• Әдебиет
  • 25 Мамыр, 2011

Ғұмырлық сағыныш

d188d0b0d0bdd0b0Айнала аппақ қар, аппақ дүние. Жаяу борасын басып, білінер-білінбес болып қалған дала жолымен келе жатқан ат жегілген шана үстінде үш жолаушы отыр. Қақаған аяздан беттерін түбіт шәлімен тұмшалап алған, ал алыс жолдан болдыра бастаған аттың жүрісі кібіртіктей бастады. Алда қатты аяз барын білдірген құлақтанған күн де ұясына еңкейіп қалды. Алыстан ақ қар үстінде қарайып бір қыстау көрінді, жолаушылар ат басын солай бұрды, себебі күн жарықта соған жетіп алғанды дұрыс көрді. Қора жақта мал қамдап жүрген әйел үйдің қасына тоқтаған ат-шанаға келіп, жолаушылармен сәлемдесті. Тоңып қалған аяқтары икемге келмей, шана үстіндегілер қопарылып бірінен кейін бірі тұра бастады. Осы кезде қораның есігін бекіткен, жасы алпыс­тарды алқымдап қалған отағасы да «бұлар кімдер болды екен» деп өз-өзіне күбірлеген бойы олардың қасына келді. Амандасып, жөн сұрасқаннан кейін отағасы «колхоз орталығы да осы жерден үш шақырымдай, күн әлі жарықта жетіп алуға болады» деді. Сөзінің ауанынан біржолата сонда барып тынықпайсыңдар ма деген емеурін сезіліп тұрды. Жол бойынан онша алыс емес болғандықтан, әрлі-берлі өткен жолаушылар өздерін жиі мазалайтын болса керек, сендер де соның бірісіңдер ғой дегені еді бұл. Жолаушылар «енді не істейміз?» дегендей бір-біріне жалт қарасты. Олардың біреуі – ер адам, екеуі әйел еді. Жас шамасы қырыққа таяп қалған қара-торы келіншек бетін тұмшалаған түбіт шәлісін қолымен тарқатты да: – Ешқайда бармаймыз, осында қонамыз. Атымыз да болдырып қалды, қаңтардың қақаған аязында айдалада қалатын жайымыз жоқ, – деп кесіп айтты. Отағасы сөзден тосылып, «жай айтып жатқаным ғой, әрине, осында қонғандарың дұрыс» деп қонақтардың көлігін жайғауға көмектесіп, оларды үйге бастады. Қоржын үйдің үлкен жағына ондық шам жағылды. Үй иесі әйел қонақтардың киімдерін іліп жатып жаңағы батыл сөйлеген өткір келіншекке үңіле әрі таңдана қарады, сосын: «түрің де, дауысың да таныс сияқты, өзің кімсің?» деді. Ол өзінің Жаңғаладан екендігін, Оралдан келе жатқандарын айтты. Үй иесі мұның бетіне қайта бір үңіліп қарады, біреуді жыға тани алмағанда үлкен кісілердің сөйтетінін білетін келіншек жымиып күліп қойды. – Бапан, пешке отынды молырақ жағарсың, қонақтар жылынсын, әбден тоңып қалған шығар, күн де суытып тұр ғой, иә, ауыл-елдерің, мал-жан аман ба? – деп отағасы әлгінде өзінің аңдаусыз айтқан сөзін жуып-шайғандай қамқор үнмен. Дастарқан жайылып, шай келді, қонақтар ыстық шайды үнсіз ішуде. Жаңағы қонақ келіншек сенекке қойылған жүктерінің арасынан жіпке тізілген бір бума қызыл-қоңыр тоқаш пен екі үнді шайын базарлық деп дастарқан басына әкелді. Ауыл адамы үшін үнді шайының орны бөлек, одан асқан базарлық жоқ болатын. Дастарқан басы өзара үйлесімді әңгімеге ұйыды. Қыр мұрынды, түрі сұстылау көрінетін үй иесі әйелдің өзіне тесіле қарап отырғанын байқаған қонақ келіншек селк ете түскендей болды. Бұл кісі соншама неге тесіле қарайды, мені не де болса біреумен шатыстырып отыр деген ол: – Апа, сіз мені басқа біреуге ұқсатып отырсыз ғой деймін, бұрын-соңды бір-бірімізді көрмеген сияқтымыз. Менің атым Жұмагүл, Жаңғалада тұрамын, – деді. Шай құйып отырған үй иесі әйел «апырай» деп басын шайқады. Бірақ үндеген жоқ. Дастарқан басындағылар осы жерде бір сыр жоқ па дегендей елең ете түсті. – Апырай, – деді ол тағы да, – менің Атырауда келінім бар еді, туған інімнің әйелі, содан аумайды екенсің, жаңа сені көргенде таңғалып қалғаным сол еді, адам адамға ұқсай береді деуші еді... – Апа, келініңіздің аты кім?! Марфуға емес пе?! – деген Жұмагүлдің дауысы қатты шығып кетті. – Иә, Марфуға, – деді Бапан таңғалып. Бәрі Жұмагүлге қарады. Ол екі қолымен бетін басқан күйі жыласын кеп, жыласын кеп. Бәрі аң-таң. «Ол менің туған апам, ақыр таптым-ау, апатайымды! Тірі екен ғой! Одан отыз жыл бойы күдер үзбей іздеп келемін, отыз жыл бойы өлі-тірісін білмей келдім» деп жылайды. Отырғандар мәселенің мәнісін енді түсінгендей. Бәрінен бұрын үй иесі әйел Бапан есін жиып, Жұмагүлді иығынан құшақтап жұбатты, Марфуға өзінің туған інісі Бектемістің әйелі екендігін, Атырау облысында тұратындығын, балалары бар екендігін, бәрін-бәрін айтып жатыр. Отағасы да қуанып: – Бәсе, мен де өзіңді Марфуға келінге ұқсатып отырғанмын, ғажап болды-ау өзі, – деді. – Жиырма сегізінші жылы атам мен әкем кәмпескеге ұшырап, оларды алып кетті, – деп Жұмагүл әңгімесін бастады. – Анамның айы-күні жетіп отырған, егіз бала тапты, содан көп кешікпей нәрестелері де, өзі де қайтыс болды. Төрт қыз жетім қалдық. Үлкеніміз Марфуға небәрі он екі жаста, мен сегізде едім. Содан бізді, үш қызды, жетім балалар үйіне Оралға алып кетті де, Марфуға апам ауылда қалды. Балалар үйіне келгесін біреуі бес жаста, біреуі үш жастағы Жаңыл мен Нәсіпхан сіңлілерімді басқа жаққа жіберді. Мен Новая Казанкадағы балалар үйіне кеттім. Міне, сол отыз жылдан бері бір-бірімізден хабарсызбыз. – Иә, ондай да заман болған, – деп үй иесі сөзінің аяғын жұтып қойды. Олай етуі де заңды еді, өйткені бір ауыз артық сөз үшін ұсталып кеткендерді білетін. Ондай заманның қысымы сейіле бастағанымен отағасы бұрынғы әдетіне басып сақтанып қалды. Сталинград қырғыны болып жатқанда осы Орал өңіріне батыстан от-жалын көрініп тұратын, сонда ауылдың бір аңқау шалы «Сталинградтың оты көрініп тұр, немістер бізге де келіп қалмасын осы» дегені үшін сотталып кете барғанын жұрттың бәрі біледі. Отағасы қызыл қоңыр домбырасына қол созды, қонақтардың көңілін бір сергітейін дегені болуы керек, күйлердің бірінен соң бірін төгіп жіберді. Бұл Қызылғұрт руынан шыққан Бақтығұл күйші екендігін Жұмагүл кейін білді. ...Марфуға іс машинасымен іс тігіп отырған. Сабаққа кеткен үлкен баласы Мұрат үйге жүгіріп кірді. – Мама, сүйінші! Сіңліңіз Жұмагүл табылды! Хат келді! – деп анасының қолына хатты ұстата берді. «Не дейді?!» деген Марфуға екі-үш ұмтылып, орнынан тұра алмады. Буындарынан әл кетіп, көзі қарауытып кеткендей, мең-зең қалпы хатты жалма-жан оқи бастады. Қолына ұсақ діріл пайда болып, «Орал облысында тұрамын дей ме, Жаңғала дей ме, жазда келемін дей ме» деп күбірлей берді. Баласы көршілерге айтса керек, лезде абысындары, көршілері жиналып қалды, бәрі құттықтап жатыр, бұл болса іс машинасының қасында буыны құрып әлі отыр. Жиналғандардың сөздерінің бірін естісе, бірін естімейді. Тек «тірі екен ғой, айналайын, тірі екен ғой» дей берді. Сол күні бұл үйде той болды. Қуаныштан біресе күліп, біресе көзіне жас алған Марфуға сондай бақытты еді. Бектеміс балаларына «біздің нағашыларымыз неге жоқ деуші едіңдер, енді, міне, нағашы апаларың табылды. Бұл күнді аналарың ұзақ жылдар бойы үмітін үзбей күткен» деді. ...Марфуғаның әкесі Тоқтарды байдың баласы деп жекеге жатқызып, мал-мүліктерін кәмпескелеп, өзін ұстап алып кетті. Ол сол күнді қалай ұмытсын. Шошақ тұмақтарының маңдайында тай тұяғындай жұлдыздары бар, өңшең мылтық асынғандар үйге келді. Әй-шәй жоқ, мал санауға кірісті. Әкесі уәкілге «Ең болмаса, мына төрт қызым мен ауру әрі айы-күні жетіп отырған әйелімнің күнкөрісі үшін бір сауын сиыр қалдырыңдар, айтыңдаршы, қалай күн көреді енді?!» деді. Сол жолғы әкесінің дауысындағы күйініш те, ыза да, өтініш те қызының құлағында өмірбақи қалып қойды. Бірақ әкіреңдегендер әкесін тыңдаған жоқ, уәкіл бастық қамшысының сабымен құлағының сыртын қасып біраз ойланып тұрды да, «болмайды, тәртіп солай!» деді. Он екі жасар Марфуға бір жамандықты жүрегі сезгендей отбасымен қоштасып атына мінген әкесінің үзеңгісіне жармасты, әкесі еңкейіп басынан сипады да: «Марфуғажан, амандық болса, келемін, ақылың бар ғой, қала ғой, шешеңе қара» деп атының тізгінін қақты. Жас қыздың мықтап ұстаған тарамыс қолы таралғыдан ажырап кетті... Ол үйге кірмей, қақаған суыққа қарамай тас қыстау қасында көңілі құлазып ұзақ тұрды. Бір кезде іштен жүгіре шыққан сіңлісі Жұмагүл: – Марфуға, апам шақырып жатыр, бол тез! – деген дауысын ести сала есін жиып, үйге жүгірді. Келсе, анасы толғатып жатыр. Қиналып жан дауысы шыққан анасын аяған әрі не істерін білмеген ол үй ішінде аласұрып, әрлі-берлі жүгірді. Құмдағы қыстаулардың арасы кем дегенде екі-үш шақырым, біреуді шақырып келейін десе, апасы кетпе деп тоқтатты, жылы су әзірлеуін өтінді. Азапты толғақ ұзаққа созылды. Төрт қыз анасының қасында не істерін білмей үрпиді де тұрды. Сіңлілерін басқа бөлмеге апару керектігін енді түсінген Марфуға оларды қолдарынан сүйрелей жөнелді. Қазанға су құйып, от жақты. Шаруаны бір ыңғайлап, анасының қасына қайта жүгіріп келгенде шар еткен баланың дауысы шықты... Көп кешікпей екінші толғақ басталды, екінші нәресте дүниеге келді. Егіз баланы босанған анасы бірден әлсіреп қалды, тамақ болса күн санап азая бастады. Бұрын әкесі барда жиі араласып тұратын жақын-жуықтар да ат ізін салуды сиретті, жекенің үйіне келуге көбі жүрексінетін болды, себебі ертең сөзге ілінеміз деп қорықты. Марфуға анасының айтуымен жақын маңдағы ағайындардан азық-түлік әкеледі, бірақ кәмпескеден кейін астан-кестені шыққан ауылда жетісіп отырған да ешкім жоқ еді. Бір күні аурудан төсек тартып жатқан анасы «Омырауымнан сүт шығуы азайды, мына сәбилер аштан өлетін шығар, ең болмаса, малдың да сүті жоқ» деп қамықты. Арада көп уақыт өтпей екі сәби де бірінен кейін бірі шетінеді. Ал анасы болса ауру меңдеп, әлсірей бастады. – Марфуғажан, – деді ол қызын қасына шақырып, – анау шеген қораны айырмен бұз, оның ішінде құмаршық шөбі бар, дәні қағылып, сабаны қалған, оны топан деп атайтынын өзің білесің ғой. Сол топанды іріктеп алып, алашаға салып қағып көр, қалған-құтқан дәні түсер, көжелік бірдеңе шығады. Марфуға айырмен шеген ауланы бұзуға кірісті. Қармен, мұзбен әбден сіресіп тас болып қалған шөп тістесіп айырылар емес. Әрең дегенде бір айыр құмаршық сабанын алып үйге әкеліп, алашаға салып қаға бастады, анасы айтқандай, қос тостағандай құмаршық дәні түсті. Содан Марфуға күн сайын түс кезінде шеген қораны бұзатын болды. Бұл аштан өлмеуге сеп болғанымен ана­сына әл бітіре алмады, сіңлілері қарнымыз ашты деп жылағанда бұл не істерін білмей сенделіп жүреді де қояды. Анасы Арухан қызына халінің нашарлай бастағанын, жақын қайынсіңлісі Қабира мен күйеубаласы Сибағатқа хабар беруін өтінді. Қызы жалма-жан киіне бас­тады. – Жылы киін, бұл қыс аяғы ұзап кетті. Қолыңа үлкен таяқ ал, ит-құстан сақ бол, Алла жар болсын, – деді анасы. Үш шақырым жердегі қыстауға қызы құстай ұшты. Сибағат жездесі мен Қабира апасы келсе анасы жазылып кететіндей көрінді. Қабира сіңлісін көріп айналып-толғанды, сосын жеңгесінің ауру меңдегенін естіп, үнсіз отырып қалды. – Біздің де жиі қатынауға шамамыз жоқ, отағасы аздап аң аулайды, бірақ мұндай жұтта аң да құрып кетеді екен, жеңешеме сәлем айт, түс қайта міндетті түрде барамыз, – деген ол кебежесін ақтарып, құрт-ірімшік, аздаған етті шүберекке орап берді. Марфуға қуанып үйден шығып бара жатып, сенектегі шабылған жыңғылға көзі түсіп, кілт тоқтап қалды. Қабира оның ойын тап басқандай: – Үйлеріңде отын да таусылған шығар, – деді. – Иә, үйіміз салқын, отын таусылғалы қашан, сабан жағып отырмыз, мен аздап отын алып кетсем қайтеді, үйдегілер тоңып қалады ғой, – деген қаршадай қызға Қабира «саған ауыр болады, өзіміз апарамыз» деп жатыр. Бірақ Марфуғаның қайсарлығын білетін апасы «көтергеніңше ал, бірақ ауырлық етеді-ау» деп аяды. Бір бума жыңғылды арқалаған, қолында түйіншегі бар қыз бала үйіне қарай қыр асып құлдыраңдай жөнелді. Ол үйге асыға кірді. Отынды қазандықтың қасына қойған кезде анасының «Аман-есен келдің бе, қарағым?» деген әлсіз дауысын естіп, «Апа, келдім» деп қасына жүгіріп барып отырды. Аяздан қызарған қызының жүзі қуанышты. – Апа, бір арқа отын әкелдім, Қабира апам тамақ та беріп жіберді, сізге сәлем айтып жатыр, түс қайта өздері де келеді, – деп қызы қолындағы түйіншекті шеше бастады. Сіңлілері қанша қарындары аш болса да қолдарын созбады, апаларының өздеріне шетінен беретіндігін біледі. Бір-бір құртты алған олар мәз болды. Анасына жұмсақтау ірімшікті берді, ол ірімшікті уысына ұстаған күйі қызын айналып-толғанды. – Әкеңнен хабар болмай кетті, қатты қиналдың-ау, қарағым. Жақын ағайындардың бәрін жер аударып әкетті. Бізге жаны ашитындар да аз қалды. Мен жазылып кетсем жақсы, олай-бұлай болып кетсем, күндерің не болар екен, – деп өксіп-өксіп алды. – Апа, жаз шығуы да жақын, тәуір болып кетесіз. Мен қазір от жағып, еттен сорпа істейін, – деп қызы орнынан тұрды. Пеш жағылып, үйде көптен бері болмаған еттің тәтті иесі шықты. Ет жеп, сорпа ішкен бәрінің көңілдері көтеріліп, әңгіме айтып, арқа-жарқа болып қалды. Түс қайта Сибағат пен Қабира да келді. Нән бір арқа отынды әкеп берді. Тазы ұстап, қақпан құратын аңшылығы бар Сибағат екі қоянды алып келіпті. Амандық-саулық сұрасты. Келген қонақтар Аруханның жағдайы нашарлай бастағанын сезді. Қабира қояндарды сойып, пісіруге кірісті, көптен қонақ келмеген үйдің іші толып, отбасында ерекше бір жылылық пайда болды. Үлкендер ұзақ әңгімелесті. Қабира жеңгесінің қасында қалатын болды. Бұған ең алдымен Марфуға қуанды. Анасы мен Қабира апасы ұзақ күнге әңгіме шертеді. Анасы тәуір бола бастағандай. Бірақ арада оншақты күн өткенде Арухан қайта нашарлай бастады, қыздарын қасына шақырды. Қос қолдап төрт қызының қолдарын ұстады, тамағына өксік тіреліп, әрең сөйлеп қоштаса бастады. Үлкен қызына қарап: «Қарағым, Марфуғажан, әлі жассың ғой, мына бауырларыңды саған қалай тапсырамын, құйтақаным менің, қолыңнан келсе қамқорлайтыныңды білемін, басқа не дейін, аман болсаңдар, жетімдік көріп жетілесіңдер. Сабағыңды жалғастыра алмай қалдың, хат танисың, болашағыңнан үміт күтуші едім, енді оқи алсаң жақсы» деді. Сосын қыздарын Қабираға тапсырды. Кеудесіне басын қойып, солқылдап жылап, «Өлмеші, апа!» деген Марфуғаның шашынан анасы әлсіз алақанымен сипады, кенет анасының қолының сылқ ете түскенін байқаған кызы жан дауысымен «Апа!» деп айқайлап жіберді, бірақ шырқыраған қызының дауысын анасы одан әрі естіген жоқ. Анасы жерленді. Төрт бөлмелі тас қыстауда төрт қыз ғана қалды. Ағайындары қолдан келгенше көмектесті. Жаз шыға Марфуға колхоз басқармасына барып жағдайын айтып, өзін жұмысқа алуын өтінді. Бірақ «сен жекенің баласысың» деген жауапты естіп, жылап-жылап үйге қайтты. Бір күні ауданнан үлкен уәкіл келді дегенді естіп, колхозға тағы барды. Жай барған жоқ, арызын жазып апарды. Уәкіл «арызды өзің жаздың ба» деп сұрады, бұл «өзім жаздым» деді. Сосын «әке-шешем жоқ, жетім баламын, үйдегі төрт баланың үлкені менмін, егер көмектеспесеңіздер аштан өлеміз, колхозға кірмекші болып едім, жекенің баласысың деп алмады» деп жағдайды түсіндірді. Уәкіл оған аяй қарап, арызды асықпай оқып шықты да, «сауын сауа аласың ба?» деп сұрақ қойды. Ол «сауа аламын» деп нық жауап берді. Уәкіл енді Дәурен деген колхоз басқармасына: – Басқарма жолдас, мына балаға көмектесуіміз керек, әкесі үшін баласы жазықты емес, – деп өткір көздерін қадады. Колхоз бастығы: – Енді сіз айтсаңыз, – деп құптай жөнелді. – Менің атамның колхозға алынған құлынды көк биесі бар, егер соны берсеңіздер, құлынын сіргелеп, соны сауып күнелтер едік, – деп Марфуға өз ұсынысын айтты. Уәкілдің жүзіне күлкі үйірілді. – Қызым, дұрыс айтасың. Өзіңнің үйренген жылқыңды сұрап тұрсың ғой, жарайды. Ал етке сіздің шаңырақтан қанша мал тапсырылды, соны білесің бе? – Білемін. Әкем кезінде төрт ірі қараны етке өткізген, –деп Марфуға тақ ете түсті. Уәкіл жұмсақ жымиды. Сосын басқармаға өзінің көзінше екі сиырдың құнына орай бидай-тары бергізді. Сөйтіп, азық-түлік мәселесі шешіліп, Марфуға колхозға жұмысқа орналасты. Жазда пішен шабады. Бір күні колхоз төрағасы өзіне шақырып, қасындағы адамдардың Оралдағы балалар үйіне жетімдерді жинап жүргендерін айтты. Жас қыздың жүрегі бір жамандықты сезгендей аттай тулады. Бауырларынан тірідей айырылмақшы, ол жұлып алғандай: – Жоқ, сіңлілерімді өзім бағамын, – деп шыр ете түсті. Төраға Дәурен де, танымайтын кісілер де балалар үйінде жағдайдың жақсы екендігін, онда оқып адам болатындарын көлденең тартып, тілдері жеткенше түсіндіріп бақты. Тіпті сөздерінің соңында ол келіссін, келіспесін, бәрібір сіңлілерін алып кететіндерін ашық айтты. Бұл жүгіріп отырып Сибағат пен Қабираға барды, Жұбан деген жақын ағайынына да жағдайды хабарлады. Олар ұзақ кеңесті. Ақыры, Марфуға Жұбан ағайының үйінде қалатын болып, ал сіңлілері балалар үйіне кететін болды. Мұндай шешім жас қызға оңай тиген жоқ. Жүгіріп үйіне келді, естияр сіңлісі Жұмагүлге жағдайды айтып еді, ол «ешқайда бармаймын» деп шырқырады. Жақын-жуықтары айтқандай, он екі жастағы өзіне бауырларын асырап-сақтау оңай тимейтіндігін, тіпті қолынан келмейтіндігін түсінген ол енді сіңлісін үгіттеуге көшті. Ертеңінде жетім балаларды колхоз кеңсесінің алдына жинады. Азан-қазан, жылап-сықтау. Үш сіңлісін алып Марфуға да келді. Оларды жіберуге қияр емес. Сибағат пен Жұбан ағалары жұбату айтып, олардың «сен жылама, сонда олар да жыламайды, кейін хабарласып тұрамыз, өскесін бір-біріңді табасыңдар» деген сөздеріне сенді. Сенді де жылаған жоқ. Арбаға мінгісі келмей, қолды-аяққа тұрмай жылаған бауырларын жұбатумен болды, тек олар әбден ұзап кеткесін Марфуға жер бауыр­лап жатып алып, кішкентай қолдарымен жерді ұрғылап, шырқырап кеп жыласын. Сіңлілерінен тірілей айырылғанын сезінгенде жанын қоярға жер таппады. Сол кеткеннен сіңлілерінің үлкенін отыз жылдан кейін көретіндігін, ал екі кішкентайын өле-өлгенше көре алмайтындығын ол білмеп еді. Тірі кеткен әкесін де көруге тағдыр жазбапты. Қаршадай қыз ғұмырлық сағынышты жанына серік етіп жүріп есейді. Тұрмысқа шықты, он құрсақ көтерді. Жанұя бақыты қайғысын сейілткендей болды, бірақ әкесіне, бауырларына деген сағыныштан арыла алмады. Отызыншы жылдардағы ашаршылық, өзін жекенің баласы деп өгейсіткен жылдар, елді үрей билеген саяси қуғын-сүргін кездері, одан кейінгі сұрапыл соғыс сіңлілерін іздеуге мойын бұрғызбады. ...Нарын құмының Молшағыл жайлауына көшіп келгесін Жұмагүл сіңлісінен жазда маусым айының ортасында барамын деген хатын алды. Одан кейін Марфуғадан дегбір кетті, межелі уақыт жақындағанда шағыл басына шығып жол қарайтын болды. Құмға сирек қатынайтын машина дыбысы естілсе болды, балаларын жүгіртіп, өзі де асығыс далаға шығады. Бір күні түскі шайды алдарына ала бергендері сол еді, құм шағылда ойнап жүрген тетелес екі ұлы Мұрат пен Абат жүгіріп үйге кірді де: – Мама, Сырым ағамның пошта таситын машинасы келе жатыр! – деп қайта шыға жөнелді. – Жұмагүлжанды Төржан алып келе жатқан шығар, – деп Марфуға да жүгіре шықты. Балаларының айтқандары рас екен, өзін атын атамай Төржан дейтін қалада байланыс саласында қызмет істейтін қайнысының машинасын жазбай таныды. Ақ шағылға жүгіре шыққан ол алдарынан құлдыраңдай жүгірген екі балаға машинаның тоқтағанын көрді. Әне, көлік қорабынан қайнысы түсті, кабинадан етжеңді келіншек шығып, балаларын құшақтап жатыр. – Апырай, Жұмагүлжан болды ғой, Әжекемнің аруағы қолдасын, – деп ұрпақтары атын атамай Әжеке деп атайтын Сәт әулиеге сиынды. Сосын Марфуға басындағы жаулығын қайта-қайта түзеген күйі ілгері ұмтыла берді. Осыдан отыз жыл бұрын бір-бірінен көз жазып қалған екі қаршадай қыз бір-біріне қарсы жүгіріп келеді. Тап сол жолы жетім балалар тиеген арба тоқтап, Жұмагүл ешқайда бармаймын деп апасына кері жүгіріп келе жатқандай. Тіпті арада қайғы жамылған жылдар өтпегендей, көзіне шыланған жасты жаулығының ұшымен қайта-қайта сүртіп, жанары тұманданып кеткен Марфуға өзінен аумайтын сіңлісін құшақтап: «бар екенсің ғой, тірі екенсің ғой, айналайын!» деп айналып-толғана берді. Құшақтары айырылыспай, көздеріне ерік берген қос мұңлыққа ешкім қой деген жоқ. Тек қайнысы Сырым ғана: – Жеңеше, енді Жұмагүл құдашаның қыздарымен, жиендеріңмен амандаспай­сың ба? – деп күлді. Қараса, баяғы өздерінің жасындағы әрі өздерінен аумайтын апалы-сіңлі екі қыз тұр күлімдеп. Жиендерін құшақтап айналып-толғанған Марфуға: – Сендердің жастарыңда бір-бірімізден айырылып едік, Құдай сендерге ондай күнді бермесін, бақытты болыңдар, айналайындар, – дей берді. Сіңлісі қыздарымен он күндей үйлерінде қонақ болды. Апалы-сіңлілердің әңгімесі таусылар емес. Жұмагүл ауылдағы есінде қалған ағайын-тумаларды сұрады. Бектеміс әйелі мен балдызын ертіп, көліктермен құм өңірінде жақын маңдағы тума-туыстарын аралатты. – Апа, сіз маған қарағанда ол кезде есіңізді біліп қалдыңыз ғой, осы әкемнің Мерген деген жақын інісі болушы еді, ол қайда? – деп басқа да есіне түскендерді сұрады. – Сол жиырма сегізінші жылы біздің ағайындарды жер аударды. Мерген ағамды осыдан екі жыл бұрын таптым. Қазір қалада тұрады. Бір күні арабша жазылған хат алдым. Хат тасушы арабша түсінбей, мен ескіше оқи біледі деген соң әкелген екен. Қарасам, хат тура өзіме жазылыпты. Төте жазумен жазып жүрген кім екен деп таңғалып қалдым. Мерген ағамнан екенін білгенде қуанғанымды айтсаңшы. Артынша отағасы екеуміз облыс орталығына барып, ағаммен кездестік. Ағайдың айтуынша, кәмпескеге ұшыраған біздің ағайындарымызды Грузияға жер аударыпты. Әкемді басқа бір топпен Орал қаласына әкеткен көрінеді. Содан кейін хабары болмапты. Ал қалғандарын Кавказға апарыпты. Сірә, анамыз аяғы ауыр әрі ауру болған соң кәмпеске жасаушылар оны жолды көтере алмайды деп әдейі балаларымен ауылда қалдырып кетсе керек. Ал жер аударылғандарға таулы аймақтың ауасы жақпай, жерсінбей, үлкені бар, кішісі бар сол жылғы қыста көбі қайтыс болыпты. Жергілікті басшылардан рұқсат алып, бәрін бір жерге жерлеген екен. Кейін сол жерді грузиндер егінге жыртып жіберіпті. Олардың моласы жоқ дейді қазір. Мерген сол Грузияда жүріп герман соғысына алынады. Тек елуінші жылдардың ортасында туған еліне оралысымен мені іздеген көрінеді, бір таныстарынан менің қайда тұратынымды біліп хат жазғаны екен. Ал Сибағат пен Қабира құм төрінде Айбас деген жерде. Жұбан Оралда. Басқа ет-жақыннан ешкім жоқ. Өмір деген осы, баяғы бір қауым елдің тоз-тозы шықты, әркім тағдыр тауқыметін тартты, бастары ауған жаққа кетті, көбі бүгінде дүниеден озды. Әңгімесін аяқтаған апасынан Жұмагүл: – Анамыздың бейіті бұл жерден алыс па, апа? – деп сұрады. – Алыс, айналайын, алыс. Бекетай құмының Бәйгетөбе маңындағы Қоңыртөбе деген жерде. Тағы бір келгенде апарармыз. Оның үстіне ол жер әскери полигон аумағына қарайды екен, оны қазір «зона» дейді, әскерилердің бізді атақонысқа жібере қоюы екіталай. Апасы мұңайып, екі иіні шөгіп қалды. Ескі жараның аузын бекер тырнадым-ау деп өкінген сіңлісі әңгімені басқа арнаға бұрды. Отыз жылдан кейін табысқан апалы-сіңлі бір-бірін қимай қоштасты. Енді араларын небәрі үш жүз шақырым ғана бөліп жатыр. Келер жазда Марфуға сіңлісінің ауы­лына отбасымен барды. Бір-бірінен хабар үзбей өздері, балалары қатынасып, мәре-сәре болған жылдар жылжып өтіп жатты. ...Бір күні балалары түгел жиналып, анасына: «Сіздің сексен жасқа толған мерей­тойыңызды жасаймыз» деді. Ол «қайтесіңдер» деп көріп еді, көнетін олар жоқ. Жапырақ жайған ұрпақтарына күлімсірей қарап, «жарайды» деп келісімін берді. Тек үлкен ұлы Мұратпен оңаша қалғанда былай деді: – Әкең мен өзіңе тете інің Абатжан қайтыс болғанына да жиырма жылдан асты... Саған ризамын, бауырларыңды қамқорлап келесің. Мені Ұлдай келінім екеуің аялап бағып-күтіп отырсыңдар. Алла разы болсын. Енді сексен жас деген аз жас емес, дос бар, дұшпан бар, мерейтой жасағандарың бір есептен дұрыс та шығар. Алдымен мені әкең мен ініңнің зиратының басына апар, сосын Нарын төріндегі Бекетай құмына барып, туған жерді бір көріп қайтсам деп едім, әлгі әскери зона деген пәле қазір жоқ қой. Жұмагүлжан да ауру-сырқаулы, оған да барғаным жөн. Жай айтып отырғаным, бұл бүгін не ертең деген сөз емес, реті келгенде өзің қарарсың. – Жарайды, оған қам жемеңіз, бәрін де орындаймын, тек ұзақ жолды көтере аласыз ба? – деген баласына «шүкір, қазір тәуірмін, осы жасқа келгенше ауруханада жатып көрмеппін, бұл да Құдайдың бергені шығар, Алла жазса, көрерміз» деді. Анасының қалайда атақонысына барғысы келетінін ұлы түсінді де, жолға қамданды... Мерейтойы өткесін екі-үш айдан соң Марфуға әже төсек тартып жатып қалды. Балалары, сіңлісі Жұмагүл қасында бағып-күтті. Бір күні ол басын көтеріп, былай деді: – Жұмагүл, айналайын, екеуміз бала жастан жетімдікті көп көрдік. Жалғыздықтың, сағыныштың не екенін білсек, екеуміз білеміз. Шүкір, үйлі-баранды болдық, балаларымыз бар. Кешегі жетім қалған екі қаршадай қыздың бағы ашылды, ол кезде балаларымыздың арасында осындай бақытты да шалқып өмір сүреміз деп ойладық па, араға жылдар салып бір-бірімізді таптық, жасымыз болса ұлғайды. Құдайға шүкір, енді балаларымыз аман болсын, – деді. Мұнысы жан дегенде жалғыз сіңлісін енді тағы да жалғыз қалдырып, өзінің бұл дүниеден өтетін сәтінде бекем болуға жасаған ишараты еді. Сосын жастығының астынан іші арабша жазылған қалың қызыл дәптерді алып, «мұнда менің кейбір жазбаларым бар, қуанған, қайғырған сәттегі көңіл күй ғой, сақтап қоярсың» деп үлкен ұлының қолына ұстатты. Ғұмырлық сағынышын сыр етіп шерткен қызыл дәптерде анасының бала жүрегі де, ана жүрегі де лүпілдеп соғып тұрғандай еді...

Самат ИБРАИМ

4753 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы