауысқан, ауыртпай жаныңды  булықтырған уытты күндерге ұласқан өмірдің кермек дәмінің де тамшысы бар. Сол әсер мен шіміркеністің барлығының да баламасы осы «Ләпә» деген бір ұғымға сиып тұрған сияқты көрінеді өзімізге. Мұнда, жалынан жел есіп, аузынан от шашқан, бірінің атын аузына алмай сөйлесе, сөздерінің дәмі келіспейтіндей көрінетін, у-дудан арылмайтын сол бір отызға толмаған, әлі «толыспаған», бірақ кейін толысып, ұлтының мақтанышына айналған, бүгінгі күнде бірі марқұм, бірі тірі «данышпандар тобының» да, тіпті олар емес, қазір саркідір тартып қалған  сол кездегі бозөкпе, бота тірсек біздің өзіміздің өміріміздің де бір шымшым шындығының табы да бар. Содан бергі өткен жарты ғасырдың ішінде тіршілік пен тірлік тартысының сан сынағына ұшыраған тұста да тағдыр жібінің бір ұшығы шыжымдап барып осы «Ләпәнің» желісіне байланады екен. Ләпәнің тағамдары ретсіз берілетін (Себебі жұмыстан қол үзбеген Ләпәң үйге кіре салысымен, киімін ауыстырмастан қазанға ет салады, содан кейін жайланып барып қуырдаққа кіріседі. Әрине, ет ерте піседі де, ерте беріледі, қуырдақ соңынан дайын болғандықтан да, соңынан беріледі) дастарқанынан апта үзбей дәм татқан да, ай, жыл, аралатып дәм татқан да, жылдар бойы дәм татпаған да кездер мен кезеңдер болды. Бірақ соның барлығы да «Ләпә» деген ұғымның мағынасына еш қылау түсірген жоқ.

Міне, сол Ләпәң да – қазақ радиожурна­листикасының қалыптасуына жастық қуатын  жұмсап, бар тәжірибелі өмірін ұстаздыққа арнаған қабырғалы журналист Ләтипа Ахметова да ел қызы атанған белеңге шығыпты. Радиожурналистика дегенің де, «жұрты жатыр, өзі жоқ қалқатайдың» кермесіне керілген, айтқаныңның бәрі ауаға жайылып, тындым болатын бір болжаусыз мамандық қой. Сол жылдары, өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары бүкіл қазақтың саңлауы мен ­сауатын ашқан, жапандағы жайлаудағы киіз үйдің шаңырағы мен қияндағы қыстаудың табалдырығын мынау кең дүниемен байланыстырған жалғыз ұстаз, осы біз құлақ түріп үйренген радио –  қазақ радиосы мен «Шалқар» болатын. Бізден сәл ілгергі, сәл кейінгі толқын өкілдерінің: «Менің университетім, менің кітапханам, менің ұстазым – радио» дейтін кезінде сонда қызмет істеген, сол «менің университетім – радио» дегізген радиожурналистердің бірі де осы Ләтипа Ахметова. Әттең, сайын даланы саңқылдата ән мен күйге бөлеген, қилы-қилы тағдырлардың ­сырын ашқан, дүние жаңалығынан хабардар ететін, сол хабарлардың авторларының еңбектерінің,  «Мұнда ми жоқ, Құлақ бар» деп Абай айтқандай, бізді «құлақ молда» қылып тәрбиелеген сол хабарлардың ізім-қайымсыз ауаға сіңіп кеткені өкінішті-ақ. Сондықтан да Ләтипа апамыздың «ауаға сіңіп кеткен» бар еңбегін ­саралауды зерттеуші мамандардың еншісіне қалдырамын да, өмір әсеріне көшемін.
Ләтипа Ахметованың есімін алғаш рет мен де жаңағы «құлақ молдалардың» бірі ретінде радиодан берілген сұхбат-хабардан естідім. Бір хабар күніне екі рет қайталанып берілгендіктен де және эфирге жиі шығып тұрғандықтан да, радиожурналистің есімі бірден жадыңда жатталып қалатын. Оның үстіне жазылмайтын сөз дертіне ұшыраған кезім. Сырлы, оқиғалы сөзге (радиоочеркке)  ынтықпын. Арасында жастардың өлеңдері, әңгімелері оқылады. Ән айтады. Өзіме таныс Жәнібек Кәрменов туралы берілген хабар елең еткізді. Оның сондай елеулі талант иесі екенін енді шындап мойындауыма тура келді. Жас ақын-жазушылардың аудандық, облыстық, республикалық іріктеулері өтіп, бір топ өлеңімді алып Қарауылға мен де бардым. Ақын Мерғали Ибраев ағамыз оқып, талдап, ертеңгі нұрлы болашақты айтып, Алматыға бара қалсаң деп біраз ағаларды санамалап кеп: «Айтпақшы, ­радиода Ләтипа Ахметова деген апайың бар. ­Жастар, ауыл туралы хабар береді. Сүйеніш болуға, демеуге  жарайды» деді атын бөле-жара айтып. Содан кейін бұл есім естілгенде, кәдімгідей, елең ете қалатын болдым. 
Бүршік атқан талап, буырқанған сезім, сөзге деген ессіз құштарлық ол әсерді ұмыттырып жібергені де рас еді. Араға екі-үш жыл салып барып Алматының дәмі тартты. Шәкіртпіз. Жас жанартау Рымғали Нұрғалиевтің көз қиығы маған түсті. ­Бауырына тарта жүріп, қазан ­айында Ташкент пен Фурманов көшесінің қиылысындағы екі бөлмелі үйіне ертіп барды. Маған кең сарайдай көрінді. Өзі «Құжыра» дейді. Үй емес – кітапхана. Қызықтай бастадым. Сәуле сөрелердің әйнегіне түседі. Күн еңкейіп қалған. Бір кезде есік ашылып,  бір әйел адам сөйлей кірді. Ауыр қобдишаны иығынан алып қойып жатып: «Түу! Зіл батпан. Иығыңнан басып жүргізбейді. Қолым сал боп қалды» деп сөйлей беріп, мені көріп ­тосылып қалды. Неге екенін білмеймін, менің ­назарым сол кездегі сән үлгісіне айналған төбесіне бөріктей боп үйілген   шашына ауды. Аты-жөнім айтылып, жөн сұрасқан соң, бөлмесіне кіріп кетті. Рымғали аға «жеңге»  деп емес, «апайың» деп таныс­тырды. Бірақ түсіндім. Бір кезде: «Бұл да бір пәле болды. Мына ыстықта!» деп сөйлей басын сілкіп, аспұзыл жаққа бұрыла беттеді. Сонда таңғалдым. Жаңағы үйілген «шөмеле» (әкем солай атаушы еді) бұрым боп тарқатылып, арқасын қаба жауып, ұшы жерге тиіп барады! Мұндай қалың қара шашты көргенім осы. Таңданысым да, есімде қалуы да сондықтан шығар. Біз Ардақты балабақшадан алып, алакөлеңкеде үйге оралдық. Кешке де, таңертең де ­апайымыз әлгі қара қобдишаны зыр еткізіп, шиқ еткізіп тілін басумен болды. Ара-арасында әлгі қобдиша  өз бетімен сөйлеп қоя береді. Бұл менің қаладағы көп қабатты үйден тұңғыш дәм татуым, тұңғыш қонуым еді. Жұмбақ қобдишаның сырын ертеңінде Рымғали ағаның туған бауыры, көрші ауылдың мектебінде оқыған Айғали Файзуллиннен (марқұм) білдім. Оның аты «репортер» екен. Ләпәнің аты – Ләтипа ­Ахметова, радиожурналист екен. Міне, менің «молдақұлағым» «шайтанқұлақтан» естіген, Мерғали ағамыз қадағалап таныстырған Ләтипа ­Ахметовамен, кейіннен «Ләпә» деп атап кеткен Ләпәңмен осылай таныстым.
Бұдан кейінгі күндер кәдімгі үйреншікті емес – үйреншікті тіршіліктің ауанына ауыса берді. Рымғали аға кітаптарды, оның ішінде Алашқа қатысты кітаптарды тек үйінде ғана оқуға рұқсат береді. Байқағаным, залдағы кітапхана мен жазу столына – Ләпәң, аспұзылдағы «қара қобдишаға» – Рымғали аға жоламайды, екеуі өз беттерімен жұмыс істеп отырады. Тек, қобдишаның зырылы мен шиқылы, кейде саңқылдап, кейде «мыңқылдап» естілетін дауысы ғана тыныштықты бұзады. Ардақ пен Ләйла да бұл тыныштықты бұзбайды, оңаша бөлмеде өз беттерінше ойнайды. Кейде Ләйла ғана тыпылдап кеп кітап оқып жатқан мені түртеді. Дауыстауға болмайды, ақырын ымдап алдарқатқан боламын. Бөбегінен естияр Ардақ кеп алып кетеді. 
Қош, сонымен араб тілі бөлімінде оқып, әліпбиді таныған соң, Рымғали ұстазым Сапарғали Бегалиннің, Сәду Машақовтың, Жүсіпбек Елебековтің үйінен әкеп берген, әуелі Жүсіпбектің, сосын Міржақыптың, сосын Мағжанның араб қарпіндегі кітаптарын оқыдым. Енді сирек кітаптар қорына  бет алдық. Екінші курста, мен кітапханадан тапсырыспен алып танысқан «Әйел теңдігі» мен «Жаңа мектеп» журналдарының тігіндісі пайда бола бастады. Сөйтсем, оның кітап палатасында да тігіндісі бар боп шықты және тігінділері түгел. Беттері жыртылмаған. Со жылы Ләпәң аспирантураға түскен. Тақырыбы осы басылымдар екен.  Жүсіпбектің «Ақбілегін» сол «Жаңа мектептен» толық оқып шықтым. Бұл оқулар мен үшін арнайы курс пәнінің міндетін атқарды. Есепті Рымғали ұстазыма беремін. Әрине, сақтық бірінші орында тұратын. Бұл тұрғыдан алғанда, Ләпәнің аспирантуралық тақырыбы менің Алаштану тақырыбын игеруіме желі тартты. Ара-арасында өз оқығандарымнан мағлұмат сұрап қояды. Бір-екі рет журналдағы кейбір мақалаларды  көшіріп бергенім де бар. Бірақ менің қолүштігіме олар мұқтаж емес еді. Бірте-бірте бұл үйдегі қарбалас жанталасқа ұласты. Бірі – докторлық, бірі – кандидаттық диссертациямен әуре. Менің де қартұяқтана бастаған кезім. Ләпәңнің кандидаттық қорғауы, талқылауы, мәжіліс пен мәзірдің әбігерлігі есімде қалмапты. Соған қарағанда, Ләпәң өз жұмысын өз бетімен ың-шыңсыз тындым қылған сияқты. Ал Рымғали ағаның қорғауы кезіндегі жанталас пен қарбаласты есіме алсам, қазір де төбе шашым тік тұрады. Сол кезде жаңа үйге, бұрынғы Хамза Есенжанов тұрған Төлебаев пен Совет көшесіндегі кірпіш үйге ауысты. 
Міне, бұл үйдің табалдырығына түскен салмақ ерекше абыройлы әрі тосын  да болды. Осы шаңыраққа тиесілі ең елеулі және еске алмай, елеусіз қалдыратын өмір сыбағасы осы үйде өтті. Ердос пен Айша осы үйде дүниеге келді. Ол кезде жігері тасыған, бойынан талант қуаты мен тегеуріні  бұрқырап тұратын, Хэмингуэйді:  «Әлгі шал» деп, Қалихан Ысқақовты пір тұтып «Біздің шал» деп, бір-бірін өзімсініп «Әй, Мағауин! Әй, Шәйкенов! Әй, Аязбаев! Әй, Қасқабасов! Әй, Нұрғалиев!» деп   сөйлейтін, терезеден біреуінің әйелі өтіп бара жатқанын көрсе, ашып жіберіп: «Әй, пәленбайдың қатыны...» деп шақырып алып, кіргізбей жібермейтін күндер әлі есімде. Мұндайда Қал-ағаңның үйіндегі Дәмеш апай жанып түсетін. Шіркін, сол тату күндер-ай, шіркін сол татулы достық сезімдер-ай, қайда кетті  десеңші! Кейде ішің ашып отырып, есіңе алатының өкінішті.
 Ой түсіп, ес жия бастаған екінші курстың соңғы семестрі, мамыр айының демалыс күні Ләтипа апайдың туған жиен бауыры, Политехте оқитын Әбіш деген жігіт екеуміз қонып жатқамыз. Таңертең ерте есіктің қоңырауы  шылдырлап, ар жақтан еркін дауыс иесі екпіндеп сөйлеп ішке кіріп, бірден біз жатқан залға беттеді. Жерде жатқан бізге көз жүгірте салып, тез басылып, ақырын басып Әбішке келіп ­басынан сипап, еміреніп, көрпесін қымтап, аймалай күбірлеп біраз отырып, баспалай басып, шығып кетті. Жорта ұйықтағансып жатқан Әбіштің шешесі екен. Әбіш те ешнәрсе білмегенсіп, көзін уқалап ашты. Шешесіз жетім өскен жүрек шым ете қалды. Ес білгелі шешемнің мұндай еміренгенін көріп-естімегенім ­ойыма оралды, нәумез боп қалдым. Дастарқан басында да Әбіштің шешесі еміреніп, толғанып, барын баласының аузына тосып, әбігерге түсті. Бұртиып қойып Әбіш отыр. Кезекті бір сәтте менің алдымда тұрып қалған жентті Әбішке ұсынып, емірене толғанғанда, мына мейірімге тебірене қызғанышпен қараған менің көзімнен жас ыршып кетті. Рымғали аға тез шіміркеніп, аналарға ым беріп үлгергенше, орнымнан атып тұрдым да, сабақтан кешігемін деп міңгірлей (демалыс, сабақ жоқ қой, ол есіме келмепті) сыртқа шығып кеттім. Оңаша Төлебаевтың бойындағы теректің біреуінің тасасына барып, не көрінгенін білмеймін, боздап кеп жыламаймын ба?.. Содан кейін Әбішті көргенім жоқ, тек, артынан еркелеп, ықылассыз оқып жүргенін естідім. Қазір қайда екен? Осы бір оқиға есімнен кетпейді. Сол арадан өтіп бара жатып, қазір де сол теректі іздеймін. Әйтеуір, мына үш теректің біреуі ғой деп өзімді жұбатамын. Бұрын үйлеріне барған сайын кетерінде Ләпәң үш сом ұстатушы еді, содан бастап бес сом ұстататын болды. Ал ол дегенің сол кезде жарты дүниенің байлығы еді. 
Бұл үйдегі мен көрген жайлар, сөйтіп, енді тіршіліктің ащы-тұщы мағынасына ие бола бастады. Соның арасынша, апай кандидаттығын қорғап, біздің факультетке оқытушы, кандидаттығын қорғау демаласына кеткен Әбілфайыз Ыдырысовтың орнына біздің курстың кураторы болып келе қалды. Бұрынғыдай еркінсімей, сыртқағыс жүретін болдым. Қойшы, сонымен, ақпан айында әкем қайтыс боп, қысқы сессияның екі емтиханын беске өткізіп, қалғандарын тапсырмай ауылға кеттім. Әке-шешесіз қалған қарындасыма көмек ақыны заңдастырып, жаңа семестр басталғанда бір-ақ келдім. Келе емтихандарымды жеделдете түгелін беске тапсырып (енді маған көтермелеу стипендиясы ауадай қажет еді), деканымыз Темірбек Қожакеевке бардым. Әдеттегісінше қырыстана, қыжырта сөйлеп қарсы алды. Жайымды айтып, стипендия тағайындауды өтіндім. Ыңырана бір шалқайып ап: «Уақытында неге тапсырмайсың? Стипендия жоқ саған. Беске тапсырсаң қайтейін.  Әкең өлсе қайт дейсің?!.» (Тура осылай, сөзбе-сөз айтты. Әлі де есімде) дегені. Ызақорлана қыстығып: «Сіз өлгенде ана балаңыз (біздің факультетте оқитын) сізді көмуге  келмесін дейсіз бе, сонда?» (Бұл да сол сөзбе-сөз қалпы) деп шығып кеттім. Ыңырана таңғалып, ол қалды. Қатулана басып бара жатқанымда, кураторымыз Ләпәң – Ләтипа Ахметова қарсы алдымнан жолықты. Жағдайды ықылассыз айттым. Қиналып тұрды да, кәсіподақтың атынан көмек сұратып, ректордың атына (марқұм Ө.Жолдасбеков) жағдайымды түсіндіртіп, сессияны кілең беске тапсырғанымды баса көрсеттіріп, өтініш жаздырды. Сол күйі қояр да қоймай ректордың қабылдауына кіргізіп жіберді. Ректор табан астында қол қойып, хатшысына шұғыл бітір деп тапсырма берді. Келесі жолы қарсы кеп қалғанда деканымыз Қожакеев: «Әй, Жұртбаев! Профессордың ақшасын ұстап, жарып жүрсің бе?» деді әдетінше аузын керіп. Түсінбедім. Артынан білдім, мына жағдайға таңғалған ректор, берілмеген үш айдың жоғары дәрежелі стипендиясын Қожакеевтің есебінен төлеуге бұйрық беріпті. Бухгалтерия іздеттіріп, бір уыс ақшаны қолыма ұстатқанда бір-ақ білдім. Әрине, оны Қожакеев өз қалтасынан шығармағаны, факультеттің есебінен айырғаны анық. Бірақ шындық солай. Сөйтіп, Ләпәңнің қамқорлығының арқасында мұқтаждықтан құтылдым және оның 120 сомына әкемнің зиратына мәрмәр тақта орнатуға тапсырыс бердім. Ләпәңнің осы ұстаздық-кураторлық қамқорлығы естен кетпейді-ақ. Бізден кейінгі шәкірттерге де сондай қамқор ұстаз болғанына кәміл сенемін.
Міне, содан бері де елу жылдай уақыт өтті. Бұл жылдардың пешенесіне жазылған талай қуаныш пен көрешектің куәсі болдық. Өмірдің әділетті, әділетсіз өктемдігін көре жүріп, аман-сәлемінің әдебі бұзылмады,  қамқор көңілдің жібі үзілмеді.  Соның өзі көңіліме үлкен жұбаныш әкеледі. Өткен өмір мен кешкен ғұмырдың тәтті де кермек таты таңдайды ойғаны  рас. Алайда тірліктің салған салмағын жеңілдететін ұл мен қыздардың, немерелердің шынайы қуанышы – Ләпәңнің  көңіліндегі  алакеуім  күйді бір сәт серпілтіп, сейілтіп жіберетіні анық. Бұл пәнидегі ең ұлы сүйініш те сол.

 Тұрсын ЖҰРТБАЙ

 

2023 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы