• Ақпарат
  • 16 Маусым, 2021

КҮЙ МҰХИТЫНА ҚОСЫЛҒАН ЗОР ҮЛЕС

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасының аясында басылып шыққан «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясының екінші томының тұсаукесер рәсімін өткізді. «Әуезов үйі» Ғылыми-мәдени орталығының мәжіліс ­залында өткен жиынға антологияның 2-томының шығарылуына атсалысқан  Шәміл Әбілтаев, Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева, Абдулхамит Райымбергенов, Нұркен Әшіров және басқа да күйтанушы-ғалымдар, өнертанушылар қатысты. 

 

Жиынды жүргізген институт директоры, филология ғылымының докторы Кенжехан Матыжанов екі жылдан бері «Ұлы дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» атты үлкен бағдарлама жүзеге асырылып жатқанын айтты. «2020 жылы «Дала фольклорының антологиясы» атты 10 томдық жарыққа шықты. «Ұлы даланың көне сарындары» атты халқымыздың күй мұрасына арналған екінші жоба 3 том болады деп есептелген. Екінші том 2020 жылдың қазан айында 10 мың данамен  бүкіл республиканың кітапханаларына таратылды. Пандемияға байланысты тұсаукесер рәсімі енді ұйымдастырылып отыр» деді институт басшысы. Жаңа антологияның ерекшелігі көп, мәселен кезінде үнтаспаларға жазылған, институт ғалымдарының аймақтарға экспедициясы нәтижесінде  жиналған күй мұралары қосылды. Сондай-ақ жинақта шетел қазақтарының арасында сақталған күйлер қамтылды. Жазбалардың барлығының ноталары қайтадан қалпына келтіріліп жаңғыртылды және жаңа орындаушы­лардың орындауында заманауи таспаға жазылды. Тағы бір ерекшелігі, жинақта күй аңыздары берілген және күйдің авторлары мен бізге жеткізген адамдар туралы мағлұматтар ұсынылған. 
Жоба жетекшісі, өнертану кандидаты Айнұр Қазтуғанова «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясының екінші томына қазақтың көне аспаптары – шаңқобыз, сазсырнай, сыбызғы, қобыз, шертер, үш ішекті домбыра сарындары және аймақтық күйшілік өнеріндегі домбыраға арналған халық күйлері мен кәсіби күйші-композиторлардың туындылары, күй шеберлерінің орындаушылық нұсқалары енгенін айтты. «Суырыпсалмалық өнерге негізделген қазақтың күй мұрасының ішінен аспаптық музыканың 335 таңдамалы үлгісі іріктеліп алынды. Еліміздің әр түкпіріндегі 22 күйшілік мектеп қамтылды, Жобаға 200-ден астам күйшілер қатысты. Көптеген күйлердің жаңа нұсқалары табылып, күй мұрамызға қосылды. Сондай-ақ, тұңғыш рет қазақтың төл мұрасы заманауи форматта электронды құралдарға көшіріп алып пайдалануға қолайлы болатындай арнайы QR кодпен, CD дискпен бірге жарыққа шығарылды» деді өнертанушы.
Жиында сөз алған күйші Секен Тұрысбеков жаңа антологияның халқымыздың күй  мұрасына қосылған үлкен үлес екенін атап айтты. Ал күйші, өнертанушы  Абдулхамит Райымбергенов жаңа жинақтың мән-маңызына тоқтала келіп, антологияның кітапханалық жәдігер болып қалмай халыққа толыққанды жетуіне, концерттерде орындалуына назар аударды. «Бұл көлемді көп томдықтар алдағы уақытта күйшілердің, студенттердің қолдануына ыңғайлы бірнеше шағын кітап болып жеке-жеке шығарылса» деген тілегін жеткізді. 
Музыкалық мұрамызға арналған жиын Шәміл Әбілтаев, Секен Тұрысбеков, Ілес Жалғасбеков және басқа күйшілердің орындауындағы домбыра, жетіген, шаңқобыз  күйлерімен жалғасты. Антологияның тұсаукесер рәсімі zoom-форматында еліміздің басқа өңірлеріне де көрсетілді.    

Дина ИМАМБАЕВА

 

1154 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы