• Әдебиет
  • 04 Тамыз, 2011

Нәзира-жыр

d0bdd0b0d0b7d0b8d180d0b0 Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен Дәйім есте жүрсе Алла – оны танып білесің, Сонда ғана болмақ сенің жақсылықтан үлесің. Жақсы күнде ұмытпасаң Жаратушы Алланы, Қиналғанда анық Оның сені еске алмағы. Біл: болмайтын нәрсе жатар саған соқпай жай қалып, Болған нәрсе өтпеу керек еді сені айналып. Біл: пендеге жеңіс келер төзімділік ісімен, Және, әрине, рухының тегеурінді күшімен. Сөйтіп, қайғы орынына зор қуаныш орнайды, Жеңілдік кеп, ауыртпалық дейтіндерің болмайды. * * * Бір пірәдар Пайғамбарға айтып жайды қайдағы, Депті: «Кеңес беріңізші өте-мөте пайдалы?» Алла Өкілі депті сонда: «Ашуға еш берілме». Анау көңлі көншіместен, білместен не дерін де, Қайталапты сәлден кейін әлгі берген сауалын. Пайғамбар да қайталапты толықтырып жауабын: «Берілмегін ашуға еш. Сабыр қылсаң басылар, Ал ашумен көп күнәға кеңінен жол ашылар». * * * Тұрған кезде қинайды-ау деп Қияметтің азабы, Жеті түрлі жанға пана болар Алла назары. Олар, міне: әділ патша қиянатқа бармаған; Жасөспірім жастық шағын Алла атына арнаған; Шын иманды жүрмес мешіт есіктерін босқа ашып; Алла үшін табыстырған жүректерін қос ғашық; Ер-азамат шақырса да сұлу әрі бай қатын, Жоламаған, жуытпаған фітнә болар жайға атын; Жасайтын жан жария етпей, білдірместен қайырды; Және Алла десе оңаша жас төгетін пайымды. * * * Сотта өзгенің мүлкін алсам деуменен жан ұшырған- Біздің үммет бола алмайды, емес мүлде мұсылман. Қиянатқа барса жауып жазықсызға жаланы, Ондай пенде мәңгі жайын тек тозақтан табады. * * * Кем-кетігін біле тұрып сатып жатқан затының, Жасырса оны – ойламаған боп шығады ақырын: ұшырайды міскіндікпен қаһарына Алланың, Өмір-бақи өтер соның көтерумен салмағын. * * * Мерзім берсе жеткілікті борышкер шын жарлыға, Немесе ол өз қарызын санай салса алдыға, Онда оған періштелер үлкен сауап жазады, Қияметте түсер және Жаратушы назары. * * * Алла Өкілі мәжіліс қып жиынымен тұрақты отырғанда біреу келіп, бірден былай сұрапты: «Ақырзаман қашан болмақ, енді қанша тосамыз? Соның өзі емес пе екен жай әншейін бос аңыз?» «Жоғалғанда адамзатта ұят дейтін оңды ұғым, Сонда болар, – деді Нәби, – Ақырзаман, Соңғы Күн». «Ал ар-ұят, – деді әлгі, – қалайынша жоғалмақ? Және қайтіп? Айтыңызшы. Жауап күтем соған нақ». «Ел билесе оңбағандар ұят деген болмайды, Әне, сонда сен сұраған Ақырзаман орнайды». * * * Елге айтқан өсиетте пайғамбарлар бұрынғы былай деген: «Ұмытсаңдар ар-ұяттай ұғымды – не істесең оны істеңдер. Одан нені тапсаң да, Әр ісіңе кепіл жаның не болады мақшарда?» * * * Туысқандар ажыраса бой алдырып кейіске, Кінәлі жан ешқашан да бола алмайды пейіште. * * * Бір-біріңе ешуақытта қызғанышпен қарама, Жаулық емес, достық болсын өздеріңмен арада. Бір-біріңмен кездескенде кетпе теріс бұрылып, Бақталассаң – ол кесапат, алғын тегіс мұны ұғып. Болғын бауыр бір-біріңмен, ей, Алланың құлдары, Мұсылмандар туыстығы дұрыс биік тұрмағы. Шын мұсылман бірін-бірі ешқашанда қорламас, Пірәдарды жалғандықпен итермейді жолға лас. Үш қайтара айтам: иман орнығады жүрекке, Сол жүректен шықпақ керек парасатты тілек те. * * * Қияметте алынған соң кінәлі істер сәл аңдап, Қантөгіске байланысты істер жедел қаралмақ. * * * Ей, жас жігіт, саған айтар өсиетім бұл менің: ешқашанда Ұлы Алланы есте ұстамай жүрмегін. Ұмытпасаң Ол да сені ұмытпастан қорғайды, Қорғаса Алла өз басыңда жаманшылық болмайды. Сұра Алладан десең жөнін бар нәрсенің білемін, Не тілесең бәрін-бәрін бір Алладан тілегін. Күллі ғалам саған жәрдем бермек болып жиылған дейік, бірақ береді олар нәрсені Алла бұйырған. Бар дүние саған қас боп, ор болса оның қазғаны, Болады тек әуел баста Ұлы Алланың жазғаны. * * * «Пәктік не?» деп сұрадың сен, мен мынаны айтамын: сен әуелі жүрегіңнің жағдаятын байқағын. Егер жүрек, жаның тыныш, өкінішсіз болса егер, Ол – пәктіктің нәтижесі. Шындығың да сол сенер. Ал күнәһар болсаң – деме жан жай тауып тыншиды, Жүрек сыймай көкірекке аласұрып ыршиды. * * * Ұлы Алланың пендесіне жәрдемінің мөлшері – оның пейіл-ниетіне сай келетін өлшемі. * * * Өсиетім: Ұлы Алланың қаһарынан қорқыңдар! Тіпті, мейлі, құлды басқа шығарса да толқындар, Шыдамды боп, адалдықпен, арандамай төзіңдер, Арамзалар айналып кеп өзгені емес, өзін жер. Кейбіреулер бұл дүниеде қалса ұзақ жүріп тым, Болар куә көп кесірлі, берекесіз бүліктің. Жүргін бәрің біздің жолмен, рухтарың сынбасын, Орындаңдар халифтардың мен үйреткен суннасын. Ешкім мүлде тиіспесін қасиетті Құранға, Біреу сөзін қоспақ болса, оны Алла ұрар да. Себебі оның адам сөзі – адастыру, бұрмалау, Бұрмаламақ жанға дайын Тозақ атты тұр қамау. * * * Абдур-Рахман бин Самура, билікке өзің ұмтылма! Сен әуелі мына сөзді зейін қойып бір тыңда: өзің тілеп алсаң оны, аласың ба атқара? Атқармасаң боп жүрмей ме екі бетің қап-қара. Егер билік тисе саған өктемдердің еркімен, Көмектесу керек олар таймаса егер сертінен. * * * Жамандықтың үш белгісі байқағанға мыналар: жарамсыз ат, мініп шықсаң орта жолда тұралар; нашар әйел мінезі мен қылығы бар құбылған; қолайсыз үй аңғал-саңғал, әр жерлері бұзылған. * * * Өмір сүрсең өте шығар мына жалған фәниде, Өзіңді ұста жолаушыдай жете алмаған әлі үйге. * * * Саудагер өз тауарларын мақтаса бар жанын сап, Алуға оны мәжбүр болар антқа сенген алымсақ. Мейлі, тапсын мол ақшаны санайтындай жата қап, Саудагерге бұйырмайды Ұлы Алладан шапағат. * * * Ит сатқанның, жезөкшенің, балшы-балгер теңгесін, Алмақ түгіл қолға ұстау да ойларыңа келмесін. * * * Табыстырса араздарды өтірікпен алдамшы, Ондай адам қосылмайды суайттарға жалғаншы. * * * Басшы болмай тұрып байқа пайымыңды өзіңнің: міндетіңді қалай ұғып, қаншалықты сезіндің? * * * Адамдарға бере берсең сұрағанын таратып, Онда алғаның ел өмірін, бүкіл мүлкін талатып. * * * Егер сендер мен білгенді біле алсаңдар – еріңдер көп күлкіден көп тыйылып, көп жылайтын едіңдер. * * * Абу Мұса Иеменге жұмсауымен Пайғамбар аттанарда, алмақ болып бағыт-бағдар жайдан бар депті: «Ол ел ұнататын көрінеді шарапты, Әсіресе, әл-Бит пенен әл-Мизрді қалапты. Бірі балдан, екіншісі жасалған соң арпадан, Ішпей оны болмайды екен ешбір жиын тарқаған. Біз де ішсек?..» Деді Нәби: «Ойдан шығар ондайды, Ішкіліктің ешбір түрін ішуіңе болмайды». * * * Үмметімнің қателігін, ұмытқанын, бұларға мәжбүр еткен істі кешер мен үшін де Ұлы Алла. * * * Бақ-дәулеті, түр-түсі де өз басыңнан көп артық, Көзің шалса бір пендені алма есіңді жоғалтып. Көп ойланбай қара тездеп оны көрген көзіңмен, Кем адамға бар жағынан мына сенің өзіңмен. * * * Қай-қайсың да жазатайым қайғы орнаса басыңа, Өз-өзіңе өлім тілеп, күйректікпен жасыма. Ал өйтуге шамаң жоқта, атын атап Алланың, Оған былай мінәжат қып шын көңілден жалбарын: «Маған өмір жақсы болса, жасауыма өмір бер, Маған өлім жақсы болса, өмірді ал да өлім бер». * * * Жәмиғатты зират жаққа алып өткен өлікті, Алла Өкілі жолаушылап келе жатып көріпті. «Кім болды екен? Босаған ба, босатқан ба бұл марқұм?» деп, байқаса жұрт көп екен өзін ұқпай тұрған тым. «Шын иманды болса, – деді түсіндіріп, – осы адам, Алла алдына барарында бар михнаттан босаған. Залым болса, өле-өлгенше арылмаса осы аттан, Онда күллі дүниені бір өзінен босатқан». * * * «Шын иманды кім?» десеңдер, былай дер ем бұған мен: – Өмір кешкен ой-санасы толық сәйкес Құранмен. * * * Құдайшыл боп, бұзылмаса өмір бойы әдебі, Ондай жанның көбісіне ашық жұмақ әлемі. * * * Жасамаған үлкенге ізет, қамқоршылық кішіге, Бізбен бірге бола алмайды. Ол әуелі кісі ме? * * * Абу Мұса: «Пайғамбармен қажылыққа сапарда,– дейді, – аялдап жүрдік жота кез болғанда жапанда. Оған шығып «Ля ил- ляха ил лялла!» деп бәріміз, Қосылып ап дауыстадық жеткенінше әліміз. Сөйтіп, тыныш жатқан жерді, аспанды да жаңғырттық. Алла Өкілі деді сонда: «Бұларыңыз – албырттық. Бүйтіп салмақ салмау керек тамақ пенен өңешке, Жалпы, айқайлау керек пе екен зәді керең емеске. Зікірлерің Жаратушы Ұлы Аллаға арналған, Жай айтсаң да Оған жақсы естіледі бар маңнан. Өйткені Ол еш күмәнсіз бірге мына бізбенен, Және Оны таппақ дәйім құлшылық қып іздеген». * * * «Бір-біріңмен бауыр болғын болсаң егер мұсылман, Дұрыс және керек кезде көмегіңді ұсынған. Мейіріммен қаналғанға дем беруге жараған, Жәрдемдессін дәл солайша адамға да қанаған» – бара жатса Алла Өкілі жұртқа осылай деп шығып, Сұрақ берді бір жағдайды түсінбеген көпшілік: «Қаналғанға жәрдем беру керек. Бірақ... анаусы... нені елден дәметеді болса өзі қанаушы?» Деді Расул: «Көмек еткін тастауына бастағы ой-пиғылын қанасам деп тұратұғын басқаны». * * * Алла Өкілі отырғанда жәмиғатпен кездесіп, Біреу мақтап, екіншіні кетті дейсің сөзді есіп. Аспандатты, көпіршітті қозғап мадақ жайдан бар, Тоқтағанда ол сабырменен деді былай Пайғамбар: «Алла кешсін, бірақ сонша мадақ сөзді ауызға ап, Тастадың ғой өз досыңды өз қолыңмен бауыздап. Егер шыннан келіп тұрса бір адамды мақтағың, «Меніңше» деп сөз бастасаң – онда жөнді тапқаның. Ал бәріне береді тек Ұлы Алла шын баға, Бар жағдайда, бұл фәниде кездесетін сында да». * * * «Ля ил- ляха ил лялла!» - ны ауызына алғаны- Мұсылманның есте ұстауы дәйім Ұлы Алланы – * * * Алтын-күміс әшекейлер болсын, мейлі, әйелде, Ондайлардан аулақ болсын үмметімде бай ер де. * * * Жәмиғатта мені өзіне туыс-бауыр дегендер, Маған біреу жайлы жайсыз ештеме де демеңдер. Әр адамды ақ көңілмен қарсы алғым келеді, Сондықтан да ұрын пікір емес мүлде керегі. * * * Отырғанда уағызбен фәни, бақи хақында, «Уа, Пайғамбар, ділгер едім қысқа, нұсқа ақылға», – деді біреу. Сонда Расул: «Білмеуші едім атыңды... Әр намазды оқы санап намазым деп ақырғы; Ертеңіне сұрап жатпау үшін жұрттан кешірім, Өрөскел сөз сөйлемегін, бұзба әдептің есігін; Үміттенбе тек бөтенге сеніп бір іс бастарда, Кісінікі болған заттың кілті тұрар аспанда». * * * Үш меншігі аттандырар соңғы жолға марқұмды: отбасы мен дүниесі және істері әр қырлы. Алғашқы екеу кейін қайтар мәйіт қалар зираттан, Үшіншісі бірге болар өткенінше сираттан. * * * Ахиретте Алла алдында әрбір құлы Алланың, Жауап берер өткізгені жайлы фәни – жалғанын: неге арналды жер бетінде жасаған бар ғұмырың; қандай білім алдың, оны жұмсау жайлы ұғымың; байлық жисаң, оны қайтіп, қандай жолмен жинадың, және жиған дәулетіңді қай мақсатқа сыйладың; денсаулықты, өз тәніңді қаншалықты сақтадың; жалпы, берген Аманатты, пенде, қалай ақтадың? * * * Иманды сол – болса әдепті үлгі алардай кейінгі, Және ерекше қосағына Құдай қосқан мейірлі. * * * Бір Құдайға сенім ала туылады бөбектер, Ал қай дінді ұстауына ата-анасы себепкер. * * * Ешкімге де, ешқашан да жасамағын жамандық, Залымға да саған тиген. Жолы осы адамдық. * * * Иманды адам бағбан болып, диқан болып істесе, Жемісінен адам, жәндік, жан-жануар, құс жесе, Оның еткен бар бейнетін Алла Тағала бағалар, Желінгендер бейнеткештің садақасы саналар. * * * Егер сабыр сақтап, босқа әр нәрсеге аһ ұрмай, «Құдай маған тілеуімді бермеді!» деп бақырмай, Мінәжәт қып, жалбарынсаң жасамастан асылық, Алла қабыл етіп, берер тілектен де асырып. * * * Алла атымен ант етейін, көңілімде алаң бар, Алаңдайтын жайым мынау, қаперге ал, жарандар: қорықпаймын мен кеткен соң бәрің қайта жиылып, Кетеді деп Аллаға емес, бірдеңеге сиынып. Қорқатыным – бәсекеде жамандыққа жанасып, Жата ма деп дүние үшін бір-біріңмен таласып. * * * Жария ғып, ел алдында болайын деп жақсы атты, Жақсылығын жасап жүрсе, көздеп тек сол мақсатты, Шын пейілін оның Алла елге бір кез ұқтырар, Аярлыққа сөйтіп қарсы ақиқат та тік тұрар. * * * Имамдық қып намаз бастар болсаң, оны созбаңдар: жұрт ішінде әлсіз, дімкәс, жасы көптен озған бар. Егер біреу жеке оқыса, ауып ықылас-пейілі, Қанша оқыса сонша оқысын, қанғанынша мейірі. * * * Екіжүзді ойламасын ашылмайды деп сырым, Ахиретте Алла алдында сол болмақ ең жексұрын. * * * Біле тұрып бір залымның кісі ақысын жегенін, Жұртты қанап, істеткенін өзінің бар дегенін, Соңына еріп, шотын шауып, күшейтпек боп қолдаса, Мұсылманмын деуі – жалған, бос сандырақ, далбаса! * * * Шақырғандар жұртты түс деп ақ жолына Алланың, Есептесін деп Алланың марапатын алғамын. Ал олардың соңдарына иман тауып ілескен, Құр қалмайды Алла сыйлар қасиетті үлестен. Шақырғандар елді жолға шылқыған лас-арамы, Ергендердің бар күнәсін өз мойнына алады. * * * Тындырмақ боп өз басыңа пайдасы бар бір істі, Басқа адамды аңди берсең әрекетпен тіміскі, Онда оны итергенің тіршілікке бояма, Ал жалғандық жамандықпен күнәлі етпей қоя ма. * * * Алла берген ен дәулетін ізгілікпен жаратса, Мол білімін өзі ұстанып және көпке таратса, Ондай жанға қызықсаң да көре алмай күндеме, Еліктеуге құлшынбағын одан басқа кімге де. * * * Сен тас атып ұрыға аңдып кірмек болған үйіңе, Көзі шықса, кінәлі өзі оның ондай күйіне. * * * Бір мәселе туып жатса, қара алдымен бағдарын, Нәтижесі ізгі болса, оң шешімін таңдағын. Егер қайшы келер болса ақ жолына Алланың, Шешпек түгіл ондай істі қолыңа да алмағын. * * * Ұлы Алла жарылқаған құлдарынан талайды, Жомарттығы жемістерін көруді де қалайды. * * * Адамзатта асқазаннан асқан жаман жоқ ыдыс, Жарамайды тұрғаны да тек тамаққа толып іш. Денің сау боп жүруі үшін аз жесең де жетеді, Іштің үштен екісіне су мен ауа кетеді. * * * Ары алдында берген әрбір анты әрбір баланың, Орындалу керек сөзсіз атыменен ананың. * * * «Бес мәртебе суға түссең бұлақтағы далада, Үстеріңде тазармастан нендей бір кір қала ма?» – деп сұраған Пайғамбарға жауап берді ел: «Қалмайды». «Онда бәрің ескеріңдер мынадай бір хал-жайды: бес рәкәт намазбенен күнәларың жуылар, Мысалдың да әлгі айтылған астары осы ұғынар». * * * Егер менің болса алтыным Уһуд таудай көлемі, Соныменен өтелгенде қарызымның төлемі, Төлеуіме тиістіден кем боп шығып бергенім, Алтын қалса үш түннен соң – өкінерім ең менің. * * * Ешқашан да жаман сөзбен ғайбаттама марқұмды, Тиістіні ол алып қойған. Өзің де ойла артыңды. * * * О, Ұлы Алла, жалқаулықтың керттерінен сақтағын, Кәріліктің айықпайтын дерттерінен сақтағын, Әркім барар қабір сыны, азабынан сақтағын, О дүниенің сыны менен тозағынан сақтағын, Байлық буы бойды алып, мастанудан сақтағын, Жарлылықта сынға түсіп, жасқанудан сақтағын, Жалған әл-Мәсих ад-Даджал жолдарынан сақтағын, Оның жолы қызықтырар болмағынан сақтағын. Киімдей ғып қар суымен жуғаннан соң тазарған, Жүрегімді тазалашы күнә дейтін тажалдан. Күнәлардың болмасыншы менде ешбір аласы, Алыс кетсін секілденіп батыс-шығыс арасы. * * * Бірте-бірте тақуалар, арлы адамдар бар қанша, Тастай берер жер-жаһанды надан тобыр қалғанша. Пайдасы жоқ қауызындай арпаның не құрманың, Алла олардың ескермейді қайтіп, қалай тұрғанын. * * * Жасы алпыстан асқан соң да күнәсіне өкініш білдірмесе – қабыл болмас Аллаға айтқан өтініш. * * * Антты орындау тиетұғын отбасыңа зияны, Орындамау күнәсінен артық күнә жияды. * * * Азық артқан керуеннің иесіне базардың шын бағасын айтпай затын деп ойлама алармын. Кәсіп қылған сауда-саттық адамдары қаланың, Сауда етпесін атыменен адамының даланың. * * * Сауда-саттық не болмаса қарыз-құрыз ісінде, Алла нұры жаусын жанға жұмсақтығы үшін де. * * * Алла құлын жарылқарда әбден сынап алады, Сынау үшін неше түрлі қиындыққа салады. Ал егерде тілемесе пендесіне жақсылық, Бәрін берер көрмейтін ғып ештеңеден тапшылық. Бірақ кейін мүмкіндікпен не істегенін сұрайды, Сол сұрақта анықталар тағдыры оның былайғы. * * * Ант етейін, Ахиретте менен кейбір бауырым адасады, түйе құсап таппай жүрген ауылын. Ескерту: Нәзира-жырлар негізіне Ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінің Иман Валерия Порохова аударған орысша нұсқасы алынды. Арғынбай БЕКБОСЫН Тараз

3850 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы