• Әдебиет
  • 06 Сәуір, 2011

Керзі етігін азық еткен төртеу туралы толғауға қазақ мақалдарын қазық еттік

d0b0d181d185d0b0d182-1СУ МЕН ҚҰРЛЫҚ ЖАҒАЛАСҚАНДА. Ертеректе ортақ Отанның ең шеткі пұшпағы болып, кейін Ресейдің еншісінде қалған, бірақ Жапонияның таласы бар аралдар тізбегі – су мен құрлық арасындағы арпалыстың бір көрінісі ғана. Ежелгі діни аңыздар ғана емес, ғылымның өзі алдымен су, сосын қара жер пайда болғанын айтпай ма. Кемерінен асқан мұхит құрлыққа есе бергісі келмей таласып-ақ жатыр. Жер ығыстырғанымен, жай шегінбей, әр тұсына үлкенді-кішілі көл қалдырып кеткен. Болашақта қайта шабуылдаса – қолдай кетер «партизандары». «Плацдарм» етіп ұстап тұрған шығанақтары баршылық. Бір теңізін, яғни «армиясын» екінші «армиясына» жалғап жатқан бұғаздары қаншама. Қара жер де қарсы әрекеттен кенде емес. Оның «партизандары» – жағалауға жақын аралдары, «плацдармдары» – суға сұғына еніп жатқан түбектері. Бұларда бір материкті, демек, «армияны» келесі «армияға» мойнақтар жалғастырады. Тактика ортақ болған соң, алапат жағаласта айла асыра алмай, тоқайласып тоқтаған тұстың бірі – Сахалин түбегі. Одан созбақталып Куриль аралдарының тізбесі басталады. Ақкөбік болып бұрқыраған долы мұхит тынымсыз ұрғылағанмен, қара-қожыр жартасты шемен материк еш мызғымайды. Осынау таусылмас тайталаста тек адамдар құрбан болып жатады. Оны «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» депті қазекем. Алпысыншы жылдары көк мұхит пен қара жер емес, соларда тұрған мемлекеттер арасындағы ахуал әбден шиеленісіп кетті. Әскер соғысқа әзірленді. Оның ішінде теңізшілер бар. Куриль аралдары – онсыз да мазасыз жер. Соғыста Жапонияның жеңілгенін пайдаланып, Сталин тартып алған. Шығынның өтемі ретінде. Ал шығын, шынында, сұмдық еді. Біздің атамыз Олжай бір қолын беріп келген. Соғыстан кейін жер бетіндегі саяси ахуал басқаша қалыптасты. АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Франция, ФРГ, Италия, тағы басқа капиталистік елдер Кеңес Одағы, Польша, Чехословакия бастаған Варшава Шартына қарсы Солтүстік Атлантикалық Қорғаныс Одағын, қысқартып айтқанда, НАТО-ны құрды. Осындай шиеленісті жағдайда Совет жағы өздері тартып алған бірнеше аралдың үлкені Итурупқа күнделікті жүк жеткізіп жатты. КӨЗГЕ ЕЛЕСТЕТІП КӨРІҢІЗ: Итуруп аралының ұзындығы – 200 шақырым. Ені тарлау тұсында – 7, ал кеңдеу тұсында – 30 шақырым. Әлі сөнбеген 9 жанартауы бар. Таудан ағып, мұхитқа құятын өзендерінде сарқырама көп. Ең ұзын сарқырамасы 141 метрден құлайды. Соғыстан соң Кеңес Одағы әлгі Итуруп, Кунашир сынды аралдарды жедел игеруге кірісті. Әрі әскери бекініс, әрі экономикалық қажеттілік. Қазақтың «апама да барып келейін, тайымды да үйретіп келейін» дегені – осы. Итурупта кемелер жағадан әрірек тұрып зәкір тастайды. Су терең болғанмен, астында жартастар көп. «Пәледен машайық қашыпты». Кемедегі жүкті жайдақ баржаға тиеп, жағаға жеткізеді. 1960 жылы 17 қаңтарда «Т-36» баржасының ішінде төрт солдат отырды. Қателескен жоқпыз, теңізшілер емес, құрлықтың әскері. Нақтыласақ, құрылысшы солдаттар. Олар кеменің жүгін баржаға тиейді, сосын баржадан жағаға түсіреді. Бұл күн жаңа басталған. «Т-36» бір бүйірінен суда қалқыған бос бөшкеге, екінші жағынан, келесі баржа «Т-92»-ге қосақталып, жағалаудан 150 метрдей тұста тұрған. Бортында төрт солдат – кейін бүкіл әлем танып, Тур Хайердал мен Эрнест Хемингуэйдің өздері таңдай қағып, сәлем жолдайтын – кіші сержант Асхат Зиғаншин, қатардағылар Иван Федотов, Анатолий Крючковский және Филипп Поплавский. Кешікпей жүк әкелген кеменің төбесі көрінуі керек. Айтпақшы, тура сол күні солдатқа тиесілі аз-маз тиын-тебен қолдарына тиген. Казарма емес, осы баржаны мекендейтін бұларға тамақ үлесін, яғни «паекті» бірден үш күнге есептеп беретін. Демек, бүгін емес, ертең алады. Сәлден соң ақшаның еш керексіз қалып, бір жапырақ нанның зар етерін кім болжапты?! «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген мақал тура келмек. Сол күні таңнан су беті тулай бастаған. Мұнда толқын тұрмайтын күн жоқ, сондықтан ешкім әбіржи қоймады. Алайда бұл жолғысының беті тым қатты екен. Санаулы сәттен соң айналаны астан-кестен етіп жіберді. Қарлы дауылдың екпіні сағатына 70 шақырымға жетті. Одан тіпті сағатына 120 шақырымға барды. Таудай толқын ұрғылағанда баржаны қаңтарып қойған жуан арқандар бырт-бырт үзілді. Сөйтіп, оны жаңқадай лақтыра бастады. Жанталасқан төрт солдат дереу екі бірдей дизельді іске қосты. Бірақ мөңкіген мұхит астаудай баржаны адам еркінен алып, ойыншықтай қақпақыл қақтырды. КӨЗГЕ ЕЛЕСТЕТІП КӨРІҢІЗ: «Т-36» баржасының суға салатын салмағы – 100 тонна. Ұзындығы – 17 метр, ені 3,5 метрден астам. Суға шөгетін бөлігі 1 метрден астам. Жылдамдығы – 9 узл. Жағадан небәрі 300 метр алысқа жүзе алады. Солдаттардың қандай астауда қалғаны енді көзге елестейтін шығар. Өз жанымыздан қосарымыз: судағы 9 узлыңыз – жердегі есеппен сағатына 17 шақырым. Кәдімгі шөп шапқан доңғалақты трактордың жылдамдығы. Асхат әріптестеріне «мен – тракторшымын» деп қалжыңдайтын. Баржаны «судың тракторы» дейтін. 12 сағат жанталастан соң «су тракторының» қос дизелі бірдей өшті. Жанармай біткен. Ал жанармай бөшкесін көмір жәшіктерімен қоса толқын шайып кеткен. Моторы тоқтаған қауқарсыз баржаны кезекті толқын су астындағы жартасқа соғып, түбін теседі. Екі солдат сол тесікті тауып, бітеу үшін суық сумен алысады. Басқа екеуі Асхат пен Иван рульден айырылмайды. Осы арпалыспен бірнеше күннің қалай өткені белгісіз. Қазақ ақыны Төлеген Айбергеновтің, шамасы, сол тұста жазылған өлеңі бар: Тентек мұхит тепсінген дауылыңда, Балықшының оттарын өшіреді. Қыс пен күздің тұманды жауынында Ұшқыштардың тағдыры шешіледі,– деп келеді. Осындағы «балықшының» орнына «солдаттарды» қоя салсаңыз, бітті. Дауылы тепсінген тентек мұхит жанармайы түгесіліп, түбі тесілген баржаны қара жерден алыстата бастаған. Құрлық пен мұхит арасындағы мәңгілік майданның кезекті құрбаны болмақ. Біреу емес, соқталдай төртеу! ӨЛІМ МЕН ӨМІР ЖАҒАЛАСҚАНДА. Жүрегіңіздің бір сәтте әлдекім табаныңыздан суырып жатқандай тым төменге түсіп, келер сәтте тағы біреу алақанына салып атып жібергендей көкке шарпуы – жер де емес, көк те емес, толқыны шүпірлеген алып айдын үстінде келе жатқаныңыздың бір сезілісі ғана. Ортасында судың сырына Иван Федотов қанық еді. Қиыр Шығыстың тумасы. Балық қорғау мен аулау кемелерінде жүзген. Бірақ өте уайымшыл болып шықты. «Біттік!» деп, «тындық!» деп аһ ұрады да жүреді. Әскерге Украинадан шақырылған Анатолий Крючковский мен Филипп Поплавскийдің көлкіген көп судан хабарлары шамалы. Әйтеуір, Иванға қарағанда жүйкелері мықты. Шені үлкен татар жігіті Асхат Зиғаншин әскер қатарына шақырған соң флотқа алынған. «Учебка» аталатын алты айдың ішінде оған кемені оқытқан. Жүзу мен бағдарлауды үйреткен. Алты айдан соң ашық теңізге шығарған. Сөйтіп, мына баржаны тапсырған. Тізгін соның қолында болуы тиіс. Баржаның тесігі тығындалған соң, мұхит түбіне батып кету қорқынышы сейілді. Енді бұлар іштегі мұздай суды сыртқа төгуге кірісті. Толқын аяусыз қақпақылдап келе жатты. Солдаттар кезекпен рульде тұрып, төңірекке қарайды. Бірде ана, бірде мына темір бүйірге соғылғандықтан, денелері жарақаттанды. Жарақаттары мұхиттың тұзды суы тиген сайын аши түсті. Астыдағы мұздай су мен үстідегі суық жел екі жақтан пана таптырмайды. Пешке жағатын көмірді жанармай бөшкесімен бірге толқын шайып кеткен. Айтпақшы, бөшкенің қайда ыққанын қайдам, көмір жәшігін толқын жағаға шығарып тастапты. Оны тапқан іздеушілер «баржа суға батып, төрт солдат қазаға ұшыраған» деген тұжырым жасайды. Сол дауылды күні үлкен кеменің талайы шамадан тыс шайқалып, әлекке түсіпті. Оның қасында алақандай баржаңыз не тұрады? «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деген бар қазақта. Ал бұлар үшін ... «өлмегенге – өлі балықтың» өзі тап келіпті. Баржаның сыртқы екі қапталына автомобиль доңғалақтары байлаулы еді. Қаңтарулы тұрғанда келесі кеменің бүйірін сүйкеп тастамау үшін тағады оны. Көмірдің орнына жағып, бой жылытады. Табанда көлкіген суды сарқып төккен бесінші тәулікте бір сәт тыным алғандай болады. Бұл кезде дауыл ашық мұхитқа айдап шыққан баржаны Оясио аталатын суық ағыс іліп әкетеді. Суық ағыс пәлен күннен соң түстікке қарай бәсеңсіп, бағыт-бағдарсыз, өздігінен қозғала алмайтын баржа келесі ағыс – Куросиоға түседі. Қазақтың «бір қызымнан бір қызым сорақы болды» дейтіні тура осындай жағдайда. Куросионы жапон балықшылары «ажал ағысы» деп атайды. Байқасаңыздар, бұл жақтағы атаудың бәрі – жапонша. Тіпті орыстардың Итуруп деуінің түбі жапонның «Эторофу» сөзінен икемделген. Реті келген тұс екен, бір бұрылыс жасайық. Тілдердің түбін індетсеңіз, бір халықтан келесі халықтың сөзін табасыз. Айталық, жаңағы Эторофу – Итуруп аралының өзендеріне жыл сайын мұхиттың кета балығы уылдырық шашады. Мұхтар Шахановтың ертеректегі өлеңі есте шығар: Кеталардың тағдыры қандай қатал, Уылдырық шашқан соң өлу керек, – дейтін. Уылдырық шашу – орыс тілінде «нерест» қой. Ал түркі халықтарында «нәресте» деген сөз бар. Айтылуы да, мағынасы да бір-біріне келіп тұр емес пе. Хош, қайта желімізге байланайық. Сонымен баржа «ажал ағысына» түскен. Осы ағысқа іліккеннің аман қалғаны ығып барып, мұхиттың келесі жағалауындағы Калифорния түбегіне тап болады екен. Бұл жолы да баржаның ықтиярсыз жолаушылары Калифорния түбегіндегі Сан-Франциско қаласынан бір-ақ шығады. Бірақ оған дейін алда азапты апталар бар. Және екінші жағалауға түбі тесілген, шағын кемеден гөрі үлкен табытқа ұқсайтын ит жылғы баржамен емес, сән-салтанатын айтпағанда, қаһары мен қаруы жарасқан алып кеме «Кирсарджбен» жетеді. Әзірге картаға сыйғанмен, санаға сыймайтын Тынық мұхиттың бір шетінен келесі шетіне дейінгі аралыққа аман жетеміз деу баржадағы төртеу үшін ақиқат емес... арман еді. КӨЗГЕ ЕЛЕСТЕТІП КӨРІҢІЗ: Тынық мұхиттың солтүстіктен оңтүстікке қарай ұзындығы – 15,8 мың шақырым, шығыстан батысқа қарай көлденеңі – 19,5 мың шақырым. Су көлемі – 724 мың текше шақырым. Ең терең тұсы – 11 мың метр. 1521 жылы жүзіп өткен Магеллан «Тынық мұхит» деп атаған. Бірақ ең мазасыз мұхит – осы. Су құйыны – тайфун жиі көтеріліп, Жердегі бұлттардың 75 пайызы пайда болады. Кіші сержант бастаған төртеу төрт күнгі сойқаннан қатты шаршап, бесінші күні тыныққандай болады. Асхаттың қолына баржа ішінде қалған газет ілігеді. Әлбетте, әскери газет. Өзіміз талай оқыған «Красная Звезда» – Совет Армиясы мен Әскери-Теңіз Флотының органы. Сол газеттегі шағын ақпаратқа көзі түседі. Кеңес Одағы Тынық мұхитта январь мен март айлары арасында зымыран сынағын өткізетінін, соған орай мұхиттың мына бір аймағында кемелер жүзбеуін, ұшақтар ұшпауын ескертіпті. Газетте көрсетілген координат пен картаны қарап отырып, кәдімгідей сауатты кіші сержант Зиғаншин өздерінің сынақ ауданында жүргендерін білді. Сөйтіп, не судан, не әуеден көмек келер деген үміттің күлі көкке ұшты. Енді тірі қалудың қамын жасау қажет. Кіші сержант баржа ішіндегі барлық қорды есепке алады. Табылғаны: бірнеше бөлке нан, екі шелек картоп, бірер келі жарма, екі қалбыр бұқтырылған ет, бір құты күнбағыс майы. Картопқа мотор бөлігіндегі мазут шашылыпты. Сонда да лақтырмай алып қалған. Кейін жағармай сіңген картоп соғымның сүрінен тәтті болмақ. Сосын ... шағын бөшкеде ауызсу бар екен. Үш қорап сіріңке, бірнеше қорап «Беломор» темекісі табылды. Асхат осы қорды қатаң үнемдеп, тамақ жасайды. Бастапқыда әрбіріне екі қасық жармадан не бір картоптан. Сосын бір қасық жармадан не жарты картоптан. Ақыры, жарма да, картоп та түгесілді. Дауылдан ығып кеткендеріне қырық күн болғанда Крючковскийдің туған күнін атап өтеді. Екі ұрттам сумен. Басқаларына – бір ұрттам. Ол екінші ұрттамнан бас тартыпты. Оның алдында 23 ақпан – Совет Армиясы мерекесін шылыммен тойлаған. Бүкіл босаған темекі қораптарында қалған ұнтақты жинап салғанда, бір-бір сорымдық шылым шығыпты! Осыны естігенде біздің ойымызға әлемдік мұхиттан ең қашықтағы Тарбағатай тауының төсіндегі шағын ауыл Үштөбе оралды. 2010 жылы қарлы, аязды қыста жол аршылмай, ауыл үш ай қатынассыз қалған. Сауда жоқ, қор таусылған. «Балалар қант жоқтығына қайғырып, әйелдер ұн біткеніне уайымдаса, еркектер жағы темекі түгесілгеніне қиналды ғой» деп артынан Ағзам нағашымыз айтқан. Хош, баржада ауызсу біткен соң, жаңбыр суын жинауға әрекеттенеді. Қалай? Палубаға барлық жайманы жайып, соған сіңген суды сығып алады. Бұлардың жиі жаңбыр жауатын тропикалық аймаққа ығып кеткенін осыдан байқайсыз. Асхат сосын әлгі қос дизельді суытатын суды бір тамшысын қалдырмай ағызып алады. Қосымша су қоры! Азық-түлік біткен соң балық аулау үшін шегеден қармақ, қалбырдан жалтылдақ жасайды. Бірақ ықтырып келе жатқан қатты ағысқа балық үйірі жоламасын кім білген?.. Сосын өздері тентіреп кетпей тұрғанда баржаның асты-үстіндегі қоқысты сыпыратын сыпырғышты жейді. Итурупта сыпырғышты бамбуктен жасайды. Бұл қамысты, негізінен, «панда» аталатын алабажақ қуыршақтай аю жейтін. Енді адамның азығына айналды. «Тартып жесең – тай қалады» демекші, күніне бір талдап жесе де, бамбук таусылды. Әбден ашыққан кезде Зиғаншин не ойлап табады? Солдат белдігін азық ету! Түркі халықтарының тарихына үңілсек, мұндай оқиға болған. Он алтыншы ғасырдың шежірешісі Хафиз Таныш ибн Мір Мұхаммед Бұхаридің атақты «Шарафнама-и-шахи» қолжазбасында: «Азық-түлік жетпегендіктен, Сауран қамалының тұрғындары титықтап, арып-ашқанда көн-тулақ жеп, әл-қуаттарын сақтады» деген жолдар бар. «Көн-тулақ» деп қазақ кепкен теріні айтатыны түсінікті. Етегінен басына дейінгі биіктігі 50 кез болатын бұл қамал 50 күн бойы Мауереннахр ханы Абдолланың шабуылын тойтарып тұрған. Хижраның 982 жылы рәбиға айында, бұл – кейінгі жыл санау бойынша 1574 жылдың жаз кезі, жол-жөнекей Ғиссар, Ходжентті бағындырған ханның тұмсығы тақ осы жерде тасқа тиген. Біз кейін Ғиссарды арнайы барып көргенбіз. Памир тауының баурайындағы маңқиған қамалда Абдолланың қорған қирататын «дық» атты қаруының іздері сақталыпты. Реті келгенде айта кетсек, қазақтың «көңілде дық қалды» деген тіркесіндегі «дық» – осы, яғни Орта Азия зеңбірегі. Кезіндегі 50 кез Сауран қамалынан, әттең, бір қабырға қалмады. Жиырмасыншы ғасырда ақын Жүсіп Қыдыров бабалардың төрт жүз жыл бұрын көн-тулақ жеп, туған жерді қорғаған ерлік күндерін «Шаңқобыз күйі» атты дас­танында былай сипаттаған: Бебеулейді зарлы күй, бебеулейді, «Қарашығым аштықтан сөнер» дейді. «Тамшы суды бір жұтпай балғын денем Қара жердің қойнына енер» дейді. Әлбетте, мұхитта денелерін көмер тоқымдай жер жоқ. Түпсіз терең көк суда бұлардың бәрібір өлетінін сезген акулалар баржаны қаумалап келеді. Тура Сауранды құрсаулаған Абдолла ханның әскері тәрізді... Бұлардың «дығы» – алмастан өткір азулары. Жүсіптің жырындағы соңғы тармақты бейімдесек: «Акуланың аузында кетер дейді» болып шықпақ! Әрқайсысы кемінде 20 келіге жүдегендіктен, белдік керек зат еді. Бірақ тамақ одан да керек. Белдікті сол қалпы жей алмайсың. Ал кеспе сияқты жұқалап, жіңішкелеп кесіп, суға қайнатқан соң талғажу етуге болады екен. Төртеуінің белдігі тағы бірнеше күнгі талмауға жарайды. Істемейтін рацияның иыққа асқышы қайыс екен. Оны да жейді. Ақыр аяғында... аяқтағы етіктері қалыпты. Етік керзі. Оны жеуге бола ма, болмай ма деп, кіші сержант біраз толғанса керек. КӨЗГЕ ЕЛЕСТЕТІП КӨРІҢІЗ: 1935 жылы Иван Плотников матаны бірнеше қабаттап жылтыратып өңдеу арқылы былғарыға ұқсас материал жасады. 1941 жылы соғысқа кіріскен Қызыл Армия жалаңаяқ қалған соң етіктің қонышын сол материалдан тігу туралы шешім қабылданды. Оны жасауға Киров зауыты кірісіп, бірінші буындарынан «кирза» сөзі шықты. Плотниковке 1942 жылы 100 мың сом мөлшерінде Сталиндік сыйлық берілді. 2010 жылы 3 мамырда Тамбов облысында оған ескерткіш-тақта ашылды. Бұл кезге дейін жер бетінде 150 миллион жұп керзі етік шығарылған. Бір сағат қайнатады. Керзі сол қалпы. Екі сағат қайнатады. Керзі әлі былқ етпейді. Шыдамды тауысып, үшінші сағат қайнатқанда, судың бетіне керзінің құрамындағы химиялық қоспалар шыға бастайды. Әу баста матаны қабаттау үшін шеберлер жапсырған желімді, сосын айлар бойы етікті жалтырату үшін солдаттар жаққан гуталинді сорпаның бетінен қалқып тастап, қалғанын соғып алады. «Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер; Ер басына күн туса, етігімен су кешер» деген қазақ сөзі айналайын екен. Ер басына күн туғанда етігін жейді! Ақыры, төрт солдаттың сегіз етігі желінді. Тұманбай ақында: Анамның көңілі маған бөлінеді, Мен үшін қабырғасы сөгіледі. Екеуміз кидік соны кезектесіп, Бір етік біздің үйде болып еді, – деп келетін өлеңі бар. «Бір» сөзін – «төртке», «кидік» сөзін – «жедікке», «үйде» сөзін «кемедеге» ауыстыра салсаңыз, картинаны көз алдыңызға әкелуге болады. Екі мотордан ағызып алған ауызсу да бітті. Тынық мұхитта толқынмен теңселген баржа барын қара жерде ешкім білген жоқ. Жалпы, «елес кемелер» туралы әр ғасырда әртүрлі әңгімелер болатын. Бірақ Кеңес Одағының баржасы ығып кеткенінен ешкім құлағдар емес еді. Флот қолбасшылары бірер күн іздеп, әлгі көмір тиеген жәшіктерін жағадан тапқан соң баржаны «батып кеттіге», солдаттарды «өлдіге» санаған. Бәрібір «саптыаяқтан ас құйып, сабынан қарауыл қаратып» отырған мемлекет емес пе, әлгі төртеу қашып кетпеді ме деп, туған үйлеріне милиция жіберіп, тінту жүргізіпті. Бұлар етіктен соң гармонды жейді. Филипп сүйікті сырнайымен соңғы рет «Варягті» ойнайды. Сосын гармонның иыққа асатын, білекке ілетін қайыстары, әсіресе, ортасындағы керіліп-созылатын көрігі, сол көрікті жайшылыққа жинап тұратын ілгішегі тегіс пышаққа туралып, алдымен ортақ қазанға, одан төрт асқазанға түскен. Әнмен осылай қоштасады. Енді әлеммен қоштасу қалды. «Ең соңынан өлгеніміз басқамыздың атын баржаға жазайық» деп уағдаласқан бұлар. Жалғыз жалау жалтылдап, Тұманды теңіз өрінде. Жат жерде жүр не тыңдап? Несі бар туған жерінде? Орыс ақыны Лермонтовтың бір ғасыр бұрынғы «Белеет парус одинокий» деп басталатын жыры олардың жағдайына келіңкірейді. Біз Абайдың еркін аудармасын алып отырмыз. Лермонтовша «ағараңдаған желкені» де, Абайша «жалтылдаған жалауы» да жоқ баржаның үстіндегі өмір мен өлім тайталасы 49 күнге созылды. ҚҰРМЕТ ПЕН ҚОРЛЫҚ ЖАҒАЛАСҚАНДА. Жап-жасыл жайнаған жағалауды оған сұғына енген шығанақтың ар жағындағы келесі жағалауға жалғап жатқан «Алтын қақпа» аталатын алып көпір – Америка Құрама Штаттары қалай дәуірлегенінің бір айғағы ғана. Алтын қақпа болған жерде «Алтын кілт» болады. Сол алтын қақпалы Сан-Франциско қаласының «Алтын кілті» Асхат Зиғаншинге табыс етілген. Рас, ол кілтті алғанша жанды қинаған, өмір сүруден өле салу жеңіл болып көрінген азапты уақыттың ең соңғы күндерін бастан өткізулері керек. Тәулік есебінен жаңылмаса да, кезекшілікке бару түгіл төсектен тұруды қойған күндердің күнінде сырттан гүріл естіледі. Вертолет. Құр сүлдері қалған бұларға төбеден төнген – ата жау саналатын америкалықтар екен. Бірнешеуі сатымен түсіп, тілдерін бұрап, «көмек керек пе?» сұрайды. Кіші командир Зиғаншин «жоқ, жанармай мен тамақ берсеңдер болды, өз елімізге жетеміз» депті. Отаншылдық рух па, жоқ идеологияның күші ме, оны күні бүгінге дейін білмейді. Аналар кері қайтады. Соңғы сәтте созылған көмек қолын қалай қағып тастағанына қайран қалып тұрғанында көкжиектен нән кеменің өзі көрінеді. Сол кемеден бері қарай моторлы қайық келеді. Енді бас тартудың жөні жоқ. Соңғы күштерін жинаған төртеуі қайыққа мініп, одан сатымен биік бортты кемеге шығады. Қаңбақтан жеңіл бұларды көтеріп алған құтқарушы америкалықтар дереу адмиралдың алдына алып келеді. Кіші сержант адмиралдан бұрын сауал қойыпты: «баржаны да көтеріп аласыздар ма?» Бұған адмирал басын шайқайды. Бұл – 1960 жылдың 7 наурызы еді. Ал көмек көрсеткен АҚШ Әскери-Теңіз Флоты құрамындағы «Кирсардж» ұшақ тасығыш кемесі болатын. Адам төзімділігіне сын болған сапар осылай 49-ыншы күні жақсылықпен аяқталды. Бұлардың алдына сорпа қояды. Шені үлкен Асхат «аз-аздан ғана ішіңдер, аш өзектеріңе түсіп кетпесін» деп ескертеді. Жарты тәлеңке сорпадан соң бәрі шылым тартпақ болады. Бірер рет сорған Асхат сол сәтте құлап түседі. Есін жиғанда ақ төсекте жатыр, жанында – достары. Айналада – америкалық дәрігерлер. Алып кемедегінің бәрі мұхитта ассыз, сусыз тентіреген кеңестік төрт солдатты соншалық қамқорлыққа алыпты. КӨЗГЕ ЕЛЕСТЕТІП КӨРІҢІЗ: «Кирсардж» ұшақ алғыш кемесінің ұзындығы – 273 метр. Ені – 46,5 метр. Су бетінен биіктігі – 9 метр. Жылдамдығы – 30 узл. Іштегі экипажы 2900 адамнан тұрады. Бұл – американ теңіз күштеріндегі ең белгілі кемелердің бірі. 1952 жылы жасалып, бірден Корей соғысына қатысқан. Кеме үстіндегі ұшақтар түбекті талай соққылаған. Соғыстағы ғана емес, бейбіт кездегі еңбегі баршылық. 1959 жылы Жапонияның тайфуннан зардап шеккен 6000 тұрғынын құтқарыпты. Енді, міне, кеңестік төрт солдатты ажал аранынан аман алып қалды. Кеме дәрігерлері Асхаттың командасын тексерген соң, ағзаларының енді нәбәрі екі күнге шыдауы мүмкін екенін айтыпты. «Құдай сақтады» деген – осы. Калифорния жағалауына түсе тілшілер сұхбат алады. Суретке тартады. Камераға түсіреді. «Кирсардж» бұларды бортқа алынған тұстан портқа дейін екі аптадай жүзгендіктен төрт солдат едәуір тыңайып қалған. Бүкіл әлем мұхитта 49 күнгі алапаттан аман қалған төрт Робинзон туралы ақпаратты оқиды, естиді және көреді. Тек Кеңес Одағынан басқасы. Сан-Францискода бұларды қонақүйге жатқызады. Айналаның бәрі таңсық. Мұндағы заттар мен қызметтің, тамақ пен сусынның түрлері бұрын түстеріне кіріп шықпаған. Ең қызығы, теледидар еді. Үлкен көк жәшіктен кемеден түсіп келе жатқан өздерін қайта-қайта көрсеткенде Асхат, шындығында, аузын ашып қалды. Болмаса бұлар іштей америкалықтардың талай кереметіне таңданбауға бекінген. «Біз де көкпектің түбірі емеспіз» дейтін әлемдік мұхиттан алыс Тарбағатай тауының төсіндегі Ағзам нағашымыз анда-санда. Көкпек өспейтін судан шыққан солдаттардың ішкі байламын осылай сипаттауға болар деп ойлаймыз. Хош. Америкалықтар төрт солдатты керемет қарсы алады. Ол кезде екі империя арасында «қырғи-қабақ соғыс» қызып жатқан. Екі жақ ядролық қаруға ие болған. Енді онымен бір-бірін соққылау үшін континентаралық-баллистикалық зымырандарды сынауды бастаған. Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен бастап, радиода, баспасөзде бір-бірін әшкерелеп, айыптаудан шаршамайтын. Осындай кезде жау жақтың адамдарына қамқорлық жасау – ізгіліктің көрінісі. Алба-жұлба бұларды ине-жіптен жаңа шыққандай етіп киіндіреді. Штат губернаторы қабылдайды. «Сан-Франциско қаласының Құрметті азаматы» атағын береді. Сосын қаланың «Алтын кілтін» сыйлайды. Мұндай «Алтын кілтті» исі Кеңес Одағынан Никита Хрущев пен Галина Улановаға сыйлаған көрінеді. Қалталарына 100 доллардан ақша беріп, Сан-Францисконы аралатады. Асхаттардан кейін отыз бес жыл өткенде біз көрген қала жасыл төбелер үстіне салынған екен. Төбелері түйенің өркешіндей тік, сондықтан көшелері ылдилы-өрлі. Сонымен автокөлікті қойып, жайпақ трамвай құйғытып келе жатады. Ғайыптан тайып бір күн көктайғақ болса, қалай жүрерлерін көзге елестете алмайсыз. Ондағылардың бағына қарай Калифорнияда қар жаумайды. Келген мейманға алдымен көрсететіндері – «Алтын қақпа» атанған үлкен көпір. Таңданды ма, таңданбады ма, кім білсін, Асхат бастаған советтік төрт солдатты осы көпір үстімен алып өтеді. КӨЗГЕ ЕЛЕСТЕТІП КӨРІҢІЗ: 1937 жылы ашылған, сол сәттен бастап «Американың Алтын қақпасы» аталған көпірдің ұзындағы – 1970 метр. Тіреулерінің су бетінен биіктігі – 230 метр. Жүретін жолының судан биіктігі – 67 метр. Бұл көпірдің кейінгі рекорды одан секіріп кеткен шерменделердің көптігіне қатысты. Сан-Францисконың құрметінен соң солдаттарды Нью-Йоркке аттандырған. Тағы да әуежайдан бастап сырт-сырт фотоаппараттар. Көзге таңсық камералар. Су жаңа киінген төртеуі бұған еттерін үйретсе керек. Осында бәріне «қаласаңдар, Америкада қалуларыңа болады» деп ұсыныс айтады. Бірақ төртеуі де туған Отандарына қайтқылары келерін бірауыздан мәлімдейді. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» депті қазақ. Туған елде бұлардың тағдыры қыл үстінде тұрған. Сатқындар ма, қашқындар ма, анықтай алмай жатқан. Сондықтан ақпарат әзірге құпия ұсталған. Иә, Кеңес Одағының халқы, оның ішінде Асхат пен Иванның, Филипп пен Анатолийдің туған-туыстары солдаттардың тірі екенін естімеген. Сол тұста Мәскеудегі орталық газеттер шетелдік ақпарат агенттіктерінің жаңалықтарын алып тұрады. Ішінде советтік идеологияға пайдалысын береді. Басқасын лақтыра салады. Міне, 8 Март мерекесі тұсында жеткен хабарлар арасында «мұхиттан төрт Робинзон табылғаны» туралы ақпарат болады. Олардың Совет солдаттары екені жазылыпты. Сол тұстағы «Известияның» бас редакторы Аджубей АҚШ-тағы «Правда» газетінің тілшісі арқылы мән-жайды анықтатады. Бұл хабарды «Правда» газеті баспай отырған. Аджубей болса – мемлекет басшысы Хрущевтің күйеубаласы, соған арқа сүйеп, «Известияның» 1960 жылғы 16 март күнгі нөміріне «Ажалды жеңіп шыққандар» атты мақаланы бұрқ еткізген. Осы мақала әрі-сәрі болып отырған СССР басшыларының пікірі мен ниетін жақсылыққа қарай бұрды. Хрущевтің өзі дереу жеделхат жолдайды. «Советский моряк» журналының 1960 жылғы мамыр нөмірінде жарияланған жеделхатта: «біз сендердің жарқын ерліктеріңді мақтан етеміз... Совет адамдары табиғат апатымен күресте ерлік пен рух күшін көрсетті... Өздеріңнің жанқиярлық батылдықтарыңмен біздің Отанымыздың даңқын асыра түстіңдер...» дегендей жолдар болды. Елшілік қызметкерлері осы жеделхатты тапсырғанда Асхат пен жолдастары бірауыздан «Совет Одағына қызмет етеміз!» деп саңқ еткені сол журналда жазылған. Бұлар тағы да кемемен Парижге дейін келеді. Сосын ұшақпен Мәскеуге түседі. Сол тұстағы Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Маршалы Радион Малиновский бұларға Кеңес Одағының Батыры атағын беруге үзілді-кесілді қарсы болады. Оған салса, төрт солдатты «сатқын» дер еді. Атып тастамаса да, абақтыға жабуға негіз бар деп білетін. Бірақ халықтың ықыласы, баспасөздегі мақалалар мен Хурщевтің телеграммасы маршалдың алдын орап кетіпті. Бәрібір жоғары атақ берілмеді. 49 күн суда сергелдең болғандар Кремльдегі қабылдауға келіп, «Алтын Жұлдыз» тағынудың орнына бар болғаны ... «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. КӨЗГЕ ЕЛЕСТЕТІП КӨРІҢІЗ: 1930 жылдан беріле бастаған «Қызыл Жұлдыз» ордені жұлдыздарының ортасынан ұшына дейінгі ұзындығы – 27 миллиметр. Орденнің салмағы – 33 грамм. Оның 27 грамы – күміс. Орден лентасы қызыл-қоңыр түсті. Лентаның ұзындығы – 24 миллиметр, ені – 5 миллиметр. Орденмен 5 адам 6 рет, 15 адам 5 рет наградталған. Қорғаныс министрі бұлардың қолдарына «Стрела» атты штурмандық сағатты тағып жатып, «енді адасып кетпейсіңдер» депті. Сірә, Малиновский «солдаттар араққа тойып алып қаңғып кеткен» деген ішкі пікірінен айнымаса керек. Бұларды бір ай әскери қызметшілер санаторийіне жібереді. Содан соң баяғы өздерінің бөліміне Итурупқа оралған. Сан-Франциско - Нью-Йорк - Париж көрген түстей болып қалады. Әскери қызметтің міндетті уақыты біткен соң Асхат пен екі досы әскери-теңіз училищесіне түседі. Оны бітірген Зиғаншин ұзақ жыл Балтық флотында құтқарушы қызметінде болған. Апатты жағдайда не істеу мен не жеу керектігін одан артық білетін кім бар? «Ондай қасірет бізбен кетсін» деп күледі ардагер теңізші. Осымен 49 күн су бетінде тентірегендер хикаясы тәмам. Тағы бірер дерек қосар болсақ: «Т-36» баржасын мұхиттағы кемелердің жүзуіне қатер әкеледі деп екі жақтың келісімімен суға батырады. Қазақша: «жалғыз оқ жалынсын». Әлбетте, баржаға оқ емес, топ атқан. «Топ» – «снарядтың» қазақшасы. Мағауиннен көргенбіз. Мұхаң өз кезінде жыраулардың бірінен жолықтырған. Хош. Бұларды құтқарған «Кирсардж» одан соң Вьетнамдағы соғысқа қатысқан. Сосын Сан-Францискоға қайтып келгенде ішінде өрт шыққан. Бертінде «ескірді» деген себеппен балқытуға жіберілген. Асхат ағаның Санкт-Петербург түбіндегі құрқылтай­дың ұясындай пәтерінде «Т-36» баржасының макеті бар. Ал «Кирсардж» ұшақ тиеп жүретін кемесінің макетін тарту ету ешкімнің ойына келмесе керек. Айтпақшы, сол алып кемеге алғаш көтерілгенде аяғында пима болыпты. Керзі етікті жеп қойғандықтан, пима киген. Оны қойдың жүнінен бастырады. Бәлкім, сол кезде біздің атамыз Олжай баққан колхоздың қойы. Жүн болғандықтан жеуге жарамай, аман қалған. Оны кейін әспеттеп, Сахалиндегі теңізшілер мұражайына өткізген. Одан басқа не белгі бар? «Е-е, баяғы 100 доллардың 30-ына былғары жақы алғанмын, алдымен өзім кидім, беріге дейін оны немерем киіп жүрді» дейді ойланып барып қарт теңізші. Жақыны беріде «куртка» деп жүр. Оған ата-бабасының сүйегі жатқан Татарстандағы Ескі Өтеміс ауылының мұражайы құда түссе керек. «Ұрпақтарына былғары жақыны жейтін заман тумасын» деген тілекпен көк теңізді көктеген татар шалының хикаясын тәмамдадық. Қайнар ОЛЖАЙ АЛМАТЫ - САН-ФРАНЦИСКО - САНКТ-ПЕТЕРБУРГ

18833 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы