• Әдебиет
  • 04 Тамыз, 2011

Жыл құcы

«Жыл құсы» беті – оқырмандарымыздың сүйіспеншілігіне бөленген жобалардың бірі. Қазақ ана тілін, әдебиетін ардақтаған халық. Сондықтан «сөз патшасына» таласы бар дарындардың қай өңірде болмасын көптеп кездесетіні даусыз. Осы жайтты ескере отырып, бұл жолы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының тумаларына кезек беріп отырмыз.ТҰЛПАРМЫН Менің ділім төркіндеген Оғызға, Менің мұңым тіл бітірген қобызға. Ұқсамаймын, Ұқсағым да келмейді, Өз баласын өзі жейтін доңызға. Әр құлынның тағдырына қайғырдым, Әр құлынды қорғап жүріп тай қылдым. Үйірі үшін басын тіккен ажалға Асылтұқым азынаған айғырмын. Бестімін мен, туғаннан бес түлеген, Қалың ойдың құшағында түнегем. Құлағымды жымқырам да Күйлеген Құнажынды аулақ қуып жіберем. Құнажынды қуғандығым – бақ маған, Құлагердің мұрагері боп қалам. Текті айғырдың ұрпағымын себебі, Бес баласы – байталына шаппаған. Алай-дүлей күн туғызса ұлы таң, Қанаттанып, бар дүниені ұмытам. Басқа айғырды айдап жүріп аулаққа, Баптаусыз-ақ өзімді-өзім суытам. Күндіз Күнім, Түнде медет Ай маған, Қарбаластың қазанында қайнағам. Ешқашан да Ешкімнен де қашқам жоқ, Қуғанымды жетіп алып шайнағам. Жетіп алып, жеті жауды жеңгенмін, Бақытымды үйіріммен тең бөлдім. Танымайтын құрық дейтін ұғымды Тұлпар текті Қазақ деген елденмін. Гүлдей жайнап құлпырғанда А лашым, Айдай әлем аңтарыла қарасын. Тұяғымның дүбірімен оятам Үйірімнің ұйқыдағы санасын. Талбесік О, талбесік! Шығып кеттім сенен мен, Суретіңді салсам деп ем өлеңмен. Анам менің он бір құрсақ көтерді, Сол он бірдің бәрі саған бөленген. Мейіріңнен айналайын, шуақтым! Іңгәлаған үннің бәрін жұбаттың. Сендей абзал болғаныммен, Шарам жоқ Адамдарға кешіп жүрген жылап күн. Мынау кемел шағымда да ержеткен, Сенен асыл бұйым таппан Жер-Көктен. Асыл анам әулие екен, Өзіңді Жиырма бес жыл қары талмай тербеткен. Жиырма бес жыл тербетілген талбесік, Жылауықты ақын еткен ән-бесік. Құшағыңда тербетілгім келеді Шаршағанда тіршіліктен баз кешіп. Қол жетпейді енді ондай нәсіпке, Ойды қайдам, бой кеткен ғой өсіп те... Сәл бұқпаса өте алмайтын есіктен Менің басым қалай сыйсын бесікке?! Тербемейді енді мені ән әр күн, Сағыныштан өртенермін, жанармын. Қазір саған сыймағандай, Бір күні Жалғанға да сыймай кетіп қалармын! Қарындастарыма Тұлғасы сымбатты қыз тал-қайыңнан! Бал-шырын тіленбеймін таңдайыңнан. Өз қанын қорлайтұғын қара емеспін, Тек қана бір иіскетші маңдайыңнан. Көңілім қабағыңды еншіледі, Қабағың көңілімнің болсын емі. Түлкідей теріс тонды тексіз емен, Үркімей, қарындасым, келші бері. Болғанмен олар досы көз жауының, Мендегі сайтан-ойды қозғауы – мұң. Қазақтың күллі қызы – қарындасым, Қай қазақ қорлап еді өз бауырын?! Қаным деп шырқырайды шыбын жаным, Арым деп кісінейді құлын қаным. Қарындастарымды мен қызғанамын Ер түгіл, жел тербесе бұрымдарын. Болғанда бесіктегі баласы – мен, Олардың берілмейді бағасы кем. Қыз көрсем, пәс тартамын, жолыққандай Ұлтымның күні ертеңгі анасымен. Келсе де төніп, мейлі, «жан аларым», Ешқашан кемімейді бағаларың. Тәу еттім барлығыңның маңдайыңа, Жасымнан жасы кіші Аналарым! Бұлақпен сырласу Ей, ақ бұлақ, бал суың таза неткен? Бұл Жердегі ең көркем ғаламат па ең? Дәл өзіңдей жаным пәк болса ғой деп, Ойда қалам жүзіңе қарап-ақ мен. Ей, ақ бұлақ, не деген мейірімді ең? Сенен кірді талдардың күйі бірден. Дәл өзіңдей сауапты жан болсам деп, Кемтарларға салдым көз қиығын мен. Шалыс басқан аяқты тұстарым көп, Әйтсе де адам қалпынан шыққаным жоқ. Тауға барып, өзіңе көзім түссе, Тұрады ылғи тек саған ұқсағым кеп. Ала бұлтты әуелі аймаламай, Жеткізер жұрт бармағын Айға қалай? Мақтансаң да шықтым деп тауды тесіп, Құлап жатсың сырғанап сайға қарай. Сенен қуат алады аң да, құс та, Сендей болсам маған да бақ алыс па? Бірақ Жерден талпынған өрге қарай, Талаптану жағынан маған ұқса! Серік Сейітман Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті филология факультетінің түлегі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистрі. Қазақ радиосындағы «Қазақты сүю», «Айдында жүзген ай сәуле» бағдарламаларының авторы және редактор-жүргізушісі. Республикалық жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жеңімпазы. «Қазақтың қаны» атты жыр жинағының авторы. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің І дәрежелі лауреаты. Аспан Айналдырып тауларды баспалдаққа, Шақырардай сол әлем дос болмаққа. Жүргеніммен жер басып ісім болмай, Неге елеңдей беремін аспан жаққа?! Хабар беріп қалардай бір шындықтан, Зеңгір Көкке қараймын тылсым бұққан. Жұмбағы мол дүние жымыңдайды, Жүректегі беймаза дүрсілді ұққан. Айтатындай сырларын ақтарып бар, Іркес-тіркес жүзеді мақта-бұлттар. Аспан кейде ғаламды ақпен бояп, Қанатынан төгеді шаттанып қар. Бала шақта жетелеп өрге мұрат, Сермегенмен құлашты кеңге бірақ. Шатырласа найзағай шошушы едім, Кететіндей қара аспан жерге құлап. Жарық берер сәулелі нұрланып күн, Ай, жұлдызын сонан соң тұр жағып түн. От пенен шам бұлардың көшірмесі, Бәрі сенде екен-ау шын жарықтың. Заңғарлықты паңдықпен тұғыр еттің, Құйды нөсер... бірі ме ең мұңы көптің?! Аспан, неге жылайсың ағыл-тегіл, Бола тұра мекені құдіреттің? Күмбірлеген кеудеңе саз ба сіңген, Үйлесімің барында тозбас іргең. Жағал-жағал осынау тіршілікті, Тазалайын дедің бе көз жасыңмен?!. «Күзетші» Жатақханада өмір түнде басталады-ау... Сенің сөзіңнен Шырайыңда алаулап гүлдегі арай, Оқу залын ду қылдық бірге талай... Күн жарықта мүлгитін жатақхана, Оянатын сілкіне түнге қарай. Дала ұйқыда, у-шуы тынышталған, Жатақта өмір құралған дыбыстардан. Қозғалысқа әуен боп үндеседі, Тәтті сыбыс естіліп бұрыштардан. Көздеріңнен бір кемел ойды аңғарып, Қайта-қайта қараймын қайран қалып. Балмұздақтар оңаша қалдыратын, Бізді көріп отырған жайраң қағып. Бара-бара айырылып күдік күштен, Желік бітіп қылғанда үмітті үстем. Сезімдерді үркітіп кетуші еді, Теппешектен адамдар мініп, түскен. Шоғын үрлеп ғашықтың Алматы нық, Арбалумен түн өтті жанға тұнық. Кеудемізге бақ құсы ұя салып, Бөлмемізге қайтамыз таңды атырып. Тағдырымыз түйісіп торғын белде, Жүзіңдегі шомылғам мөлдір көлге. Бұлдыраған даланың сағымындай, Елес болып барады-ау сол күндер де. Еһ, төртінші қабатта тұратын қыз, Өзің барда болмайтын мұратым күз. ...Сол екеуміз сыр шертіп, арманды айтып, Қала ұйқысын күзетіп шығатынбыз. Ай мен сұлу Бір аунап алып ақша бұлттарға, Барады Ай жүзіп дөңгелек... Өне бойында бақ шабыт барда, Қалдырмақ па екен зер бөлек?! Сен көшірмесі —аспандағы Айдың, Қарақат көзің тұңғиық. Еңсемді езіп басқанда қайғым, Емдейсің өзің нұр құйып. Аядай ғана ардағым менің, Бұл біздің лаулар отты шақ. Көзіме түсті қолдағы меңің, Ай бетіндегі дақ құсап. Теңіз-сезімнің тереңін арна, Махаббатыңа сай деп ұқ. Көктегі Айдың керегі бар ма, Жанымда тұрсаң Ай болып! Киіпті көйлек сабырдан өңің, Жүрегің толы ар-иман. Қолыңнан ұстап жалындап едім, Кернеді бойды дариға-ән... Өзгеден, қалқам, шын қызғандым ба?! Құшақтай алдым аңсаумен. Қадірі жоқ-ау жұлдыздардың да, Жымиып күлсең, жан сәулем. Ерке «Есентайдың» жағасындамыз, Кеудеге көшіп бұл көктем. Әңгімеміздің арасында біз, Көзбен де айттық сырды еппен. Көңіл-айдыннан шағала-мұң да, Ұшты-ау бір басқа өлкеге... «Хамит ақынның жағалауында», Жыр оқып бердім еркеме. Маңайға мынау өң беріпті ұл-қыз, Секілді әлем – пәк өлең. Желменен бірге тербеліп тұрмыз, Көркем Ай, сұлу және мен. Таңғы шық Түнгі бұлттар жауынын бүркіді де, Кер даланың шық қонды кірпігіне. Шоқ гүлдердің жанары тұр жәудіреп, Алып ұшқан сезімін іркіді не?! Тиін көз, таңғы шықтай мөлдіреген, Мысалы, қарашықтай көл бір өлең. Далаң ғұрлы жоқпын ба ей, дүние, Жаман жырды күтпегін енді менен. Жұпар иісін аңқытып жаздағы өңір, Аңқаңды ашып салады сазға небір. Мөлдір шықтар болмысын сақтап өтер, Маңдайына жазса да азғана өмір. Мөлдір ойлар тізілді парағыма, Көшірмесі дәл оның дала мына. Таңғы шықтар жымыңдар жұлдыздайын, Кеңістікті сыйдырып жанарына! Бауыржан Әліқожа Өлеңдері «Талантқа тағзым», «Қос қарлығаш» жыр жинақтарына енген. Ілияс Жансүгіров атындағы ақындар мүшәйрасының жеңімпазы. Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері. Өлеңдері республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып жүр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Бизнесмен мен оның үйі Бизнестен көрмеген тауы қайтып, Жетістігін енді отыр тарыдай ғып. Орынтақта шайқала әрлі-берлі, Ашына күбірлейді қауіп айтып. Түсінбейді, басына не жетпейді?! Әйтеуір бір күйзеліс тежеп, жейді. Жағаға шығып қалған балық құсап, Демін дұрыс ала алмай, безектейді. Коттеджінде отыз үш бөлмесі бар; Қаланың қай жерінде теңдесі бар?! Қарапайым жай біреу араласа, Деп қалардай «мұражай, көрме шығар?» Кезіп жүр, бөлмелерін аласұра, Тұз себіле түссе де жарасына. Телефонын көтермей қойды-ау, шіркін!? Лондондағы тым ерке баласы да. «Қаржылық ағындарға жол ашып ең, Жалғыздықтың қалдым ба моласымен?» Әйелі де үйінде отырмайды, Дүкен кезіп, жоғалған модасымен. «Айналам – құрмет, атақ, жақұт кілең, Бәрі де бітіп жатыр уақытымен. Миллиондарға ақ арман дәрежем бар, Неге осы сезінбеймін бақытты мен?!» Өзінше Тәж-Махалдың Жаһан шаһы, Сөйтсе де, Мұмтазсыздай «аһ» аңсары. Жапон әріптестері сыйға тартқан, Айналдырып қарайды тапаншаны. Өз-өзіне қол салып, құласа ма? Бедірейе! Іш тартып сұраса да. Гүл кескен бағбанды әлде шақырып ап, Алдында мұң ақтарып, жыласа ма? «Жо-жо-жоқ! Суицидің құр далбаса. Жынданбаса жарады, жынданбаса. Құшағына еніп жас сұлулардың, Осы кеш, сірә, болмас ұмытылмаса!!!» Тысқа шықты, Дем бермек ақылына, Қарайды сарайының шатырына. Бұл дүниеде жоқ екен, ойлап тұрса, Өзінен басқа мұның жақыны да. Осынау алтын-күміс сарайында, Орын жоқ туған-туыс, ағайынға. Маска киіп бір-бірін алдайды екен, Өзіндей өңшең сорлы маңайында. Қадірлі сыбаға алған нарық тойдан, Әйтсе де, «байлық» деген жалықты ойдан. Шаң жұтып, «мерсіне» ілесе алмай, Рухани құндылықтар қалып қойған. Кедейдің шаңырағына әркім жуық, Солар алған шаттықты, бәлкім, буып?! Ал мұнда – өмір де жоқ, көңіл де жоқ, Тек қана – көлеңке бар, Салқын, Суық. Өле жеген дұрыс па, бөле жеген? Туғалы алыс ондай ережеден. Биіктен сыртқа ақ шаштарын қайырып, «Менмендік» қарап тұрды терезеден. Жылу жоқ, қайдан келсін жамырап нұр, Еңірегісі келеді аңырап бір. Не сыр бар, түп себебі белгілі ғой, Жаны да оның үйіндей қаңырап тұр. Ерболат Мамырайхан Шет тілдер және карьералар университетінің 2-курс студенті. Көкшетауда өткен «Ана тілі» сұлтаны» байқауының «Белсенді өнер көрсеткені үшін» номинациясы бойынша жеңімпазы. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына арналып, Алматы қаласындағы ЖОО және ОАОО студенттері арасында өткен «ҚАЗАҚСТАН – ӘЛЕМДІК ҚАУЫМДАСТЫҚТА» тақырыбындағы публицистикалық жұмыстар байқауында 3-орынды иеленген. 2010 жылдың қаңтар айынан республикалық «Жол сақшысы» газетінің қызметкері. 2011 жылдың ақпанынан «Таным тағылымы» жасөспірімдер газетінде бас редактор және ұйымдастырушы-менеджер қызметін атқарып келеді.

3360 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы