• Әдебиет
  • 18 Мамыр, 2011

Қадырдың сабағы

d0bad0b0d0b4d18bd180Академикті ауыстырған ақын

Бірінші жыл ауылы естен кетпей, Бесінші жыл қимайды астананы. (Қадыр Мырза Әли, «Студенттер»)

КазГУ-дің журфагіне түскен сту­дент­тердің Алматыға келе сала іздейтін, жүздесуге асығатын бірнеше қаламгерлері болады. Себебі жас өрендер олардың шығармаларын үтір-нүктесіне дейін оқыған. Яғни алда-жалда ол кісімен кездесіп, әңгімелессе, айтар ойын жұптай біледі. Әйгілі ақынды көрген соң аяқастынан қысылып қалмаса, оған қояр сұрағына дейін дайын жүреді. Біздің тұсымыздағы сондай бір аса танымал тұлғаның бірі Қадыр Мырза Әли болатын. Әрине, одан басқа ақындарды да жақсы көрдік. Алатаудың бөктеріне Мұқағалидың, Жұмекеннің, Тұман­байдың, Сағидың, Жарасқанның, Мұхтардың жырларын жаттап келдік. Бірақ Қадырдың жөні бөлек еді. Өйткені оқуға түсем деген тәтті арманы бар әрбір ұлан ақынның «Студенттер» деген әйгілі өлеңін зердесіне тоқитын. «Студенттер» талай баланың үмітін оятты, қиялына қанат бітірді. Талай ұл мен қызды ауылдан Алматыға қарай жетеледі. Сол жетекке ілесіп жеткендер Қадырды іздемегенде, кімді іздейді? «Студенттердің» әр шумағы бірінен бірі өтеді. Кеудеңе желік бітіреді. Оқуға жылда барып, құлап қайтып, еңсең езіліп жүргеніңде жа­ныңа жігер береді. Сосын қайтадан тіктелесің. Құлап келгенде, құлаштап тұрып лақтырған оқулықтарыңды қайта қолға аласың. Армандай болған Алатау жаққа тағы да көз тігесің. Алматымыз жастықтың бағы іспетті, Қаншама гүл сол бақта қоныс тепті. Бір жігітте он түрлі ой арман бар, Он жігітке жалғыз-ақ конспекті.

Керемет қой, қызық қой сезім деген, Көктемеде кім үйден безінбеген?! Он ай бойы масайрап ойнағандар, Емтиханда отыз күн көз ілмеген.

Өмір, өмір! Деп жастық ұрандай ма? Көкіректі кернейді бір ән майда. Бір жігітке он қонақ мейрам күні, Он жігітке бір билет трамвайда. Осыдан соң тағатың қала ма?! Көркем қалаға аңсарың ауады. Сол әсем шаһардың көшесінде еркін сайран салатын студент болғың келеді. Зәулім ғимараттардың кең аудиторияларында қағазға көміліп отырсам дейсің. Осы арманына жеткендер үшін Қадырдан артық тұлға бола ма?! Оның үстіне сол Қадыр ақын күнделікті тіршілік кешіп жатқан қалаға оқуға түссең, сенен бақытты жан бар ма?! Ал «Сабақтан қол қалт еткенде қайда жұмыс істейтінін біліп, іздеп көрсем немесе көшеде кездейсоқ көріп қалсам...» деп армандайтын адамың сен сабақ оқып отырған аудиторияға өзі кіріп келсе, қайтер ең?! Журналистика факультеті студенттерінің бірінші курсқа түсе салысымен оқитын пәндерінің бірі әдебиет теориясы еді. Біз де бұл пән басталатын сәтті асыға күттік. Себебі әдебиет теориясынан бөлек болмысымен, сұлу сөзімен талайды тамсандырған академик Зейнолла Қабдоловтың өзі лекция оқитын көрінеді. Аты аңызға айналған әйгілі ғалымды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Аудиторияда кірпік қақпай күтіп отырмыз. Бір кезде есіктен академик Қабдолов емес, ақын Қадыр Мырзалиев кіріп келе жатты. Аң-таңбыз. Әдепкіде ақын аға академикті іздеп келген шығар деп ойлап қалдық. Жоқ, өйтіп келген адамға ұқсамайды. Жайлап басып келіп, ұстаздың орындығына жайғасты. Сосын асықпай, баппен ғана осы пәннен өзінің дәріс беретінін айтты. Сөйтсек, сол жылы Зекеңнің қоғамдық және ғылыми жұмыстардан қолы тимей, өзінің орнына Қадыр ағамыздың лекция оқуын өтініпті. Бұған біз, әрине, аздап өкіндік. Бәрімізге арман болған академиктің дәрісін тыңдай алмайтын болдық енді. Бірақ оның есесіне атақты ақынның өзінен сабақ алатынымызға қуандық. Кәдімгі Қадыр. Өзіміз өлеңдерін жастайымыздан жаттап өскен арқалы ақын. Аудиторияда отырғандардың ішінде Қадырдың жырларын жатқа білмейтіні некен-саяқ. Міне, сол ақын апта сайын сенімен жүздеседі. Лекция оқиды. Сенің сұрақтарыңа жауап береді. Семинарда сені тыңдайды. Семестрдің соңында сенен емтихан алады. Әкем-ау, саған бұдан артық не керек?! Осының өзі рас па, жоқ па дегендей, елуіміз бір-бірімізге қарап қоямыз. Оның үстіне осы жылы оқуға түскен елуіміз де елу түрлі стильмен шатып-бұтып өлең жазамыз. Өлеңіміз оңып тұрмаса да кеудеміз аяқ қаптай. Өлеңіміздің тақырыбы әртүрлі. Өмір туралы, өзіміз туралы, өзгелер туралы, өсімдік туралы... Жаза береміз. Соның бәрін мықты ақынға қаратып, сынатып алатын болдық енді. Біздің ақындық талантымызды одан әрі аша түсуге бола келген шығар бұл кісі. ...Қайдан? Қадыр ақын аузын ашқаннан-ақ елге тыныштық бермей жүрген елу ақын тілден қалдық. Әр сөзін, әр тұжырымын әлем әдебиетінің маржандарымен тұздықтайды. Ең озық ойлы ақындардың өлеңдерінен мысал келтіреді. Әр мысалы өзімізді де, өлеңімізді де бүрістіріп кетеді. Қысқасы, Қадырдың алғашқы лекциясынан-ақ ішіміздегі ең талантты екі-үш ақыннан басқамыз өлең біздің қолымыз емес екенін ептеп сезіп шықтық. Сол сезік кейін бәрімізді де ақындықтың ауылынан едәуір жерге қуып тастады. Қадыр ағаның алғашқы сабағының әсері осы еді.

«Темекіні тартады, шылымды шегеді»

Киіміңнің бәрі де өзгенікі, Өзіңдікі тек соққан жүрек қана. (Қадыр Мырза Әли, «Студенттер»)

Мемлекеттік сыйлықты былтыр ғана иеленген қырық алты жастағы Қадыр Мырзалиев... Жүріс-тұрысы біздің күнде көріп жүрген оқытушыларымызға мүлде ұқсамайды. Біздің оқытушылар шыртиып костюм-шалбар киеді. Мойындарына қылғынып, сиырдың тіліндей жалпақ галстук тағады. Ал Қадыр ағамыз өмірі сабаққа галстук тақпай келеді. Былғары бешпент, бастырмалы түймесі бар көйлек, джинсы киіп алған. Ұзын шашы толқынданып, желкесін жауып тұр. Ол кісімен бірге аудиторияға еркіндіктің ескек желі ере кірді. Біздің ұстаздардың кейбіреуінің аузы-мұрны лық толған ауыр портфелі болады. Оның ішінде не жоқ дейсің?! Буда-буда қағаз, үлкенді-кішілі блокнот, атам заманғы газет қиындылары, әлгі ұстазымыздың осыдан отыз бес жыл бұрын әлдебір газетте жарияланған мақаласы, баяғыда жарық көрген бір кітабы туралы біреудің жазған рецензиясы, парақ-парақ лекция, студенттердің аты-жөні түзілген қалың дәптер, тершігенде сүртінетін беторамал, кефирдің дөңес бөтелкесі – бәрі-бәрі сол жуан сөмкенің ішінен шығады. Қадекеңде мұның бірі де жоқ. Жараған аттай болып, қолына ешнәрсе ұстамастан кіріп келді. Біздің ұстаздарымыз сабаққа алғаш рет кіргенде өзін таныстырады. Сосын елеусіз ғана ғылыми дәрежесі мен атағы қандай екенін айтып өтеді. Содан соң жөткірініп алып, алдындағы дәптерге қарап қойып, бізді түгелдеуге кіріседі. Шетімізден сүйретіліп тұрып жатамыз. Кейбір ағаларымыз иіс алмас. Сабаққа қатыспайтын курстастарымыз үшін орнымыздан бес-алты рет тұрғанымызды да аңғара бермейді. Сөйте тұра сабаққа қатыспасақ, емтиханның кезінде көкемізді көзімізге көрсететінін ескертіп қоюды ұмытпайды. Қадыр аға мұның да бірде-бірін істемеді. Өзін таныстырмады. Себебі біз ол кісіні онсыз да жақсы білетін едік. Аты-жөнімізді де, тіпті қай курс екенімізді де сұрамады. Түгелдеп әуре болмады. Сабаққа жаппай қатысу жөніндегі темірдей тәртіпті санамызға шегелеуді қажет деп таппады. Бірден лекциясын бастап кетті. Бізге сонысымен ұнады. Бірде-біреуіміз ол кісінің сабағынан қалып көрген емеспіз. Қалғанды айтасың, кешікпеуге де тырыстық. Тіпті басқа курстың, көрші филфактың бірді-екілі студенттері де өздерінің лекциясынан қашып келіп, біздің аудиторияға ертерек кіріп алатын болды. Баяғы Тау-кен институтындағы сабағына бармай, КазГУ-ге келіп, Әуезовтің лекциясын тыңдап отыратын жас Қабдолов сияқты... Себебі Қадырдың сабағы өте қызықты еді. Алғашқы дәрісінен кейін-ақ бал арасына үймелеген аралар секілді аудиторияға жіпсіз байландық та қалдық. Анау-мынау сабағыңа пысқырмайтын сол заманғы сал-сері Бауыржан Үсеновтің өзі жалаң-жалаң етіп, ақын ағасын асыға күтіп жүретін. Өз басым лекцияны мұндай қызықты етіп оқитын адамды көп көре қойғаным жоқ. КазГУ-дің қабырғасында өткен бес жылдың ішінде талай ұстаздың дәрісін тыңдадық. Олардың ішінде сені бірден еліктіріп әкететін шеберлері де жетіп-артылады. Әрқайсысының мінез-құлқы әртүрлі. Сол мінезі құрымағыр олардың лекция оқу машығына әсерін тигізбей қоймайды. Бірі — маңғаз, жайбасар. Кіреді де, бірсыдырғы дауыспен дәрісін бастайды. Тыңдап отырсың ба, жоқ па, онда шаруасы бола бермейді. Сосын өз ойыңмен өзің әуре болып отырасың. Екіншісі тыңдауыңды талап етеді, бірақ айтқанында іліп алар нәрсе кездеспейді. Мұндайда ұстазыңның сұсты жүзінен көз алмай, қабағын аңдып, сабағының бітуін тағатсыздана күтесің. Үшіншісі сабақ берген құрлы берекеңді алып бітеді. Аудиторияға жағалай жайғасқан студенттердің ми қыртысында көп ештеңенің жоқ екенін дәлелдеп, жер-жебіріңе жетеді. Бүкіл сабақтың уақыты соған кетеді. Содан кейін өзіңнің суми екеніңе көзіңді әбден жеткізген соң, сол сабақты әрі қарай игере түсуге құлқың болмай қалады. Оқытушылардың енді бір типі болады. Олар өздерінің бастан кешкен оқиғаларын баяндауға әуес. Ұлағатты ұстазымыз небір қызықты мезеттердің куәсі болған. Соны шетінен айты-е-еп отырады. Әрине, бұл әңгімелердің ол жүргізетін пәнге қатысы шамалы. Тіпті мүлде маңайламайды деуге болады. Бірақ осы үрдіс бізге ұнайды. Еріккен студентке сабақтың өтпегені де қызық. Оның үстіне қысыр әңгімені қай бала жек көруші еді? Ұстазымыздың қолтығына су бүркіп қойып, онымен қапталдасып, жарыса шауып отырамыз. Сөйтіп, сабақты аман-есен аяқтаймыз. Кейін ойлап қарасақ, желік қуған жас оқытушыларымыз сабағына дайындықсыз келіп, айтары болмаған соң, қысыр әңгімемен алдайды екен ғой бізді. Алдай берсін. Біз де ұтыла қоймаймыз. Жыртың-жыртың етіп, аудиториядан көңілді шығамыз. Қадыр Мырза Әлидің сабақ беру мәнері бұлардың ешқайсысына да келіңкіремейді. Ол аудиторияны өзінің ширақ қимылымен, жағымды дауысымен баурап алады. Елең еткізерлік деректерді салғаннан санаңа құяды. Бірін қорытып үлгерем дегеніңше, жаңасын миыңа желімдеп жібереді. Сәт са­йын тың мәліметпен байып отырасың. Санаң сергіп сала береді. Соның бәрін жеткізуі керемет. Ұтымды деталь етіп ұсынады. Аудитория Қадырдың әр мысалынан кейін ду ете қалады. Ешкім ештеңе жазбайды. Жазудың да қажеті жоқ. Қадекең жазбадың деп жазғырмайды да. Бәрі миыңда сайрап тұр. Мишығыңа шегеленіп қалған. Оқитын пәніміз әдебиет теориясы болған соң теоретиктердің пікірлеріне сүйенеді. Ұлылардың қадау-қадау қанатты сөздерін төгіп-төгіп жібереді. Соның бәрін зердесінде қалай сақтағанына таңғаламыз. Бір сәт біз бойларына сіңіріп алсын дегендей басын шалқақ ұстап, сәл үнсіз тұрады да: «Әй, сол шал біліп айтқан!» – дейді күлімсіреп. Осыдан кейін тағы да ағыла жөнеледі. Кейде Қадыр Мырза Әлидің қолынан бір жапырақ қағаз ғана көреміз. Кәдімгі машинкамен басатын парақтың төрттен біріндей ғана. Сірә, соған сөйлейтін сөзінің мәліметтерін түртіп қоятын болуы керек. Тіпті оны да пайдаланып жарытпайды. Еркін көсіледі. Білім дегеніңіз көл-көсір. Дерек пен дәйек ағыл-тегіл. Кейіннен «Иірім» мен «Жазмышқа» арқау болған мәліметтерді сол кезде-ақ алдымызға жайып салды. Тақтаға өзінің әдемі жазуымен «Би­дайыққа лайық қарағым-ай, Бөктергіге қор болып барасың ба» деген өлең жолдарын жазып қойып, соны жан-тәнімен беріле талдайды. «Осыны «Қаршығаға лайық қарағым-ай» деуге де болар еді. Бірақ бар мәселе «бидайыққа лайықта» ғой. Қазақ өлеңінің ішкі ұйқастарының өзі осылай жымдасып тұрады. Түбірлі ұйқас орыс поэзиясында да кездеседі. Мәселен, Маршактың өлеңінде «Шесть котят, есть хотят» деген жол бар. Бірақ ұйқастың біздегідей тым қабысып тұруы бұларда соншалықты үрдіске айналмаған», — деп тосын тұжырымымен студенттерді еліктіріп әкетіп, өзгеше әлемге жетелейді. Ол бізді Шығыс әдебиетінің құпиясына қанықтырды. Әдебиет теориясындағы жаттандылықтың пердесін сыпырып, Шығыс пен Батыс арасындағы ежелден қалыптасқан түйткілдер мен түйіндерді тарқатып айтуға ден қойды. Еуропалық әдебиеттанушылардың тәкаппар Шығысқа емес, өркеуде Батысқа мойын бұратынын ұқтырды. Көп нәрсеге көзімізді ашты. Бұл жөнінде кейін Қадыр аға «Жазмыш» деген кітабында былай деп жазды: «Бұдан оншақты жыл бұрын университетте лекция оқып жүріп, мен де бір нәрсеге қатты мән бергенмін. Өз пәніме байланысты әдебиет теориясының көптеген оқулықтарымен танысып шығуыма тура келді. Соның бірде-біреуі Шығысты аузына алмайды. Мысалы, поэзия және оның түрлерін талдағанда сонет, романс, ода, мадригал, баллада, терцин... сияқты еуропалық өлең түрлерімен шектеледі. Гетенің өзі Шығыстың жеті данышпан ақынын білемін, жетеуі де менен мықты деген. Еуропа ғалымдары, ең болмаса, ұлы ақынның осы сөзіне мән бермей ме?! Ойланбай ма?! Олар қандай формада жазды екен деп толғанбай ма?! Егер олар да Еуропа ақындары секілді сонет, романс, ода, мадригал, баллада, терцин жазған болса, неге мысал келтірмейді?.. Жоқ! Олар аруз, бәйіт, ғазел, қасида, мусаддат, мухаммат, мураббе, месневи, тахмис, тержи-бейді, теркиб-бенді... тәрізді толып жатқан өлең-жырдың шығыстық түрлерінде еңбек еткен. Еуропалық әдебиеттанушылар, немене, бұларды білмей ме? Әлде білгілері келмей ме? Жә, олар білмесе, білмесін. Орыс оқымыстыларынікі не? Олар неге бұл ежелгі мәдени әдебиетті аттап өтеді? Түсінікті жайт: еуропалық бірауыздылық, өркөкіректік». Міне, біз сексенінші жылдардың басында осындай бөлек бағдармен оқыдық. Бір қарағанда, Қадыр ағамыз бізге сабақ беруге көшеде әншейін сейілдеп жүрген жерінен келе салатын сияқты көрінетін. Жоқ, олай емес екен. Әр лекциясына асқан тиянақтылықпен әзірленіпті. Бірде ол сабақ үстінде алпысыншы жылдардағы жылымық кезінде Мағжанның кітабының дайындалғаны, оған өзінің редактор болғаны, бірақ бірыңғай лирикалық өлеңдерді топтастырған бұл жинақты шығаруға жол ашылмағаны туралы айтты. Соның бәрін әдебиет теориясымен сабақтастырып, қызықтыра әңгімеледі. Сөзді дұрыс қолдана білуге үйретті. Үндестіре, үйлестіре сөйлеуге баулыды. «Темекіні тартады, шылымды шегеді», — дейтін ол. Әдебиет теориясымен жеткілікті қаруланып алған біз Қадырдың лекциясынан шабыттанып шығып, ғимараттың сыртын айналып, темекіні тартып, шылымды шегіп келуге кетеміз... Қадырдың сабағындағы әңгімелер үзілісте де дамылсыз талқыланып жатады. Қадыр – мырза, Қадыр – ырза

Баррикада жасап ап қалың томнан, Бас алмайды енді олар күні бойы. (Қадыр Мырза Әли, «Студенттер»)

Қадыр аға сабақ үстінде қандай жайлы болса, семинарда да сондай мейірбан. Студентті өзімен тең санап сөйлеседі. Саған күлімсірей қарап, ықыласпен тыңдауға пейіл танытқан соң еркін көсілесің. Жастардың психологиясын жетік біледі. Әдетте семинар болған соң оқытушы студентке сауал қояды. Ал біз жаны жайсаң ағамызға бой үйреткеннен кейін семинар үстінде де оған сауал қоя беретін болдық. Ол кісі ерінбей-жалықпай жауап береді. Сол жауаптарын қалай жұптайды десеңізші. Миыңның қалтарыс-бұлтарыстарына мөр ғып басады. Әсіресе, Қадыр ағаға сол жылдардың өзінде жұртқа танымал болып қалған Бауыржан Үсенов көбірек үйір. Ақынға сұрақ қоюдан шаршамайды. Үнемі өз өлеңін өзгелерден қорғаштайды да жүреді. Міне, бүгін де бір мәселені алға тартып отыр. Бір курстасымыз екеуі сөзге келіп қалыпты. Таластың төркіні — тағы да сол Бауыржанның өлеңі. Баукең: «Түсіп алып соңына бір ақ құстың, Жыраққа ұшқым кеп кетті, жыраққа ұшқым», — деп өлең жазса, әлгі ағасы: «Екінші жолың он бір буын емес, он үш буын болып кетті, мұндай өлең болмайды», — деп бой бермепті. Буындардың арасындағы екі дауысты дыбыс қатар келсе, бір буынның жұтылып кететінін ескермеген немесе әдейі қитығып айтқан. Ақын Бауыржан осыған Қадыр ағаның төрелік етуін сұрайды. Қадыр аға сосын көсіледі келіп. Бір Бауыржанның жалғыз өлең жолына қатысты сауалдың жауабы қазақтың ғана емес, күллі әлем әдебиетінің мысалдарымен тұздықталады. Сол сауалымен шектелсе, Бауыр­жан бола ма? «Ағай, өзі өлең жазбайтын, бірақ өлеңді өлгенше сынайтындарға қалай қарайсыз?» – дейді. «Ол енді обал!» – дейді ұстаз. Осыны айтып болып, Қадекең жымиып күледі. Оның күлкісінен аудиторияға шуақ тарайды. Бауыр­жан да, басқалар да ырза. Сөйтіп, бәрімізді ырза қылатын Қадыр аға емтиханда тіпті мырзашылық танытады. Ол ешқашан студентке «үш» деген баға қоймайды. Кемінде «төрт» алып шығасың. Ал «бестік» баға алатындарда есеп жоқ. Зачеткаңа шиырып тұрып, «Қадыр Мырза» деп қолын қойып береді. Ертеректе ағамыздың: «Гонорар алсам, «Қадыр Ырза», ал сол гонорарды өзім үлестірсем, «Қадыр Мырза» деп қол қоямын», — деп қалжыңдағанын білетін едік. Емтиханда да сол мырзалығы көрінеді. Оған, жүдә, риза болған студенттер: «Тақпаймыз Қадырға айып, Қадырға айып, Үш қойып, құртты-ау бізді Садырбаев», – деп әндететін. Қадыр ағадан біз тек сабақ үстінде ғана емес, студенттік ортадағы әртүрлі кездесулерде де жеткілікті тәлім алдық. Әр сауалға ұтымды және тапқыр жауап қайтаратын. Жалпы, тек Қадыр ағаға ғана емес, бізбен жүздесуге келген танымал шығармашылық өкілдерінің бәріне де қитұрқы сұрақ қоюға сонша әуес едік. Бірақ жарықтықтар сүрінбейді-ау, сүрінбейді. Екінші курста оқып жүргенімізде ғой деймін, биофактың залында өткен бір кешке бір топ ақын-жазушылармен бірге Асқар Сүлейменов келді. Асекеңнің атақ-даңқы жер жарып тұрған кезі. Әйгілі сыншыны бірінші рет көруіміз. Төрде, қонақтарға арналған үстелде отыр. Өзін тым еркін ұстайды. Асқақ. Ауық-ауық орнынан тұрып, шылым шегіп келеді. Онысын кетіп бара жатып тұтатып, түтінін сақиналатып жібереді. Қайтып кеп, өзгелердің сөзіне жағаласып, әңгімеге қызу араласып кетеді. Бір сәт өзіне арналған сұрақтар жазылған қағаздарды умаждап, темекі қорабының ішіне тығады. Соның бәрі ауылдан кеше ғана келген бізге әрі қызық, әрі ерсі көрінді. Сосын бір топ студент ойласып, бір жапырақ қағазға ойымыздағыны сауал түрінде түсіріп, алдыңғы қатарға қарай аттандырып жібердік. Қас қақпай бақылап отырмыз. Әне, Асекеңнің қолына тиді. Ол біздің сұрағымызды оқыды. Бірақ оны темекі қорабының ішіне жытырып жіберген жоқ. Бірден микрофонға ұмтылды. «Былай депті біреулер: «Егер қазір ұлы Абай тіріліп, осы кездесу болып жатқан залға кіріп келсе, қайтер едіңіз?». Қайтуші ем? «Заходите, пожалуйста!» – деймін». Зал ду күлді. Бәсе, Асекең ілдіруші ме еді?! Сол секілді Қадыр ағамның да іліп түсем деп қойған сұрағыңа берген жауабы тіліп түсетін. Бірде студенттермен кездесуде Қадыр Мырзалиевке: «Сіз осы модаға қалай қарайсыз?» – деген сұрақ қойылды. Сауал қойған студент, сірә, ақын ағасының шашын үнемі өсіріп жүретінін меңзеген болуы керек. Соны аңғарғандай, Қадекең былай жауап берді: «Кейбіреулер моданы сәндік үшін пайдаланады. Ал менің ұғымымдағы мода кісінің кемшілігін бүркемелеп тұрғаны дұрыс. Өз басым модаға сол үшін ғана бүйрегім бұрады. Мысалы, мен неге биік өкше туфли киемін? Өйткені бойым аласа. Неге шашымды өсіріп жүремін? Себебі басым кішкентай». Сөйтіп, Қадыр бұл жолы да тығырықтан шығып кетті. Қадыр шығармашылығы басқа ақын-жазушылармен жүздесу үстінде жиі әңгіме болатын. Бір күні журфактың студенттерімен кездесуге Оралхан Бөкеев келді. Бұл отыз сегіз жастағы Орағаңның дүниені дүрілдетіп тұрған кезі. Жұрт залға сыймай, түрегеп тұрды. Сауалды қарша боратып жатырмыз. – Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасындағы «Алматыдан өкіл келді, желке шашы бір қарыс, Аты – Оралхан, мамандығы – жазушы әлде журналист» деген жолдардың сізге қатысы бар ма? – дейді біздің курстастарымыз оқыған-тоқығанын білдіріп. Қатысы болғанда қандай! – деп бізге бір қайырылып алып, ол тереңнен толғана жөнеледі. Осы кеште «Қадыр Мырзалиевтің шығар­машылығына қалай қарайсыз?» деген дәстүрлі сұрақ та қойылды. Оралхан басын кегжең еткізіп, шашын кейін қарай сілкіп жіберіп, былай деп жауап берді: «Қадырдың болмысы өлеңдерінен көрінеді. Қадыр әр қадамын ойланып басады. Қадыр қателеспейді. Оның қателеспейтіні сон­ша­лық, кейде тіпті қателессе екен деп ойлайсың». Сол оқу жылының аяғында Қадыр ақын студенттермен ерекше кездесу өткізді. Дәлірек айтқанда, қолға қалам ұстаған қыз-жігіттердің өлеңдерін тыңдады. Жұрт кең залға сыймай кетті. Біз сол жолы ұстазымызды балапандарын баптаған қыран құсқа ұқсаттық. Бұл күні студент ақындар дамылсыз жыр оқыды. Кеш соңында Қадыр аға бәріне баға берді. Кеш болады дегенді естіген күллі студент жазған өлеңдерін ақынға алдын ала апарып тапсырған көрінеді. Қадыр аға осының бәрін жіліктеп тұрып, талдады. Бұл басқосуды ұлы Мұхтар Әуезовтің алпысыншы жылдардың басында әдебиетке келген жас қаламгерлермен кездесуімен салыстырды ұстаз ағаларымыз. Мұхаңнан бата алған сол жастар кейін қазақ әдебиетінің алыптарына айналды. Сол секілді Қадекеңнен жылы сөз естігендер де жазу өнерінде жүйрік шықты. Бүгінде олар әдебиеттегі орта буынның соңғы легі болып қалды.

Қызды жылатқан қолтаңба

Шығарып сап содан соң тұрғандары, Бірін-бірі бір елдің басшысындай! (Қадыр Мырза Әли, «Студенттер»)

Қадыр ағам айтқандай, бір-бірімізді бір елдің басшысы секілді шығарып сап жүріп, оқуды бітіріп кеткенімізге де көп жыл өтті. Бірақ бәрібір айналып келіп, Қадырдың сабақтарына жүгіне береміз. Өмірдегі сабақтар мен көңілдегі сабақтарды ұдайы салыстырамыз. Сондайда ақын ағамыздың студенті болған жылдардың елесі көз алдымызға қайта оралады. ...Тағы бір кездесуден кейін студенттер сүйікті ақынынан қолтаңба алды. Сол жылы ақынның «Көкпар» деген кітабы шыққан-ды. Кітап дүкеніне түсісімен «Көкпарды» көкпар тартқандай талап әкеттік. Соған енді жаппай тілек жаздырып алып жатырмыз. Қадекеңнің қолтаңбасына дейін ойлы. Бет алды сүйкей салмайды. Бауыржан Үсеновке «Өзіңнен көп үміт күтетінімді айттым ғой. Сол үмітімді ақтарсың» деп жазды. Маған «Мылтықсыз майданның Бауыржаны бол!» деп жазып берді. Несін айтасың, бәріміз де қарық болып қалдық. Онсыз да түн баласы көз ілмейтін студенттер қауымы мынадай қолтаңбадан кейін дамылдаушы ма еді?! Мың қой айдап кеттік шетімізден. Сол күні журфак пен филфактың жатақханаларының шамы таң атқанша сөнбеді. Ертеңіне естідік, Қадыр ағадан қолтаңба алған бойда филология факультетінің бір қызы КазГУ-дің қалашығындағы қалың қара ағаштың арасына барып, сыңсып жылапты. Алғашқыда «Ақынжанды бойжеткен қуаныштан көзіне жас алған ғой» деп ойлаған жұрт оған онша мән бермепті. Сөйтсе, әлгі қыз жылауын үдете түсіпті. Одан жатақханаға келіп, таң алдына дейін еңірепті. Сұраған жанға тіс жармапты бейбақ. Ол таң саз бере талықсып ұйықтап кет­кенде жанында тұратын құрбысы сың­судың себебін бір-ақ біліпті. Бәріне кінәлі Қадырдың қолтаңбасы екен. Арудың көз жасы «Көкпардағы» қолтаңбаның үсіне тама беріпті, тама беріпті... Көп тамғаны соншалық, Қадекеңнің қаламының сиясы жан-жаққа әбден жайылып кеткен. Сонда ағамыз не деп жазған дейсіз ғой?! «Арманыңа адал күйіңде жетуіңе тілектеспін!» – депті бар болғаны. Содан қыз кемсеңдеп қоя берген. Былай шыға бере өкіріп жылаған, өксігін баса алмаған. Сөйтсек, осының алдында ғана бір сандалған серінің құрығына түскен көрінеді. Оны ақын аға қайдан білсін? Сонда бұл не?! Түйсіктің кереметтігі ме? Әлде ақынның адам психологиясын тап басқаны ма? Кейін арада көп жыл өткенде мұны Қадыр ағаның өзіне де айтқам. «Солай болып па еді?» – деп күлді де қойды. Сабақ үстінде сан түрлі сауал қоямыз. «Аға, сіз осы неге поэма жазбайсыз?» – дедік біріміз. «Рас-ей, поэманы көп жазбаппын. Енді жаздым соны. «Қазақ әдебиеті» газетінің келесі санына «Қызыл кітап» деген поэмам шығады», – дейді ақын. Содан аптасы құрымағыр өтіп болмайды... Оқуды бітірген соң Қадыр ағамен аса көп араласа алғанымыз жоқ. Әр жерде ұшырасып қалып жүрдік. Ол бір кездегі студенттерінің бәрін жазбай танитын. Сөйтіп, ол кісіден ара-тұра аудиторияның ғана емес, өмірдің сабақтарын да ала бастадық. Тек оның ұтқыр сөздерін бұрын алаөкпе бала көңілмен қабылдасақ, енді есейген соң басқаша түсініп-түйсінетін болдық. Бір күні қоғамдық қозғалыстың көшін бастап жүрген бір әйгілі әріптесімізді әлде­біреулер соққыға жығып кетіпті. Өзі Қадыр ағамен көрші тұратын еді. Ауруханадан шығып, аман-есен қалғанына қуанып, мал шалып, қонақасы беріп жатыр. Сол үйде отырмыз. Гу-гу әңгіме. Біреулер бұдан саяси астар іздейді. Екіншілері қылжаққа айналдырады. Алдымызға буы бұрқырап ет келгенде Қадыр аға: — Дұрыс қой, біреу таяқ жемей, біреу тамақ жемейді, – дегені. Дастарқан басындағылар ду ете қалды. Қадыр ағаның мұндай зілсіз қалжыңдары кез келген сәтте даяр тұрар еді. Енді бір жолы ауруханада бір бөлімшеде жатып емделдік. Еркін әңгімелесуге мүмкіндік туды. Бірқатар әңгімелерін таспаға түсіріп алдым. Бір күні дәлізде келе жатып, «Қадыр аға, мына үстелдің айналасына жайғасқан медбике қыздарды қараңызшы, шетінен сол қолмен жазып отыр», – дегенмін. Сөйтсем, «Қоғамыңның өзі солақай емес пе, бала», – дейді ол қуланып. Астанада жыл соңында өткен Абай оқулары конкурсының қазылар алқасына төрағалық етуге шақырдық. Сол баяғы Қадыр Мырза кейпі. Тұманбай ағам екеуі көзінен от ұшқындағандардың бәріне жиырма балдан берді де отырды. Бәйге алғандар да риза, алмағандар да риза, ел де риза. Сол риза көңілмен өзі Алматыға аттанды. Бұл оның ел астанасына соңғы келуі болды-ау деймін. Мен өлгенде, ағайындар, газетке, Күліп тұрған суретімді беріңдер, – депті Қадыр ақын бір өлеңінде. Шынында да, ағамыз дүние салғанда көптеген басылым оның күліп түскен суреттерін жариялады. Қадекең қашанғы дағдысымен қаламгерлерді күлкіге көміп тұр. Бәрі соның аузына қарап, риясыз жымияды. Сол баяғы шуақты күлкісі. Кейбір ұстаздар қырық жыл өтсе де, «Сені біз оқыттық», – деп шәкірттерінің есіне салып қоюды ұмытпайды. Тіпті оқытпаса да, оқытқан секілді әсердің жетегінде жүреді. Ал талай әңгімелескенімізде Қадекең бірде-бір рет университеттегі ұстаз болған жылдары туралы сөз қозғаған емес. Сол сөзді бүгін біз айттық. Қадыр аға тек университет студенттеріне ғана емес, бүкіл ұлтқа ұстаз болған жоқ па осы?! Ендеше, оның сабақтарын өмірдің оқулығындай бағалайтынымыз анық...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

5307 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы