• Әдебиет
  • 13 Шілде, 2011

Тоқай тойы

Шығыс поэзиясының алыбы атанған кемеңгер ақын Ғабдолла Тоқайдың дүниеге келгеніне биыл 125 жыл толды. Аянышты да даңқты өмір жолын басынан кешірген ол үш жасқа толар-толмас кезінде ата-анасынан айырылып, жетім қалды, қатал тұрмыстың зардабын тартып өсті. Алайда табиғатына біткен ерекше қасиет оны өмірдің биік шыңына жетелеп алып шықты. 19 жасқа толған шағында араб, парсы, түрік, орыс тілдерін толық игерді. Ұлтжанды, отансүйгіш азамат болып татар қоғамынан орын алды. Өмірін халқының, Отанының мүддесіне арнады. Ол бар-жоғы 27 жыл ғана өмір сүрді. Шығармашылықпен айналысқан сегіз жылда алты томнан тұратын мол да құнды мұра қалдырды. Ғабдолла Тоқайды тарихтың даңқты ұлы жолдарын да, сондай-ақ күрделі де жантүршігерлік ауыр жылдарын да басынан кешірген татар халқы жаратты. Ол татарлар өз тағдырын түп-түбірінен түсініп оянуға, жаңаруға мұқтаж болған уақытта туып-өсті. Сондықтан да оның туындысы өз халқының жәбір-зұлымнан, қараңғылықтан, мешеуліктен құтылып, еркін, азат заманға, бақытты тұрмысқа жетуіне арналды. Тоқай өз халқының мүддесі жолындағы идеяларын, оның ғасырлар бойы аңсаған ізгі армандарын татардың ана сүтімен енген дағдылы тілінде бұрын-соңды болып көрмеген әдеби шеберлікпен жеткізіп бере алды. Соның нәтижесінде оның шығармалары халық жүрегінде, ел-жұртының бай рухани қазынасына айналып, мәңгі сақталатын мұрасы болып қалды. Тоқай дүниесі – ұшы-қиыры жоқ кең дүние. Оның туындылары бүкіл Еділ-Орал бойларына тез тарады. Шығармалары қолдан-қолға өтіп оқылды, өлеңдері мен дастандары халықтың мәңгілік жырларына айналды. Бұл құбылыс тек татар жерінде ғана көрініс тапқан жоқ, сондай-ақ барлық бауырлас түркі халықтары арасында да орын алды. Тоқай өлеңдері Алатау, Алтай, Тарбағатай тауларының бөктерлерінде, Ферғана жазығында, Іле, Ертіс, Шу, Тарым өзендерінің жағалауларында, Қара теңіз, Каспий, Арал, Ыстықкөл маңында өріс алып, жаңғырды. ХХ ғасырдың басында бауырлас түркі халықтары арасында дарынды да талантты ақындар шықты. Бірақ академик Сәбит Мұқановтың айтқанындай, олардың ішінде бірде-біреуі ұлттар арасында Тоқай сияқты кең түрде әйгілі бола алмады, ол өзінің қамшының сабындай қысқа ғана өмірінде үлкен даңққа бөленді. Оның идеялары, әдеби шеберлігі бауырлас халықтар әдебиетіне тиісті ықпалын тигізді, Тоқайдың мектебінен өтпеген ақын-жазушылар ол кезде аз болар. Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Расул Гамзатов, Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім, Давид Кугультинов, Михаил Луконин, Олжас Сүлейменов сынды танымал ақын-жазушылардың Ғабдолла Тоқай туралы жазғандары жоғарыда айтқандарымызға айғақ бола алады. Тоқай шығармалары, сондай-ақ оның же­ке басының өмірі 100 жылға жуық уа­қыт үздіксіз зерттеліп, халықтарымыздың игілікті ісіне арналып келеді. Биыл Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында өткізілген «Ғабдолла Тоқай мұрасы және ұлттық-мәдени қарым-қатынастар» деп аталған халықаралық ғылыми-практикалық конференция осы зерттеулердің тарихи маңызы бар жалғасы болып табылады. Татарстан мерейі үстем ұлы ақын Ғабдолла Тоқайдың туғанына 125 жыл толған торқалы тойын атап өту және соған арналған халықаралық конференцияны табысты түрде өткізу үшін жан-жақты мол дайындықпен келді. Жыл басында Татарстан Республикасының Президенті Рүстәм Миңнехановтың 2011 жылды «Ғабдолла Тоқай жылы» деп жария­лау жөніндегі Жарлық шықты, сондай-ақ оның ұлы ақынның туылғанына 125 жыл толуына байланысты жалпы халыққа арнаған үндеуі газет беттерінен орын алды. ТР Мәдениет министрлігі, ТР Ғылым академиясы, ТР Оқу-ағарту және Ғылым министрлігі, Ғ.Ибраһимов атындағы Тіл, әдебиет, өнер институты ұйымдастырған «Ғабдолла Тоқай мұрасы және ұлттық-мәдени қарым-қатынастар» деп аталған халықаралық ғылыми-практикалық конференция биылғы 25 сәуір күні Қазанда «Корстан» кешенінің конференциялар орталығында өз жұмысын бас­тады. Конференцияға 11 елден, Ресейден және Татарстанның аудандарынан ғалымдар, жазушы-ақындар қатысты. ТР Премьер-министрінің орынбасары Зилә Вәлиева конференцияға қатысушыларды құттықтап, сөйлей келе: «Тоқай туындысын қажымай-талмай үздіксіз зерттеп, үйренудің бүгінгі күнде орасан зор нәтижелерін көріп отырмыз. Бұл шараларды онан әрі ауқымды түрде жедел жүргізуіміз керек. Біздің алдымызда Тоқайдың даналығын бүкіл әлемге онан әрі танытуды жалғастыра беру міндеті тұр», – деді. Сөз алған шешендерден Түркияның заң шығару мәжілісінің бірінші вице-төрағасы Әхмәт Сәламәт: «Татар мен түрік – екі туыс, ал Түркия мен Татарстанның жазмыштарында ортақтық бар», – дей келе: «Өте көп ақылгөйлер – Ғаяз Исхақый, Садр Мақсуди сынды татардың адал да асыл перзенттері Түркияның болашағы жолында зор рөл атқарды. Ал біздің арадағы мәдени қарым-қатынастарда ерекше маңызды рөл атқарған ардақты да беделді адамдардың бірі – ол Ғабдолла Тоқай. Түркияда ақынның 120 жылдығы салтанатты түрде атап өтілді. Биылғы жыл болса ТҮРКСОЙ ұйымына кірген елдерде Тоқай жылы болып белгіленді. Бұл біздің ішкі дүниеміздің, мәдениетіміздің, жалпы халықтарымыздың тоғысып, бірлескен шағы», – деп түйіндеді. Сөз кезегі Әзірбайжандағы «Азаматтық тілектестік» партиясының төрағасы, халық ақыны Сабир Рүстәмханлыға тигенде, ол: «Біздің халықтарымыздың тамыры бір, Тоқай – ол түркі халықтарының ұлы ақыны. Тоқай тілімізді, мәдениетімізді, сана-сезімімізді сақтауға шақырған. Оның әрбір сөзін бүгінгі күнде де тереңінен түсініп үйрену керек. Ол – бізге өсіп-өркендеудің жолын нұсқап көрсетуші», – деді. Конференция «Ғабдолла Тоқай шығармашылығы және әдеби қарым-қатынастар», «Ғабдолла Тоқай және тіл мәселелері», «Ғабдолла Тоқай мұрасы – фольклор мен көркемөнерде, педагогикада» деген үш секцияға бөлініп жұмыс істеді. Бұл секцияларда барлығы 143 баян­дамашы сөз сөйледі. Бір нәрсені ерекше атап айтуға тура келеді, баяндамашылардың конференцияға алдын ала жіберген баян­дамалары сұрыпталып, қаралып, баспадан шыққан. «Ғабдолла Тоқай мұрасы және ұлттық-мәдени қарым-қатынастар» деп аталған бұл жинақ – 400 беттен тұратын кітап. Онда 136 автордың мақаласы орын алған. Олардың ішінде қазақстандықтардан К.Өтегенованың (Орал) «Возрождение и сохранение наследия Габдуллы Тукая в Уральске», М.Ерзиннің (Алматы) «Тоқай және қазіргі заман ұйғыр әдебиеті», Р.Абузяровтың (Орал) «Влияние исламского ренессанса на развитие культуры тюркских народов», Г.Кульдееваның (Астана) «Национальный язык в контексте теории этногенеза Л.Н.Гумилева» деп аталатын мақалалары да бар. Ақынның тойына арналған салтанатты шаралар Ғабдолла Тоқайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен жалғасты. Тоқай алаңында Президент Рүстәм Миңнеханов, Мемлекет Кеңесінің төрағасы Фәрид Мүхәммәтшин бастаған басшылар, қоғам қайраткерлері, жазушы-ақындар жиналып, ақынның ескерткішіне гүл қойды. Бұл шара жыр мерекесіне ұласты. Ақындар Ғабдолла Тоқайға және татарлар өміріне арналған өлеңдерін оқыды. Алаңға жиналған мыңдаған адам олардың өлеңдерін сүйсініп тыңдады. Татарстан «Кітап» баспасы ақын­ның торқалы тойына арнап алты томнан тұратын Ғабдолла Тоқай шығармаларының 1-ші және 2-томын баспадан шығарып үлгеріпті. Бұл академиялық басылым өте көркем, сапалы шыққан. Мерейтойға арналған сый-сияпаттар арасында «Татармультфильм» бірлестігі дайындаған «Тоқай» деп аталатын мультимедия коллекциясы да бар. Қазан қаласында шығатын «Идел» (татар тілінде және орыс тілінде) журналының және «Сүембикә» журналының сәуірдегі сандары Ғабдолла Тоқай туындыларына арналған. «Идел» журналында Ғабдолла Тоқай энциклопедиясын дайындау жайлы пікірлерге кең орын берілген. Бұл энциклопедияны баспаға әзірлеу жұмыстары қазірдің өзінде-ақ ойдағыдай жүріп жатқандығы мәлім. Ұлы ақынның 125 жылдығы қар­са­ңын­да ұйымдастыру комитеті, Тоқай қо­ры, Қазан университетінің ғылыми кітапханасы қыруар жұмыс атқарған. 2010 жылдың өзінде-ақ Тоқайдың өмір жолына, шығармашылығына қатысты материалдарды іздеу, жинақтау, зерттеу бойынша бірінші журналистер экспедициясы ұйымдастырылған. Экспедиция құрамындағы Риман Ғыйлімханов, Гөлназ Галимжанова, Рәмилә Газизуллина, Әлбина Газиуллиналар Жайық-Орал, Қостанай, Астана, Балқаш, Алматы, Шымкент, Кентау, Түркістан, Қорғастан бастап, Қытай Халық Республикасындағы ежелгі Үрімжі, Шәуешек, Құлжа қала­ларында болып, Қазанға мол табыспен оралған. Олардың Тоқайға қатысты тап­қан деректері қазірдің өзінде-ақ мерзімді басылымдарда жарық көріп отыр. Қазан университеті Ғылыми кітап­ханасының сирек кездесетін кітаптар қорынан алынған Тоқайға қатысты деректер де көп жайттың сырын ашып берді. Олардың ішінде ұлы ақынның қайтыс болуына орай Қазақстанның Қапал қаласындағы Тоқайға тілектес азаматтардың көңіл айтып, Орынбордағы «Вақыт» газеті редакциясына жіберген хаты да бар. Ғабдолла Тоқай 1913 жылы сәуірдің 15-і күні Қазан қаласында қайтыс болған, ал бұл хат Қапалдан 18 сәуірде жіберіліп, 20 сәуір күні шыққан газет бетінде жарияланыпты. ХХ ғасыр басындағы жол қатынасының, поштаның жағдайын көз алдымызға келтірсек, Тоқайдың Қазан қаласында қайтыс болғандағы хабарының және оның сонау шалғайда шығатын газет бетінде өте тез арада жарыққа шығуын екі бауырлас халық – татарлар мен қазақтардың қаншалықты тығыз байланыста болғанын аңғартады. Көңіл айтып жазылған хатқа Маманов, Тұрысбеков, Күсебаев, Есігелдин, Ғабдуллин, Атнабаев, Ғабдісаттаров, Жиһангеров, Ерзин, Мұсағалиев, Фазылый, Садыйқов, Тугушевтар қол қойған. «Бұлар кімдер екен?» деген сұрау да шығады. Олардың Қазақ еліндегі зиялы қауымның өкілдерінің бірі, сол кездегі Қапалдың атқамінер, бетке ұстар азаматтары екендігін тарихи деректер дәлелдей­ді. Мамановтар – 1903-1904 жылдары салынып біткен «Мамания» мектебінің іргесін көтерген Маман Қалқабай ұлының ұрпақтары. Ал Тұрысбеков болса – Маманның немересі, оның аты Сұлтанқұл. Ол 1913-1914 жылдары Арасан-Қапалдың болысы болып тұрған. Мұсағалиев болса – қазақ зиялыларының көрнекті өкілінің бірі, «Мамания» мектебінде дәріс берген мұғалім. «Мамания» мектебінде татар мұғалімдерінің де сабақ бергені мәлім, міне, солардың бірі – Жиһангеров, оның аты Файзрахман, ол Қазан қаласында туып-өскен, Түркияның Стамбул қаласындағы Діни академияның түлегі. Қапалда 1913-1915 жылдары өмір сүрген Алаш қайраткері, заңгер, жазушы-публицист Көлбай Күсебаев пен Садыйқовты Қапалдағы парасатты адамдар деп дәріптеп жазады. Ерзинге келсек, ХХ ғасыр басында Зайсан қаласындағы «Ерзин и Ко» компаниясын ұйымдастырған, Зайсан экономикасының дамуына үлесін қосқан белгілі кәсіпкер Халил Ерзиннің, сондай-ақ Мәскеудегі атақты бай, Мәскеу мешітінің іргесін салып тұрғызған меценат-жомарт қамқоршы Мүхәммәт Салихұлы Ерзиннің туысы. Иә, Ғабдолла Тоқайдың замандасы, жазушы-ақын, журналист Зариф Бәшири де өз кезінде, 1914-16 жылдары Қапал оязының оқу-ағарту жұмыстарының жолға қойылуына атсалысқан (ол 1918 жылы Алматыда «Садақ» журналының, ұйғыр тіліндегі «Садак таранчы» газетінің редакторы болып істеген). «Мамания» мектебінде оқылатын сабақтар Уфадағы «Ғалия» медресесінің сабақ кестелерімен өткізілгендігі мәлім. «Маманияда» басқа пәндер қатарында татар әдебиеті, татар тарихы да оқытылған. Қапал қаласында қыздар мектебінің 250-300 адам сыятын дәлізінде әдеби кештер өткізіліп тұрған. Сондай кештердің біріне ояз төрелері де келіп қатысқан, олардың арасында Көлбай Төгісов те болған. Онда Тоқай өлеңдері оқылған. Көлбай Төгісов төрелерге Тоқай шығармаларының мәні жайында түсінік беріп отырған. «Татар әдебиетінің соншалықты дәрежеде өсіп-жетілгендігіне таңданып-тамсанған төрелер біздің қасымызға келіп, қолдарымызды қысып құттықтады, татар жазушы-ақындары туралы қызығып сұрады» деп жазады осы кеште болған ақын, Тоқайдың замандасы әрі жақын танысы Зариф Бәшири өзінің «Замандас­тармен кездесулер» деген кітабында. Бауырлас қазақтар мен татарлардың тарихи дәстүрлі мәдени, әдеби қарым-қатынастары, қазақ халқының Ғабдолла Тоқайға деген махаббаты, татарларға деген тілектестігі туралы тағы да көп нәрселерді айтуға болады, олар алдағы әңгімелерімізге арқау болар. Мунир Ерзин, тарих ғылымдарының кандидаты, Татарстан Журналистер одағының мүшесі, Татарстан журналистер конкурсының «Хрусталь қалам» сыйлығының жүлдегері

7741 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы