• Әдебиет
  • 01 Шілде, 2011

Көңілдегі күдік

Егер біреу Айнұрдан «Кімді жақсы көресің, папаңды ма, мамаңды ма?» десе, «Папамды» деп тақ ете қалар еді. Иә, ол кезде Айнұр қолды-аяққа тұрмай зыр қағып жүрген алтыдағы бармақтай бүлдіршін-тұғын. Қазір он алтыға келді, есейіп бойжетті. Еңді әлгі сұрақты өзіне-өзі қоятын болып жүр. Жауабы да дайын, әрине, папасының. Ал мамасы ше, осыған келгенде кәдімгідей тосылып қалады. Жек көрмейді ғой, бірақ жақсы көре ала ма? Айнұрдың өз сұрағына өзі жауап бере алмай қалатын жері осы! Ойлап қараса, мамасы папасына ұрыса береді екен. Кеше де, арғы кү­ні де ұрысты. Бұл ес білгелі папасы мамасынан сөз естіп келеді. Неге ұрыса береді? Айнұр осыған тү­сін­бейтін. Ойлап-ойлап жақында түсінген сияқты болды. «Мамам папамды менсінбейді» деп түйді. Ал неге менсінбейді? Басы қатады. Әкесі, Айнұрдың ойынша, сымбатты адам, ұзын бойлы, кең иықты. Қияқ мұрты бар. Баз бір адамдар сияқты ұсқынсыз емес, оның үстіне арақ ішкенін көрмепті. Кластағы балалардың папалары жұмыстың жоқтығын желеу етіп ішкілікке салынып кеткенде, ол қолына кетпен, күрек ұстап, үй жанындағы бақшадан шықпайтын. Көкөністің неше түрі Қалибек өсірген бақшадан табылады. Бұлардың дастарқаны содан бері көкөніссіз болған емес. Артыл­ғанын базарға өткізеді. – Қалибек «маладес» қой, – деп мақтаған көршілердің сөзін талай естіді Айнұр. Бірақ мамасы папасының бұл ісіне бәрібір қанағаттанбайды. «Жұрттың еркектері сияқты қалаға барып жұмыс істеп, неге ақша таппайсың, не мынау шалдың тірлігін істеп. Қашанғы мен тапқан ақшаға масыл бола бермексің» деп бет бақтырмайды. Айнұр анасы Фариданың пиғылын түсіне бастады. Көп тапқан үстіне көбірек тапса екен, ақшаны пора-пора қып алдыма үйіп қойса екен дейді. Ал қалай табады, қайдан табады, мамасының онымен түк шаруасы жоқ. Осыдан соң жақсы көру, көрмеу туралы қалай ойланбайсың? Міне, тағы... Ертең – Айнұрдың туған күні. Он алтыға толмақшы. Сөзді әдеттегідей Фарида бастады. – Қызың он алтыға толды, біліп отырсың ба? Туыстар құттықтап келмекші. Үйде бір асым ет жоқ, дастарқанға не қоясың? – Қорадағы қойды сояйық. Сол сол-ақ екен, Фариданың көзі атысып-шабысып шыға келді. – Әй, сорлы, ол қойды Жаңа жылда соямыз деп едік қой. Ел қатарлы соймаймыз ба, сонда. Әбден қайыршы болдық қой. Құрыдық қой. Қалибек үнсіз шарасыз қалпы орнынан сүйретіліп тұрды. Үйден шықты. Ойы – базар жаққа бару. Біреуге жалданса да бір асым етке ақша табу. Фарида күйеуін оқты көзімен шығарып салды. Базар маңын сыпыратын шал ауырып, жұмысқа шықпай қалыпты. Сыпырғышты қолына алды. Ет сататын шайпау қатынға жүкші керек екен. Сөзге келген жоқ, жүкке арқасын төседі. Кешке дейін тыным тапқан жоқ. Еңбегіне төрт келі ет алды. Қалибек соған қуанды. Жүгіріп үйіне жетті. Үйден Фариданың көңілді үні естіледі. «Тым болмаса бүгін тыныш болатын болды» деп ойлаған қалпы, үйіне еніп еді, төргі бөлмеде есіп, сөйлеп отырған жігітке көзі түсті. Қатып киініп алыпты. Үстінде су жаңа кәстөм, аппақ көйлек, көгілдір түсті галстук. Бәлекет, қалай айтса да өзіне жарасып тұр. Қалибекті көре сала, екеуі де айтып жатқан әңгімесін сап тыйды. Бейне ол екеуінің қызық әңгімесін мына бір жаман аула сыпырушы, жаман жүкші, жаман бақшашы бұзып жібергендей. Бұған жақтырмай, тосырқай қарады бір сәт. Бірақ Фарида сұм ғой, дереу өзгеріп, өтірік күліп келіп Қалибектен етті алды, қазанға салды. Қонақты таныстырды. Ауыл әкімінің осы жақында келген орынбасары екен. Фарида – сол жерде хатшы. Туыстар келеді дегені осы боп шықты. Басқа ешкім үйге бас сұққан жоқ. Айнұр да көрінбейді. Бөлмесінің есігін ақырын ашып қарап еді, ол бүк түсіп, теріс қарап жатыр екен. – Қызым-ау, мамаңа көмектесе ғой, – деп шашынан сипағаны сол екен, Айнұр жатқан орнынан атып тұрды. Жүзінен реніш табы еседі. – Папа, мамамның қонақ дегені анау біреу ме? Қуып жіберіңізші үйден! Ұнамайды! – деп ызаға булығып, бөлмеден шықпай қойды. Дастарқан басында әлгі қонақ туған күн иесін еске алмады. Фарида да еске түсіре қоймады. Бейне бір туған күнге емес, жай ішіп-жеуге жиналған сияқты. Қалибек мынау мылжың қонақтан тезірек құтылуға асығып еді. Өйткені базар сыпырып тапқан тиын-тебенге бұрыннан жиып, тығып жүрген ақшасын қосып, жасыл көзі бар күміс сырға сатып алған, соны қызына бағана-ақ сыйлаймын деп келе жатыр еді. Есінен тарс шығып кетіпті. Сол ойына түсіп, тыпыршып отырысы мынау. «Ойпырм-ай, мына қылқа мойын ұятсыз екен, күйеуі, бала-шағасы бар әйелдің үйінде түннің бір уағына дейін тапжылмай отырып алғаны несі?!» деп ойлап, ызасы келді. Ақыры, бұның төзімі таусылар шақ туғанда ғана қарасын батырды-ау. Қалибек жүгіріп барып, бұртиып жатқан қызының құлағына күміс сырғаны салды. Тосын сыйлықты көрген Айнұрдың сондағы қуанғанын айт. Түнеукүні Перизат құлағына күміс сырға тағып сабаққа келгенде қыз біткен таңдай қағып қызыққан-тұғын. Содан бері «менің де күміс сырғам болса екен» деп армандайтын. Міне, сол арманы аяқастынан орындалды да қалды. Папасының мойнына асылып, шөп еткізіп бетінен сүйіп алды. Әкесін жан жүрегі елжіреп жақсы көретінін шын сезінді. Сол күні реніш-өкпені жуып шайған оқиға болды бұл. Айнұр қылқа мойын қонақты біржола ұмытар ма еді, қайтер еді, ертеңіне тағы бір оқиға шыға келмегенде. Бір оқиғаға бір оқиға себепші ғой, сол күні ауыл ішіндегі су құбырлары қаңсып, кеуіп қалыпты. Қолына шелекті ала салып, ауыл сыртындағы су мұнарасына жетпей ме? Бетон қалқаның сыртынан самбырлап сөйлескен екі әйел су алып келе жатыр екен, әңгімесі бұның шешесі туралы. Қалқа түбінде қалт тұра қалып, еріксіз құлақ тоссын. – Кеше Фарида әкімнің орынбасарын қонақ қылыпты. – Неғыл дейді, үйіне ме? Байы қайда екен? – Қызымның туған күні деп құтылыпты. – Жағымпазданып жүр десейші. – Құр жағымпазданса түк емес-ау, анау оның көңілдесі дейді. – Масқара, ол көргенсіздің сондайы бар ма? – Естімеп пе едіңіз, осы ауылда ол екеуінің ойнас жасап жүргенін білмейтін адам жоқ. – Күйеуі жігіт-ақ еді, сорлап қалды десейші... Айнұр қолындағы шелекті түсіріп алды, темір шелек салдыр-гүлдір етіп тасқа соғылды. Анау екі өсекші қатын сонда ғана бұрылып қараған. Жан дүниесі астан-кестен болған қыз шелекке қайырылып қарамастан үйге қарай ышқына жүгіріп бара жатып, көзіне мөлт-мөлт жас үйірілді. Табан жолы бұлдырап, сүрініп құлай да жаздаған. Шешесін қанша жерден кінәмшіл, қанша жерден ұрысқақ деп кінәласа да, дәл мынадай суық жүрісті деп ойламапты. Масқара! Енді қайтті?! Бетіне енді қалай қарайды? Қалайша енді мама дейді. Күнәға белшеден батқан шешесі емес, дәл өзі сияқты жүзі дуылдап өртене жөнелді. Мөп-мөлдір бұлақ бастауындай таза сезіміне біреу тас лақтырған сынды жүрегі лоқсып, үсік шалғандай тұла бойы дірілдеп-қалшылдады. Жүгіре-жүгіре өкпесі өшуге айналыпты, жол бойында жар­биып тұрған жаман талды айналып, жұрт көзінен таса қалқада көз жасына ерік беріп, өксіп-өксіп жылады. «Папама айту керек» деп шешті жолға қайта түскен соң. Сәлден соң бұл ойынан айнып, ауылдық әкімдік орналасқан үйге кілт бұрылды. Неге бұрылғанын өзі де білмейді. Көкірегін ыза ма, өкініш пе, өшпенділік пе, әйтеуір, әдеттегіден тыс жайсыздық күйдіріп барады. Қабылдау бөлмесінің есігін жұлқа тартып шалқасынан ашып қалып еді, шешесі әлгі қылқа мо­йын кісінің галстугін түзеген боп, көзіне көзін қадап, әлдене деп сылқ-сылқ күледі. – Мама! – Дауысы шатынай шықты. – Сені папам шақырып жатыр. Үйге жүр. Шалт бұрылып, далаға атып шықты. Фариданың түрі бұзылып, қызының сонынан о да жөнелді. Айнұр жүгіре басып бара жатыр екен, жеткізер емес. – Тоқта, тоқта деймін. Қызы қайырылып қарамады. – Сен көргенсіз мені масқара қылдың ғой. Тоқта деймін. Анау сүмелек әкең екеуің өлтіретін болдыңдар ғой. – Өзіңді-өзің масқара қылып жүрсің, – Айнұр сонда ғана бері бұрылып. – Неге... неге анау адаммен... – Не боп қаппым ол адаммен? – Кенет долданып, шаптыға сөйледі: – Ол адам біздің жерді сатып алмақшы. Қымбат бағаға. Кім береді бізге ондай ақшаны, а?! – Иә, саған, ол сенің... сенің... – Не, не деп тұрсың?! – Ол сенің көңілдесің екен! Осыны айтқанда Айнұрдың көзінен ыстық жас ытқып кетті. Кілт бұрылып жүгіре жөнелді. Желке тұсынан ырс-ырс етіп Фарида да қалар емес. – Білгің келсе... білгің келсе, – деп демігіп, тістене сөйледі Фарида, – айтайын, сүмелек әкеңнің қолынан түк келмейді. Еркек емес, еркектен садаға.Ал, мына кісі мені үлде мен бүлдеге орайды. Білдің бе? Айнұрдың бұдан соң өмір сүргісі келмеді. Әлдеқайда, көз көрмеске, құлақ естімеске біржола қарамды батырсам деп ойлап еді, бірақ қайда барады, жеме-жемге келгенде баратын жері де жоқ екен. Әрі әкесін қимады. Шешесінің қылығын жайып салсам деген ойынан да айныды. «Бұны естісе онсыз да қамығып жүрген папам не болады?» Әкесін аяп, қатты дағдарды. Содан бастап шешесі әкесіне басқа бір тосын әңгіменің шетін шығарсын. «Қалталы клиент табылып тұрғанда жерді сатайық» дейді. Бірте-бірте үдеп, содан басқа әңгіме таусылып қалғандай үйге келсе болды, миын ашытып, басын қатырады. – Жердің арқасында күнімізді көріп отыр­мыз, сатпаймыз, – дейді әкесі шыр-пыр болып. Фарида­ның соны қалай ұқпайтынына таңғалады. Түсінбейді. Қақсай-қақсай жағы талып шаршады ма, Фарида ақыры ол туралы сөз қозғамайтын болды. Жеңіліп тынды. Үй ішінде тыныштық орнады. Ұрыс та, керіс те жоқ, шешесі қабағын тарс жауып, қашан көрсең сазарады да жүреді. Бұларға оның сол жері батады. Мүмкін бір күндері бұл да ұмытылар ма еді, қайтер еді, төбесінен жай түскендей тағы бір оқиғаға тап болмағанда. Құдай шебер неге ғана басқаны емес, осы үйге көлеңкесін түсіре береді екен деп мектептен келе жатып көңілсіз бір ойға берілді. Сол қалпы табалдырықты аттады. Үй іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Шешесі жұмыстан келе қоймаған сыңайлы. Әкесі болса қыбыр-жыбыр жұмыстан шаршаған ба, диванда бүк түсіп, теріс қарап ұйықтап жатыр. Оятып алма­йын дегендей аяғын ұшынан басып, өз бөлмесіне өтті. Киімін ауыстырды. Түскі асты әзірледі. Сонан соң ғана әкесін оятпақ боп төргі бөлмеге енген. Орнынан қозғалмапты. Сол бүк түскен қалпы қыбыр етпейді. «Папа» деп шақырғанына селт еткен жоқ. «Қатты шаршаған ғой» деп ойлады да, диван қасына тізе бүгіп, иығынан жайлап қозғады. Денесі біртүрлі боп-бос сияқты, былқ-сылқ етеді. Үңіліп жүзіне қарап еді, көзі ашық екен. Кірпік қақпайды. Айнұр шыңғырып жіберіп, әкесінің жансыз денесінен шегініп кетті. ...Жанындай жақсы көретін әкесін қайтпас сапарға шығарып салған соң-ақ Айнұр жапанда жалғыз қалғандай құлазып сала берді. Шешесі пана боп жарытпады. Еш жылуы жоқ бөгде біреу сияқты. Өмірлік серігімнен, жалғыз қызымның әкесінен айырылдым деп қайғырмайды. Марқұмның қырқын берген соң тіпті өзгеріп, баяғы жер сату деген әніне қайта басты. Дәу қара папкідегі қағаздарды ақтарып, жердің құжаттарын тауып алған күні алғаш рет бұған тіл қатты. Әкесі марқұм жерді Айнұрдың атына әлдеқашан аударып қойыпты. Енді Айнұрдың келісімінсіз сата алмасын біліп, қызына жалынып та айтты, ұрысып та айтты. Бірақ Айнұр қасарысып, шешесіне кеткен кегін осы жолы ғана қайтарғандай қара тас боп қатты да қалды. Жерді саттырмады. Адуын шеше бұл жолы да жеңіліп тыңды. Қылқа мойын бастық кісі содан қайтып бұл үйге аяқ басқан жоқ. Айнұр кейін естіді, шешесі сатпақ болған жердің үстімен бас жоспар бойынша үлкен жол төселмекші екен. Демек, бұл – әлгі жердің бағасы сол кезде шарықтап шыға келеді деген сөз. Осыны алдын ала білген қылқа мойын, шамасы, оңай пайдаға белшесінен қалуды ойлаған ғой. Әй, залым-ай. Кейінгі кезде Айнұрды басқа ой мазалайтын болып жүр. «Әкем қалайша ауырмай-сырқамай тапа-тал түсте жүріп кетті!? Ауырдым деп өмірі айтпаушы еді, қалайша... қалайша?» Осы сұрақ жатса да, тұрса да ойынан кетпейді.

Мақсат РСАЛИН

4479 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы