• Әдебиет
  • 13 Сәуір, 2011

Ұлт болашағы анаға байланысты

d0b0d0bdd0b0-d0bcd0b5d0bd-d0b1d0b0d0bbd0b0Кейінгі кезде дәрігерлер «жастардың денсаулығы тым төмен» дегенді айтып, дабыл қаққалы қашан. Келіспеске амал жоқ. Жас қыздарымыз жастайынан дұрыс киінбейді. Ашық-шашық жүреді. Кіндіктің ашық жүруі болашақ аналарға қиын соғады. Қала берді, өз ұлттық киімдерін киіп, өркениеттен де қалмай, басқалардан озық келе жатқан елдер қанша?! Денсаулықтан кілтипан табылса, ол кейде қыздардың қалай киінгеніне де байланысты. Сөйте тұра денсаулығына байланысты дәрігерлерді жаппай кінәлауға болмас. Қазір экологиялық жағдайдың нашарлағанын айтпағанның өзінде, қыздарымыз жаман әдеттерге үйірсек болып барады. Мен зейнеткер жасыма келгенше қалтама темекі салған емеспін, ал темекінің иісі шықса, шыдай алмаймын. Тартатын адамдарға: «Сіздер тартасыздар, мен демаламын, тартпағаным не керек, мен де сендермен қатар тартқандаймын. Сіздер нағыз залалкестерсіздер» деймін. Темекі тартып тұрған қыздарға жолау да зиянды. Онымен тұра Есентай өзенінің жағасында жас қыздардың сыра ішіп тұрғанын көргенімде іштей қынжыламын. Қала көліктерінің ішіне кіргенде де темекі мен арақтың иісі бұрқырап тұрған адамға жолай алмаймын. Көбіне екі-үш шақырымдай жаяу жүремін не таксиге отырамын. Мәселен, мен шылым мен алкогольді ішімдіктерге әуес жастарды жиі көремін. Олар ол кезде өзінің болашақ ана екенін естерінен шығарып алады. Кейін кемістігі бар денсаулықпен келіп, бар кінәні дәрігерге аударуға кіріседі. Сондықтан кінәні өзгеден іздемес бұрын, өз денсаулығымызды күткеніміз дұрыс. «Ана тілі» газетінің таяу нөмірінде жа­рияланған «Шаңырақ» атты пікіралы­су мінберіндегі «Кесарь тілігінің келіншек­терге кесірі тиіп жүр ме?» атты мақалаға маман ретінде үн қосуым керек деп шештім. Осы мәселеге орай пікір білдірген академик Камал Сәруарұлы Ормантаевтың ойымен толықтай келісетінімді жеткізгім келеді. Камал аға – саналы ғұмырын балалар денсаулығына арнаған үлкен ғалым әрі тәжірибелі хирург. Белгілі хирург бола тұра ота жасауға дейін жеткізбес үшін адам өз денсаулығын бала жастан күткені дұрыс екенін айтады. Мен «дәрігерлер кесарь тілігін жасамау керек немесе жасау керек» деп үзілді-кесілді айтудан аулақпын. Оған себеп, ота – бас-көз жоқ бара салатын да әрекет емес. Бұл орайда мамандар сауатты түрде қадам жасауы керек. «Жеті рет пішіп, бір рет кес» дегендей, мұндайда мұқият тексеріп, дұрыс диагноз қойып, нақты шешімге келу керек. Өйткені оның артында адам тағдыры тұр. Ал ота сауатсыз түрде жасалса, істің аяғы насырға шабады. Кесарь тілігі жөнінде мен өз салам бойынша мына мәселеге назарларыңызды бұрғым келеді. Көздің жақыннан көрмеуі немесе миопия (близорукость) ауруы жастарда жиі кездеседі. Миопия -3,0 диоптрийден -20,0 диоптрийге дейін деген үш дәрежеде кездеседі. Миопиясы бар әйелдер босанар алдында көз дәрігеріне қаралып, өздігімен босануға бола ма, әлде кесарь тілігінің көмегімен босануы керек пе – осыны анықтап алуы керек. Себебі бала босанар кезде миопияның асқынған түрі көзіне әсер етіп, соңынан көрмей қалуы да мүмкін. Мен мынадай мысал келтірейін. Бірде бірге оқыған курстасым, анестезиолог-дәрігер маған келіп: «менің қызым екіқабат еді, айы-күні жақындады. Бірақ көз дәрігері қарап, «көзінде миопия – 4,0 дптр, кесарь тілігі керек» депті. Не істейміз?» деп сұрады. Мен қызды өз қабылдауыма шақырып, қарап көрдім. Бірақ бұл оның табиғи жолмен босануына еш кедергі болмайтынына көзім жетіп, «кесарь тілігінсіз өздігімен босануға болады» деп қорытынды жазып бердім. Кейін келіп, қызының аман-есен босанып, жиенді болғандарын айтып, алғысын білдірді. Бұл – көп мысалдың біреуі ғана. Сондықтан айы-күні жақындаған болашақ аналарды үрейде ұстаудың еш керегі жоқ. Тек дәрігер ретінде өз қызметін жауапты атқарып, дұрыс диагноз қойса болғаны. Мен мұны босқа айтып отырғаным жоқ. Мәскеудегі Көз аурулары жөніндегі ғылыми-зерттеу институты мен неантология орталығының ғылыми қызметкерлерімен бірге жұмыс жасай отыра, зерттеу жүргізіп, кесарь тілігінің миопиясы бар әйелдерге көрсеткіштерін анықтап, дәлелдедік. Кесарь тілігінің, кесуден бөлек, жас организмге келтіретін кесірі де жеткілікті. Ол жөнінде сауатты маман гинеколог-дәрігерлер жас анаға түсіндіріп, профилактикалық жұмыс жасау керек. Екпін МӘМБЕТОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, офтальмолог Алматы

3047 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы