• Әдебиет
  • 31 Наурыз, 2011

Атқан оқ, жанған оттан жарып өткен...

tat21«Арқалық батыр» жырының 4 нұсқасы бар. ХVIII ғасыр – қазақ пен қалмақтың бір-бірімен барымталасып, мал қуысып, қандасып тұрған дәуірі. Озбырлық пен ожарлықтың, сұрқия зұлымдықтың иесі Әжі төренің керей, найманды билеп, өз халқына өзі жауығып тұрған заманы болған. – Әжі ханның қорлығы-ай, Қалмақтың еткен зорлығы-ай, – деген жолдар осындай өмір шындығынан туса керек-ті. Арқалық батыр осы екі қыспақтың екеуін де көрген.

Арқалық – өз еңбегімен күн көріп отырған көп кедейдің бірі. Үстіне жадағай жаман шекпен, аяғына киіз байпақ, тері шоқай киіп жүреді. Руы – керей, оның ішінде қарақос. Туып-өсіп, мекен еткен жері – Алтай аймағы екендігі туралы жырда мәліметтер көптеп кездеседі. Әжі төре бастаған байлар жағы бірде сауғаға берген Көкшұбары үшін 60 қамшы дүре соқса, тағы бірде жалған жала жауып, «ұрысың» деп алақанына қорғасын құяды. Ақыры, хас батырға біткен аңғалдығы оны Әжі төренің қармағына іліктіреді. Арқалық Әжі ханнан кегін қуып, жауда кеткен малына мал қайтармақ болып, дүрбітке атанады. Дүрбіттер дегеніміз ХVI ғасырдың аяғында ойраттардан бөлініп шығып, Ертістің жоғарғы бойын мекен еткен тайпалар екен. Арқалық бастаған батырлар – Жұбай, Шатай, Тұяқ, Ситандар жауда кеткен Әжінің Ақжол аты мен бес жүз жылқысын айдап әкеледі. Бірақ, амал қанша, екіжүзді залым төре соңынан келген қалмақ қуғыншыларынан қорқып, айла-шарғысын жасап, Арқалықты батыр серіктерімен қоса ұстатып жібереді. Сонда ғана Әжінің кім екеніне аңғал батырдың көзі әбден жетеді. Бұған дейін тек жалған намыстың құрбаны болып келгеніне іштей қатты өкінеді. Бұдан кейінгі бар оқиға-әрекет Арқалық батырдың Әжі төреден кек алуына негізделеді. Қай жырда да Арқалық – Қаракерей Қабанбайдың тұқымы, ер Жәнібектің жиені деп айтылады. Қалмаққа қарсы соғыста ол талай рет ерлігімен көзге түседі. Сөйтіп жүріп Арқалық төре тұқымына айттырылып қойған бір қызбен көңіл қосады. Содан екі ғашық Дүрбіттегі он екі Абақ Керей еліне қашып барып пана табады. Ішкі-сыртқы жаумен бірдей алысқан ер жүректі, ерен күш иесі бола тұра, кәдімгі қатардағы адамдарға тән мінезі, сезімі бар кейіпкер. Ол күледі, жылайды, толғанып тебіренеді, тіпті ара-тұра зәресі кетіп, қорқып та қалады. Бірде жау зынданынан босап, кір жуып, кіндік кескен жеріне кеп, қараша үйде отырған кәрі әкесін көріп, қуанғанынан дауысы шықпай қалса, тағы бірде жан жолдасы Жұбай оққа ұшып опат болғанда Арқалық оның сүйегін құшақтап, еңіреп жылайды. Жырдың Саяділ мен Ертай нұсқаларында ұлғайту, әсірелеулер мол. Арқалықтың батырлығы бабаларының түсінде берген белдігінен дарыды, өзінің көзі шамдай, денесінің зорлығы асқар таудай, қарақасқа тұлпарының тұяғы тиген тас бордай боп езіліп жүре беретін, атқан оқ, жанған оттан жарып өтетін ерекше жан иесі болып суреттеледі. Ал қалмақ батырларының көзі үңгірдей, мұрны үйген шөптей, екі құлағы екі бетін жауып кеткен әлдебіреулер. Арқалық – әділдік пен ізгілікті жақтайтын, достыққа, ар-намысқа берік, айтқанын екі етпейтін бірсөзді батыр. Осының арқасында ол жау көріп жүрген дүрбіттердің арасынан достық табады. Әжінің өзі екіжүзділік жасап, Арқалықты алдап жау қолына ұстап бергенде, қалмақ досы Қарамерген он бір түнге кепілдікке сұрап алады. Кейін осы қалмақ досының берген кездігімен Арқалық зынданның темірін турап, қашып шығады. Жолда Жұбай жараланып, екеуара бір атқа мінгесіп келе жатқанда заңғар тау ішінде Қоңқаға кездеседі. Ол да өз елінің ханымен келісе алмай қашып жүрген батыр еді. Осыдан соң өле-өлгенше дос болып кетеді. «Арқалық батыр» жырының халықтық үлкен қасиеті ел мен ел арасындағы тату достықты оқиға арқауы етуімен үлкен мәнге ие. Сондай-ақ тарихқа жарасымдылығын жер-су аттарынан айқын байқауға болады. Мәселен, Алтай, Сауыр, Сайқан, Ертіс, Сарышоқы, Нәріпқара, Қобда, Үргеті, Саржан, Айыркезең, Ақбұлақ, Тасжарған, Шеңгелді, Құмды бұлақ, Бурыл тоғай, Тасқия, Кеміршек, Бозайғырдың құмы, Қарадоңғал тауы, Арқалықтың өзі туып-өскен Шарықты мен Тоспа аталатын жер-су, тау аттарының бәрі де жырда дәл берілген. Қазақтың кедей жатақ егіншілерінің бірі болған Арқалық бидай, арпа, тары егіп күн көрген. Яғни тарихи жыр екендігі оның баяндау стилінен, батырдың өз аузынан айтылған әңгіме мәнерінен де айқын көрінеді. Тарихта болған Арқалықтың елге оралуын баяндауы былайша беріледі: Салдыртып Тоспадағы елге келдім, Кір жуып, кіндік кескен жерге келдім. Оңаша бір қара үй тігулі тұр, Үңіліп есігінен көз жібердім. Туырлық қарақұрым тұрған құрып, Есігі бір жапырақ қойған түріп, Үңіліп көзім салсам шал Бөрібай, Өз әкем отыр екен отты сырып. Дәстүрлі эпостық жырларға қарағанда, тарихи жырларда болатын ерекшеліктерді ат сипаты мен табиғат суреттерінен де, адам портретінің айқындығынан да байқауға болады. Бәрі де кәдімгі табиғи қалпында. Жырда Арқалықтың өзінің түр-тұлғасын, батырлық пішінін сипаттайтын жерлер некен-саяқ. Ел-жұртымен қоштасуы, жау қолында көрген қорлығын айтып шағынған зары ғана бар. Айшықты теңеу, салыстырулар жырда аз кездеседі. Мысалы, көлеңкесінен қорыққан Әжі төрені бірде дуадаққа ұқсатса, Арқалықты айдын көлді мекендеген аққуға теңейді. Арқалықты бірде сұңқар, бірде тұлпарға ұқсатса, Әжіні күш жаманы жапалақ, жылқы жаманы жабы етіп көрсетеді. «Арқалық батыр» жыры әлеуметтік теңсіздікті әшкерелеп, оған деген халық қарсылығын шебер көрсете білуімен құнды. Жаумен күресте отаншылдықтың тамаша үлгісін көрсеткен Арқалық сынды батырды үлгі етуімізге әбден болады. Өйткені ел бақыты, ел тәуелсіздігі жолында Арқалық жанқиярлық ерлік көрсете білді. Олай болса, өз дәуірінің шындығынан ауытқымай, өмірде болып жатқан өзгерістерді барынша дәл суреттеген тарихи жыр ұлтымыздың рухани қазынасына қосылған мол мұраларымыздың бірі болып қала береді. Нұрлан ҚҰМАР

3969 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы