• Әдебиет
  • 30 Наурыз, 2011

ӨкІнІш

d181d182d0b0d180d0b8d0baЖелтоқсанның соңғы күні болатын қарбаласты кім білмейді? Жұрт жапа-тармағай жүгіріп, базары жақыны базарын, дүкені жақыны дүкенін адақтап, Жаңа жыл дастарқанына азық-түлік, жақын-жуығына сыйлық сатып алып шала бүлінеді-ай. «Ауыз – ішерде керек...» дегендей, жайбасар халық емес пе, «ау, ертең үлгермей қалармыз, үлгермей қалсаң үш-төрт күн есігін ашатын дүкен таба алмай алашапқын әуре-сараңға түсіп жүрерміз, ертерек қам жасайық, не керекті сөмке-сөмкеге толтырып үйімізге тасып алайық» дейтін ақылды адам қайда, бәрі-дағы Жаңа жылдың келіп қалғаны отыз бірінде еске түскендей естен танады да қалады. Біздің Гүлжайна да соның сыртынан ғой. Түстен кейін жұмыстан шыға сала базарға қойып кетті. Не қажетін өзі біледі, көзіне көрінгенін саудаласпай-ақ сөмкесіне ытқытып жатыр. Өйткені базардың біраз сөресі босап қалған, сатушысы жұмысын ертерек бітіріп, үйіне тайған, шамасы.

– Тезірек, тезірек, алатыныңызды тезірек айтыңыз, жабамыз, – дейді мына біреуі. Сөмкесін сықа толтырып базардан шыққан. Такси ұстады. «Алатын затымды түгел алдым ба екен, тағы бірдеңесін ұмытып, қазір үйге барған соң зар жеп жүрмейін» деген көңілінде алаң да жоқ емес. Егер ұмытқан болса, көше бұрышындағы дүкенге Талап жүгіріп барып келер. Осы оймен екінші қабатқа терлеп-тепшіп әрең көтеріледі ғой. Тұқшыңдап сөмке көтеріп байқамапты, бұлардың дәл есігінің алдында сексиіп біреу тұр. Не де болса біздің үйге келген біреу ғой деп ойлап, сыпайы сәлем берді. Сәлемін алған кісі де сыпайы адамға ұқсайды, басын изеп, ысырылып жолды босатты. Гүлжайна сонда ғана жүзіне көз жүгіртіп өтті. Егде тартқан кісі екен. Ауыл адамы емес, сақал-мұртын ұқыптап қырған, жұпыны болса да тап-таза киінген. – Біреуді іздедіңіз бе? – деп Гүлжайна өтіп бара жатып, еріксіз кері бұрылды. Ойы – бейтаныс кісінің жүзіне тағы бір қарау. Бір жерде көрген таныс адамы сияқты. Бірақ қай жерде көрді, не қылған адам, дым еске түсіре алмайды. Әйтеуір таныс екені анық. Таныс болғанда да жақын адамдарының біреуі. Мынадай қоңыр дауысты құлағы күнде естіп жүрген сияқты. Көзқарасы да күнде көріп жүрген біреуге тым ұқсас. Бейтаныс адам сыр ұқтырмай күлімсіреді де: – Көптен көрмеген таныс адамым бар еді, пәтер нөмірі есіме түспей, жаңылысып тұрғаным. Қарағым, жолыңнан қалма, күткен адамым өзі де кеп қалар, – деді. Гүлжайна бейтаныс кісінің қоңыр дауысын қайдан естідім, қоңыр көзін қайдан көрдім деумен сөмкесін сүйреп, пәтеріне еніп кетті. Алдынан алақайлап жүгіріп қос бүлдіршіні шықты. Сорайып төргі бөлмеден күйеуі көрінді. Базардан сатып алған ойыншықтарды дереу сөмкеден шығарды. Ұлы мен қызы мәз. Ойыншық қолына тиген соң асыр салып шапқылап кетті. Күйеуінің мойнына су жаңа галстук салды. Сонан соң екеулеп Жаңа жыл дастарқанын жасауға асығыс кірісіп кетті. Таңертең қамыр илеп кетіп еді, ақырып, ашып тұр екен, жеңін түріп жіберіп, бауырсақ пісіре бастады. Ыстық майға түскен жайма қамыр лезде торсиып-торсиып, қызара бөрткен бауырсаққа айналып жатыр. Гүлжайна оларды шолпымен сүзіп алып, бос тегешке салады. Ұлы мен қызы қаздай тізіліп келіп, бір-бір ыстық бауырсақтан іліп кетті. Кенет көзі терезеге түсті, қарсы беттегі жайдақ орындықта манағы шал отыр. Екі көзі бұлардың пәтері жақта. Тоңып отырғаны анық, бүрісіп қымтанып алыпты. Аяп кетті. «Қап, әттең, іздеген адамын таппай отыр-ау бейшара, – деп ойлады бұл, – үйге шақырып бауырсақ пен ыстық шай беріп жіберейін. Сауап болсын». Ойына келгенін тез орындауға асығып, төргі бөлмеде шырша безендіріп жатқан Талапты шақырды. «О не, о не?» деп көзі алақтап күйеуі жеткен. – Анау отырған атаны көрдің бе, осы үйден біреуді іздеп келген екен, таба алмай әлі отыр. Байғұс шал жаурап қалды. Барып шақырып келші, шай ішсін. – Қой, көп қаңғыбастың біреуі шығар. Үйге биті өріп кетпей ме? – Қаңғыбасқа ұқсамайды. Түріне дұрыстап қара, тап-таза, ұқыпты, жаңа есік сыртында көргенмін. Талап іші қаламаса да, келіншегі қиылып тұрған соң көңілін қимай тысқа беттеді. Кідірмей екеу боп топырлап үйге кірді. Шал жақ жүні үрпиіп, тоңып-ақ қалған. Ерні боп-боз, дір-дір етеді. Бірақ оншасын білдірмеуге тырысып бағады. Гүлжайна анықтап тағы қараған. Жейдесінің жағасы тап-таза, шалбары­ның қыры сынбаған. Ұқыптап артқа қарай тарап қойған шашы бозғылданып кеткен, ағы көп. «Жоқ, қаңғыбас емес» деп жаңағы шешімін нығарлап бір қойды. Бір қараса, қос бүлдіршіні әбден еркінсіп, иемденіп алыпты. «Аталап» қасынан шықпайды. Екеуі екі жағында. Бұл ас үйдің күйбеңімен жүргенде балалар танысып та алған сыңайлы, бейтаныс кісі де балажан-ау, екеуін кезек-кезек алдына алып, маңдайларынан иіскеп, басынан сипап қояды. Әңгімеге алдандырады. Ас дайын болды, бұлар сонда ғана дастарқан басына жиналған. Бейтаныс қарттың аты Қасымжан екен, яғни Қасым ата. Қасым ата дастарқан басында ынтымағы жарасқан Талап пен Гүлжайнаның отбасына ақ ниетін, адал тілегін айтты. Мына қос бүлдіршіннің өмірдің қиындығын көрмеуін, болашағы жарқын болуын тіледі. – Менің де өзің сияқты қызым бар, – деп енді бір сәт Гүлжайнаға тіктеп қарады, – мына бүлдіршіндер сияқты қос жиенім бар. Бірақ олар менен тым алыста. Аяғым жетсе, қолым жетпейді, өмір жолы түгесілуге таяған қарт адамға кең дүние тарыла береді екен. Қарт бір ауық үнсіз қалды. – Бағана ашылып айтпап едім, енді айтайын. Сендер мені қайдан білейін деп едіңдер, анау жерде төрде ілулі тұрған сенің анаң Сәния Мұратбаева ғой, екеуміз бірге жұмыс істедік. Жаңа үйге кіріп келгеннен-ақ суретін көріп, іздеген үйіме келгенімді аңғарған едім. Келгенімнен кеткенім тез болмай, мына дастарқанға қайырылғаным да сол ғой. Бірақ көп жыл болды, сенің анаңды көргенім жоқ, қатыса алмадым. Айып етпе, қарағым, қазір анаң өмірде бар ма, жоқ па, о жағын да біле алмай далмын, – деп Әселді алдына алып тұқшыңдап кетті. Мына сөзді естіген Гүлжайна тосын бір құбылысқа тап болған жандай ақыл-есін жинай алмай есеңгіреп қалды. – Иә, иә, – деді аузына оңды сөз түспей, – о дүниелік болғанына екі жыл болды. Шөмеледей боп кеудесін тік тұстап отырған Қасымжан ата көз алдарында қара жер тартқандай шөгіп бара жатты, жүзін мұң торлады. – Иманды болсын, – деді біраздан соң үнсіздікті бұзып. – Қол жайыңдар, Сәния марқұмның аруағына арнап Құран бағыштап жіберейін. Астан соң Қасымжан қарт кетуге қамданып, жинала бастады. – Ата, қайда тұрасыз, баратын жеріңіз жақын ба еді? – деді Гүлжайна анасын танитын адамды біртүрлі қимай. – Жо-жоқ, мен басқа қалада тұрамын, кешкі автобусқа іліге алсам, жүріп кетем. «Ата, ата, қайда барасыз, кетпеңіз, – деп Қанат пен Әсел қарияның шалғайына жабысты. «Мама, мен өзімнің ойыншығымды атаға берейінші, бәріміз сыйлық алдық, атада ғана жоқ» деп қолындағысын қарияға тықпалап жатыр. Қарттың көзінен жас ыршып шықты. «Айналайын, рахмет» деп маңдайынан сүйіп, көзінің жасын сүртті. – Бүгін отыз бірі ғой. Автобуста орын болмай қалып қиналып қаларсыз, қона кетіңіз. Гүлжайна шын қиылып сұрады. Қос бүлдіршіннің аталаған көңілді дауысы құлағына жағып барады. Бір сәт өзінің бала кезі сарт етіп ойға оралды. Мына балалары сияқты емес, «ата, әке» дегенді білмей өсті. Ес жиғалы анасы екеуі ғана. Бұл да бала боп әкесіне де, анасына да қатар еркелегісі келетін. Шешесінің пәмилесін алып, Мұратбаева боп жазылғанына қысылып бітетін. Кейін есейгесін анасы бұның көңілін күпті қыла бермей сырын ашты. «Әкең – біз үшін өлген адам! Қызым, енді қайтіп ол туралы сұрама, оның бейнесі көңілімде де, көз алдымда да жоқ» деді. Гүлжайнаның көкірегіндегі сол жұмбақ ақыры шешілген жоқ, анасы бар сырын өзімен бірге қара жерге алып кетті. Бір сәт балалық шақты шарлап кеткен Гүлжайнаны қалың ойдан қос бүлдірші­ні арылтты. Олар Қасымжан қарияның екі қолынан тас қып жабысып алыпты. Төрге сүйрейді. Баламысың деген, ойында түк жоқ қой. Қария ақыры келісіп, осы үйге қонатын болды. Талап бұларды шырша жанында суретке түсірді. Сарт етіп фотоқағазға басылған сурет аппарат ішінен сумаң етіп шыға келді. Дайын суретке қария ұзақ үңілді. – Осы суретті сіз алыңыз, – деді Талап. – Ал өзіміз үшін тағы бір басып жіберейін. Қария ертеңіне таңғы астан соң бұларға алғысын жаудырып, жолға аттанып кетті. Гүлжайнаның ойында қилы-қилы ой қалды. Анам туралы көбірек сұрай түспеген екем деп өкінді. Ең өкініштісі, қарияның тұрағын, телефон нөмірін алмапты. «Әй, кеш ойлайтын ақымақ басым-ай!». Бірақ жаңа басталған жылмен бірге келген жаңа тіршілік қыруар қарбаласымен бұларды қаңғалақ қақ­тырып, ес жидырмады. Әлгі қа­рияны ұмытыңқырап бара жатыр екен, көктем шыға Қарттар үйінен хат келсін. «Қасымжан Мұратбаев инфарк­тан қайтыс болды. Мемлекет есебінен жергілікті бейітке жерленді» деп жазыпты. Компьютерде терілген, мөр басылған, қол қойылған. «Әй, байғұс-ай, ешкімі жоқ екен ғой, жылы қабақ танытқанымызға бола бізді жақын тартып қалғаны да. Иманды болсын» деп хатты сөмкесіне сала беріп еді, конверт ішінде тағы бір қатқыл қағаз барға ұқсайды. Баяғы, Жаңа жыл кешінде түскен сурет. Жоғалтпапты. «Сонда үйге шақырып ыстық шай бергеніміз, жылы-жұмсақ ас ұсынғанымыз қандай жақсы болған, – деп көңілі көтерілді Гүлжайнаның. – Адамның адамға жақсылық жасағаны қандай бақыт! Өле-өлгенше сол болмашы жақсылығымызды ұмытпапты-ау жарықтық». Көзі сурет сыртындағы жазуға түсіп кетті де, қалт тұра қалды. Өз көзіне сенбей, үңіліп қарады. «Қызым, кешір мені» деп жазыпты. Мәссаған, әкем бе сонда. «Сенің анаңның танысымын» деп еді ғой. Гүлжайна сылқ етіп, орындыққа отыра кетті. Сурет аяғына ұшып түсті. Көтерген жоқ.

Мақсат  Рсалин

2923 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы