• Әдебиет
  • 07 Шілде, 2011

Сұңғыла сөздің сұлтаны

d181d183d0bbd182d0b0d0bdӘуезовті көрген күн Сұлтан аты болмаса да Сұлтандай, Адалдықтан келе жатқан бұлтармай. Даусың жетті батысқа да, шығысқа, Ғашықтарды тыпыршытқан іңкәрдай. (Мұзафар Әлімбаев)

Өткен заманнан сыр шертетін әр жәдігер сөйлеп тұрады. Мына бір сурет 1957 жылы түсірілген. Мұхтар Әуезов өмірінің бір сәтін әуесқой фотограф қарауылға іліктіріпті. Ұлы жазушы өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтуге Шыңғыстауға жол тартып бара жатып, Аягөзге аялдаған көрінеді. Қасында әйгілі Қаллеки – Қалибек Қуанышбаев. Мұхаңды қаумалаған жұртшылық. Әуезовтің артында екі жағынан өр­шеленіп ұмсынып тұрған екі бала бірден көзге шалынады. Бұл ұландардың жасы ол кезде он алтыда еді. Ұлы Мұхаңның желке тұсында тұрған екі перзент те кейін елге танымал азамат атанды. Оның бірі – бүгінгі белгілі дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Кенже Маусымбаев еді де, екіншісі қазіргі майталман журналист-жазушы Сұлтан Оразалинов болатын. Бала Сұлтанның бұл суретке Әуезовпен бірге түсуі кездейсоқ емес. Ол озат оқушы ретінде жазушымен кездесуде сөз сөйледі. Әйгілі қаламгерге ағынан жарылып тілек айтты. Жас жігіт ұлы Әуезовті көруге бекерден-бекер іңкәр болған жоқ-ты. Өзі Абай ауылында туып, ержетті. Бала күнінен Абай мен Мұхтар туралы әңгімелерге қанықты. Бұл ауылдың баласы мен данасын бір-бірінен ажырата алмайсың. Қай-қайсысы да ылдидан салса, төске озады. Шетінен жанына жанап кетсең, шежіреден толғап, сөйлеп тұрады. Абай атамның өнегелі ғұмырының әр сәтінен сыр суыртпақтайды. Сұлтан да сондай сұңғыланың бірі болып өсті. Ағасы Кәмен жас күнінен-ақ аймаққа кең танымал қаламгер атанды. Ауылда тұрып-ақ алты Алашқа аты мәлім болды. Абай ауылының өнегесі, үй ішінің тәлімі Сұлтанды да сөз қадірін білуге үйретті. Бар болғаны бесінші сыныпта оқитын бала Құндызды ауылының бүкіл қарттарының алдында жаз бойы «Абай жолының» екі томын оқып шықты. Дәлірек айтқанда, күллі ақсақал Сұлтанды өздері аттай қалап, орталарына шақырып алды. Әйтпесе, Абай, Шәкәрім, Мұхтар шыққан бұл өңірде кітапты мәнерлеп оқитын бала аз емес еді. Баланың да баласы бар. Сұлтан айтайын деген санасымен ұғынып, жанымен беріліп, ықыластанып тұрып оқитын. Бұл шалдар – тегін шалдар емес. Абай ауылының ақсақалдары. Роман-эпопеяның кейіпкерлерінің ағайын-туыстары. Біреуі – Дәркембайдың інісі, біреуі – Бөжейдің жиені, тағы біреуі – Базаралының бөлесі. Шетінен шығармада суреттелетін оқиғаның әр сәтін жатқа біледі. Сөйте тұра, алғаш рет естіп отырғандай зейін қоя тыңдайды. Сұлтан оқып болған соң қызу талқы басталады. Сол кезде Шыңғыстаудың бөктері Абай рухымен тыныстап тұрады. Қаршадай күнінен соны көріп өскен Сұлтан Әуезовті көруге құмартпай қайтсін?! Абай ауылының тағы бір талантты перзенті, бүгінгі белгілі ақын Бауыржан Жақыптың бота тірсек бозбала кезінде қыз-қырқынға арнаған мынадай өлеңі бар еді: Саған да ашық есік әр, Менімен келсе, жұпталғың. Келіні болсаң, несі бар, Ұлы Абай менен Мұхтардың! Осыны естігенде журфактың әсершіл бойжеткендері жырға айналып, ағып кете жаздайтын. Абай ауылы туралы естеліктің, Абай елін суреттеудің өзі кез келген өлеңге қан жүгіртетін. Сол қастерлі мекенде туып-өсіп, ақылман ақсақалдардың алдында «Абай жолын» оқып, даланың әдеби емтиханынан мінсіз өтіп келген Сұлтан Қазақ мемлекеттік университетінің аудиторияларын жатсына қойған жоқ. Оқыған-тоқығаны көп, әдебиетті тәуір білетін бозбала өзінен жоғары курста оқитын қазақтың талантты жігіттерімен емін-еркін араласты. Сол кездің өзінде әдеби ортаға ептеп танылып қалған Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин сынды жас қаламгерлермен достасып алды. Екі досы мұны дедектетіп отырып, өздерінің аудиториясына алып кетеді. Себебі бұл курсқа Мұхтар Әуезов лекция оқиды! Ал төменгі курстағы Сұлтандарға ғұлама әзір дәріс бере қоймайды. Сондықтан бұл да олардың арасына ықыластана барады. Ал енді Әуезовтің лекциясын тыңдау дегенің рахат! Жастар Алматының барлық оқу орындарынан жиналады. Залда кейде ине шаншар орын болмайды. Бұл екі досының ортасында отырып, Әуезов оқыған Абайтану дәрістерінің иірімдеріне терең бойлайды. Абай туралы лекцияны Абай елінің перзенті болып тыңдаудың жөні бөлек. Бәрі таныс, бәрі анық, бәрі белгілі... Бірақ ұлы ғұлама сөйлеп кеткенде таныстан гөрі таңсықтың, белгіліден гөрі беймәлімнің көбірек екеніне көзі жетті. Абай әлемі түпсіз тұңғиық көрінеді. Әуезов соның бәрін жас шәкірттерінің зердесіне жаттатты. Студент Сұлтан Мұхтар Әуезовтің 1961 жылы жастармен өткізген кездесуіне де қатысты. Рухани өміріміздегі айрықша оқиға болған бұл басқосуды университеттің әдеби бірлестігінің жетекшісі Әбіш Кекілбаев ұйымдастырып еді. Мұхаңның бұл кездесудегі сөзі «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деген тақырыппен баспасөзде жарияланды. Біздің кейіпкеріміз де барлық әріптестері секілді сол залдан қанаттанып, әдеби өмірге үлкен жолдама алып шықты. Тікелей эфир тәлімі Талант, дарын, дариядай ынта, дем, Еншісіне ерте тиген Сұлтан ең. Анық толған кезің, білем, бұл сенің, Танып болған қазақ түгіл, сырт әлем! (Сәкен Иманасов) Кейіпкеріміздің қай қыры да атап айтуға тұрарлық. Қарымды қаламгер. Қажырлы қайраткер. Ұтымды ұйымдастырушы. Білікті басшы. Абыройлы азамат. Осы тұлғалық қасиеттерінің біразы тележурналистика арқылы танылды. Жиырма жыл бойы Қазақ телевизиясында қызмет істеді. Жас күнінен қалың қазаққа кең танымал болды. Қазақстанның маңдайға басқан жалғыз телеарнасы Сұлтан Оразалинов деген бой-сойы келіскен жігерлі жігіттің жайдары жүзін жұртшылықтың жадына жаттатты. Теледидарда бір-екі жыл жүргізуші болып қызмет істеген адамның бет-әлпетінің өзі елдің есінде қалып қояды. Ал жиырма жыл бойы телеэкраннан түспеген Сұлтан үлкен-кіші түгел танитын тұлғаға айналды. Ол жылдардағы хабарлардың дені тікелей эфирде жүрді. Ал аузыңнан ағытылған лебіз бірден жалпақ әлемге тарап жатқанын сезінгенде ішкі толқынысыңды басып, сөзіңді жұптау оңай емес. Әріптестері Сұлтанның тікелей эфирде аспай-саспай, асқан салқындылықпен сөз сабақтап отыратынына таңғалатын. Атағынан ат үркетін мейманның өзі де оның мысын ешқашан басып көрген емес. Әңгіменің тізгінін бірден қолға алады. Қонақтың тілін тауып, жүрегіне терең бойлап, жан дүниесін ашып, тікелей эфирде сәт сайын жасын ойнатып отырады. Сұлтекеңнің алдында ашылмайтын адам, көсілмейтін қонақ болмайды. Сөзге сараң, томаға-тұйық тұлғалардың өзі бір ақтарылып алған соң тоқтамай дамылсыз сілтейтін. Оның талантты тележурналист екені талассыз мойындалды. Сол тұста бүкіл қазақ көрермені телеэкраннан көз алмай телміре қараған «Сұхбат» хабары ұлт руханиятының сыр сандығына айналды. Қазақ әдебиетіндегі алыптар шоғырының өкілдері, солардың сарқыты саналатын қабырғалы қаламгерлер «Сұхбаттың» төріне шықты. Оларды телехабарға шақырып, салиқалы сөз айтуға көндіру оңай шаруа емес-ті. Себебі әрқайсысы өзінше бір әлем. Қилы-қилы тағдырдың, қиқы-жиқы мінездің адамдары. Сұлтекеңнің тарпаңның тілін табатын ептілігінің, тәуекелге басатын табандылығының арқасында талай арысымыздың текті тұлғасы, белгілі бейнесі, сұңғыла сөзі таспаға таңбаланып қалды. Аты ардақты, заты зиялы Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Шыңғыс Айтматов, Сапарғали Бегалин, Әбділда Тәжібаев, Ілияс Омаров, Ілияс Есенберлин, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов, Құрманбек Жандарбеков, Сәбира Майқанова, Қапан Бадыров, Мұхамеджан Қаратаев, Тахауи Ахтанов, Асқар Тоқпанов сынды бүгінде бейнесі сағынышқа айналған асылдарымызды көзі тірісінде әңгімеге тартып, хабар әзірлеп, баға жетпес құндылыққа айналдырған Сұлтан Оразалиновтың еңбегі өлшеусіз. Тіпті оның Ғабиден Мұстафинмен сұхбат түріндегі «Куәгердің көзімен» атты әдеби телехабары Мәскеудің бірінші телеарнасы арқылы бүкіл Кеңес Одағына көрсетілді. Одақтас республикалардағы әріптестері «Сұхбаттың» мазмұны мен формасын үлгі етіп ұстанды. Кейбірі кейін «Сұхбаттың» үрдісімен үндес бағдарламалар әзірледі. Олар да алыптары мен арыстарының бүгінгі болмысын тележазбаға бедерлеп қалуға тырысты. Елге келген мәртебелі мейман­дардың Сұлтекеңнің сұхбат отауына кіріп-шықпағаны жоқ. Түркітілдес мемлекеттердің әлемге танымал өкілдерін өз тілдерінде сөйлетіп, соған қарамастан бір-біріне ұғынықты ортақ әңгіме жүргізген кезі де болды. «Сұхбат» өз елімізде ғана емес, көрші елдерде де дамылсыз жалғасып жатты. Сұлтекең Ташкентке арнайы барып, осы шаһарда өткен Азия және Африка жазушыларының конференциясына қатысуға келген Мұстай Кәрім, Қайсын Құлиев, Шыңғыс Айтматовтармен әңгімелесті. Хабар қазақ, қырғыз, башқұрт, балқар тілдерінде жүргізілді. Бұл сол кезең үшін ғаламат жаңалық болып саналатын еді. Сұлтекең әр жылдарда Мысырдың атақты ақыны, Лениндік сыйлықтың лауреаты Абдрахман әл-Хамиси, Пәкістанның көрнекті ақыны Фаиз Ахмед Фаиз, Үндістанның белгілі жазушысы Субхаш Мукерджи, Палестинаның ұлы ақыны Муин Бсису, жапон қаламгері Ватанабэ Татэо, ливан ақыны Битар, конго ақыны Леопольд Мамансо-Пинди, орыс жазушысы Данил Гранин, авар ақыны Расул Гамзатов, өзбек ақыны Зульфия сынды марқасқаларға микрофон ұсынып, қазақ әдебиеті туралы бағалы пікірлерін жазып алды. Сөйтіп, осындай құнды дүниелерді Қазақ теледидарының алтын қорына қосты. Танымал тележурналистің «Қы­мызхана», «Кездесу», «Шұғыла», «Айтыс», «Халық қазынасы» атты хабарлар циклі, «Кек», «Отырар ойраны», «Қашқын», «Өлім фабрикасы» атты телеқойылымдары қазақ көрерменін көгілдір экран алдына жіпсіз байлады. Теледидардағы танымалдығының арқасында талай қызметке шақырылды. Бірде ғылыми еңбегін оқып көрген екі ағасы қолқа салды. Екеуі де – атағы жер жаратын айтулы азаматтар. Бірі – әйгілі партизан-жазушы Әди Шәріпов. Екіншісі – әдебиетіміздің алыбы Әбділда Тәжібаев. Бұл кісілер бір мекемеде – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет істейді. Бірі – директор, екіншісі – бөлім меңгерушісі. Ғабдол Сланов туралы монографиясы ғылыми ортада лайықты бағаланып, мерейі өсіп жүрген Сұлтан бұл ұсынысты теріс көрген жоқ. Алайда Телерадио комитетінің төрағасы Кеңесбай Үсебаевтың бір ауыз сөзі тоқтау салды. — Теледидарда елдің көз алдында отырсаң, әлі де талай қызметке шақырыласың. Танымалдығың алдағы уақытта да биік белестерге жол ашады! Содан микрофонды сығымдап ұстап, тұлғалармен тілдесуге қайта кірісті. Ақыры, қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов айтқандай, «Телетарих бетінде ұлтан болмай, Сұлтан болып қалды». Қос Ғабеңнің ғибраты Небір ірі қазақтың тұлғасымен, Бірге жүріп, қадамды бір басып ең. Ғабиденді қолтықтап, Ғабеңменен, Бақты жаяу аралап, сырласып ең. (Қонысбай Әбіл) Журналист-жазушының қос Ғабеңмен сұхбаты талайдың зердесіне жатталып қалды. Бұл хабарды үлкен-кіші теледидар алдында телміріп отырып күтетін, рахаттанып тұрып көретін. Ол кезде біз оқуға жаңа түскен студент едік. Теледидардан қара шал мен сары шалдың екеуімен де терезесін тең ұстап, бақ ішінде аяңдап қатар жүріп келе жатқан Сұл­те­кең мықтылардың мықтысы секілді көрінетін. Баппен сөйлейтін сырбаз Ғабит Мүсірепов те, ойы орнықты, сөзі сали­қалы Ғабиден Мұстафин де оған ағынан ақтарылады. Демек, Сұлтекең олар­дың жүрегіне жол тапқан. Әйтпесе, он жерден микрофон ұсынып, әңгімеге тар­тсаң да ашылмайтын адам ашылмайды. Кеңестік дәуірде қазақ әдебиетінде есімі қатар аталатын төрт қаламгер болды: Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин. Осы ретпен айтылады. Алдыңғы екеуі өмірден ертерек кетті де, сексенінші жылдардың орта тұсына дейін ғұмыр кешкен қос Ғабең әріптестерінің аялы алақанында болды. Бірақ екеуі де ел алдында жарқылдап шығып, үнемі жұрт назарында жүретін жария тұлға болған жоқ. Бірі – күй талғайтын кербез, жан талғайтын тәкаппар. Екіншісі – оңашалықты тәуір көретін біртоға, тұйық. Қысқасы, бабы келіспесе, екеуі де өздігінен теледидарға сұхбат беретін адамдар емес. Олардың тілін Сұлтан ғана тапты. Сұхбаттың тек телевизиялық нұс­қасын көретін көрермен мұның аржағында қаншама жанкешті тірлік бар екенін білмейді. Хабардың авторы өзі онсыз да жақсы білетін қос алыптың шығармашылығына қайта үңіледі. Кітапханаға барып, том-том кітаптарды дамылсыз ақтарады. Олар туралы отандық және одақтық баспасөзде не жазылғанын анықтап, түгел сүзіп өтеді. Ол аздай, қос Ғабеңнің кейіпкерлерінің әлеміне саяхат жасайды. Түптұлғаларды тиянақтылықпен зерделейді. Қаламгерлердің адами болмысы, тұлғалық табиғаты туралы ой жинақтайды. Содан соң барып, микрофонды қолға алады. Талғамы терең, талабы жоғары Ғабаң да, Ғабең де Сұлтекеңе қатты ризашылық танытты. «Сұхбат» қос алыптың онсыз да биік беделін одан әрі асқақтата түсті. Сұлтан Оразалинов қара шал мен сары шалдың жан дүниесіне жақынырақ үңілгісі келетін көрермен үшін көзге көрінбейтін көпір салып берді. Әйгілі жазушылар өзінің оқырмандарына ішкі сырын ақтарды, жүрегінің түбіндегі сөзін айтты. Бұл бір елдің аузынан түспейтін хабар болды. Халық «Сұхбатты» қайталап көруден жалықпады. Сол тұста қос Ғабеңнің де көңілі көтеріңкі жүрді. Екеуінің бірін-бірі қалжыңмен қажайтыны, ел ішіне кеңінен тарап кеткен әзілдері жеткілікті екені баршаға мәлім. Сұлтекеңнің «Сұхбат» хабары да қос алыптың кезекті қалжыңына өзек болды. Ғабит Мүсірепов бірде Ғабиден Мұстафинге былай депті: «Әй, Ғабиден, осы Сұлтан екеумізге екі түрлі қарайды-ау деймін». «Е, неге?». «Сені түсіргенде жарығы да, бояуы да жақсырақ көрінеді. Маған келгенде бәрі де көмескі тартады. Сірә, сол сені айрықша жақсы көретін болуы керек». «Пәлі, сол да сөз боп па, – дейді Ғабиден кеңк-кеңк күліп. – Ол екеумізді де жақсы көреді. Мәселе Сұлтанда емес, бізде болып тұр ғой. Қайсымыздың тәуір екенімізді теледидардың өзі айна-қатесіз танытып тұрған жоқ па?!». Бұл әңгіменің ұзын-ырғасы осындай. Алыптар шоғырының жалпақ әлемге әйгілі қос бірдей тұғырлы тұлғасы қазақтың қай қаламгері туралы қай кезде осындай жарасымды қалжың қағыстырып еді?! Оның үстіне екеуінің де жас әріптестеріне ерекше ілтипатпен қарағаны байқалады. Әке мен шешенің кейде: «баламыз қайсысымызды жақсы кө­реді өзі?!» – деп еміренетіні бар емес пе? Құдды сол. Қазақ әдебиетінің әлемге танымал қос классигі сені дара «меншіктегісі» кеп, бір-бірінен «қыз­ғанып», әзілмен сөз таластырып отырса, не арманың бар?! Сұлтан Шәріпұлы – осы жа­ғынан алғанда да маңдайының бағы бар адам. Алыптардың Сұлтанға деген ыстық ықыласы мұнымен де бітпейді. Ғабит Мүсірепов «Ұлпан» атты кітабына: «Сұлтан ініме! Бірге еңбектенген күн­дердің ескерткіші болсын» деп қолтаңба қалдырыпты. Ал Ғабиден Мұстафин болса, «Ой әуендері» атты кітабының алғашқы бетіне: «Бағытың дұрыс, өсіп келесің. Өсу жолыңда талай белестер бар, шаршап қалмай, белестерден аса берсең, мен қуана берем» деп жазыпты. Бұл бүкіл әлемді аузына қаратқан атақты жазушылардың қатардағы оқырманға қарата жай айта салған сөзі емес. Жанында жүрген, әңгімесі жарасқан әріптеске жақындығын танытып жазған қолтаңбалар. Ұлтымыз ұлықтаған ұлылардан қалған құнды жәдігерліктер. Сұлтекеңнің ең қастерлі дүниелері де – осылар. Тілдің тынымсыз тірлігі Жатпайды біреулердей ішінде есеп, Ұсақтап көрген жоқсың, ісің кесек. Соңыңнан іні болып ерер ме едік, Сұлтеке, жан сырыңды түсінбесек. (Несіпбек Айтұлы) Кейіпкеріміздің кісілік келбетін тіл мәселесінен бөліп қарау мүмкін емес. Өйткені ол осы саланың көшін бастады. Тәуелсіз еліміздегі тіл саясатының негізін салды. Әлі күнге дейін тынысы кең ашылмай келе жатқан күрмеуі көп күрделі құрылымның іргетасын қалау Сұлтекеңнің пешенесіне жазылды. Үкімет құрамында тұңғыш рет құрылған Тіл комитетінің төрағасы болып бекітілген соң бұл іске құлшына кірісті. Тәуелсіздік енді ғана қолға тиген уақыт. Халықтың рухы жоғары. Елім деп егіліп, тілім деп төгіліп жүрген жұрт. Бәрі де жаңадан отау құрған Тіл комитетіне үмітпен қарайды. Бірақ салғаннан жұмысты өрістетіп әкету оңай болған жоқ. Кеңінен көсілуге қаражат қолды байлады. Не нәрсені де үнемдеуге үйренген қытымыр қаржыгерлер жаңа мекеме қызметкерлерінің санын көбейтпеуге ты­рысады. Ат төбеліндей топпен адам айт­қысыз ауқымды шаруа істеткенді қалайды. Сұлтекең тілдің кедергілерімен күресті бастамай тұрып, алдымен қаржының құлағын ұстағандармен арпалысты. Солармен күнде тәжікелеседі. Жұмыс істеуге қолайлы штат кестесін жасап, бекітуге апарады. Олар жобасын жонып-жонып, қидалап-қысқартып тас­тайды. Қидалауға да, бұйдалауға да көнбейтін Сұлтекең кестені қайта әзірлеп, басшылардың алдына кіреді. Бөтен біреу болса, жүнжіп кетер еді. Ал бұл мінезінің бірбеткейлігінің арқасында табандылық танытып, ақыры дегеніне жетті. «Егер жұмысты бастамай жатып, шөміштен қағатын болсаңдар, бұл қызметтеріңнің маған қажеті жоқ», – деп мәлімдеді. Осыдан соң көзге көрінбейтін кедергілер азая бастады. Сөйтіп, жанкештілікпен іске кірісті. Барлық облыстардан Тіл комитетінің құрылымдарын ашты. Тіпті аудандарда да тіл бөлімдері болды. Бұл бір тілдің түтіні түзу ұшқан уақыт еді. Тіл жанашырлары тілбұзарларға, жарымжан жарнамаларға қарсы күресті. Тіл комитеті елдің рухын көтеретін беделді мемлекеттік құрылым ретінде қалыптасты. Тыным таппайтын төраға елді соңынан ерте алатын тұлғаға айналды. Кейін бұл құрылым заманның ыңғайына қарай біресе ірілендіріліп, біресе ықшамдалып, талай оңтай­ландыруды бастан өткерді. Соған қа­рамастан тіл майданының сардары ре­тінде танылған Сұлтекең өз міндетіне адал болды. Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының бірінші орынбасары, Білім және мәдениет министрлігі Тіл саясатын үйлестіру департаментінің директоры, Әділет министрлігі Құқықтық насихат, мемлекеттік тілді дамыту және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры болып қызмет істеген Сұлтан Оразалинов күні бүгінге дейін пайдаланылып жүрген бірқатар құнды құжаттарды әзірлеуге басшылық жасады. Ұлты қазақ азаматтарының аты-жөнін дұрыс жазу тәртібі туралы ереже, қазіргі қолданыстағы «Тіл туралы» Заң Сұлтекеңнің тұсында өмірге жол ашты. Бұқаралық ақпарат құралдарының тіліндегі олқылықтарды реттеуге күш салды. Егер тіл саласындағы бірқатар батыл бастамаларға ертерек қол жеткізген болсақ, бұл тегеурінді төрағаның арқасы деп біліңіз. Жалпы, біздің кейіпкеріміз қай кезде де абырой-атақтан кенде болған емес. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері... Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері... Халықаралық Телеви­зия және радио академиясының мүшесі... Президенттің БАҚ саласындағы сыйлы­ғының лауреаты... Қоғам қай­раткері, жазушы, телесыншы, баспагер, киногер... Жететін шығар. Бірақ осының бәрінен бұрын «Тұңғыш төраға» деген тіркес елдің ойына алдымен оралады. Күллі қа­зақ жұрты оны тілбасы ретінде таниды. * * * Бір кезде Аягөздің вокзалына келіп, елмен бірге суретке түсіп жатқан Әуезовтің артына келіп, елеусіз ғана тұра салған бала бүгінде желіп отырып жетпіске келді. Мұхаңның желке тұсынан сығалаған ұғымтал ұлан кейін жұрт алдына шықты. Қазір оның өзінің де артында қарап тұрған қалың елі бар. Оны айтқан біз емес, заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов. Адамзаттың Айтматовы өзінің елу жылдық мерейтойына арнайы барған Сұлтекеңе: «Сенің артыңда ырғалған қазақ елі тұр ғой», – деп жүрекжарды лебізін білдіріпті. Сөйтіп, шынашақтайынан Шыңғыс­таудың шежіресіне қанығып өскен парасатты перзент бүгінде сұңғыла сөздің Сұлтанына айналды. Баяғыда алқа-қотан отырып, «Абай жолын» ала жаздай дауыстап оқытқан Құндыздының көшелі көп шалының батасы қабыл болған да... Бауыржан ОМАРҰЛЫ

4541 рет

көрсетілді

64

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы