• Әдебиет
  • 06 Сәуір, 2011

«Мен туғанда әкем ағаш отырғызыпты...»

d0bdd183d180d0b3d0b0d0bbd0b8Қазақтың ән әлемінде қайталанбас өзіндік үнімен дараланатын қазақтың бағына біткен қадау бір талант иесі бар. Ол – Нұрғали Нүсіпжанов. Оның дауысын естімеген жан жоқ шығар. Бірақ ағаш өсіріп, жүрген жерін жасыл желекке айналдыру оның сүйікті ісі екенін біреу білсе, біреу білмейді. Жетпістен асқан ағамыздың бұл шаруасы хақында тереңірек білгіміз келіп, қазіргі таңда ағамыз қызмет жасайтын Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияға барып, әңгімелескен едік.

Нұрғали ағамыздың балалық шағы көк майса белді көрпе ғып, тау етегін жастанып жүріп өткен. Ауылдың майда желімен шашын тарап, мөлдір бұлағымен сусындады. Осыдан да болар, ол табиғатқа ғашық. Табиғатынан әсемдікке, саф тазалыққа, кіршіксіз пәктікке құмар, ақ көңіл, сәби жүректі болғаннан болар, ауылын, ауласын көркейту, жайқалған ағаштан, оның мәуелі жемісінен нәр алу – аға жанының қалауы. Нұрғали ағаның айтуынша, ағаш өсіруге бала кезінен әуес болған, оған әкесі себепкер болған көрінеді. «Мен туғанда әкем ағаш егіпті. Өзім үйде жалғыз, жалқы болдым, баламмен бірге жайқалып өссін, кейін үлкен бәйтерек болып, бала-шағаларым, ұрпақтарым саясында сайрандап жүрсін деген ниетпен ағаш еккен болуы керек. Көзімді ашқалы табиғат аясында, тау-тасты аралап, шөптің, ағаштың неше түрімен таныс болып өстім. Әлі есімде, үшінші сыныпта оқитын кезім. Балалармен тауды тауға, тасты тасқа жалғап, серуендеп жүргенімде тастың арасынан қылтиып өсіп тұрған алма ағашын көріп, тамырымен үзіп алып, аулаға әкеліп еккенмін. Оны мәпелеп күтуге әкем жәрдемдесті. Қазір ол мәуелі жемісі бар зәулім ағаш, мен жетпістен ассам, ол алпыстан асты. Ағаш егуге құмарлық осы алма ағашынан басталған еді. Кейін оныншы сыныпты тәмамдап, мектеппен қоштасар жылы 15-20 түп тәтті алма беретін ағаш отырғыздым. Ол да бүгінгі күнге дейін өз жемісін беріп, жайқалып жайнап тұр», – деп бала кезден сүйікті ісіне айналған шаруасы жайында бізбен ой бөлісті. «Бір тал кессең, он тал ек» дейді қазақ. Бар өмірін өнегеге айналдырған ел ағасы Нұрғали – жиған-терген қаражатына бау-бақша егіп, болашаққа мұра қалдыруды мақсат етіп жүрген жан. «Бақ отырғызу – болашаққа баға жетпес мұра қалдырумен пара-пар. Осыдан бес-алты жыл бұрын ауыл азаматтарының қолдауымен ауыл іргесінен ата-бабамыздың рухына бағыштап, ауылымыздың үлкен бағы болсын деген ниетпен он гектар жер бөліп алып, ақырындап ағаш егіп жатырмыз. Қазір бес-алты мың ағашым жайқалып тұр. Әлі егетін жер жеткілікті. Алайда қазіргі уақытта ауылда ауызсу тапшылығы бой көрсеткендіктен, ағаш өсіру соңғы екі жылда тоқтап қалды. Бұл түйткіл шешімін тапқан кезде, мен де өзімнің сүйікті ісімді жалғастырамын», – деп Нұрғали аға ағаш егудің де қиындығына тоқталды. Ағаның ауласы да ағашпен көмкерілген. 400-500-дей жеміс ағашы, алма мен алмұрттың екі-үш сорты, теректердің бірнеше сорты, қайың, емен, Жоңғар Алатауының табиғи долана ағаштары жайқалып тұр. Оларды балаша мәпелеп жүрген Нұрғали ағаға қарап көз қуанады. Болашақта ауылда су мәселесі шешіліп жатса, қылқан жапырақты ағаштардың түрін – аршаның, қарағай, самырсын, шырша сияқты ағаштарды ексем деген жоспары да бар екен. Қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді. Тіпті ағаш өсіруді бала тәрбиелегенмен пара-пар дегенді де айтады атам қазақ. Ендеше, баланы туылғанынан өмірдің ызғарлы желіне төтеп беретін бекем, берік қылып өсіруді мақсат тұтатындай ағашты да табиғаттың алапат күшінен аман қалдырып, тамырын қаққан қазықтай мығым ету үшін күтімі күпті, бабы мықты болу керек. Бұл жайында да ағамыз бізді біраз сырдан қанық етті. «Табиғатты қалай аяласаң, ол саған солай жауап береді. Біздің адамшылық қасиетіміз айналадағы, Құдай біздің игілігіміз үшін жаратқан тіршілік иелерінің қадірін білумен өлшенеді. Кейде дүние қуған заманды көріп, «шіркін-ай» деп өкініп жататын кездеріміз де болады. Сондай бір жабырқау сәттеріңде табиғат аясына шығып, серуендеп қайтсаң, көңілің байып, жаның байыз тапқандай болып қаласың. Адам тәрбиесі мен табиғатқа деген көзқарастың бәрінің өзегі бір болса деймін. Біз үйімізді қалай таза ұстасақ, қаламызды да солай таза ұстауға талпынуымыз керек. Жүрген жеріміздің бәрінде де сондай бір мәдениеттілік, ізгілік, адамдық, парасаттылық қасиеттер болса тамаша болар еді... Ал ағашты баптаумен қоса, ең алдымен, шынайы ниетің болу керек, сонда ғана ағаш дұрыс өсіп жетіледі. Мен ата-бабаларымыздың табиғи сауаттылығы мен зеректігіне таңғаламын, әкем жарықтық біздің Доланалыда өсетін ағаш, шөптесін өсімдіктердің барлығының атауын, қандай қасиеті барын бес саусағындай білетін. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді ғой халқымыз. Сондықтан болар, менің әкемнің тәрбиесінен алғаным бүгінгі күнге дейін өз нәтижесін беріп келеді. Туған елге қызмет етудің озық үлгісі – айналаңды көркейту, қалаңды, далаңды қадірлеу, оған қамқорлық жасау деп білемін. Елбасымыздың сары далаға Астана орнатумен қатар елу мың гектардан артық жерге орман отырғызуын үлкен ұлылық деп есептеймін. Әдемілікке мән беріп, жердің қыртысына, үйдің орналасқан жағдайына қарай жерді икемдеп, неше түрлі әдемі гүлзарлар, адам тыныстап, демалатын саябақтар жасап, қаланы гүлдендіріп отыру әр заманда болған. Ата тарихымызда әрдайым бұл үрдіс көрініс беріп отырған», – деп сөзін түйіндеді Нұрғали ағамыз. Міне, әкеден балаға мирас болған ағаш отырғызу бүгінде Нұрғали ағамыздың сүйікті ісіне айналған. Жаны жабырқаса да, көңілі құлазыса да, тіпті қуанышын да өзі еккен жасыл желекпен бөліседі. Ауласына шыға жан-жағын жапқан тал-теректерге қарап ләззат алады. Себебі оның табиғатқа деген сүйіспеншілігі мәңгі. Ешқашан өшпек емес. Өзі де мәуелі бәйтеректей ағамыз ұл-қызына да осы істі үлгі етіп отырады. Шынаргүл ОҢАШЫБАЙ

27099 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы