• Әдебиет
  • 04 Қаңтар, 2012

Жұлдызды жайық

Белгілі ақын  Жанғали Набиуллин 75 жасқа толып отыр. Орал қаласында тұратын қарт қаламгерді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов арнайы шаңырағына келіп құттықтап, астына ат мінгізді. «Жайықтың Жанғалиы» атанған ақын ағамызға денсаулық тілеп, жыр жауһарларын өмірге әкеле беруіне біз де тілектестігімізді білдіреміз.  Серт Көтергендей шырқауға талапты тік, Тұра алмайтын шағымда тағат күтіп. Ақ Жайықты биіктен көру үшін, Кейде маған кетеді қанат бітіп. Мұнда менің ақ күнім, ақ таңым бар, Іздеп мені, таңдарды ақтарыңдар! Өйткені Ақ Жайықты есту үшін, Қыран құлаққа айналған шақтарым бар. Менің ғана еншімдей асыл көрік, Бара жатыр көгілдір ғасырға еріп. Жайығымды сезіну үшін әр кез, Жатамын мен Жайыққа басым беріп. Болдым бүгін мен мұнша батыл қайтіп? Сыр ашатын кез келді-ау сақынбай түк. Мынау жарық дүниеге келгендеймін, Мен бір ғана өзіңнің атыңды айтып. Мәзір-жастық бой түзеп, жігіт деген, Кемел жасқа жетті мол үмітпенен. Сонда да мен молдық пен мөлдірлікті, Сенен ғана үйреніп біліп келем. Енді кейде көңілім алып ұшқан, Кезі болса жолдардан жаңылысқан. Көріскенше, мен түгіл, жаутаң қағып, Самал жел де жүдейді сағыныштан. Қайтсам солай сапардан тер төгіп кем, Тер төгіп кем – төзімге өртеніп мен, Аймалайсың, аяйсың, алқынасың... Шаршап сосын жатасың еркеліктен. Пәк сезімге барады болмай тыным, «Ұзағынан келсін» – тек ойлайтыным. Бұл – ғашықтар тарихы! (Білсек те біз махаббаттың тарихы болмайтынын!) Бір ұлылық бар сенде нұрлы күндей, Жер мен көктің жарасқан бірлігіндей. Адамдардың ақмаңдай ажарындай, Адамдардың бекзада тірлігіндей. Ғашықтардың алау от сезіміндей, Қастерлейтін бақытын көз ілінбей. Орыстардың ақжарқын көңіліндей, Қазақтардың мойымас төзіміндей. Бір ұлылық бар сенде! Қарлығаштай қасымда ойнап жүріп, Құпиямды қалайша қойған біліп!? Күндерім су мүжіген жар секілді, Опырылып жатады ойландырып. Жасырмаймын, түсімді таңға жорып, Сарбаз сәттер жүрсе де маңға қонып. Шүлен шуақ емес тек маңайымда, Аз-кем кейде тұрады шаң да болып. Сірә, бұлай болар деп біліпті кім? Азаймайды арман мен үміт бүгін. Жаутаңдайтын балаң жоқ бұйырғанға, Шалбар киген ұмытып жігіттігін. Солай, Жайық! Сан қабат сыр дегенің. Сол сырымды тыңдашы бірде менің. Шындық мынау: ол – сәндік қумағаным, Ықтасынмен сонда да жүрмегенім. Қызғаныштай қасиет төмен менен! Болайын-ақ мансапқа бөленбеген. Директор боп жүретін бір совхозға, Балаң әуре баяғы өлеңменен. Келіп қалдым кербез сәт –күзге мен де, Бір мақсаттан жөн күдер үзбеген де. Бірақ шабыт қыдырма әйелдейін, Таптырмай да жүреді іздегенде. Мен тер төксем, сен сонда қара маған, Қиындыққа, сескенсе, бара ма адам! Қаным емес құлатпай жүрген мені, Өлең шығар өн бойымды аралаған. Жұмыс, жұмыс, сан жұмыс қамалаған. Арман болып барады дала маған. Неткен төзім! Қасқайып тау көтерер, Толағай боп сонда бұл бара ма адам!? Бір шаруаны тауыссам жөнді реттеп, Екіншісі тұрады мөлдіреп кеп. Және бұлай болғаны бірінші емес, Жұбатпайды ешкім де соңғы рет деп. Жарасарын білмей де кімге ненің, Қолы босты бәрібір күндемедім. Оны айтасың, қарыз бен парыз атты Дәрім де бар ұйқыашар түнде менің. Шүкір, шүкір, сәттер көп көз ілмеген, Қызартып та көрген жоқ төзім деген. Мөлдір үміт қасымда ұзақ түнді Отырады қысқартып өзімменен. Жолдас-жора, таныс бар – баршаңыз бар, Дұрыс-ты бір шындыққа қансаңыздар: Тірліктегі көп жайды түгендеуге, Уақыт жоқ-ау, уақыт жоқ, нансаңыздар! Бәрі қолды байлайды жоқтан-бардың, Бақыты зор бір мұрса тапқандардың, Шіркін, бір сәт мойнына асылсам ғой. Маңайыңның алғысқа толтыр бәрін, Ұмытпайсың бір алыс жол тұрғанын. Көкжиектен асып бір қайтар ма едім, Ақ Жайықтың құшақтап толқындарын! Жарылқаса бір төзім бітіп маған, (Сол төзімді қайтсем де күтіп бағам!). Бассам сосын құмына Ақ Жайықтың, Табанымды жүйрік жел қытықтаған. Самал соққан кештердің салқынымен, Уақыт тауып, жүре алсам әр күні мен. Ойнар ем ғой Жайыққа малып тұрған, Жас талдардың үркектеу балтырымен! Жетектей ме, кім білсін, алдап арман, Жұмыс болып шығады андап алдан. Кімнен көрем, өзімнен көрмесем тек, Бұл беймаза тірлікті таңдап алған. Өкінішке төзімді тауыстырып, Сөз ететін жөнім жоқ дауыс қылып. Өйткені бір бәйгенің ортасында, Ат мінбейді ешкім де ауыстырып. Көмген сырды тереңнен көтердім-ау, Қауіп емес, мен білсем, бекер мынау: Сол Жайықты армандап өтермін-ау! Ақ Жайығым өзіндей жанар жастың! Сертім берік жүзіндей ақ алмастың. Жан жүрегім лүпілдеп тұрған кезде, Мен сенімен сырласпай кете алмаспын. Мен сенімен бұлт жетпес шынардаймын, Шыңнан биік сосын да жыр арнаймын, Бір өзіңе сыйынбай жүре алмаймын. Өмір бойы тасытып ел еңбегін, Жүрсем терлеп, менің де еленгенім. Тек осылай ескерткіш қоям саған, Жерге сіңіп кеткенше денем менің. Соңғы бір сөз: серт болсын елден күткен. Елдің ұлы – азамат ерден күткен, Сенің еститініңе сенгендіктен. Тілек Дос-жарандар – тірлікте тілектестер! Тілектестер – жүйкелес, жүректестер! Бал сорғандай балқытар сөзден бұрын Әрқайсысың бір мынадай тілекті ескер: Ай-жылдарым көп өтіп еленбеген, Мен бұрын мол құрметке бөленбегем. Сосын да бір сөйлеген маған енді Кезек қайта ой жоқ-ты келер деген. Мұндай сырға, білмеймін, қанық па едің? Қансаң, одан бір сабақ танып па едің? Байқадың ғой, жұрттың бұл назарынан, Қысылып та тұрғаным анық менің. Амалың жоқ, Мылжыңға қосылмай да, Үйренбесең болмайды тосын жайға. Тілің қышып жүргенде тимес кезек Ұялтады екен-ау осындайда! От басында тең едік, тегіс едік, Тұрғыздыңдар орнымнан мені сеніп. Уәде болсын: Бұл кештің құрметіне Бір жалған сөз айтпауға келіселік! Бір қауымбыз – татумыз, іргеліміз, Жайдарымыз, жайсаңбыз, жыр кеніміз. Алақандай әлемнің бір шетінде Қандай бақыт бас қосып жүргеніміз! Білмей тұрып өмірдей думан барын, Көңілсіздік дегеннің қуған бәрін, Қандай ғажап, ол баста келіскендей Бір-біріңе ұқсамай туғандарың! Шуақ танып көз ашқан күннен бері, Адалдықты мол айтып, міннен гөрі. Қандай жақсы әркімнің тек өзінше, Тірлігімен тырбынып жүргендері! Кейде – аңқау, ал кейде дана сын-ды, (Қоя тұр, сен, қалжың сөз, таласыңды!) Біріңде – он, біріңде – жалғыз бала, Болғаны да өзінше жарасымды. Аяп тағдыр бұрын-соң білді кімді! Болар қызық, қиындық бірлік үнгі. Оқасы жоқ жел тимей біреуіңе, Аяз шалса, біріңнің тірлігіңді. Іздеп бірің тәкаппар жыр сеңгірін, Бірің қиын іске жең түрсең бұрын, Ештеңе емес, машина алғанда дос Жалғыз ғана костюммен жүрсең бірің. Жөн біреудің жол үсті терлегені, Жөн біреудің інжу де термегені, Жөн біреудің сайраңдап, Париж барып, Осы тұрған Орданы көрмегені... Күнде көріп ағылған адамдарды, Мынадай бір ой түйер шамаң бар-ды: Ортамызда жомарттар жүрмесе егер, Қалай ғана таныр ек сараңдарды? Өтсе біреу өрлікпен жанын беріп, Біреу бара жатады ағымға еріп. Сондай кезде батырлар болмаса егер, Сужүректі шатаспай таныр ма едік? Күтінбеген көңілге мұң жиып та, Бүтін деген көңілге нұр құйып та, Сабыры мол сырларың жатады әр кез Көздердегі жоғалып тұңғиыққа. Мүмкін содан бәрің де данасыңдар, Айтыс туса, соңында жарасым бар. Солай... «Бермуд аралы» секілді бір Шеттеріңнен жұмбақ боп барасыңдар. Білмей тұрып өмірдей думан барын, Ұйқы буған тірліктің қуған бәрін, Қандай ғажап, о баста-ақ тек осылай Бір-біріңе ұқсамай туғандарың! Күңкілі не күндестің, сөздері не? Мәңгі-бақи сеніңдер өздеріңе! Анттай берік адалдық бір-бірінің Тіке қарай алады көздеріне. Сол адалдақ оңғарып бағытты әр күн, Ары болып ары да анық бардың, Тіке қарап жүреді тірлікте әр кез, Жапқасын да... Қақпағын табыттардың. Бір шындық бар, – күндіз де түнде айтамын. (Кезек келер дейсің бе, мұндай тағы?!) Бір түсінсе, түсінер сендер барда Сендерге айтпай, бұл сырды кімге айтамын?! Әдеті жоқ аз-көпті жиып-терген Жан едіңдер әздікті сүйіп көрген. Сол күндерді тағы да аңсасаңдар, Бір-біріңді іздеңдер биіктерден! Тамсандырған тауып та ғұмыр нәрін, Мәңгі емес ол екенін ұғын бәрің! Сол үшін де ойларың биік ұшып, Биік тұрсын отырған тұғырларың! Тыңдай алмай тұрсаңдар ұйып тегі, Жүздерің сан ыстыққа күйіп пе еді? Шағылмасын тауларың дегенменен, Ауа таза келеді биіктегі. Сол биіктік – қас қақпас тілек тіні. Көз байлаған жел-құз бен түнек түні Ақ батасы секілді ата-ананың Жүреді әр кез жебеп те жүректіні. Ең болмаса, зая боп қалған жүріс жатса жатсын – Құлшынтса, алдан бір іс, Тегіс жерде теңселіп шақ жүргеннен Биіктен бір құлап-ақ алған дұрыс! О, мархабат! Кезекті өзім сұрап, Алмасам да, тұрғандай төзім сынап, Бұдан кейін сөз тимес дедім бе екен?! Әңгімемді жібердім созыңқырап. Мадақтарға өзімнің жарап ісім, Соқпақшы да емеспін дара мүсін. Кемеңгер боп тіпті де көрінбеймін, Сөйлеп тұрған жоқпын мен шарап үшін. Мысқылшыл мен ішке сыр бүкпей күлген Адамдарды жайым бар жіктей білген. Сосын мүмкін ешкімнен «Гиб-гиб, ура!» Деп салар да қошемет күтпеймін мен. Тұрып таңмен таласа төсектерден, Шаруасы жоқ даттау, не өсектермен... Өздеріңдей пендемін тағдырға да Маңдайтермен ғана тек есеп берген. Шаршау бізге таң емес, соның үшін! Қамаса да жан-жақтан толып ісің, Адалдық пен биіктік асуында, Қол тигенде жүрейік жолығысып. Кейде думан сәттерден озбай бағаң, Қинағанмен, дәл содан тозбайды адам. Қажытса, тек қажытып кетер бізді Қызыл-жасыл шеңберлер көзде ойнаған. Куә мынау жалқыны өрттей кештің: Жерге белгі қалдырмай өтпейді ешкім. «Жол ұзарып тұр-ау» деп қорықпаңдар, Асып әрмен өлімнен кетпейді ешкім. Енді, достар, сырлы сөз жиып-термей, (Талғам берсе бұл тағдыр, биік бергей!) Бір желпініп алайық кинодағы Сауыққа үйір ортаңқол кейіпкердей!

3125 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы