• Білім және ғылым
  • 04 Наурыз, 2009

«Жаратушы тұрғанда, жаратылғаннан не сұрайсың?»

«Дауласқанның бәрі жауласқан емес» деген ғой бұрынғылар. Соңғы жылдары елімізде батыстан келген түрлі діни секталар қаптап кеткені белгілі. Соның салдарынан иманын ұмытып, Иванын еске алған қаракөздеріміз тасбих орнына шырақ ұстап адасты. Себебін көзі қарақтылардан сұрасаң, өткен 70 жылды алға тартады. Тіпті, мешітке баруға тыйым салынғанын алға тартып, ақталатындары да бар. «Қысыр сөз күлмекке жақсы» дегендей, қысыр сөздің қыспағына қысылып, өздерін адал санайтындардың сөзі осындай. Жалпы көпшіліктің діни сауатының жоқтығынан болар, Түркістанды екінші меккеге балап жатады. Қазақ қоғамында сопылық жайлы пікір де, көзқарас та біркелкі емес. Діни сенім бостандығы деген осы екен деп, көпшілік қандастарымыз Құдайды танудың сан түрлі жолына түсті. Көрінген көк аттының соңынан ебіл-дебілі шыққан сорлы қазақ еліктегенді қашан қояды екен? Шоқынудан аман қалғандары мардымсыздығымыздың әсерінен бұрын соңды болмаған, ел естімеген ордалармен шатастырып, ата жолын ұрандады. Ислам атын жамылған ата жолындағылардың іс-әрекеттері шариғатымызға сай ма, жоқ па онымен ешкімнің ісі жоқ. «Әумин» деп алақан жайып, «Аллаһуәкбар» деп бет сипады. «Жолыңды ашып беремін. Бармасаң болмайды» немесе «Сенің әруағың бар» деп елге имандылықты мешіттен емес, ордада шырақ жағып, зират кезуге шақырды. Қайтсем тұрмысымды түзеймін, дұрыс өмір сүремін деген есек дәмелі байғұс жұртым жаратушысына емес, жаратылғанға жалбарынып жүргендерін еш түсінетін емес. «Адамзаттың ақ жолы, Ата жолы – бақ жолы» деп ұрандаған, ата жолын ұйымдастырушылар қайдан шыққандар? Оларға әулиелік қонған ба? Елді адастырып, шырақ жаққызып жүргендерге кім ойран салуға ерік берді? Әрине, заңымыздың осал тұсын білгендер тайраңдамағанда қайтеді? Әр ісін Алла разылығы үшін орындап, бес уақыт намазын үзбей оқиды ма? Жоқ. Бір-екі ауыз Құран аяттарын ғана білетін, істері шариғатымызға сай келмейтін «Аққу», «Сұңқарлар» ешқандай да әулие пайғамбарлар емес деп зар қақсасақ та естір құлақ табылмағаны әзірдің өзінде бейшаралыққа салынып кеткеніміздің нақты айғағы. Енді бұл сөзіме хадистерімізден нақты жауап берсек. Алла Тағала ұлы қасиеттерін әулие пайғамбарларға берген және де айтады: Әулиелік: менің шын жолымды ұстап мені халқына Алла Тағала деп насихаттаған адамдарға «ұлы қасиет» бердім, – дейді. Пайғамбарларға мұғжизалық қасиет бердім дейді. Бұл қасиет тек пайғамбарларда болған. Алла Тағаланың бізге жіберген соңғы елшісі пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) екенін ұмытпағанымыз жөн. Ендеше ата жолының тобырын кімдер көбейтіп жүр? Орда деп жүргенімізге кімдер жиі аяқ басады? Бала көтермеген әйелдер, дәм-тұздары жараспаған ерлі-зайыптылар, болашағынан үміті зор болса да тағдыр тауқыметінен баз кешкендер мен ішкілікке салынған маскүнемдер және ислам дінінен хабары бола тұра мәнін жете түсінбеген білімсіз дер. Алайда Құран Кәрім болашаққа тән хабарды Аллаһтан өзге ешкім нақты біле алмайтынын көрсетеді: «Қиямет күні (қашан болатыны) туралы Аллаһ ғана біледі. Жаңбырды жауғызатын да, құрсақта не жатқаны да тек Аллаһқа мәлім. Ертең не істейтінің, өзінің қай жерде өлетінін де ешкім білмейді. Барлық істі біліп тұратын, бәрінен хабардар болып тұратын бір Аллаһ ғана (Лұқман сүресі 34 аят). Хазреті Айша-анамыздан жеткен мынадай хадис бар: Бір топ сахабалар Расулулаһқа келіп, көріпкел балшылардың ғайыпты қалай білетінін сұрады. Расулулаһ оларға: «Олардың ғайыппен байланысты айтқан бұл сөздері ешнәрсе емес», – дейді. Сахабалар: «Ия, Расулулаһ! Олардың кей кезде ғайыптан айтқан сөздері дұрыс болып шығады. Бұл қалай?», – деседі. Расулулаһ (с.ғ.с): Бұл дұрыс сөз. Жындар періштелердің бір-бірімен әңгімелескенін тыңдап, естиді де оны тауықтың бақырып шақырғаны сияқты балшы достарының құлақтарының ішіне дауыстап айтады. Ол уахиден ұрлаған бір дұрыс сөздің ішіне жүзден көп өтірік қосады, – дейді (Бухари). Сондай-ақ қазақта «жын ұрды» деген сөз бекер айтылмаған. Жындар да өзара адамдар секілді мұсылман, кәпір болып екіге бөлінеді. Сол жындар өздерінің жақын адамдарының ішіне еніп алып, аян беріп мазасын алады. «Аққу», «Сұңқар» деп отырғандарымыздың «әруақ қысты», «аталардың әруағы ұрды» деп сандырақтап жүргендері жынның сөздері. Мұндай жағдайға душар болғандар Аллаһтың емес, жынның айтқанымен жүрсе ғана өздерін жақсы сезінеді. Абай атамыз «Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан не сұрайсың?» деп бекер айтпаған болар. Ата жолы – Ислам жолы емес. Имандылық, дін жолы қабір кезіп түнеуден емес, мешіттен басталады. «Дәстүрлі дініміз – тәңіршілдік» деп тура жолдан адаспайық! Біз бен сіздің мақтанатын емес, сақтанатын кезіміз келді. Айдос Құрамысов АЛМАТЫ

9402 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы