• Әдебиет
  • 07 Шілде, 2011

Атқарған істері аңыздағыдай

Құсекең, Құсайын Бижановпен 1959 жылдың қаңтарында Нарынқол ауданында партия комитетінің сала хатшысы кезінде танысқан едім. Оның Балқаш ауданындағы партия басшылығына келгені 1963 жылдың көктемі болатын. Жиырмаға жетпей арнаулы оқу орындарын тәмамдап, қызметін мұғалімдіктен бастаған ол комсомол-жастар жұмыстарына да ерте кезден араласады. Көп қатарында әскерге шақырылып, Сталинград шайқасына катысып, ауыр жарақаттану салдарынан елге оралады. Бұдан кейін мұғалімдік, Кеңес, партия жұмыстарында да іскерлігін танытып, көптің көзіне көрініп, ауызға іліне бастайды. Сайып келгенде, Балкаш ауданындағы партиялық басқару жұмысына Құсекең өмір тәжірибесінен өтіп, әбден шыңдалып келген болатын. Сол кездегі КСРО-ның бірінші хатшысы Никита Хрущевтің аудандарды аймақтарға бөліп, қайта құру саясатына байланысты мұндағы жабылып қалған газетті ашу үшін мен де облыстық партия комитетінің арнаулы жолдамасымен осында келгенмін. Сондағы көзім жеткен жайлардан кейбір жайттарды айтып өтсем деймін. Аудан алдында ұлан-ғайыр міндеттер тұрды. Мәселен, Бақанас селосы аудан орталығында шатырсыз үйлер, ескі ғимараттар көп болатын. Суы мол, жері жетерлік болса да, бұл ауданда егін егу қолға алынбаған. Ол өз кезегінде мал шаруашылығының дамуына да кедергі келтіріп тұрған еді. Міне, осы жағдайдан шығу Құсайын Бижанов үшін үлкен ерлікке пара-пар болатын. Менің байқағаным, Құсекең алда тұрған міндеттерді шешуде бюро мүшелерінің пікіріне ұдайы көңіл бөлетін. Солардың ішінен бөле-жарып аудандық атқару комитетінің төрағасы Молдажановты, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қазтай Ұлтарақовты, Әния­толла Ахметовті, Ізбасар Балтағұловты, Нарша Нұрайдаровты ерекше атап айтуға әбден тұрарлық. Осы азаматтардың көбі Ұлы Отан соғысына қатысқандар, ал қалғандары болса, он жасқа да толмай еңбек майданына араласып, шынығып өскендер еді. Алпысыншы жылдардың ортасынан бастап қоғамдық мал шаруа­шылығын өсірумен қатар тұқымдық сапасын жетілдіру де күнтәртібінен түспеді. Жаңадан құрылған «Ақкөл» кеңшары негізінен қой түлігін өсіруге мамандандырылса, ал мұнда ірі қараға да ерекше көңіл бөлген Іле өзенінің сол жағалауындағы «Топар» кеңшары еді. Сол кезде Бәрібаев атындағы кеңшарлардың іргетасы қаланып, шаңырақ көтерді. Мыңға жуық адам еңбекке тартылды. Олар құрылыс жұмыстары және мал бағу жұмыстарымен шұғылданды. Бұл шаруашылықтар аудандағы ірі елдімекендер қатарына қосылды. Орталықтарында мәдениет үйлері, жаңа жобамен салынған аурухана, орта мектеп, балалар бақшасы тұрақты жұмыс істеді. Тиімділікпен еңбек ету экономикалық табыстарға жеткізді. Негізінен, барлық шаруашылықтарда мәдениет үйлері, жаңа жобаға сай орта мектеп, ауруханалар, балалар бақшасы мен моншалар салынып, пайдалануға берілгенін ерекше атап айтқан жөн. Алпысыншы жылға дейін аудан орталығы тым қораштау болатын. Жоғары орындарға сұрауын жеткізе білді ме, әйтеуір Бақанас селосы арада төрт-бес жыл өтісімен-ақ бұрынғы бейнесі өзгеріп сала берді. Ескі үйлер орнына жаңадан екі-үш қабатты шатырлы үйлер сән түзеді. Мекеме кеңселері жаңартылды. Бәріне орталық жылу жүйесі мен құбырлар тартылды. Кұсекең ел қамын әрқашан есте ұстайтын. Алпысыншы жылдардың соңындағы бір кездесу сәтінде ол: «Ауданның үш мыңдай тұрғындары қызыл кірпіштен шатырлы үй салды. Игіліктің бұл ісі әлі де жалғаса береді» деген болатын. Сенімге нәтижелі істерімен жауап берген Құсайын Бижанов енді басқа жаққа ауысар кезінде ауылды басқаруға жергілікті кадрларды даярлаған еді. Өзінің орнын елмен тіл табыса білетін жайдары да сабырлы мінезді Әниятолла Ахметовке, кеңес басқаруды Ізбасар Балтағұловқа тапсыруға ықпал етеді. Бұл азаматтар ел сенімін ақтады. Бұдан кейін Құсайын Бижанов өзінің кіндік кесіп қаны тамып, туып-өскен жеріне оралады. Қай салада болса да, аудан шаруашылығы өзіне белгілі. Шешім – бөліп-жармай егіншілік пен қоғамдық малды өсіруді бір-бірімен қатар жүргізу керек. Өйткені егіншілік қарқындап дамыса, мал басы көбейіп, өнімі де артады. Құсекеңнің ықпалымен Шелек өңірінде айтарлықтай ірі өзгерістер жасалды. Жетпісінші жылдардың ортасында суармалы жердегі масақты дәнді дақылдардың гектарынан алынатын түсім – 50, ал жүгерінің гектарынан 80 центнерден де асып түсті. Онда Одақ көлемінде темекі өсіруге мамандандырылған аудан – Шелек ауданы еді. Құсекең бұл салаға да ерекше көңіл аударды. Дақылдың мол өнімді жаңа сорттарын өсіру, оның технологиясының жетілуі ғылыми негіздерде жүргізілді. Кадрларды оқытып, тәрбиелеуге, іріктеп орналастыру мәселесі де күнтәртібінен түскен емес. Кебек Ибраев бастаған кадрлардың үлкен бір тобы бұл саладан ғылыми атақтар қорғап шықты. Жер байлығын барынша пайдалану мақсатында жаңадан «Нұра», «Нұрлы» кеңшарлары кұрылды. Шаруашылықтарды мамандандыру байыпты жүргізілді. Осының негізінде «Горный овцевод», «Қызыл жиде» кеңшарларындағы қой саны 85-90 мыңға дейін барды. «Шелек» кеңшары ірі қара тұқымын асылдандыруға бет бұрды. «Сары-бұлақ» мал бордақылау кешені тиімділікке қол жеткізді. Әр ірі қарадан тәуліктік қосымша салмақ алуды 600-650 грамға жеткізді. Оның өзіндік құны бұрынғы тәсілмен салыстырғанда екі есеге кеміді. Тиімділікке жету мақсатын көздеген әрбір шаруашылықта мал бордақылайтын шағын кешендер тұрақты жұмыс істей бастады. Бұл Құсекеңнің атқарған істерінің бір бөлігі ғана десе болады. …Жетпісінші жылдардың аяғында журналистік сапармен ауданға барғанымда бірінші хатшы Құсекеңмен әнгімелестім. – Бір-бірімізді көптен білеміз. Аудан шаруашылығының қалай дамып, экономика өсуі жағынан сөз қозғамай-ақ қояйын. Іргетасы қаланып, ша-ңырақ көтергендері қаншама! Менің осында келгеніме он жылдан асып барады. Осы кысқа мерзімде жаңа жобамен 20-дай орта мектеп, 12 мәдениет үйлері, жиырмаға жуық аурухана мен медбөлімше салынып, пайдалануға берілді. Ғұмыр болса, алда атқарылатын істер толып-ақ жатыр. Шаруашылық табыстарын «Жетісу» газетінде жазып та жүрсіңдер. Оған рақмет, – деген болатын. Құсекең бұл күнде арамызда жоқ. Десек те, пәнилік жалған мен бақилық дүние аралығында Құсайын Бижановты өшпейтін, артында із қалдырғандардың біреуі дер едім. Құсекеңнің Отан алдындағы ерен еңбектері жоғары бағаланды. Ол Ұлы Отан соғысы майданында «Қызыл Жұлдыз», «I, II дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені және отыздан астам медальдармен және еңбек майданында мемлекеттік ең жоғары марапат «Ленин», «Октябрь революциясы», екі мәрте «Еңбек Қызыл ту», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталды. Құсекең зайыбы Шайқан екеуі өмірге әкелген балаларын өсіріп, санатқа қосып кетті. Бәрі де жоғары білімді, үйлі-баранды болды. Нұрахмет Бижанов ғылыми қызметкер болса, ал Ақан Бижанов басшылық қызметтерде жүріп, екі сайлаудан бері ҚР Парламентінің сенаторы, ғылым докторы. Құсекеңнің өмір жолы кімге де үлгі-өнеге екенін қайталап айта кетпекшімін. Хабдышар ӘМРЕНОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы гвардия полковнигі Алматы

3464 рет

көрсетілді

9

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы