• Әдебиет
  • 18 Мамыр, 2011

Ойланайық қазақтың баласы боп....

d0bfd0b5d180d0beЖұма-Назар Сомжүрек

Дара жұлдыз –  дана Абай Мұхиттай мағына мол өлеңіңде, Ой – толқын жатар соғып кемеріне. Қанша ғалым, қанша оқып зерттесек те, Бойлай алмай келеміз тереңіңе. Дана сөздер туындап толғанудан, Мол мұра қалған артта мол дарыннан , Шыға алмай кейде адасып жүргеніміз, Қаптаған қалың ойлар – орманыңнан. Алтын ой, қазынаңнан қазып алып, Ақылыңнан жатамыз азық алып. Толғаған қалың қазақ қамын ойлап, Жырларыңа төреші – қазы халық. Шешендік туа дарып таңдайыңа, Данасың біткен қазақ маңдайына, Көсемдік, кемеңгерлік – бәрі сенде, Мадақтың жарасады қандайы да. Әділдік туын ұстап, данышпаным, Белгілі мыңмен жалғыз алысқаның. Өзіңді алғаш таныған, танытқан да – Ахаң, Жахаң, Мұхтардай арыстарым. Талантың басқа шауып, төске өрлеген, Қаймығып еш дұшпаннан сескенбеген. Түскенде жау мен даудың ортасына, Цицерондай шешенсің дес бермеген. Екі ауыз сөзбен шешіп ер өлімін, Қара қылды қақ жарған төрелігің. Төбе би боп таймадың ақ жолынан, Қазыбек, Әйтеке мен Төле бидің. Сана – саңлақ, Сократ санасындай, Атырау мен Алтайдың арасындай. Алла саған ой берген кеңдігі нақ, Қазақтың алып байтақ даласындай. «Қалың ел...қазағым...» деп толғап едің, Қамығып, қайғы жұтып,ойлап едің. Тәнің сау болғанымен, жан жаралы, Ауру емес, сол ауыр ойдан өлдің. Қалың ой – қара жердің салмағындай, Арқаңа батып, белің талғаның-ай. Аһ ұрып, қайран жұрттың қамын ойлап, Өз отыңа өртеніп жанғаның-ай. Ақылдың асқарысың, алып тұлғаң! Тас түнек қараңғыны жарып тұрған. Фарабиден кейінгі дана-жұлдыз, Қазақтың ой әлемін жарық қылған! * * * Қазақ бұл – осал емес, ірі халық! Жыраулар жасағы өткен жыры қалып. Өрге өрлеп, өлеңдерің жылдан-жылға, Ұлы тұлғаң барады ұлыланып! Қазақ – ақын, жырлайды даласы бар, Ақындары шетінен дара шынар. Ұлтымды Ұлы емес деп кім айтады, Өзіңдей заңғар тұлға данасы бар?! Армандай асқақ Астанам Арманның асқарындай Астанамыз – Елорда, алтын орда – бас қаламыз. Жыл сайын жеткен жеңіс, асқан асу – Ерен ерлік үлгісі дастан-аңыз. Елбасының буғызған белді бекем, Тарихи шешімі ұлы ерлік екен! Айналды аз-ақ жылда Астанаға, Ақмола қатардағы елді мекен. Ауыр сын, қиындықтан жасқанбаған, Сарыарқаға көш бастап басқан қадам. Бүгінде дос сүйініп, Әлем танып, Атағы Астананың аспандаған. Темірқазық – бағытын тапқан жаңа, Шығыстан таңы күліп атқан қала. Көршілер көмек қолын тигізгенмен, Қазақтың өзі салып жатқан қала. Тарихта аз уақытта қас-қағымдай, Тез тұрған астана жоқ басқа мұндай. Қала бұл – поэзия, Көркемдігі – Фирдоусидің «Рүстем- Дастанындай»! Ел едік үміт еткен ертеңінен, Қай кезде де ән-күйін шерте білген. Қалықтап самұрықтың қанатымен, Қала бұл еніп келген ертегіден. Елімнің өркені өсіп өрістенер, Кім менің бұл ойымды теріс көрер: Астананың құрылысын Құдай қолдап, Салысып жатыр және періштелер. Көркіңе сай көркем жыр, ән теремін, Сән түзеген ақ қайың, нән терегің. Елімнің еңсесін тұр биіктетіп, Бұлтқа бой теңестіріп Бәйтерегім. Сарыарқа – самалы ескен далам қандай! Жұпарын жұтып, жалбыз қалам қанбай. Ақорда – Астананың ақ жүрегі Ақ күріш, ақ маржаннан қаланғандай. Орнығып ерке Есілдің жағасына, Шапағат шашқан қазақ баласына. Астанам, сәулеттеніп асқақтай бер, Сарыарқаның сары бел даласында. Оранып жасыл шырша, тал-қайыңға, Шырқалып әншілердің таңдайында, Мың ғасырға мыңқ етпей нық тұра бер, Бақ жұлдыз боп қазақтың маңдайына. Ана тілі – арымыз Аямас бар несібе, бар асылын, Қайран, менің кең байтақ дала, қырым! Жүрегіме шаншу боп қадалады, Бір ұлың ұмытса егер ана тілін. Елде көп сәнді қала, ғажап қала, Қыздай бір отыратын қарап қана. Жаманы сол – қазақ аз мақтанатын, Баламыз ағып тұр деп қазақшаға. Жек көрмеймін орысты, немісті де, Жат емес қай халық та жер үстінде. Жүрек қалай шаншымас, ана тілім, Қалтылдап бара жатса сең үстінде. Жоқ төзім енді мұндай жайға шыдар, Ашылмаған жақ бүгін қайда ашылар?! Намыссыз қалғып жүрген қазақтарды, Оятуға жырдың зор пайдасы бар. Бір кеңес тыңда менен, қалалықтар, Кешірілмес сендерде шалалық бар. Ойлаңдаршы, орысша от басында, Сөйлеуде тұрған қандай «даналық» бар. Булығып ызалы сөз бұлқынады, Сілкінтер жыр сананы мүмкін әлі. Баламыз жүрсе білмей ана тілін, Ата-ана, бізден басқа кім кінәлі?! Қазірде қалалық ұл, қала қызын, Бетімен жібергенге наразымын. Ана тілі – халықтың ар-намысы, Тап бүгін тұр басында таразының! Тіл, тіл! – деп жаңылмайық жар салудан, Туған тілге не қайыр аусар ұлдан. Кез келді «өссін!» дейтін ұл-қызымыз, Өз тілінің сусындап кәусарынан! Ойланайық қазақтың баласы боп, Ойланайық халықтың данасы боп. Ана тілі – әрі ана, әрі сәби, Қорғайық қамқор әке панасы боп. Басқа елдің мұндай байтақ даласы жоқ, Ешкімнің бұған, сірә, таласы жоқ. Қырынан қазақ тілі естілмесе, Қала алар ма ол қазақтың даласы боп?! Үлкен аға, кіші іні тілекті ұғып, Қосылса игі жетелеп жүректі үміт. «Ана тіл – әз ананың ақ сүті» деп, Тіл үшін күресейік білек түріп! Кетпесе даналықтан жол алыстап, Аталы сөзге тоқтар қала-қыстақ. Ана тілі – арымыз, ақ туымыз. Желбіретіп жүрейік жоғары ұстап!!! Сәкен мұражайында Қайран Сәкен, өр мінезді марғасқам, Өлеңдерің – мәңгі өмірің жалғасқан. Жүрміз бүгін өнеге етіп, зерделеп, Аршып алып іздеріңді әр басқан. Қайран ақын, маңдай алды марғасқам, Қазағы үшін мұз жастанып, қар басқан. Өтті өмірің қиян-кескі күреспен, Жауларыңмен жағаңа кеп жармасқан. Қайран ақын, мақтанышым, марғасқам, Батыл едің, өткір едің алдаспан. Сан сұлулар құшағыңда балқыған, Ақ білегін мойыныңнан алмастан. Қайран ақын, от жүректі марғасқам, Қайрат қылған халық үшін талмастан. Түсіре алмас көлеңкесін бейнеңе, Қоғамдар мен заманалар алмасқан. Елім, елім! – деп еңіреп өткен ер, Сол елі үшін қанмен терін төккен ер. Тар жол, тайғақ ғұмыр кешіп, ақыры Сұм жаладан жан азабын шеккен ер. Қайран Сәкен, абзал ақын сабазым, Тас түрмеде сұмдық тартқан азабың. Қанішерлер қаныңды ішкен тергеуде, Ойлап тауып неше түрін жазаның. Жұлқынғанда қопарардай іргені Жан айқайың тітіреткен түрмені. Жүрегіңді тілімдеген арсылдап, Жендеттердің иттей қауып үргені. Жас орнына көзіңнен қан тамшылап, Тәлтіректеп әзер-әзер жан шыдап, Тұрғаныңды елестеткен сәттерде, Өзім жатқан сияқтанам қансырап. Қайран Сәкен – аңыз ақын ардағым, Қазағыңды теңгеру ед арманың. Бас иеміз суретіңе қарап біз, Ардақ тұтып поэзия сардарын. Қайран ақын, асқар таудай алыбым, Қайраткерім, шын ғұлама ғалымым. Жылу шашар қазақ өлең-жырына, Сөнбейтұғын жанартаудай жалының. Сабаз ақын, серілердің серкесі, Нарқоспағым көк тіреген өркеші. Пендеде жоқ сұлу едің көрікті, Сайранды да салған елдің еркесі. Қайран сері, самғаған ақ сұңқарым, Оза шапқан Тайбурылдай тұлпарым. Қызығын да қызықтадың өмірдің, Сұлулар мен өлең болып іңкәрің. Қайран ақын, мұзбалағым, қыраным, Өлеңсүйер жүректерде тұрағың. Сенің жырың мөлдір таза кәусардай, Сусағанда сусындайтын бұлағым. Сарыарқаның самалындай саңлағым, Сардалада қыран-жыр боп самғадың. Мұражайың – үйің сенің ендігі, Қашанда зор қадірің мен салмағың. ...Қайран Сәкен, аяулы ұлы халқының, Жықпай өткен Муза, намыс, ар туын! Есіміңді ардақтайтын мәңгілік Музейіңе жырым осы – тартуым! Асыл ана – Торғайым Торғайым, туған өзенім, Қасиетіңді ыстық сеземін. Жағаңда қалған жәудіреп, Бал дәурен бала кезеңім. Ұрпаққа атың ұрандай, Жүреміз ойдан шығармай. Балағын түріп балалық, Алдымнан ойнап шығардай. Торғайым, алтын ардағым, Сандалып қайда бармадым. Ілініп талдың басына, Қалды екен қайда қармағым. Жетпедім қуып сағымды, Ашпады демен бағымды. Сағынсам саған келемін, Сағымды қуған шағымды. Тас жарған сенде талабым, Сырлассам сырға қанамын. Аталық жасқа жетсем де, Мен саған әлі баламын. Әке мен бердік шешені, Ұзады күндер кешегі. Аңсап бір саған келгенде, Суыңнан самал еседі. Өмірдің мөлдір көзісің, Әкемнің дана сөзісің. Көтерер еркелігімді, Анамның нағыз өзісің. Телінген сендей асылға, Егіздей едім жасымда. Армандар бастап алысқа, Қалмадым, кешір, қасыңда. Ғажап жоқ дала таңындай, Ұшырдың балапаныңдай. Ыстықсың асыл анамның, Аялы алақанындай. АСТАНА

2972 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Қадырдың сабағы
Келесі мақала «Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін...»

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №8

25 Ақпан, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы