• Әдебиет
  • 06 Сәуір, 2011

Ұлытау құсы

Ұзақбай Доспанбетов

Қазақтың белгілі жазушысы Ұзақбай Доспанбетов бұл күндері жетпіс жасқа толып отыр. Қаламгер – «Жылусыз от» романының, «Шың мен шыңырау» атты роман-дилогияның, «Қызыл жолбарыс», «Абылайдың ақ туы» деген атаулармен белгілі төрт томдық тарихи роман-эпопеяның, сондай-ақ көптеген повестердің, әдеби-сын, ғылыми, публицистикалық мақалалардың, очерктердің авторы. Жазушыны осы мерейтойымен құттықтап, «Абылайдың ақ туы» романынан үзінді ұсынып отырмыз.

Бүгiнгi салбурынның жөнi бөлек. Ендi қалай, қазақтың ұлы ханы Әбiлмәмбет пен Абылай сұлтан жиырма шақты ығай-сығайды желiктiрiп, қоса көтердi. Олардың сыртында жүз қаралы төлеңгiттер сұлу сәйгүлiктерiн ары-берi ойқастатып, Сiлетi өзенiнен үш-төрт шақырымдай қашықтықтағы осы бiр ұсақ шоқылы кеңiстiктi тiптен қан базарға айналдырған. Бәрi де хан мен сұлтан жүздерiндегi жаймашуақ ақжарқын реңдi байқап, жас төлдерше есiредi, шамасы. Шiлденiң алғашқы жұлдыздарының бiрi, жаз көбiне ашық, ылғалсыз болғасын да күн арқан бойы ғана көтерiлген осы ертеңгiлiк шақта да дағдылы ми қайнатар ыстық өзiнiң аяқ басысынан хабардар етiп, жұрттың арқа, маңдай сияқтыларын қыздыра бастаған. Жаз жауынсыз да, көктем керiсiнше толассыз жаңбырға әбден тойдырғандықтан, бұл өңiрдiң бетегесi мен селеуi бiтiк шыққан. Онда-мұнда топ-тобымен шоғырланған бұта, итмұрын, талдар да тұтасқан жапырақтарын күннiң сәулесiне шомылдырып, ынтымағы жарасқан жанды бейнелерге ұқсайды. Әзiрге аттар да тың, тiзгiнге оңай көнiп, олай-бұлай жұлқынған олардың мiнезiне көңiлдерi көнши ме, ер үстiндегiлердiң бәрiнiң дерлiк екi езулерi құлақтарында. Орынды-орынсыз үзеңгiлi аяқтарын қаққылап, көп көздердiң алдында найзағайдай атылып, қилы өнер көрсетедi. Мұнда кiм жоқ дейсiң? Бапкер құсбегiлер де, саңлақ саятшылар да, құралайды көзге атқан мергендер де, қашқан қасқыр не түлкiнi алдан орап қайыратын әуесқой аң қағушылар да, түз қызығы десе iшкен асын жерге қояр елгезек атшы, қосшылар да жыртылып-айырылады. Олардың неше алуаны, жасы, кәрiсi – бәрi аралас. Тiптi елу-алпыстан асқан¬дарының өздерi кәрiлiктi мазақ етiп, аттарын құйғытқанда тап бiр аналарынан жаңа туғандай бал-бұл жанады. Беттерiндегi әжiм талшықтары сәулеленiп, адамдағы көңiл күй дегенiң не хикметтiң де iз-тозын қалдырмай жуып-шайып кетерiне қосымша айғақтай. Жуып-шаяры өз алдына, тiптi сол әжiм талшықтарына баз бiреулер iздегенiн жаңа тапқандай жұтына қарайтынын қайтерсiң. Иә, Сiлетi өзенiне таяу осы кеңiстiктегi мынау қара-құра салбурыннан гөрi асқа-тойға аттанған, желiгi мен масаңы кемерiнен асқан шоғырға көбiрек ұқсайды. Сiлетiнiң тап осы тұсынан түу шығысқа тартсаң Қоянды тауына, одан әрiректе Өлеңтi, Шiдертi өзендерiнiң жағалауларына тiрелесiң. Ал түу батысында Бурабайдың сыңсыған орманы, түстiгiнде – Есiл өңiрi. Бұл аралықтың бәрi мына саятшыларға атажұрттай таныс та ыстық. Сосын да бұлар есiрмей қайтсiн. Тек терiскейге көп ұзап кетпе. Онда Ертiстiң ми батпақты, көлшiктi, тоғайлы жазығына ұрынасың. Абылай сұлтан астындағы салқы төс, түйдек жалды, аққұла атының тiзгiнiн қатты тартып едi, жануар тас қабырғаға соғылғандай төрт тағандай кiлт тоқтады. Оң қолына қондырылған қылыш тұмсық, кесек қауырсынды бүркiтi де мұны күтпеген екен, етпетiнен түсердей иiлiп барып, тек қанатын жазып үлгергендiктен ғана қайта бой түзедi. Қатар қозғалған Әбiлмәмбет хан озып барып, ол да атын тежеп, сұлтанға күрт бұрылғанда оның сiлке көтерген қабағынан қосалқы бiр жайларды аңғарғандай. Жалпы, бұл ұлы хан өзiне iнi сұлтанның оқыс мiнездерiне әлдеқашан-ақ бой үйреткен. Тек мына жолғысының мәнi не дегендей ғана оған көз еттерiн ауырта сүзiлдi. Мұның да құсы бар. Бұл да Абылай қолындағы қылыш тұмсыққа ұқсап, қанатын кең жая жалп-жұлп еттi. Әбiлмәмбеттiң қазiргi байқағаны, Абылай сұлтан қабағын көтерiп, жақ сүйегiнiң шығыңқы ұштарын одан сайын қатуландырып, сол өздерi тұрған аймақтың шығысы, батысы, түстiгi бiздiкi, ал терiскейге, сонау Ертiс жазығына қарай неге аяқ баса алмаймыз деген сұрауға байланып алабұртқандай. Сырмiнез жандар бiр-бiрiнiң iштегiсiн де алақандағы жазудай таниды ғой. Бұл күнде жасы жиырма тоғызда, адам ретiнде әбден қалыптасқан, ақыл мен күш-қуаты толысқан, тек сол қалыптасқан мен толысқанның бәрi iште сығымдалып, ұсталар жиған оқ-дәрiше тарс атылатын шақты тiлегендей буырқана ма? Сол iште буырқанған күш сұлтанның көздерiн, ынта-ықыласын онда-мұнда жұлқылай ма? Әбiлмәмбет атақты Болат ханның баласы бола тұра көл-көсiр ақылдың иесi емес. Тек мына сұлтанның әртүрлi жағдаяттарға көзқарасы, сөз саптаулары мұның iшкi зердесiн темiр кездiкпен түртiп оятқандай болушы едi. Сөйтiп, соңғы он жылда Абылай сұлтан Әбiлмәмбеттiң көп нәрсеге көзiн ашқан, сөйтiп, бұл да бiраз деңгейге көтерiлген. Тiптi өткендегi ұлы хан – әке тәрбиесiндегi жылдар да мына өзiнен көп кiшi сұлтанмен қосақтасқан жылдармен салыстырғанда ол жағынан ояздау. – Абылай жаным, құсың бiр мiнез шығарды ма, сен тоқтағанға бiз де тоқтаймыз деп, аттың жалын құша жаздадық қой! – Әбiлмәмбет осыны айтты да алдымен сұлтанға қадалып, сосын оның томағалы құсын көзiмен тез сүйкеп өтiп, қайта өзiне үңiлдi. Абылайдың бүркiтi оның биялай киген оң қолына қондырылған. Одан төмен ердiң қамшылар жақ алдыңғы қапталындағы шеттiкке бекiтiлген балдақ. Құсбегiнiң бiлегi соған сүйеулi. Әдеттегiдей ағаштан емес, таутекенiң мүйiзiнен жасалғасын күнге жылтыраған сол балдақтың өзiнде бiр әсемдiк бар. Ал сұлтанның өз басына тартқан түсi оңық сарғыш бөз орамалының екi ұшы оң жақ самайынан төмен құлаған. Үстiндегiсi белiн жалпақ қайыс белбеумен тас қып буған қысқа жеңдi, қос өңiрi жiңiшке ою-өрнектi, көкшiл қыжым шапан, кең балақ, ол да аздаған ою-өрнектi былғары шалбар. Күмiс үзеңгiдегi саптама етiктi аяғының ұшы шалбар балағының астынан әрең көрiнедi. Сөйтсе де сұлтанның киiмдерi өзiне тар сияқты, егер бұл күшi тасыған сәттерде келтек ағаштай бар iрi сүйектерi мен бұлшық еттерiн ойнатып берсе бәрi тiгiсiнен сөгiлiп түсердей. Қияпатындағы қайраулы пышақ iспеттес кескiн, жiтi назар, сауысқандай сақтық, тағы басқа белгiлер сол жағын әсем қиыстырып, көрер көзге айқын жеткiзетiндей. Әбiлмәмбет хан осы сұлтанға көңілi ауған сайын киген киiмдерi ғана емес, мынау кең дүние де тарлық ететiндей пiшiнiн танып, осыншама iрiлiк, жойдасыздық бұл сұлтанға қай құдайдың жомарттығымен дарығанына бойлай алмай қибыжықтайтын. Хан мен сұлтан қасында тап осы аралықта ең жақын қозғалған Олжабай батыр, Қаздауысты Қазыбек бидiң баласы Бекболат, осы Бекболатпен туыстас Шобалай баласы Жәнке батыр, жалайыр Өтеген батыр едi. Бұлармен құйысқан тiстескен екiншi топтың iшiнде Бұқар жыраудың да сұлбасы шақырайған күн астында жарқ-жұрқ етедi. Бұқар әлдененi айта бастағанда Әбiлмәмбет ханның Абылай сұлтанға қойған сауалын естiп, бұл да қасындағыларымен қоса атын iркiп, құлағын едiрейттi. Бiрақ Абылай сұлтан жұртты салғыртты да қойды. Тiптi сұрақ қоюшы ұлы хан Әбiлмәмбеттiң өзi екенiн де пәруәйiне iлмегендей. Бұлардан шеткерiрек қозғалған, сыптығыр қара жас жiгiт, арғынның қаракесегiнен шыққан құсбегi Құлнияз қолындағы бүркiтiн жалп-жұлп еткiзiп, тәует бас атын хан мен сұлтанға бұра кимелей саудырады: – Сұлтан ием, сiз жаңа ғана Жалайыр Шора хақында тағы бiр әңгiменi тыңдамақ едiңiз ғой. Сөзiмiз бөлiнiп кеттi. Бұған Қазыбек баласы Бекболат қарсы өзеуредi: – Әй, шырағым, Жалайыр Шора құсбегi туралы жырдың өз кезегi бар. Әуелi, жырдан гөрi iстi қаузайық та. Алдымен өзiңе келейiк. Осындағы құс бiткеннiң тiлiн ұққан сұңғыла деп сенi әуелетемiз. Сөйте тұра сенiң мына хан мен сұлтанға таңдаған құстарыңның нарқы төмен ғой. Әсiресе, Абылай сұлтандiкi қарын ашырарлықтай. – Пәле! – деп, Құлнияз тарс атылған мылтықша саңқ еттi. – Хан иемдiкi Өр Алтай тауының ақиығы. Нағыз қыран деп, осыны ардақтайды. Ал сұлтан иемдiкi – Ұлытау құсы. Қылыш тұмсығына қара­саңдаршы. Әңгiме тұмсықта емес, аяқта десек, әне, сан бұлшығы тұтам төрт елi, әрi қысқалау, шоқпар санды, бұл деген не, бұл деген – әлдiлiктiң белгiсi. Жiлiншiгi де сiңiрлi, саусақтары алшақ-алшақ. Қасқырға түссе жон арқасын екi айырып жiберуге бар. Бүркiт атаулының көп сипаты көзiнде тұрады. Томағасы сыпырылған сәтте сұлтан иемнiң құсына дұ­рыстап назар салыңдаршы. Көз жанарынан сағым аунап, түбiнен миы көрiнген дейтiн қазақтың ескi сөзi бар емес пе? Мiне, тап сондай ақ шегiр қанды көздiң өзi. Құлнияздың сипаттамасы таусылғанда көп аттылар екi қапталдан садақша иiлiп кеп, хан мен сұлтан шоғырын қоршауға ала бастап едi. Бәрi де сұлтан бiр мағы­налы сөз айтады деп дәмеленгендей. Соны сезген сұлтан қалайда аузынан бiр леп шығарып, баршаның сабыр суын басқысы келдi: – Жоқ, хан ием, құсым ешқандай мiнез шығарған жоқ, қайта бұл қазақ неге мiнезсiз деп, бұл қанатты неме өзiмдi сөгетiн сияқты. – Осыны айтты да ханға бұрыла ыржия күлдi. Сұлтан жүзiндегi мұндай күлкi сирек қатынайтын қонақ. Сосын да қызық iздеген жiгiттер сұлтанның жауабын соншама бiр жан жадыратар әзiлге балап, қарқылдай күлiстi. Тiптi кейбiреулерi ер үстiнен ауып түсе жаздады. Бұлар тағы қозғалды. Құлнияз жай құсбегi емес, жаңа Бекболат Қазыбекұлы айтқандай, осы кәсiптiң бiлгiрi, арғы-бергi саятшылар хақында iште тоқығаны көп, құйма құлақ жас. Мұндай өнер жетi атасынан үзiлмей жеткенiн мақтан етедi. Кейде сонысын iс жүзiнде дәлелдеуге құштарлана ма, асығып-үсiгiп, күйгелектенiп, сөздiң асылы мен жасығын араластырып алады. Қалайда жасығынан асылы басым. Абылай сұлтан оның осы жағын танып, қасына ерткен. Ханға да, бұған да құс таңдауда Құлнияз көп әбiгерленген. Хан Құлнияз нұсқаған Өр Алтай ақиығына құлаған. Ал Абылай сұлтан сәл басқаша. Құлнияз тiлдiң майын тамызып, әсiрелеген неше алуан қанаттының iшiнен осы Ұлытау құсы аталатын қылыштұмсыққа пейiл бердi. Затынан гөрi аты көбiрек ұнаған. Ұлытау деген не? Ол Абылай сұлтан көкiрегiндегi қыл iшек тәрiздi. Саусақ тигiзсең ызыңдай бередi. Саусақ емес, сәл самал жел ессе де әрқилы күйге басады. Осы соңғы он жылдың iшiнде Абылай Бұқар жырауды, топ жарған шешендердi, өзге де көнекөздердi iлестiрiп, сол Сарыарқаның оңтүстiк-батыс бөлiгiндегi Ұлытауды, оның маңындағы ұлан-асыр кеңiстiктi екi мәрте кезiп қайтқан. Оның сыртында да ары-берi сапар үстiнде бiрнеше рет ат тұяғын тигiзген. Соның бәрiнде де сол өңiрдегi Қараторғай, Сарыторғай, Ұлы Жыланшық, Қаракеңгiр, Жездi өзендерiнiң жағалауларында үшқат пен тобылғының, арша мен жусанның мұрын жаратын иісiне бөгiп, осы өңiрдiң тарихына қатысты талай хикаяттарға ден қойған. Атасу, Қарқаралы, Беғазы, Едiге тауларындағы тас мүсiндерге тауап еткен. Бала кезiнде Хантау, Қаратау сияқты атажұрт орындары iштегi қылқобызын қалай боздатса, мұндағы тас мүсiндер ендiгi есейген шағына сәйкес мәселенiң одан да терең тұңғиығына әкеткен. Тұң­ғиық түбiндегi көп қыртыстарды балтамен шауып, одан әрiдегiсiне бойлатардай әлемнiң шексiздiгiне пара-пар бiр белгiсiздiк дүниесi қауiп-қатердi қоса ойлатқандай. Ұлытаудағы көп дөңестерде бедiрейген тас мүсiндер бағзы заманғы, бергi заманғы деп бөлiнiп те жатады. Шежiрешiлер оларды арғы түркi, бергi қыпшақ дәуiрiндегiсi деп, ашып-айыра жiктейдi. Арғыларында көбiне төрт бұрышты тас шарбақтың күншығыс шетiнде бой түзеген, бес қаруы сай көсем, қолбасы, батыр пiшiнiнде көрiнедi. Бәрiнде дерлiк қылыш, қанжар, жорық белбеуiмен бiрге құты-сауыт қоса жапсырылған. Адам мүсiндi кiшкене тастар-балбалдар қарсы алдарында жыпырлай ұйлығысқан. Кейбiрiнде бұл балбал тастар санап тауысқысыз. Бергi қыпшақ дәуiрiндегiсi де iшiнара құты-сауытпен қоса өрiлсе де бейқұтшылық күнге бiр табан жақындау, сiрә. Мұнда айдарлы, ұзын мұртты, бөрте сақалды ерлермен қабат еш бұйымсыз өз түр-сипатымен қашалған, жас мөлшерi әрқилы әйелдер мүсiнi де көздiң жауын аларлық. Төгiлген бұрымдары, омырауларындағы алқалары қандай келiстi десеңшi. Ал кейбiр нобайы ғана сақталған, олпы-солпылау, дөрекiлеу мүсiндердiң өзiнде адамның бет-әлпетi, кеуде тұсы сияқтыларында тартымдылық, биязылық ұялаған.

3223 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы