• Білім және ғылым
  • 04 Наурыз, 2009

Намыссызға бәрібір

Күнделікті өмірде «әттеген-ай» дегізетін жәйттерді көріп, келешегімізді ойлап, жүрегіміз сыздайды. Ата-бабамыздан мирасқа қалған көркем сөздерімізді қаз-қалпында келешек ұрпаққа қалай жеткіземіз? Қазақтың бір азаматы ретінде көппен бөліссем деген осы тектес ойларымды газет бетінен оқып, оқыған сайын біздің аз емес екенімізге, сонымен бірге газеттің көкейкесті мәселелерді көтеру ауқымын кеңейте бастағанына қуанамын.  Әр қазақтың шыққан жері – ауылы екендігінде ешкімнің де таласы болмаса керек. Өзім де сол ауылда өсіп, қаладан жоғары білім алдым. Біздің студенттік күндеріміз сол шақта бүкіл әлемге дабыра жасап, жарнамалаған «кемелденген социализм» тұсында өтті. Ауылдан алғаш Алматы қаласына келіп, көз жеткізгенім, астана қазақтарының басым көпшілігі орыс тілінде сөйлейді екен. Қоғамдық көлікте болсын, көпшілік тамақтану орындарында т.б. жерлердің бәрінде «ұлы» халықтың тілінде сөйлемеген адамға төменгі сұрыптағы адам ретінде қарап, тіпті, мүсіркейтіндей халге жеткенбіз. Оқыған оқу орнымыз техникалық білім ордасы болғандықтан, оқулықтарымыздың бәрі тек орыс тілінде болды. Ол кезде қазақ тілінде оқитын топтар болған жоқ. Жоғары білім алу үшін біз қысқа мерзім ішінде орыс тілін меңгеруге мәжбүр болдық. Содан бері арада 30 жылдай уақыт өтіп, еліміз егемендік алса да Алматымыздың тілі қазақшалана кете қойған жоқ. Өйткені, мемлекеттік тіл болып жарияланған қазақ тіліне қажеттілік туғыза алмай отырмыз. Тілге қажеттілік орнамайынша мемлекеттік тіл тек қана осы саланы көтеруге атсалысып жүрген ағайындардың басқосулары мен құрылтайында ғана айтылып, одан әріге баса қоюы екіталай. Кеудесінде намысы бар қазақтар өз тілін меңгерді, ал қалғандарына бәрібір сияқты. Өйткені, аты қазақ, тілі орысша қандастарымыз дүр сілкінетіндей мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да қазақ тіліне қажеттілік туғызылмай отыр. Бүкіл ел болып «Қазақтың қаймағы бұзылмаған – Оңтүстік» деп бізге қарап беттерін түзегісі келеді. Бірақ Шымкенттің өзінде мемлекеттік тіл саясаты дұрыс деңгейде деп айта алмаймын. Оған дәлел – мемлекеттік мекемелерде істейтін өз тіліне шорқақ қазақ жастары көптеп кездеседі. Тіптен, кейбір әкім орынбасарларының өздері орысша жауап беруге дағдыланған. Менің ойымша мемлекеттік қызметке қазақ тілін таза білмейтін азаматтарды алмау керек. Өйткені қазақ баласын қашан да бастықтың орнынан көруге құштар. Бұл дегеніңіз мемлекеттік тілге қажеттілік туғызудың бір тетігі. Екіншіден, менің көзімді жеткізгенім қалалық балалардың арасында орыс тілінде көбірек сөйлейтіндер негізінен қыз балалар. Ауылдан оқу іздеп келген қыздардың көпшілігі орыс тілін жетік білмесе де, тілін шұбарландырып алған. Оның үстіне, қазіргі таңда үш тұғырлы тіл деген түсінік қалыптаса бастады. Осы мәселе туралы өз көзқарасымды айта кеткім келеді. Жалпы, бүкіл әлемдік қауымдыққа еркін ену мақсатында ағылшын тілін меңгеру дұрыс деп есептеймін. Бірақ, барлығы да жүйелі түрде, кезең-кезеңімен іске асса жөн болар еді. Балабақшадағы бүлдіршіндеріміз өз ана тілін еркін меңгере алмай жатқан шақта, оған өзге тілдерді тықпалап, сәбидің миын ашыта бастаған сыңайлымыз. Балабақшадағы немерелеріміз бірнеше тілде қойыртпақтап сөйлеуге көшті. Мұны қалай түсінуге болады? Педагогтар мен психологтар неге дабыл қақпайды?! Бүкіл әлемді өзінің ғылыми жетістіктерімен аузына қаратып отырған Жапон елінен неге өнеге алмаймыз? Олар балаларын 12 жасқа толғанша тек қана өз тілінде оқытып, сонан соң ғана басқа тілдерді үйретуге көшеді екен. Бұл дегеніңіз бала өз өмірінің бір мүшеліне толғанша тілі арқылы халқының дәстүріне, әдет-ғұрыптарына толық қанығады деген сөз. Жас кезде мида қалған ақпарат оның бүкіл ғұмырына азық болып, елінің нағыз патриоты болып тәрбиеленіп шығады. Асқар Мамырбаев, Қазақстанның құрметті сәулетшісі ШЫМКЕНТ

3387 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы