• Әдебиет
  • 01 Маусым, 2011

Қос Мекебай кімдер еді?

d0b1d0b8d0b9-d0bcd0b8d0bad0b5d0b1d0b0d0b9Сырдария облысының әскери губернаторы болған (1883-1893) Н.И.Гродековтің «Киргизи». Каракиргизы Сырдаринской области» атты 1889 жылы Ташкентте шыққан кітабында көрнекті билер Торғай, сұлтан Дәулет Бошаев, Мекебай би есімдері аталып, суреттері берілген. Орыс генералының көзіне түсіп, сөзін өткізе білуі ғана емес, оған қазақ халқының салт-дәстүрі, билердің билік шешім-кесімдері, рулардың таңбасы мен ұрпақтары жайлы да мол деректерді бергендердің ішінде біз әңгімелеп отырған Мекебай би туралы да жазылған. Осы кітаптан бізге белгілісі – Мекебайдың би екені және Перовск уезінің қазағы болғаны. Осындағы Торғайдың атақты Мұстафа Шоқайдың бабасы екені, сұлтан Дәулет Бошаевтың Әбілқайыр ханнан тараған ұрпақ екенін біле алдық.Генерал Гродековтің аталған кітабы­ның бар екенін білге­німмен, қолыма ұстағаным 1998 жылдың 25 наурызы болды. Содан бері зерттеуші ретінде Мекебай би жайында іздестіре бастадым. Деректен дерек қудым. Ұрпақта­рынан сұрастырдым. Сондай іздестіру күндерімнің бірінде алтынның сынығы болған Орта Азияға белгілі Сералы Лапиннің інісінің қызы Әлима Лапинамен таныстым. Содан Лапы ұрпақтары жайлы тарихи танымдық зерттеу мақалам өмірге келді. Кейіннен қайта айналып, Лапы ұрпақтарының шежіресін талдау барысында Мекебай есімі алдымнан тағы шықты. Жақында бір мәжілісте өзім көптен танитын қарындасым Нұржамал Мырзамұратова және атақты Қожықовтардың ұрпағы Сәуле Қожықовалармен Мекебай би жайлы әңгіме болды. Сонда Нұржамал күле қарап: «Аға, ол менің тікелей бабам ғой. Мекебайдан тарағандарды білемін. Мен шөбере болып келемін» деп қарап тұр. Сөз арасында Сәуле сол Гродековтің кітабындағы Мекебай суретіне менің әкем Құлахмет «Бұл – Мырзахметтің әкесі» деп қаламмен белгі қойғанын да сөз етті. Тереңдей зерттегенімізде генерал кітабына енген сурет Мекебай Сұлтановтың суреті болып шықты. Н.Мырзамұратованың бабасы Меке­бай Сартов екенін мұрағат деректерінен анықтадық. Осылайша Мекебай бидің өміріне деген ізденісім арта түсті. Тағы бірде Әлима апаға телефон шалып сөйлескенімде былай деді: «Ол бір үлкен тарих қой. Менің әкемнің шешесінің аты Рзахия ғой. Осы шешеміздің бұрынғы күйеуі Мекебай ірі саудагер, би болған деп естіген едік. Ол жағын анық біле бермейміз. Осы Рзахия анамызды Мұңайтпас бабамыз алған (Мекебай мен атам сыйлас болған кісілер екен). Одан Әлиакбар, Жағыпар, Ләтипа, Күләнда, Әбдрахман туған. Мен Жағыпардың қызымын. Мырзамұрат кешегіге дейін Мұңайтпас баласы болып келді». Рзахия анадан туғандардың үлкені Әлиакбар шамамен 1887-1889 жылдары Перовскіде, ең кішісі Күләнда 1905 жылы туған болады. Рзахия ананың үлкені Мырзамұрат 1883-1885 жылдарда туып, 1932-33 жылдарда өмірден өтсе керек. Өйткені Рзахияның екінші күйеуге шыққаннан кейін туған ұлы Әлиакбардың туған жылы – 1887-1889 жылдар шамасы. «...Біздің үлкен анамыз өте сұлу адам болыпты, жас баласымен жесір қалады әрі бай екен. Жеңгелік ретінде ме, әлде басқа себептері болды ма, атамыз Мұңайтпас Мекебайдың әйеліне үйленіп, біздер содан тарағанбыз. Екіншіден, Мырзамұратты көзіміз көрді, бір көзінің ақауы болатын. Асқан мерген болды», – дейді Әлима апа. Мырзамұраттың әйелінің аты Аяжан – жаппас Еңкебайдың қызы. Мұңайтпас та – жаппас. Демек, осы жерде Мырза­мұрат Мекебайұлының басқа аталықтан екені айқындала түседі. Жалпы, Еламан жаппас Қалқаман бөліміне кіреді. Алайда жаугершілік кезеңдерде Еламандар жойылып кетуге аз-ақ қалған деседі. Еламаннан тараған Бестаз бен Жаушы ұрпақтары Қазақстаннның әр өңірінде кездеседі. Бірақ аз мөлшерде. Осы Еламан аталығынан тараған ұрпақтың бірі, 1870-1885 жылдарда Перовскіде билік жасаған билердің санатында Мекебай Сартовтың есімі кездеседі. Жалпы, Перовск уезінде, қазіргі Қызылорда қаласында елге есімі белгілі екі Мекебай болған. Бірі – Еламан Мекебай би Сартов, екіншісі – Жаппастың Мойнақ аталығынан тарайтын Мекебай би Сұлтанбаев. Генерал Н.И.Гродековтің кітабында: Мекебай би Перовск уезінің қазағы, одан ақсүйектер туралы сұрағанымда. ...«ақсүйектер бізге қалай қарайды, біз де солай жауап береміз» десе, «қалың мал» хақында Мекебай Сұлтанбаев былайша түсіндіріпті: 60 саулық, 60 тоқты, 1 түйе, 1 жылқы, 6 тұсақ, жалпы бәрін есептегенде, 47 бас ірі қара. Ең азы 27 бас ірі қара қалың мал беруі керектігін және тойлыққа дәулеттілердің 100 қой сойылатынынан хабардар еткен. Сырдария облысының әскери губер­наторы болған (1889 ж.) генерал Гродеков «Киргизы» Каракиргизы Сырдаринской области» атты кітабының бірнеше бетінде қазақ билерінің биліктері жайлы тоқтағанда Мекебай Сұлтанбаевтан басқа да билердің айтқандарын жазып алған. Осы кітаптың VI тарауындағы «Қалың мал» жөніндегі тоқтамдары би Мекебай Сұлтанбаевтың айтуы бойынша кітапқа енгізілген. Генерал Н.И.Гродековтің қазақ билерінің кесім, шешім жолдарын қамтыған Мекебай бидің Мойнақ Жаппас екенін, оның Құрымшыдан басталатынын кітаптан анықтадық. Сұлтанбайдың аға-інілері болған: Жайынбай, Сазанбай, Өзенбай. Сөйтіп, Мекебайдан тараған ұрпақтардың ізін таптық. Сұлтанбайдан біз әңгімелеп отырған Мекебай би, одан Әлібек тарайды. Әлібек ХХ ғасырдың басында парасаттылығымен, білімділігімен Перовскіде көзге түскен азаматтардың бірі болса, оның баласы Шадыман Әлібеков көп жыл Қызылорда облысының бір-екі ауданында аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Ал Сазанбай мен Өзенбай ұрпақтарынан Көтібардың қаздырған Сарқырама каналы бүгінге дейін Қызылорда қаласын көріктендіруде. Бастапқы зерттеу нысаны Еламан Жаппас Мекебай болса, енді екі Мекебай атты билерді (олар әрі замандас) зерттеуге тура келді. Алғашқы зерттеуімдегі Мекебай би және оның тұрмыс-тіршілігі, ұрпақтары хақында сөз етпекпін. Мекебай Сартов үлкен баласы Көшербайды алдымен Перовскіде, кейіннен Ташкентте оқытқан. 1895 жылы наурызда Самарқан обласының қазақтары марапатталған. Бұл турасында «Туркестанская ведомость» газетінің наурыз айындағы №1348 санында былайша жазған: «Письменному пере­вод­чику при Самаркандском уездном управлений, жителю Перовского уезда, Сырдаринской области, Царской волости, Кучербаю Мекебаеву. Се­ребряные медали с надписью «за усердие» для ношения на груди на Станиславской ленте». Міне, осы жазбадағы Көшербай Сартов – Мекебайдың баласы. Мекебайдың екінші ұлының аты Мырзамұрат, Райхан, Раушан атты қыздары болған. Мекебай ақсақал көзі тірісінде байлығы мен билігін басқару үшін үлкен баласын Самарқаннан алдырып, саудагерлікке баулыған. Көшербай екі қарындасының бірін палуандықпен көзге түскен Арқа жақтың қазағы Көшекке, Раушанды саудамен айналысып жүргенде танысқан Қазан татары Гали Дивеевке ұзатады. Г.Дивеевтен Шәкір, Мұхаметжан, Ахметжан туады. Ш.Дивеев гимназия бітіріп, әкесінің саудасын жүргізеді. Олардың әке-шеше­сі қайтыс болғаннан кейін Көшербай оларды қолына алып, Шәкірге саудасын басқартып, Мұхаметжанды өзінің атына жаздырады. Қазақстанда ішкі сауда комиссарын басқарған Шәкір Галиұлы мен Мұхаметжан фамилиялары бөлек болғанмен, бірге туған бауыр. Нағашыларының қасында болып қазақ аталып кеткен көрінеді. Оны көзкөргендер айтып та, жазып та жүр. Мекебай Сартовтың екінші ұлы Мырзамұраттан Балайым, Мұхамед-Шәріп, Мұхамед-Сарша, Мұхамед Әріп, Мұхаметқали туған. Осы Мұхаметқалидан (Ахметқали) туған бізбен замандас, қарындасымыз Нұржамал Мырзамұратова Ахметқалиқызы «Атам қайтыс болғанда менің әкем 1 жаста болыпты» дегенді айтады. Шәкір Дивеев пен Мұхаметжан 1937-1938 жылдардағы зобалаңға ұшырап, бірі атылса, екіншісі айдауда жүріп қайтыс болады. Мешітбай Құлбаев пен Мекебай Сартовтың есімдері ҚР Орталық мұра­ғатының 383-қорында тайға таңба ба­сылғандай жазылған. Еламан Мекебайдан тараған Көшербай, Мырзамұраттар және туған жиендері Шәкір Дивеев халық комиссары болып, Мұхаметжан оқу-ағарту саласында еселі еңбек еткен жандар. Тынышбек Дайрабай, зерттеуші

3588 рет

көрсетілді

35

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы