• Ақпарат
  • 03 Қараша, 2011

Қазақ болу немесе тоқсанның тұғырындағы әкеммен сырласу

Толға, толға, домбырам, Бағзының күйін шерте біл. Бағзыдан қалған мол мұрам, Бағзыға елді ерте біл... Біз ҚАЗАҚ деген ел едік, Еркіндік – ерен еншіміз. Қай жұртыңнан кем едік, Кем еді кімнен өрісіміз? Біз ҚАЗАҚ деген ел едік, Көкірегі тұнған намыстан, Елдікпен көңіл демедік, Жауларды жеңіп алысқан. Қанға тартқан қазақпыз, Арға шапқан қазақпыз. Бұл күндері (аз-ақпыз), Аз болсақ та, азатпыз. Тәуелсіздік, азаттық, Тәңір сыйы демес ем... Кешегі 1986, ЖЕЛТОҚСАН – Бабалардың елесі ең!.. Ол – елдігі қазақтың, Ол – ерлігі қазақтың, Ол – бірлігі қазақтың, Ол – теңдігі қазақтың. Жерің,тілің, ділің бір, Мұңың, жырың, діңің бір, Иманың бір, дінің бір, Нақ ҚАЗАҚ боп өмір сүр! Мынау шалқар даланың Қасиетіне бойла, елім. ҚАЗАҚЫ ҰЛТТЫҚ САНАНЫҢ – Келешегін ойла, елім. Уақыт, шіркін, дүрбелең, Жылыстап жылдар кетер ме, Етпеске не бар күнде елең, Болмайық қамсыз бекерге. Зуылдап жатқан замана, Қыр түлкісі тәрізді... Атадан қалған аманат – Қарттарым қайда жаны ізгі? О, әкелер, көкелер, Көненің көзі жәкелер, Ұлт алдында Ұрпақтың Парызы қалай өтелер?! Қалдырып артта іздерді, Демеңдер уақыт – күз келді. Ақсақалды абыздар, Іздейміз дәйім сіздерді. Аулақтау жүріп кейде біз, Көзден бір тайса бейнеңіз, Жоғалтып алған жақұтын Жандайын билер ой-теңіз... Көңлімде сәуле оянып, Жүрегім босап езілер. Бұл дүниенің баяны – Қарттардай болып сезілер. Егерде-ки бір күні Сейіліп кетсе қатары... Жанарға жас іркіліп, Белгілі-ау жанға батары... Мен сонда өксіп, жылармын, Қарттарды іздеп нар мүсін. Көзімді жасқа бұлармын, Қазақтың іздеп болмысын. Қазақтың іздеп ғұрыпы, Алтын да арқау қазығын, Қайда деп қазақ ұрығы, Қаңқылдап шығар қаз үнім. Қаңқылдамай қайтейін, Саңқылдамайын қайтейін, Шайқалып тұрса қайтейін, Қазақтың арғы тұнығы... Шыңыраудан кәусар тартатын Қарттарым еді шығыры. Қара нар жүгін артатын, Қайыстай бекем тұғыры. Қайтерміз ертең, тарланым, Олардың өтсе ғұмыры?! Қазақ деген кім еді, Енші еттік қалай бай дала? Әуелден қазақ ұлы еді, Қазақты деме қаймана. Айбыным асып қайда да, Тығылған жоқпыз тайгаға. Қанжар боп қасқа қайрала, Досқа аштық құшақ айқара. Толғауы тоқсан қызыл тіл, Толғауды қалай өзің біл. Зерделі болса тыңдарман, Қозғалық САҚ пен ҒҰНДАРДАН. Көкбөрі болған көкке ұлып, Көктәңір-Құдай-Көктүрік. Көксүңгі қолда ойнатып, Кек алған жауын жайратып. Өтсе де заман нешебір, Қайтпаған мүлде меселі, Еске алсам ерен ерлерді, Мерейім менің өседі! Түркістан-Тұран, Алтайым, Жетісу, Арқа –байтағым, Атырау менен Шыңғыстау, Маңғыстау сынды айбатым! Дүрбелеңді дүние, Төксе де қанша кәрі-уын, Жарақты ерлер жерге ие, Ойнатқан алмас қаруын. Ерлердей тұлпар тулатып, Суытпай аяқ, түн қатып, Персия сынды сұсты елдің, Тас-талқан етіп әскерін, Тәубасына келтірген, Кир патшаны өлтірген, Басын қанға бөктірген, Томирис сынды аруым! Массагет, дайлар, каспийлер, Исседон, аримаспийлер, Кемерлер, теле, хазарлар, Оғыздар, түрік, аландар, Ноғайлар, башқұрт, татарлар – Бәрі де туыс, жарандар! Жайым жоқ менің алаңдар, Жазира Ұлы далам бар! Арал мен Каспий – айдыным, Аз емес теңіз-байлығым! Көз жетпес шексіз, қараңдар! Тарихты көктей өткенім, Тылсымға сапар шеккенім, Білгенім демен көп менің, Ел жады-рухын серпіп бір, Бабамды мақтан еткенім! Кең дала бабам сыйы еді, Әр сүйем жерім киелі. Бабадан қалған жерұйық - Барша жұрт, халқым ие еді. Сол дала түссе бөлшекке, Сырқырар бабам сүйегі. Сыйынған ел ек Жер-Көкке, Кемел жан түйін түйеді. Қалмайын десек қарғысқа, Ие боп бата-алғысқа, Аманат – Дала –Ар-нұсқа, Азамат, мұны алға ұста! Қастерле, ғұмыр қан-қасап, Кешумен ерлер өткенін... Алып Ер Тұңға – Афрасиаб, Ишпақай сынды Көкбөрім! Күлтегін менен Тоныкөк, Бумындай берен ер өткен, Естеми оның інісі, Артында қалған ірі ісі, Түменге түрен салыпты, Артында ізі қалыпты... Көктүріктердің сарыны, Өшпестей рухы дарыды, Ер түрік қаны ойнайды, Еске алған кезде әріні! Ашқанда алтын сандықты, Демеймін дауысым қарлықты. Айтар ем Беріш Бейбарыс Артық бір туған мамлюкті. Билеген араб әлемін, Жүрек бір жұтқан жолбарыс, Құдайдай бейне көретін Өтіпті-ау тарпаң ол да арыс. Ассирия, Вавилон, Жаулаған Рим қаласын, Еуропаның төрі мен Жерорта теңіз арасын: Еділдей ерім өтіпті, Ғұндардың даңқы жетіпті. Түркия сынды ұлы елді Мирас қып елге кетіпті. Шетінен кілең арлылар, Қыпшақтар менен қаңлылар. Ұлы жүз – Үйсін ұлысым, Он екі ата тынысым. Орта жүз – алты арысым, Қыр мінез, құмай, барысым! Жиырма бес таңба – Кіші жүз, Айқаса білген Ар үшін! Бұл – біздің ата тегіміз, Бұл – біздің ҚАЗАҚ еліміз. Көкбайрақ тұрса желбіреп, Қатаяр арқа-беліміз! Тек ие болып желкенге, Кемеміз жүзсін ертеңге! Ерлерім бастап, ел қостап, Беу, елім, өсіп, өркенде! Беу, Тұранның Ұлы елі! Қазақ боп қайта сайраған. Бағаңды байқап, біл енді, Бабаңды еске ап қайтадан. Бұл қазақ қалай дүр еді? Дескенде қайта қайралам. Бұл ҚАЗАҚ өзі кім еді? Әкеме қарап ойланам. Даладай дарқан тілегі, Кеңдікке пайым бойлаған. Қазақ деген ежелгі, Тұлпар мінген дүр еді. Жауға сүңгі кезеулі, Шайлықпаған жүрегі. Қасық қаны қалғанша Тұтам жер үшін айқасқан. Елінің бағы жанғанша, Ерлік қылған қоймастан... Біз үшін бәрі мақтаныш, Не сойқан өтті-ау аттаныс.. Жат емес бізге текті арыс- Шыңғыс хан, Темір, Тоқтамыс... ...Сан өтті шайқас ерен мың, Кетердей жасық безіне, Хоңтайшы Қалдан Сереннің Айылын тартты өзі де. «Шұбырынды етіп ақтабан, Алқакөл сұлама» атанған, Шақта да жерін сақтаған, Өтті ғой ерлер не тарлан!.. Сақтай гөр, Тәңір, апыр-ай! Ел қорғап өлер батыр-ай! Әйтеке, Төле, Қазыбек би, Хандардың ханы Абылай!.. ...Әлқисса, далам Маңғыстау, Ер Шотан бастап ту тіккен, Санада мұны мәңгі ұста – Қазаққа Бекет Пір біткен! Сүйінғарадай сойылдым – Қарқуардай ер өткен... Сұңғыла, шайыр, пайымдым, Нешебір дүлей дүр өткен. Әрбіреуі оның есіл ер, Жүзіндей болған алмастың. Бабалар мені кешірер, Саусақпен санай алмаспын... Ақ патшаны шайқалтқан Досан батыр жолы өзге. Ақкөздігін байқатқан, Адайлық салып мінезге!.. Сол баһадүр бабалар. Бейнесі кетсе елестеп, Бабалық ізге пара-пар, Әкеммен көңіл кеңеспек. Даналық, сабыр болмаса, Өмірдің мәні далбаса, Жұқанадай болса да, Жұрнағы бола алмасақ. Мынау абыз қартыңның, Өмірі өткен дабылмен, Халқының ойлап салтының Жауһарын жиған ақылмен. Ақылдың кені – ой мен сөз, Ағылып шығар алтындай. Әр ой мен сөзді бойлап кез, Құйылған қайнар сарқылмай. Сөз анасы – бұлақ сол, Тек зерделей құлақ сал. Сөзге қонақ берелік, Ақылманға ерелік. Тақтақ билер сөз бастар, Тайбурылдай ойқастар. Туырлықты ел топтасар, Қара нарлар көш бастар. Бұрынғының сөз ләмі, Бүлінген ел азады. Бірлікті елдің әрқашан Бүлк-бүлк қайнар қазаны. Ақиқат боп арман-ән, Озса дейді қазағы! Болса егерде пәтуа, Қарттардан тәлім алалық. Мәз болмай өмір шатына, Ертеңге көзді салалық. Әкеміз біздің өмірде- Дәуірмен тете ол кісі. Ащы мен тұщы – бәрін де, Өткерген бастан ол кісі. Мақтады демең, тегінде – Тірліктен түйін мол кісі. Жаны, қаны, өңінде- Қазағымның болмысы. Болсам деп өзім, пай, сондай, Билейді-ау ойлар өрелі, Ақсақалдарым, ай маңдай, Әңгіме айтар келелі. Тоқсанға келіп тайсалмай, Алшаң басып келеді! Пай, неткен мынау жарасым! Көз керек алмай қарардай. Бар қазақтың баласын Құшағына алардай. Сөзі – жақұт, тілі – кесте, Шымыраулы ой – тереңдік. Бар қазаққа бір бітсе, Абыз қарттай кемелдік! Жүрекке жүк артар ек, Көңілдегі сыз еріп, Болашаққа тартар ек, Көшіміз сонда түзеліп... Жас ұрпақ, қайда барасың? Ұға біл терең сен мұны, Қайда еді, айтшы, қарағым, Тектіліктің төркіні?! Ол – сенің шыққан түбірің, Тарқата білгін тегіңді. Желкілдеген ғұмырың Болады сонда сенімді. Жеті атадан әрі асып, Он екі атаға барғайсың. Білігің тұрса таласып, Далада, сірә, қалмайсың. Босқа өтпесін жас күнің, Сәулелі боп өс, жарығым, Ата салт, ата дәстүрің, Қазақы болмыс-қалыбың: Арна тартар қарттардан, Абыздарға құлақ түр. Дәл бүгінгі шақтарда, Ел болу жайлы сұрақ тұр. Елдіктің дәні ертеде, Бабадан қалған қанда тұр. Қияға қанат серме де, «Қазағым» деумен таңды атыр. Беу, қазына қариям, Аз емес еді-ау көргенің, Ағып тұрған дариям, Айналаңды тербедің. Аузыңнан шыққан саф алтын, Түйсікті жанға дауалы. Сөнбесін оты жанардың, Айқара жұтып ауаны. Құйған бір нөсер жауындай, Арылмай сөзің аталы, Жүрек пен басың ауырмай, Бере бер елге батаны. Маңғыстау көшін бастаған Сау болсын жақсы-жайсаңдар. Қарттары барда саспаған, Қанына тартқан қайсарлар. Адай көтерілісіне қосылып, Соғысты кешкен қарт екен, Ел мен жер даңқын өсіріп, Тұлғасы ерек мәрт екен, Деп құшақ жайса, інілер, Бүгіннің олар батыры. Ағаға іні жүгірер, Болса егер бірдей ақылы. Кетсе де сәл-пәл әр тайып, Отырар төрде марқайып, Ақсақалдарым, жасай бер, Ақылмен жеткен қартайып! Тоқсанға толса әкеміз, Қария қазақ елге ортақ.. Танытып елдік өте біз, Ерлерге кемел қонды бақ. Ақылды адам кең келер, Алыстан шолып болжайды... Әулиелер мен әмбиелер, Ақ ниет жанды қолдайды! Құйылып шабыт күтпеген, Айтты ғой аз сөз ақының. ҚАЗАҚТЫҚ ЖОЛЫН ДІТТЕГЕН- СӨЗДІҢ ДЕ БОЛАР МАҚҰЛЫ!!!

Ғалым Әріп, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

18424 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы