• Мәдениет
  • 24 Маусым, 2021

АУЫЛ ТАҒДЫРЫ – ЕЛ ТАҒДЫРЫ

Ұлттық киноны қолдаудың Мемлекеттік орталығы мен «Тұрсыновфильм» компаниясының ұйымдастыруымен бір топ журналист Алматы облысы Жамбыл ауданы Бесмойнақ ауылына барып қайтты. Бұл жерде Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Ермек Тұрсынов қазақ ауылының тағдырын көрсететін фильм түсіріп жатыр.

Режиссер Ермек Тұрсынов фильмнің нақты атауы әзірге белгісіз екенін айтады. Белгілісі – фильмде ауыл тағдыры суреттеледі. «Негізі бұл фильм – драма. Адамды еріксіз күлдіретін де, ойлантантын да тұстары жеткілікті. Көрермен әртүрлі ғой, әркім өз қорытындысын шығаратын болар. Кішкентай ауылдың оқиғасын бейнелесек те, бүкіл мемле­кетіміздің де тағдыры ар жағында көрініп тұрады» деген Е.Тұрсынов: «Қысқаша айтсақ, бұл оқиға – қазіргі ауылмен қоштасу.  Мен білген, мен туып-өскен ­ауылдан осы күні айырылып қалдық. Кино түсіремін деп Қазақстанды көп араладым. Ауыл-елдің жағдайын байқаймын, қарапайым адамдардың әңгімесін тыңдаймын. Көзім жеткені, бұрынғы ауыл енді жоқ. Иә, адамдардың табиғаты аса өзгермегендей. Сол ақкөңіл қазақ. Өзгерген – ауылдың келбеті. Кейбір диалогтарды мұқият тыңдасаңыздар, осы кино арқылы не айтқым келгенін байқайтын боласыздар...»  дейді.

Журналистер түсірілімнің кейбір сәттеріне куә болып қайтқан ­Е.Тұр­сынов­тың киносының қысқаша сюжеті ауылдағы қариялардың оқиғасынан құралады. Мұсабек пен ­Исабек ақсақал­дар заманында Нұржамалға ғашық болған. Ол басқа жанға тұрмысқа шыққан. Бірақ кейін жары қайтыс болған. Екі ақсақал досына айналған. Қарттар ұдайы әлденеге дауласып, таласып қалады. Нұржамалдың үй шаруасына көмектесіп, бірге шай ішіп, әлемдегі және елдегі соңғы жаңалықтарды талқылайды...

Исабек ақсақалдың рөлін сомдайтын Мұрат Бекхожин өз кейіпкерін: «Исабек – ауылда қалған үш-төрт шалдың ішіндегі қияли кейіпкер. Менің мінезіме ұқсас. Өмір сырларына құмар Исабек өзіме ұнайды. Ол ізденетін, теледидардан жаңалықтарды үзбей қарайтын, кітап оқитын, өркениеттен қалғысы келмейтін, сөзжұмбақ шешіп жүрген, комедиялық персонаж» деп суреттейді.

 «Кино түсірер болсам, актерлерді жаңадан іздеп табамын. Бұл фильмде тәжірибесі мол Алдаш аға ғана. Қалғаны енді танылып келе жатқандар. Ішінде жастары да бар» деген Ермек Тұрсынов кинода алғашында бәсекелес болып көрінетін қос қарияның түптің-түбінде бір-біріне жанашыр екені байқалатынын айтады. Актер Алдаш Шалбаев фильмде Мұсабек ақсақалдың рөлін сомдайды. «Соңғы жылдары ауылдан қалаға 1 миллионға жуық халық қоныс аударған. Ауылда шал-кемпірлер ғана қалды. Ауылда өстім, ел жағдайын өте жақсы білемін. Бұл образ маған өте жақын. Образ шығару оңай емес, десе де рөлдің үлкен-кішісі жоқ. Біздің жасымызда ғашық болу артықтау шығар, бірақ адам ретінде сыйлай білсек – жақсы көр­гендік. Киноның мақсаты – жастарға тәлім-тәрбие беру, жүйенің кем-кетігін астар­лап жеткізу. Кім болса да, мұндай жұ­мысты жаман деп айтпаса керек. Ха­лық кейін бағасын бере ­жатыр» дейді ол.

Айта кетейік, бұл жоба 2019 жылы тапсырысты ұтып алған болатын. Алайда әлемдік пан­демияға байланысты түсірілім жұ­мыстары кейін шегеріліп, биыл басталыпты. Киноның экранға шығатын нақты мерзімі белгісіз. Фильм бюджеті – 400 миллион теңге. Ұлттық киноны қолдау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Қанат Төребай осы күні өндірісте құны 6 миллионнан 1 миллирд теңгеге дейінгі 41 жоба бар екенін айтты. Алдағы уақытта Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған және Алтын Орданың тарихына қатысты, Жамбыл Жабаевтың, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойларына байланысты фильмдер де экрандалады.

Қ.Серікқызы

 

1952 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы