• Ақпарат
  • 10 Маусым, 2021

Климат өзгерісінен қалай сақтанамыз?

Жаһандық климаттың өзгеруі Қазақстанға және халық денсаулығына, отандық экономикаға, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне, қоршаған ортаға қалай әсер етеді? Жаһандық климаттың өзгеруіне Қазақстан қалай бейімделеді немесе өзгерістің салдарын жеңілдетуге арналған қандай мүмкіндіктерді назарда ұстауымыз керек?

 

Жаһанданған әлемдегі маңыз­ды мәселе – ел назарында. Елді алаң­датқан жағдайды реттеу лауазымды тұлғалардың да негізгі міндеті. Пандемияға және кли­маттың өзгеруіне қарсы күреске, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға ­ерекше назар аударған видеоконференция режиміндегі кездесу – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен БҰҰ Бас хатшысы Антониу ­Гутерриш арасында өтті. Келіссөз барысында Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен арадағы ынты­мақтастығының басым бағыттары талқыланды. Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерриштің БҰҰ басшысы лауазымына екінші мерзімге ұсынған кан­дидатурасын Қазақстанның қолдайтынын да атап өтті.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобына кі­ретін мемлекеттердің мүддесін қор­ғауға бағытталған Қазақстанның ­бастамасын құптады. Бұл, әсіресе пандемия салдарынан туындаған дағдарыс кезінде өзекті болып отыр. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қараша айында Глазгода өтетін СОР26 дүниежүзілік климат конференциясына қатысуға ниетті екенін жеткізді. Аталған жиын барысында 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегінен ада ел болуға қол жеткізу жөніндегі жаңартылған ұлттық шаралары жария­ланады.
Антониу Гутерриш Қазақстанның ядролық қаруға қарсы жаһандық мәселені ілгерілетудегі көшбасшы­лығын жоғары бағалады. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысын ­Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай тамыз айында елімізде өткізілетін халықаралық конференцияға шақырды.
Президент пен Бас хатшы Ауған­стандағы ахуалға байланысты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қам­тамасыз ету мәселесін жан-жақты қарастырды. Мемлекет басшысы Ау­ғанстанға көрсетілетін көмекті жалғастыруға дайын екенін және сол елдегі тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған халықаралық іс-қимылдарға атсалысатынын айтты. Бұл ретте, БҰҰ Бас хатшысы аталған үдерісті ілгерілетудегі Орталық Азия мемлекеттерінің, соның ішінде Қазақстанның айрықша рөлін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысына коронавирусқа қарсы күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде, QazVac отандық вакцинасының әзірлеме­сі туралы мәлімет берді. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін ха­лықтың 55 пайызына екпе салу жоспары бар екенін жеткізді. Антониу Гутерриш коронавирус індетіне қарсы қазақстандық вакцинаның әзірлемесін және жаппай екпе салу науқанының табысты жүргізіліп жатқанын құптады.
Айта кетейік, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш климат өзгерісін қазіргі заманның ең ауқымды мәселесі әрі ең кең таралған және қауіпті дағдарыстардың бірі екенін ұдайы қаперге салып келеді. Климат өзгеруі – жер шарының, адамзаттың тіршілігіне қауіп төндіреді, сондықтан бұл мәселе қазірдің өзінде өзекті. Париж келісіміне сәйкес жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін төмендету қажеттілігі әр ел, әр мемлекет, тіпті әр адам үшін өте маңызды екені айқын байқалып келеді. Күн райын жаһандық жылынудан сақтау – ғаламшарымызды ғана емес, адамдардың денсау­лығы мен әл-ауқатын да көтеру жолындағы күрес. Қазақ жұт, құр­ғақшылық деп ат беріп, айдар таққан табиғи құбылыстардың да жыл өте қатаңданып кетуі осы жаһандық жылынудың салдары. Маңғыстаудағы құрғақшылық­тан ірі қараның қырылуы, ­Алматы облысының диқан-бағбандары соңғы аптадағы аптап ыстықтан алқаптардың кеуіп, еккен өнім солып бара жатқанын айтып дабыл көтеруі – жұт қана емес, ел болып, ер болып көтерер, түйінін шешер мәселе екені айқын. 

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ

1284 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы