• Білім және ғылым
  • 29 Қаңтар, 2009

Ақиқаттың айнасы

Он сегіз мың ғаламды жаратушы әлем әміршісі Аллаһ Тағала жаһанның жарығына, жөңкіле жүзген аспанның ақша бұлтына, көкжиектен күлімдеген арайлы күнге, көк жүзіндегі ару айлы түнге һәм дөңгеленген дүние дидарына қарап тамсану үшін сүйікті пенделеріне көру мүшесін беріпті. Адам баласының кішкентай көздері арқылы ғаламат ғаламшар ғажайыптарын көру қабілеті – Құдайдың шексіз кереметтерінің бірі ғана. Тәңір берген өмір атты ғазиз әлемдегі жұлдыздардың жарқырауы, қырдағы қызғалдақтың гүл ашуы, қос аққудың көлде жүзуі, жапырақтардың нөсерлі жаңбырда шомылуы, аспан күмбезіндегі қыран құстың қалықтауы, көбелектің гүлге қонуы, теңіз толқынының тулауы, төрт мезгілдің ауысуы іспетті табиғат таңғажайыптарын тамашалау – көз қуанышы. Асылында адамзат көзі асқар Алатау баурайын, көңілді кемпірқосақтың керілуін, шөптегі таңғы шық пен ақ қар жауған ақ түнді көрумен ғана шектелмейді. Мөлдіреген көздер ішкі жан дүниедегі тылсым сезім сырын да аңғарады.

«Адам беті, оның құбылысы оқи білген жанға алуан-алуан сыр ашатын тамаша бір қиял-ғажап кітап! Кейбіреудің бар ойы, пиғылы көзінен-ақ білініп тұрады. Кісінің көзінен қиялға шомғанын, қайғы-мұңға берілгенін айыруға болады» деген қаламгер Ілияс Есенберлин. Расында, адамзат көзінде ерекше тылсым сиқыр бар. Өтірік айтқан адам өзгелердің көзіне тік қарауға дәті бармас. Себебі, көз тіл айтпағанды жасырмайтын адамзат арының айнасы, ақиқаттың ақ айдыны. Көңілдің киесін де, күйесін де көз жасырмас. Шындықты оқтай атылған сөзінен емес, адамның оттай жанған көзінен іздеген абзал.

Данышпанның даналығы көзінде

«Мына сурет Абай емес, Абайға жасалған шарж. Сақал-мұрты, аузы-мұрны ұқсаса, мүмкін, ұқсар. Ал көзіне қараңдаршы, көзіне! Абайдың көзінде ой толып, ақыл тұнып тұратын. Кірпіктерінің асты-үстінде бірер сызық әжім, нәзік бүктесін-бедер болатын. Олар байсалды, парасатты көздердің айналасын әдемі қоршайтын. Мынаның көзінде мүлде қыртыс жоқ, жираңдаған ашушаң көз, жарық дүниеге біртүрлі епсіз ежірейе қарайды. Жанары жанбайды, ақыл, ой нышандары жоқ. Абайды алғаш әрі ақырғы рет көргенде алты-ақ жастамын. Сонда менің анық жадымда қалғаны — Абайдың көзі. Көз шарасынан жып-жылы әкелік мейірім төгіліп тұр» деген екен бірде қабырғадағы Абайдың суретіне карап әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов университетте дәріс оқыған шәкірттеріне (З.Қабдол «Менің Әуезовім» 67-69 б). «Адамның айғыз әжімінен, бояуы оңған көздерінен өзінше неше түрлі жанды-жансыз дүние сипаттарын көргендей болатын» деп М.Әуезов мәңгілік мұрасында дана бала Абайдың кішкентайынан зеректігін көрсеткен. Әйгілі жазушының «Абай жолы» романындағы Құнанбай қажының көзін суреттегені айрықша назар аударарлық. «Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Салғырттығы жоқ сергек, қатал күзетші. Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Тесіле, сыздана қарайды». Қырдағыны ғана емес, көңіл қиялындағыны да шалатын қырағы көздер адам мінезінен осылайша сыр шертпек. Зейнолла Қабдол өзінің ұстазы Мұхтар Әуезовтің көздерін «Менің Әуезовім» атты романында былайша суреттеген: «Бұрылып қараған сайын қарасынан ағы көп аумақты, ойлы көзі кең ашылып, кенет тұтанып, алаң-құлаң, жарқ-жұрқ етіп қалады. Осылай бірер қарағанда-ақ ішкі дүниеңді жіті барлап, бар сырыңды, жай-күйіңді түп-түгел алақанға салып әкететін секілді. Сондай бір алымды, аңғарымпаз көз. Түкпір-түкпіріңді тінте, тіпті, ақтарып-төңкере, тексере қарайды». Ал досы Ш.Айтматовтың көздері жөнінде З.Қабдол оқырман қауымға әдемі де әсерлі жеткізген: «Саған қарайды, бірақ, көрмейді. Кірпігін біртүрлі бір назды, жұмсақ мұң кіреукелеген момын, ойлы көзі әлденеге әнтек ашынып, әдеттен тыс ұшқындап, ақыл орнына ашу жиып, жираңдай қалады да, сенің өңменіңнен әрі өтіп барып, өзінің әлдеқайда алыс қиядағы, жоқ, қиядағы емес, қиялдағы мақсатын, жоқ, мақсат қана емес, мұратын қуып кетеді. Сонда бұл саған қараған, сені көріп тұрған көз емес, сенің ту сыртыңдағы саған беймәлім өмірдің небір қосқыртыс, қатпар-қатпар қиын шатқалдарын, түнек түкпірлерін шарқ ұра шарлап, жарқ-жұрқ кезіп, тексере тінтіп тұрған түнгі прожектор. Шыңғыс — хан емес, тау емес, Шыңғыс — көз: мүлгіп-қалғыған маңдайдағы көз емес, күллі дүниенің құпия сырын аңдыған көсем көкіректегі көреген көз. Шыңғыстың өзі көзіне сыйып тұр. Ғажап!» Иә, ғажап! Кісінің көзінен адамның өзін көре білгені жазушының көрегендігі болса керек.

Көз — көңіл жайлауының айнасы. Көре білгенге көз нұры өзге адамның жан дүниесін жақын көрсетер дүрбі секілді. Көз — өмірден сыр шертер әдемі әңгімеші. Бір қызығы, кейде көзіне қарап, адамның өзін бірден тануға болады екен. «Ұшқын атқан ақылды қара көздерін адамға тура қадап, адалдығын таныта қарайды екен». Тұрсынбек Кәкішев Сәкен Сейфуллинді алғаш көргендегі әсерімен оқырманмен осылайша ой бөліскен. Мұстафа Шоқайдың көңілсіз көздерінде отаршылдық езгісінен езілген елінің мұңы һәм қалың қазақтың қара қайғысы жасырынған екен. Бұған ол хақындағы әндегі «Жанарыңның тұңғиығы тереңде» деген өлең жолдары дәлел. Оның тұңғиық жанарындағы бостандықтың болашақтағы бейнесі баһадүрді расында бодандық бұғауынан бостандық белесіне бастағандай.

«Өмірдің базарынан жылап қайттым» деген Мұқағали ақынның жанарында не жазылған? «Көзің нұрсыз дейсің сен әлде әзілің, Оның рас, несіне қынжыламын, Нұрсыз көздің көрсеңші тұнжырауын, Жанарымның жартысы ағып кеткен, Себебі, бір-ақ рет шын жыладым» деген өлең шумақтарынан ақын М.Мақатаевтың өмір жолдарын көруге болатындай.

Ботадай көздер тіпті, адам тағдырынан да мол сыр шалмақ. «Кейде от шашып, кейде мұң бүркенген зерделі көз бұл баланың балалық шағы болмағанының куәсіндей». Жазушы Шерхан Мұртаза «Қызыл Жебе» романында бала Тұрардың көздеріне оқырманды осылайша үңілдірген. Қаһарлы заман қаһарманы — Т.Рысқұловтың өміріне зер салсақ, әкесін түрмеге қамағанда тағдыр атты төбеттің зұлымдығын ол алғаш он бір жаста-ақ көргеніне куә болатынымыз рас. Адамның өткір көзі өзге жанның өмір жолдарын көзінен көре білуі неткен ғажап!

Ана көзі күлімдеген күннің өзі

Нәзік жанды әйел затының көз сиқыры жазушы Ғабит Мүсіреповті таңғалдырғанда, бірде қатты тебіренген ол: «Дүниеде әйелдің көзінен артық қызықтыра алатын, әйелдің көзінен артық сиқырлап тартып кете алатын күш жоқ қой деймін. Қалайда байлық, бақ, мансап, тіпті, қоғамдық дәреже дегендердің бірде-бірінде ондай күш жоқ. Бәрі бірге қосақталып келіп мойныма асыла кетсе, мен бәрін сілкіп тастап, оқтай қадалған әйел көзіне қарай жүре берер едім» деген екен.

Әйел — АНА. «Күлімдеген көзіңнен күн мейірімі сезілген» деген «Ақ мамам» әнінде Әсет Бейсеуов әрбір аяулы Ана көздері туралы жырласа керек. Ғ.Мүсіреповтің «Адамның анасы» атты әңгімесіндегі адамзат анасының шуақ шашқан шырайлы көздері нәрестесіне қарағандағы мына бір көрініс нәзік жүректі ләззат сезімге бөлейді: «Ана тал түбінде жұдырығын түйіп жатқан қызыл адамға мейірімді көзінің барлық нұрын төгіп қараған сайын бетіне қан жүгіреді. Ананың нұрлы көзі баланы ақырын ғана, еркелетіп қана сипағандай болады. Таңертеңгі тымықта күннің көзі ғана осылай сипай алады дүниені». Ананың көздері перзентіне деген ыстық та шексіз, құдіретті сезімін паш ететінін жазушы шебер жеткізген. Ал сәбиін жоғалтқан ананың көзіне қараудың өзі қорқынышты. Найман-Ананың мұңлы көздеріне зер салсақ, аңыз бойынша жан анасын танымаған Жоламанның жансыз көздері туған анасына қарағанда жүрегіңізді тітіркендіргені есіңізде ме? «Мәңгүрт ұлы сабалақ бөркін баса киіп, бұзған зердесіз, мәнсіз ғана көз қиығын тастағанда, жел қағып, қайыстай қарайып, өлі беттеніп кеткен жүзінде болар-болмас жымиыс елесі шалықтап өткендей болды. Ал көзі... көзі дүниеде не бар, не жоғынан бейхабар, бейтарап, сол баяғы адасқақ, сезім-сезіксіз күйінде қала берді». Жуандар айуан азаппен ақыл-есінен айырып, құлға айналдырған Найман-Ананың құлыншағының көзін Ш.Айтматов осылай бейнелеген. Ал мұны көріп, жүрегі тілім-тілім болған ана жүзі бұдан аянышты. «Шашының ағы да, бетінің әжімі де, жүзі мен көзіндегі мұңлы уайым да мына Сарыөзектің іңір қараңғылығындай қайғылы, қанаты қайырылған құстай қасіретті еді...» «Жүректің күні – перзент» деген Ғ.Мүсірепов. Сол күнді бұлт басқанда, ана жүрегі мен ана көзіне қара түндей қара мұң һәм удай уайым торлайды. Дәл осы тұста перзентін қайтарып беруін қабағы қаһарлы Әмір Темірге бұйырған ана ойға еріксіз оралады. «Жасымаған көзі от шашып, әмір етіп тұрғандай» деп «Өлімді жеңген ана» әңгімесінде Ғабит Мүсірепов аяулы ананың айбатты ажарын асқақтатқан.

Әйелдің айнамкөздерін қалам иелері ғасырлар бойы шабыттанып шырқай бермек!

Айбар шашқан көздері азаматтың

Асыл анадан туған алып батырлардың от шашқан көздерін көргіңіз келе ме? Алмастай жарқылдаған көздер айбатынан азулы арыстан да аяқ тартқан арыстарымыз туралы не дер екен? «Түйіліп жазылған қиғаштау қасы мен шұңғылдау көзі Хамитте зор қайрат, үлкен қайсарлық бар екенін көрсетеді» деп «Бандыны қуған Хамит» әңгімесінде кейіпкер көзін суреттеу тәсілі арқылы жазушы Сәкен Сейфуллин жігіт бойындағы батырлық қасиеттерді көрсеткен. Ал Ғ.Мүсірепов «Боранды түнде» әңгімесінде «Ұзындау қиылған қара көздері қызғылт ұшқын шашып тұрғандай екен» деумен-ақ Қайсардың ер жүректігіне оқырманды тәнті еткен. «Баянның батырлығы алашқа аян, екі көз екі қызыл шоқ боп кеткен, аузынан көбік болып бұрқырап қан» деп «бұлақтай қалмақ қанын бұрқыратқан» батырды Мағжан Жұмабаев осылай баяндаған. Жазушы М.Әуезов «Қараш-қараш оқиғасы» хикаятындағы әділетсіздік құрбаны — Бақтығұлдың көздері арқылы ер болмысын бейнелеген. «Кішкене қысық көздері жауынды түнді тіліп өткендей. Тау ішіне шаншыла қарағанда көрсетпесін көргендей» деп әрі көздерін сипаттап әрі адам мінезінің табиғатымен таныстыра кеткен. «Таза түз көзі қызыл көрген қаршығаның көзіндей жанып тұр». Бұл Ғабиден Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романының кейіпкері Таймастың көзі. Ғ.Мүсіреповтің «Өлімді жеңген ана» әңгімесінде Азияның барысы Ақсақ Темірдің көзі «оттай ойнап, өлім шашып тұрғанынын» ашынған ана айтқан еді. Аталмыш әңгімеде «Темірдің қып-қызыл көзі дүниені жалмап, жалт-жұлт етеді. Қанды көзі қан шашып, төңкеріліп қояды. Қысық көздері дүниенің асты-үстін түгел көріп тұрғандай: жалт еткенде, бриллиант жалт етті ме деп қаласың» деп Темірдің көзіне айрықша тоқталған. Ал ақын Қалижан Бекхожин «Ақсақ Темір мен ақын» атты балладасында тарихи тұлғаны өзінше сомдаған: «Көзінен жалын атқан мұртты жігіт, алдында арыстанның тұрды күліп». Әдебиет әлеміндегі хас батырлар көздері міне, осындай болған екен.

Таңғы шықтай мөлдіреген қарақат көз

Қазақ қызының құралай көздерін тілге тиек етпеген қаламгер жоқ-ау, сірә. Әйгілі М.Әуезов «Қаралы сұлу» әңгімесінде «Қарагөз тұңғиық сұлу қара көзді бойжеткен болыпты» десе, «Шұға десе Шұға. ...Көзі қап-қара, осы, үріп ауызға салғандай еді» деп Бейімбет Майлин жас сұлудың бейнесін тамсана сомдаған. Ал, кейде маңдайдағы жарқыраған қос жанар ендігі қалам иесіне өзгеше шарықтаған шабыт берген. «Жаңа туған жарты айдай қиықша келген жіңішке қастың астынан мөлдіреген қарақат көздер төгілейін деп тұрған таңғы шық сияқты» деп көрнекті жазушы Қалихан Ысқақ «Қоңыр күз еді» повесінде Алтын есімді қыздың көрікті көздерінің суретін сөзбен сұлу сызған.

«Ақбілек те егілді, екі көзі жасқа толып, жарық күн шымылдық құрғандай бұлдырап, тұман боп кетті». Нәрестедей уыз денесін қара күшті «кәпір» орыс офицері былғаған Ақбілекті әзіз әкесіне әкелгенде сорлы қыз кешкен күйді Жүсіпбек Аймауытов романда осылай көрсеткен. М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінде Ғазиза көзіндегі түйілгенін терең сырға көңіл аударайық. «Ұяң, жұмсақ қарайтын қара көзінде және ылғи шытынған, кірбіңдеген қабағында қалың уайымның салған ізі бар. Қорлық, мазақ көрген Ғазиза көзінен дүниенің барлық қызығы кетті. Жастығына лайық болған үміт-қиялдың бәрі де ойын басқан қараңғылыққа батты, көңіліндегі өмір сүрем деген оттың ақырғы жалыны сөнді» деп жазушы өз үйінің қорасында зорланған жас қыздың іштегі сезімін сипаттаған. «Тұңғиық қара көздері бір қараған жерден аумай, ылғи жансыздықпен қарап тұрғанынына көзі түскен адам бейшараның кім екенін айрушы еді» деп жазушы қыршынынан ерте қиылған балапандарын топыраққа тапсырып, жанарынан айырылған әжесінің көзін де қағазға аянышты етіп түсірген. Алайда, 16 жасар Шұға, 15 жастағы Ақбілек пен он үштегі үлбіреген үлпектей Ғазизаның жанары жадымызда жадырап мәңгі қалмағаны өкінішті.

Неткен ғажап ғашық көз!

Махаббаттың мәңгілік жыршысы Мұқағали Мақатаев жыр жауһарларында адамның көз жанарына ерекше мән берген: «Көзің сенің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған» десе, кейіннен «Көзің қайда көшеден мені іздеген?», «Сезім дейтін жанған көзді сағындым» деген ақын жүрегінен ұшқан өлең жолдары сағыныш құстары. «Түспесін десең, егер сезімге кір, Жанарым, ылғи менің көзімде жүр!.. Қашанда жанарымнан табыл, жаным. Жанарым, жанарымнан кетпе менің» деп сүйген адамнан оның ақ жүрегі осыны ғана тілеген екен. «Бір-ақ жанға ғашықпын бала күннен, Жанымменен сүйемін, жанарыммен» депті ағынан жарылған сезім суретшісі М.Мақатаев. «Сен менің жанарымның ішіндесің» деген ақиық ақын өлеңі барша ғашық жанның жүрегінің төрінен орын алған.

Көз — ішкі жан сарайдың терезесі. Көз — көңілдің асыл аясы, ішкі жан сарайдың нақ өзі. «Көңіл сырын көз білдіреді» — деп бабаларымыз айтқандай, көңілдің кірі мен сезімнің сырын көз көрсетпек. Көңілдегі сыр түйілген түйіншекті үңіле қараған пенде адамның жәудіреген жанарынан шешеді. «Қайда, қайда көңіл сырын көзден ұғар нәзіктік?» деген Мұхтар Шахановтың сөзінде салмақты ой бар. Бұл ақынның «Махаббатты қорғау» атты триптихындағы ғашық қыз жігітіне жазған хатында «Өлімнен де қаймықпаған тілекті қалай оқи алмағансың көзімнен?» деп өкпе-назын білдірген екен. Ғашық жүрек сүйгенін өмірде осылай өкпелетпегені игі болар.

Ғашықтық... Сол бір кез... Сол бір көз... Ғаламға ғашық көзбен қараудың өзі ғанибет. Ғашық көз — сүйген жүрек тілі, үні һәм ғашық жүрек суреті. «Ғашық адам белгі берер түспен де, ол білінер көзі көзге түскенде» деген екен ғашық жанар шырайын бірде байқаған шығыс шайыры Жүсіп Баласағұн. Ұлы Абай бабамыз ол хақында «Ғашықтың тілі — тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» деген. Ғұмырда қос іңкәр көзге қызыға қараған әрбір жан махаббат атты ғазиз сезімнен мол ғибрат алған. Расында, сүйген адамның жанған жанары таңғажайып ғаламшардағы ғажайып сурет емес пе? «Бірінің көзіне бірі қарап қатты да қалды» деп жазушы Б.Майлин Шұға мен Әбдірахманның қоштасқан сәтін сомдаған. Осы орайда І.Есенберлиннің «Алтын Орда» тарихи трилогиясындағы Коломон ұстаның ғашық көздерін айта кеткен жөн. Мешіт салушы Коломон атты әйгілі румдық шебердің Құндыз қызға ғашық болғанын оқырманға оның көгілдір көздері айтқан. «Оның қайғылы көзі енді қызға түсті. Жаңағы ай тұтылғандай қап-қара боп түнеріп тұрған дүние кенет ай шығып, жаңа ғана жарық түскендей көрінді. Көзіндегі қайғы тұманы әп-сәтте тарап кетті. ...Өзі кеткенмен оның тостағандай мөлдір көзі, қардай аппақ беті Коломонмен мәңгі қалды. Оның көзінде қуаныш сәулесі туып, бетіне қан жүгірді. Үлкен қоңырқай көздерінде бақыттың бір орасан жарық сәулесі ойнайды». Керемет көрініс. Міне, осындай ғашық көздерге қарай бергің келеді, қарай бергің.

Көздің нұры сөнбегей

Әдебиеттегі кейіпкер көздерін шетінен тізбектеуіміз — көз айдынының өмірдің сыны мен сырын ақтарар әсем әлем екенін көрсету ғана. «Көздің қарашығындай, көз нұрындай ақта» деген халық арасындағы бұл өздер көздің қадір-қасиетін түсіндірсе керек. Ал «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық», «Құлақпен естіген танық, көзбен көрген анық» деген атам қазақ сөзі де көру мүшесінің қымбаттылығын, оның асылдығын білдірсе керек.

Ал, қазіргі қазақ ұрпағының көзінде қандай сыр сызылған? Үңілейік. «Көзбен көр де, ішпен біл» деп қазақ данышпаны Абай айтпақшы, көзбен қарап, ішкі жан-дүниемізбен түйсіну қабілетінен адалана бастадық. Яғни, сыртқы көз бен ішкі көз арасындағы нәзік байланыс жібі үзілген. Ішкі көзіміз ештеңені аңғармайтын манаураған ұйқыға кірісті. Ал сыртқы көзіміз көргеніне ғана мәз». («Телепатия — Апатия?!» «Жалын» №1, 2004) деген Г.Серғазының пікірі ащы шындық екенін мойындайық.

«Ғақыл көзімен қара. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?» деген Абай данамыздың өсиеті ұрпағының дөңгелек дүниеге көкірек көзімен қарауға әмәнда шамшырақ болғаны ләзім. «Қара сен ой көзімен дүниеге бұл» деген шығыс ғұламасы Әбілхасан Рудакидің насихаты да ұлы данышпан пікірімен ұштасқандай. Өмірге әрдайым ой көзімен қарайықшы.

Көз — көңіл экраны, тұнық сырлар әлемі. Сіз көңіліңіздегі асыл жанның жанарынан нені байқадыңыз? Көзінен оның қандай жылу сездіңіз?

Түртпектеген тіршілікте пенденің үміті мен көз нұры сөнбегей! Көкірек көзімізге ешқашан қараңғылық қаптамағай. Құдіретті Құдай жаратқан адамзат жанарынан мәңгілік нұр таймағай!

Балнұр АХМЕТОВА

9769 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы