• Әдебиет
  • 25 Мамыр, 2011

Өмір – өзен

Әке! Есіңде ме, кішкентай күнімде мені шанамен мектепке апарып сап, алып қайтушы ең. Бірде қызық болды. Қыс кезі. Әдеттегідей шанамен сабаққа бара жатқанбыз. Түнімен жапалақтап жауған қар жолды басып тастапты. Мен шана үстінде, бетімді аяз қарымасын деп орамалмен байлап берген, тек көзім ғана ашық болатын. Бір кезде өзі былай да былай қисалақтап келе жатқан шана аударылды да қалды. Сен оны байқамадың, себебі қалың жауған қардың өзінен шананы сүйреу қиын еді. Айқайлайын десем қарға омбылап, дауысым жетпейді. «Біраз жерге барып артыма қарасам, қызым жоқ» деп кейін күліп айтып жүретінсің. Қайран, сол балалық, қайтып келермісің! Көйлегің көк, тамағың тоқ, әкең мен шешеңнің жанындағы алаңсыз сол шақтарды сағынасың. Сіз де жанымнан табылатын едіңіз. Ал қазір көп нәрсе өзгерді. Ол күндер алыстап, сағымға айналып бара жатқандай. Ортамыз толы сол сәттер жадымызға әдемі естеліктер қалдырып, қайтып оралмасқа кетті. Иә, дүние де сенің сәби көзіңмен көргендей өмір бойы қайырымды, әдемі ертек болып тұра берсе, қане... Әкешім, жақындарыңыздың өзіңізді жоқтағанына да бірнеше айдың жүзі болыпты... Бұл өмірден сіз кеткелі қайғыға толы құлазулы күндер өтіп жатыр. Уақыт қанша алға жылжып, зымыраса да жан жарамыз жазылар емес. Халқымыздың «Уақыт – емші» деген нақыл сөзі де тек жұбаныш үшін айтылғандай... Кенеттен көтерілген қан қысымына қарсы тұра алмай, мына жалғанды тас­тап кете бардыңыз. Артыңызда етегі жасқа толып анаңыз бен жарыңыз, асқар таудай әкеңіз, шулап балаларыңыз бен бауырларыңыз қалды. Бүгінде сізбен өткен күндерін сағына еске алып, босап қалған орныңызды толтыра алмай қынжылады. Пендеміз ғой... Өмірдің кейбір сәттерінде қадіріңізге жете алмаған шығармыз. Дегенмен жазмыштың жазуы осылай болды. Иә, құдіреті шексіз Алланың ісіне амал бар ма? Көндігеміз... Наурыз мерекесіне орай демалысқа барып қайтпақшы боп, ауылға жиналдым. Ойымда ештеңе жоқ. Бәрінен бейхабар мен қуанышым қойныма сыймай, пойыздан түсе сала ауылға қарай асықтым. Мені күтіп алған жақындарымның да жүзінен бірдеңені байқау қиын еді. Ауылға жетпей үйдегілер алдымыздан күтіп алды. Түстері суық, қабақтары түсіңкі. Жандарында алыс­тан келген туысқандар да бар. Ештеңе сездірмеуге тырысқандарымен, түнерген жанарларынан көп нәрсе ұғуға болатын еді. Үйде жайсыз оқиға болғанын сездім. Жүрегім дүрсілдеп, білгенше асықты. Бірақ мардымды етіп ешкім ештеңе айтпады. Әңгіме «папаң науқастанып қалыпты» дегенмен бітті. Ойым сан-саққа жүгірді. Жай ғана ауырып жатса... жан-жақтағыларды неге шақырады... түсініксіз... Жүрегім аузыма тығылып, Алладан әкемнің амандығын тіледім. Бірақ тілегім қабыл болмады. Себебі ол кезде сіздің өмірден озғаныңызға екі күн болып еді. Оны үйге жақындағанда айналадағы өзгерістерді көріп, сізден айырылғанымды түсіндім. Соңғы көргенімде үстіңізді ақ шүберекпен жауып қойыпты. Одан кейінгісінің бәрі көрген түстей. Қалың топ сізді көтеріп, қыраттағы зиратқа әкетті. Аяқасты келген қасірет төбемізден жай түсірді. Ағайын-туыс қана емес, алыс-жақындағының бәрі қайғымызға ортақтасты. Орныңызды толтыра алмаса да, көптің сөзі көңіл көншіткендей болды. Адамның емес, Алланың қалағаны болады демекші, оған да көзім жетті. Иә, өмір өз көшімен өтіп жатыр.Тіршіліктің қамын ойлап, біз де сол керуен­ге ілесіп келеміз. Бәрі бұрынғыша, тек арамызда сіздің жоғыңыз ғана көңілімізге кірбің ұялатады. Назерке Мұратқызы

3059 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала «Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін...»
Келесі мақала Ғұмырлық сағыныш

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №8

25 Ақпан, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы