• Тұлға
  • 10 Маусым, 2021

КҮНДІ АЛАҚАНЫҢМЕН ЖАБА АЛМАЙСЫҢ

Қаламына сүйенген жандардың негізгі архиві – блокноты болса керек. Жарты ғасырға жуық шырғалаңда, жанкешті журналистік жолда осынау алақандай кітапшаның талайын тауысыппын. Есебінде қисап жоқ. Парақтаған сайын, үңілген ­сайын, әр кездегі сапар саздары жанарымның алдына көлбеңдеп тұра қалады-ау. Бастан кешкен, көзбен көріп, құлақпен естіген жайттар қаз-қалпында жаңғырып шыға келетіні және аян. Таңдай қақтырған оқиғалар, елең еткізер қызықты деректер  мен адам айтса сенгісіз келеңсіздіктер бұл күнде тарих ұшқынына айналғандай. Қойын дәптерiмде әйгiлi ғалым, академик Қаныш Сәтбаевқа қатысты бiрер фактілер, өзiм куә болған жағдаяттар таңбаланыпты. Кезінде айта алмай, қойын дәптерде сақталып келген нақты мәліметтерді жалғанның жарығына шығарудың реті келгендей. Ауыздан қақпақ алынып, қолдан шідер шешілген бүгінгі Тәуелсіздігіміздің арқасы. Қаныш аға хақында жазушы Медеу Сәрсеке шегiне жеткiзе қазып та, ашып та жазғаны мәлiм. Жадымда жатталып, жүрегiме ұялаған ұлы есiм төңiрегiндегi үзiк-үзiк штрихтарға бiрге көз  жүгiртейiкшi, қадiрлi оқырман.

ТҮСIМДЕ СӘТБАЕВТЫ КӨРДIМ

…Астанаға көшiп келгенiмiзге тура он ай шамасы. Ұлы көштен қалып қоймағанымызға қуанатынымыз жасырын емес. Ертеңгi күнге деген сенiм мен үмiт бойымызды ерекше кернейдi. 
Алматыдағы даңғарадай төрт бөлмелi үйiмiздi тастап, Ақмоланың қуықтай екi бөлмесiнде екi отбасы күн кешудемiз. Былтыр ғана шаңырақ көтерген ұлым Шоқан мен келiншегi Гүлбану бiзбен бiрге тұрып жатыр. Олар мұнда өткен күзде келген-дi. Әзiрге жеке пәтер алған жоқ. Үмiтсiз емес, әнi-мiне үй алып қалмақ. Әйтеуiр алаңсыз, әке-шешесiнiң жанында. 
Тұнжыр астана таңы сызат бергеннен тыпыршып, байыз тауып жата алсамшы. Түннiң бiр уағында көрген түсiмдi көз алдыма елестетiп, бейне кинолентаны тамашалағандай рахатты әсерде тұрып кеттiм. Қызық! Түсiмде Қаныш Сәтбаевты көрдiм. Жалаңаш құз-жартасты Баянауыл тауларының үстiнде жүрмiз. Әйгiлi ­геолог әр нәрсенi – қатар-қатар қолмен қаланғандай жалтыр жон ­тастарды, төбе-төбе шоқылардың ұшар басына әлгi қара тастарды ­жарып шыққан тiп-тiк қарағайлар мен жасыл самырсындарды, сол бәкене таулардың аясындағы көз ­жасындай мөлтiлдеген мөлдiр көлдердi көрсетiп әңгiме шертедi-ай. Аузым ашылып, әр сөзiн қалт жiбермей, ұғып алуға тырысатын шәкiртi тәрiздiмiн. Шолақ жеңдi ақ көйлегiнiң жағасы шағаланың ақ қанатындай, болар-болмас лекiген самалмен баяу желпидi. Кою бұйра шашы қобырап кеткен. Кiтаптардан, газет-журналдардан тамашалап жүрген суреттерден аумайды. Әлде түс, әлде елес… 

Күнделiктi тiрлiкте байқап жүрге­нiмiздей, түрлi басылым беттерiнен оқы­ғанымыздай, сондай-ақ ғалым­дардың пiкiрiнше, күндiзгi қам-қарекеттiң, әйтпесе ойлаған әлдеқандай жағдаяттардың көрiнiстерi ұйықтаған кезде жаңғырып қаз-қалпында елестету бек мүмкiн. Ал мына түстiң жөнi де, жосығы да өзгеше-тiн. Күндегi әде­тiмше Зинаға баяндап бергенiмде ол: 
– Тамаша түс қой бұл, – дедi көтерiңкi көңiлде. – Түнiмен Қаныш­тай ағаңмен бiрге қол ұстасып, тау-шыңға шығып жүрсең – жаман болмассың. Алла тағала мұндай аянды кез келген жанға көрсете бермес. Қалай дегенде де ұлы адамның қасында жүру – жақсылықтың нышаны. Өзiмiз де, ұрпағымыз да абыройлы даңққа бөленермiз.
Жақсы сөз жан семiртедi. Ойым да, бойым да кенеусiз күшке қабынып шыға келгендей. Көлiк күтпестен жұмысқа жаяулатып тарттым. Екi-үш күннен берi үздiк-создық жауған қар аралас жаңбыр саябыр тапқанға ұқсайды. Сөйтсе де аспан кiрлеуiт. Көше бiткен ойдым-ойдым көлшiктерге iркiлiптi. Редакциямыз орналасқан жер де бiртүрлi – көзге қораш. Кезiнде «Комсомолка» дабырлатып «нашақорлар мен алкаштардың ұясы» деп жазған шулы Жуковка маңындағы бұрынғы райкомның екi қабатты жұпыны үйi де көңiлге олқы. Шалғайдағы ауданның, я болмаса совхоздың сүреңсiздеу бiр пұшпағына топ ете түсе қалғандаймыз. Өмiр бақи Алматының қақ төрiндегi зәулiм де, әсем ғимаратында орналасқан «СҚ»-ның кешегiсiн ерiксiз сағына еске аласың. Көлгiрсудiң еш қажетi жоқ. Елордаға көшiп келген әрiптестерiмнiң денi осындай күйде, осындай сезiмде. Шамасы, әлi үйрене алмай жүр-ау. Әр шөптiң басын бiр шалып, әр нәрсенi айтқаныма ренжiмеңiз. Кiм бiлiптi, келе-келе «Менiң Астанам! Жер бетiнде саған теңесер шаһар жоқ» деп те кеуде соғарымыз әбден кәдiк. Өйткенi бiз мұнда ел маңдайына, ел талайына бұйырған тарихи кезеңдi өз қолымызбен, өз iсiмiзбен, өз еңбегiмiзбен еңселендiру үшiн келдiк қой?! Кездейсоқтық па, жоқ әлде заңдылық па?! Өзiм де қайранмын. 
– Жәке, сiздi бiр үлкен кiсi күтiп-күтiп, жоғарыға бастықтарға кеттi, – дедi есiк көзiнде отыратын Алтын апай. 
– Кiм болды екен, ә? Күнде келiп жүргендердiң бiрi ме?..
– Жоқ. Танымадым. Басқа жақтан келген-ау, шамасы.
Кабинетiме барып шешiнiп жайғас­қанымша болмады, таныс дауыстың өзi естiлдi. Iле-шала табалдырық аттаған Медеу аға: 
– Жанатжан, халiң қалай? Үй-iшi, бала-шаға аман-есен бе? 
Сәлем сұрай бастаған қаламгер ағаны әкемдi көргендей құшақтай бердiм.
– Медеу аға, мына қызықты ­қар­аңызшы. Сенесiз бе, сенбейсiз бе? Бүгiн түсiмде Қаныш ағаны көрдiм. Ендi, мiне, өзiңiзбен қауышып отырмын. 
– Өмiрде мұндай сәттер ұшырасады. Мен оны жақсы түсiнемiн. Түсiңде Қанекеңдi бекер көрмегенсiң. Өзiңе арнайы қолтаңбамды жазып, Сәтбаев туралы жаңа кiтабымды әкелдiм. – Жазушы портфелiнен үлкен кiтапты алып қолыма ұстатты. – Түсiңде көрген ағаңмен өңiңде жүздесу дегенiң осы болады, бауырым.
– Кiтабыңыз құтты болсын! Керемет, тамаша етiп шығарыпсыз. 
– Қырық жылғы еңбегiм ғой. Қане­кемнiң аруағы риза болсын. Бұрын-соңды енгiзе алмай жүрген кiлтипандардың барлығын толықтай қамтыған сияқтымын.
«Атамұра» баспасынан жарық көрген «Қазақтың Қанышы» аталатын кереқарыс роман-эссенi екi алақаныма кезек салып, супермұқабасындағы ғұлама ғалымның көзқанық бейнесiнен жанар аудармай қарай бергем, қарай бергем. Тура түнде түсiме енген суреттiң өзi. Iшкi бетiн парақтағанда көк сиямен жазылған қолтаңба көзiме оттай басылған. «Жанат бауырға! Ұлы Қанекең аруағына адалдығы үшiн һәм сол кiсiнiң рухы Өзiңдi жебей жүрсiн деген ағалық ниетпен! Медеу Сәрсеке, 29.Х.1999 жыл. Астана».
Қабырғада iлулi тұратын «Еге­меннiң» күнтiзбесiне үңiлдiм. 
– Иә, бүгiн қазанның жиырма тоғызыншы жұлдызы. Болмайтынды болдырған, сенбейтiндi сендiрген, жақ­сылықтар тоғысқан ерекше күн. 

ЖАДЫДАҒЫ ЖАҢҒЫРЫҚТАР

Қойын дәптердегi жазбалар академик Қаныш Сәтбаевқа тiкелей байланысты өз басымнан өткен елеулi оқиғаларды бiрiнен соң бiрiн жаңғыртқандай. Оның ең алғашқысы емiс-емiс есiмде. 
Тоғызыншы класта, бәлкiм оныншыда оқып жүрген кезiм. Балқашқа тақау түкпiрдегi балықшы ауылы Фрунзеден жетi шақырымдай жердегi Көпбiрлiктегi орта мектепке жаяу-жалпылай қатынап оқимыз. Жаңалық бiткеннiң бәрiн радиодан естимiз. Төрт-бес күннiң, бiр жетiнiң газеттерiн пошта жинап-терiп бiр-ақ әкеп тастайды. Әкем мен шешем оны күтпейдi. Мәскеуде, Алматыда, Америкада, алыс қияндағы өзге елдерде не болып, не қойып жатқанын олар сол күнi-ақ бiлiп отырады. Қауқиған-қауқиған ебедейсiз үш бөлек қорап-батарея арқылы сайрап тұратын «Воронеждiң» түймесiн басып қалса болғаны, күллi жаңалықты айтып бередi. 
Осындай күндердiң бiрiнде, дастарқан басында әкей: 
– Асыл азамат дүниеден озыпты. Жақсы кiсi едi, – дедi кейiстi де, жарықшақ үнмен. 
Шай құйып отырған анам елең ете, бүкiл назарын аударған:
– Кiмдi айтасың? 
Iлкi мезет үндемей шайын ұрттаған ол: 
– Қаныш Сәтбаев қайтыс бопты, Мәскеуде ауруханада. Алматыға әкелiптi сүйегiн. Бүгiн жерлейдi екен, – дедi баяу ғана. – Әлгiнде радиодан хабарлады. Дөкей ғалым ғой. Қазақстан жерiнiң астында не барын, не жатқанын одан артық бiлетiн ешкiм жоқ. Атақты геолог едi. Iлгерiректе Балқаш өңiрiнен кен iздеп, шатыр тiккен жерiне жол-жөнекей жолығып, сәлем бергенiмiз бар… 
Бiз үндемедiк. Әкемнiң сөзiн де жыға ұқпағанбыз. Егiлмедiк те, күрсiнбедiк те. Бар бiлетiнiмiз – қазақтың әйгiлi ғалымы, атақты геологы Қаныш Сәтбаев. Сол кiсi қайтыс болыпты.
…Екiншi елес. Кешiкпей арман қала, ай қала – Алматыға оқу iздеп келдiк. Бiр ауылдан түлеп ұшқан, бiр ­класта отырған Серiк, Сейдiғалы, Тiлеубек төртеуiмiз де Алланың алқауымен қасиеттi ҚазПИ-дiң, республикадағы тұңғыш жоғары бiлiм ордасы саналатын қарт ҚазПИ-дiң табалдырығына тұяқ iлiндiрдiк. Үшеуi – физматқа, ал мен – филфакқа. Қолымызда медалiмiз бар Тiлеубек екеумiз бiр-бiр экзаменнен тапсырдық. Екеумiз әрi жабысып қалған бауырмыз. Ол шалдың, яғни ағаның баласы, сондықтан Тiлеубектiкi – алтын, ал iнiсiнiң жүгермегi – менiкi күмiс ­медаль. Қала көрмеген, астана көрмеген бiздi жетектеп жүрген ­Орман көкемнiң қуанышында шек жоқ. Главпочтаға апарып ауылға телеграмма салып жiбердi. 
– Оқуға түскендерiңдi естiп қуана берсiн, – дейдi. 
Шынын айту керек. О жағын бiз ойламаппыз. Өзi мұғалiм болғандықтан ба екен, Орман ұрыспаса да, ұдайы тұқырта, бұйыра сөз саптайды. 
– Бiрiншi күннен бастап сабақты жақсы оқу керек. Лекцияларды түгiн қалдырмай, профессорлардың аузынан шыққан бойда жазып алуға машықтану керек. Түске шейiн ұйықтап, күнi ұзаққа көше кезiп дедектеудi қою ­керек. Пушкинге, читальный залға бару керек. Әйтпесе қиын болады. Бiрiншi семестрден ұшырып жiбередi… 
«Керек», «керек…». Бiр күнде-ақ студент атанған бiз расымен үрейлене бастадық. Қияндағы ауылдан келген сарыауыз балапандар не iстемек? Көзiмiз жәутеңдеп, үрпие-үрпие қалған кейпiмiздi байқады ма?.. Әке-шешемiз қолына ұстатып, бар тағдырымызды уысына берiп қойған мұғалiм ағайымыз кенеттен жадырап: 
– Кәнi, жүрiңдер! – дедi күтпеген тұста Орман көкем. – Уақыттың ­барында қаланы аралатайын. Семестр басталып кеткен соң, қолдарың тимес. – Қайда?
Бәрiмiз хормен шу ете түстiк. 
– Өткенде ТЮЗ-дi, кеше ­Главпочта мен Ленин алаңын көрдiңдер. ­Зоопаркте болдыңдар. Қазiр сендерге Тәшкен көшесiндегi Орталық зиратты көрсетiп келейiн… 
Бiз заматында тiксiнiп қалдық. 
– Бейiтi несi, – дегенбiз жамырай.
– Үйдемеңдер. Ұят болады. Бұла­рыңды менен басқа ешкiм бiлмесiн, – деген Орекең өткiр жанарымен сүзе қарады. – Алматыға келген, Алматыны тамашалағысы келген адамдардың, тiптi шетелдiк қонақтардың соқпай кетпейтiн жерi – осы Орталық зират. Мәдениеттi, бiлiмдi кiсiлердiң ең алдымен көретiн орындарының бiрi. Күләш Байсейiтованы, Мұхтар Әуезовтi, Қаныш Сәтбаевты, өзiмiздiң Мұқан Төлебаевты… тағы қаншама ұлы адамдардың қайда жатқанын өз көздерiңмен көресiңдер. Сендер шошитындай жер бейiт емес. Ашық аспан астындағы музей. Неше алуан ескерткiштер мекенi. Түсiндiңдер ме ендi… 
Бұған дейiн «өйтпеңдер», «бүйт­пең­дер» деп қақпақылмен өскен, бейiт жағалап көрмеген бiз екiұдай күйде бас­таушымыздың соңына iлескенбiз… 
Мiне, сол күнгi әсер қаз-қалпында санамда сақталып қалыпты. Ырду-дырдуы, айғай-шуы мол Ташкент даңғылы бойындағы, ескi автовокзал маңындағы қалалық зиратты бiр-екi сағатта аралап бiтпегенiмiз анық. Шола қарағанның өзiнде тарихтың талай беттерiн парақ­тағандаймыз. Ғұламалар, атақтылар, әйгiлiлер… ғалымдар, жазушылар, артистер, мемлекет қайраткерлерi… Күнi кеше ғана өзiмiз кiтаптардан суреттерiн көрiп, аты-жөндерiн жаттаған таныс та, бейтаныс жандар мәңгi ұйқы құшағында дамылдауда. Бейне бiр ашық аспан астындағы ескерткiштер музейi дерсiз. Ынтыға, қызыға тамашалаған едiк. Әуезов, Күләш, Төлебаев, Сәтбаев, Дина… Тағы, тағы… Тастұғырға айналған танымал тұлғалар. Қоладан құйылып, мәрмәр мен граниттен қашалған қарапайым да, ғажайып ғұламалар… 
Сол ұлылар қатарында санамда сақталып, жадымда жатталған өшпейтiн бейнелердiң бiрi академик Қаныш Сәтбаев екенi даусыз. 
Оқта-текте өткен өмiрге жанар жүгiрткенде осынау бозым сәттегi сағым-сурет сүлелене көлбеңдер едi… 
Жадымда жаңғырар және бiр жолақ. Тоқсан алтыншы жылдың тамылжыған тамызы. Ұмытпасам, он-он бесiнiң аралығындағы бiр күн. Отбасымызбен араласып-құраласып тұратын бес-алты жұп – ғалым-профессорлар Ұлықпан мен Бердiбай келiншектерi Нағима, Күләш, әншiлер Майра Iлиясова мен Уақап, Рысхан iнiсiмен Кереку елiне сапар шектiк. Ұстазымыз Қазақстанның еңбек сiңiрген артисi Шолпан Байғабылқызының әкесi, белгiлi халық мұрасын жеткiзушi, күмiс көмей әншi Бай­ғабыл Жылқыбайұлы ақсақалдың жүз жылдық мерейтойын өткiзуге қатыстық. Атақты өнерпаздың тойы өзi туып-өскен Ақсу өңiрiнде дүркiреп өттi. Ас берiлiп, бәйге ұйымдастырылып, өнер сайыстары бiрiне-бiрi ұласты… 
Павлодар жерiне келiп тұрып Баянауылға қалайша соқпай кетпекпiз? Қиястау бұрыс болса да Алматыдан ат арытып келген ынталы топ жиырма шақты адам бiр күнiмiздi әйгiлi академик Қаныш Сәтбаевтың туып-өскен мекенiн тамашалауға арнағанбыз. 
Жер шоқтығы Баянның жұпар ауасын жұтып, тау-тастарына өрмелеп, көзiң тоймас әсем де көрiктi табиғатын қызықтап, таулардың алақанында мөлтiлдеген көгiлдiр Жасыбайдың суына шомылып, құз-жартастарды тесiп атқылаған шипалы ыстық бұлағынан құмарлана сiмiрдiк. 
Тәулiкке толар-толмас уақыт… Қас-қағымдай көрiнген ешқашан ұмытылмас мезет… Еңсемiздi көтерiп, мерейiмiздi марқайтқан. Сөйтсе де қимастық сезiмi жан дүниемiздi мұңлы күйге құндақ­тағандай. 
Соңымызға жалтақ-жалтақ қараймыз. Көкмұнарға оранған Баянауыл қол бұлғап қалып барады. Жанымдағы серiктерiмнiң бәрi үнсiз. Әркiм өз ойымен, өз қиялымен тербелгендей. Мың бұралған таспа жол iлгерi өрлеп келедi. Түйдек-түйдек қазбауыр бұлттар қолсозымдай жерде қалқиды. Рафиктiң әйнегiне тесiле түскен Зина ыңылдап ән айтып отырған тәрiздi: «Баянауыл басынан бұлт кетпес…».
Ал менiң тiлiме осы қасиеттi то­пырақтың ақиығы Олжас Сүлейменов­тiң айтқаны орала берген: 
«Баянауыл басынан бақыт кетпес». 
Жол апшысын қуырған мәшине Павлодарға асығады. Алматыға жүретiн пойызға үлгеруiмiз керек. Билеттi алдын ала алып қойғанбыз. Жанымызды тәуекелге түйгiзген осы жолғы әсер бiздi әлi талай мәрте терберi, талай мәрте әлдилерi сөзсiз. Өйткенi қазақтың Қанышының туған жерiн көру – екiнiң бiрiнiң арманы емес пе. 
Керекуге келiп тұрып iргедегi Баянауылға соқпай кетудi өзiмiзге айып санаған бұл сапардың жөнi бөлек-тi. Жұптары жазылмаған достар үшiн бұдан кейiн Баянға жол түсе ме, түспей ме? 
Кiм бiлсiн?.. 

«ҚУҒЫНДАЛҒАН СӘТБАЕВТЫҢ» АВТОРЫ

Мен оны алғаш рет өзiмiздiң бас­тығымыз, Шерағаңның – Шерхан Мұртазаның кабинетiнде көрдiм. 
Тоқсан бiрiншi жылдың шуақты мамыр күндерiнiң бiрi-тiн. Ержұман, Сабыржан, Марат үшеуiмiз кезектi нөмiрдiң макетiн бекiту үшiн бас редактордың бөлмесiне шұбыра, ентелей кiргенбiз. 
Өз орнынан дәлiзге шығып кете қалған хатшы Әсемнiң таныс даусы соңымыздан қуып жеткен:
– Шерағаң бос емес. Кiсi бар, – дедi шырылдап. 
Бұл кезде кабинеттiң дәл ортасында қонақпен қол қысып, қоштасып тұрған бастығымыз: 
– Ой, пәлi жiгiттер, келiп қалдыңдар ма? – дедi жайма-шуақ қалпында тiзе бүкпестен. – Мына ағаларыңды таны­дыңдар ма? Инженер-металлург, атақты жазушы Медеу Сәрсекеев. Сәтбаев жайында жақсы дүние әкелiптi… 
Бiз жапа-тармағай есiмiне сырттай қанық қаламгер ағаның қолын алдық. Жылыұшырай сәлемдескен ол: 
– Жұмыстарыңа бөгет жасамайын. Газеттi тоқтатуға болмайды, – деп тездетiп шығып кеттi.
– Е, е… Бұ кiсiнiң негiзгi мамандығы басқа екен ғой. 
Көмейiмiздi бүлкiлдеткен күптi сауалды тамыршыдай сезе қойған Шерағаң алдындағы шашырап жатқан қызылды-жасылды макеттердiң нобайына көз жүгiрте отырып, әңгiмесiн әрiден өрбiткен. 
– Иә, тау-кен институтын бiтiрген. Инженер-металлург. Соған қарамастан, әуелде өзiмiздiң «Лениншiл жаста», жұмысшы-жастар бөлiмiнде әдеби қызметкер боп iстеген. Кейiн елiне кетiп, Семейде цемент зауытында жұмыс атқарды. Өндiрiс тақырыбында бiраз кiтаптар шығарған. Айтпақшы, Медеу мырза осы бiздiң «СҚ»-ның Шығыстағы меншiктi тiлшiсi болған. Қаныш Сәтбаев туралы ЖЗЛ сериясымен Мәскеуден жарық көрген кiтаптарын өздерiң жақсы бiлесiңдер. Сол кiтапқа кезiнде енбей қалған, академик өмiрiне қатысты ақтаңдақ төңiрегiнде жазылған мақаласын арнайы бiзге әкелiптi. Кешiктiрмей, әдемiлеп көрсетiп беруiмiз керек. Алдымен өзiм оқып көрейiн асықпай…
Бiз үн-түнсiз мақұлдаған кейiп таныттық. 
Бойшаң, қою қасты, жарлауыт қабақты таныс та, бейтаныс жазушының әлгiнде ғана асығыс шалынған түр-тұлғасын көз алдыма әкелемiн. Әп дегенде есiме жетiп келгенi Шерағаң айтып отырған Мәскеуден «Молодая гвардия» бас­пасынан 1980 жылы шыққан Қаныш Сәтбаев кiтабы. Атақты ЖЗЛ сериясымен («Тамаша адамдар өмiрi») жарық көрген бұл туынды менiң жеке кiтапханамдағы ең қастерлi шығармалар қатарында тұр. Сыртқы мұқабасындағы суреттерге дейiн өшпестей көз алдымда. Таласа-тармаса оқығанбыз. Сәтбаев жайында өз республикамызда шықпай, Орталық баспадан жарияланғаны жөнiнде кезiнде әртүрлi алыпқашпа әңгiмелер мен қауесеттерді көп естiгенбiз. Алматының кiтап дүкендерiне түскен кiтаптарды тегiс жинап алып, саттырмай қойыпты деген сөздердi өз құлағыммен әлденеше рет естiгенім бар. Өсек пе, өтiрiк пе? Кiм бiлiптi? ЦК-ның өзi араласқанға ұқсайды. «Ит қорыған жерге өш» демекшi, менiң кiтапханамдағы «Сәтбаевты» сол кезде үйге келгендердiң бәрi торуылдайтыны шындық едi. Ат-түйе атап қалағандары да кездескен. Кiтапты алақанына ­аялап ұстаған кейбiреулерiнiң: «Медеу Сәрсекеевтiң қыр соңынан қалмай, үш әрiптiң кiсiлерi аңдып жүредi екен. Сол рас па?» дегендерiн де құлағымыз шалатын… 
Ендi, мiне, бүгiнде Медеу аға пiкiрлес, сырлас, жүрекке жақын жандардың қатарына айналған. Алматыда сирек болса да жүздесiп тұрдық. Ал Астанаға орныққалы жиi жолығысатын болдық. Елордада тұратын баласының үйiне келген сайын, әйтпесе ескi достарымен Сарыарқаның сақылдаған сары аязында аң аулауға, қасқыр атуға бара жатқанда, телефон шалып, қалт еткенде уақыт көзiн тауып, редакцияға бас сұғып әңгiмелесiп кетедi. Кең маңдайына тым ерте түскен тауқымет iздерi бейне нота сызықтарындай сезiлетiн маған. Бiрде жазылып, бiрде тереңiрек көрінген қатпарлардың қалтарысында жасырылған алмағайып заман сырларын ұғуға ұмтылатын едiм әуелде. Кейiнiрек аға қаламынан туған «Қуғындалған Сәтбаев», толықтырылып қазақша басылған әйгiлi ЖЗЛ сериясы, «Қаныш елi», «Қазақтың Қанышы» тәрiздi ғұмырнамалық хикаяттар мен деректi роман-эсселерiн бажайлап оқып шыққанымда талай нәрсеге қанық болдым. Кремльден бастап, Алматыдағы Үлкен үйдiң iшiндегi небiр құйтырқыға, екiжүздi сатқындыққа, аққа қара күйе жаққан опасыздардың қым-қиғаш iс-әрекеттерiне көзiм әбден жеткен едi.
Осындайда құлақ түбiнде Медеу аға айтқан жүрекжарды сөзi қаз-қалпында ұзақ жаңғырғандай:
– Ұлы тұлға туралы кiтап жазу идеясы, оның көзi тiрiсiнде-ақ сәуле берген едi. Ең алғашқы ойды маған Әлекең – Әлкей Марғұлан айтқан. Орда бұзар отызға iлiнбеген лапылдаған кезiм. Әрнеге елiктегiш, қиял қанатына мiнiп Айға да қол созған жалынды шақ. Әу баста ештеңенi жетiк бағдарлай алмаппын. Iзденiстiң ондаған жылдарға ұласып, тiптi бүкiл ғұмырымды бағыштарымды бiлмегенiм анық. Академик өмiрiн ғылыми жағынан зерттеу бағытында жолықтырған қиыншылықтарды айтпағанның өзiнде, кесе-көлденең адымымды аштырмауға, әдейiлеп қойылған кедергiлер мен тосқауылдар менiң жан дүниемдi қатты күйзелттi. Әсiресе атақты ғалымның iргелi де ұлы еңбектерiн халық жадынан ұмыттыруды, яғни мүлдем өшiрiп тастауды көздеген қиянатына тап боламын деп ойласамшы. Құдай маған төзiм бердi, әйтеуiр. Әдiлдiк қашанда жеңедi. Бiр жығылып, бiр тұрып жүрiп өзiм құштар болған қаһарманымның талайлы тағдырына, қиын-қыстау ғұмырына арналған үлкендi-кiшiлi жетi кiтап жазыппын. Қызыл цензураның қаһарына ұшырап, «қырағы» жандайшаптардың жаласы мен тоқпағы күштi шенеунiктердiң гүрзiсiне түстiм. Кiтапқа енген кейбiр тараулар сол күйiнде қайшыланып туралды. Көптеген деректер мен мәлiметтер қасақана «түзетiлiп» бұрмаланды. Амал жоқ, Қанекең хақында өз елiнде, өз топырағында шығара алмаған ақиқи кiтабымды Мәскеуде жариялаудың сәтi түскен. Оған да шүкiршiлiк етуге тура келдi. Ең қуаныштысы, егемендi ел болып, тәуелсiз мемлекет атанып, ақ пен қараны айырып, ақиқат пен өтiрiктiң ара-жiгiн ашып, әдiл бағасын берген жаңа дәуiрге жеттiк. Мың тәуба! Асылды ешқашан тот баспаса керек.
Талай құқай мен құйтырқыны бастан кешiрген қаламгердiң жанкештiлiгi менiң де жұдырықтай жүрегiмдi езiлткен-дi. Замана желiнiң қалай соғып, саясат селiнiң қалай ұрарын күнiлгерiден сезер пенде, шiркiн, некен-саяқ-ау. 
Менiң ойыма Қазақстанның халық жазушысы Әзiлхан Нұршайықовтың айтқан төмендегi қордалы пiкiрi оралған: «Алыпты алып қана арқалай алады. Абайдай данышпанды Әуезов әлемге танытты. Сәтбаевтың ұлы тұлғасын М.Сәрсеке ұлықтады. ­ЮНЕСКО жариялаған дерекке қарағанда, оның «Сәтбаевы» әлемнiң 112 елiне тарапты! Бұл – заңғар ғалымның есiмiн туған жұртында айтқызбай жүрген кешегi кереғар ­заманда Медеудiң ерлiгiмен жүзеге асқан iс. Мансұқ тақырыбын отыз алты жыл бойы жалғыз арқалаған қайсар жазушы ұлы тұлғаның дүниежүзi тойлап отырған 100 жылдық мерейтойына «Қаныш елi», «Қазақтың Қанышы» атты жаңа туындыларымен келiп отыр. Ұлтымыздың ұлы перзенттерiн ұлықтаудың үлгiсi осындай-ақ ­болар…».
Әр қалам иесiнiң жүрек түкпiрiнде құндақтап аялар сүйiктi кейiпкерi болатыны даусыз. Ұлы Мұхаңның Абайы, З.Қабдоловтың Әуезовi, Ә.Нұр­шайықовтың Бауыржаны, Ш.Мұр­тазаның Рысқұловы, кейiнгi буыннан Ә.Дүйсенбектiң Шерханы, Н.Жүнiс­байұлының Сейдахметi… тағы-тағылар. 
Әрине, шоқтықты даралардың қақ төрiнде, бел ортасында Медеу Сәрсекенiң Қанышы да бар. 

Жанат Елшібек 

(Жалғасы бар)
 

1565 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы