• Тарих
  • 09 Ақпан, 2012

Рулар тарихы – қазақ тарихы («Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті Хайролла Ғабжалиловпен сұхбат)

d185d0b0d0b9d180d0bed0bbd0bbd0b0Бұл күнде Хайролла Ғабжалиловтың ұйымдастырумен қазақ руларының ғылыми тұрғыдан зерттелген тарихы туралы жүз томдық энциклопедиялық еңбектердің алғашқы 36 томының жариялануы Қазақстан ғылымына қосылған сүбелі үлес әрі тарихты зерттеуде мүлде тың бағыт, жаңа көзқарас ұстануы ғылым әлемінде, қоғамда айтарлықтай жаңалық болды. Бүтіндей бір ғылыми-зерттеу институты атқаруға тиіс осыншама аса зор ауқымды жұмысты Хайролла Ғабжалиловтың тікелей өзінің қаражатымен жүзеге асырып келе жатқаны халық арасында зор құрметке бөлесе де, өкінішке қарай, ресми орындар тарапынан елене қойған жоқ. Мұның басты себептерінің бірі – қазақтың қазіргі зиялылары, соның ішінде қаламгерлері мен ғалымдары арасында қазақ руларына деген Кеңес өкіметі қалыптастырған теріс көзқарастың жойылмауы. Тіпті өздерін «қазақ ұлтының патриотымын» деп жүрген қайраткерлерге дейін «руды білу – ұлтшылдыққа, ұлтты бөлшектеуге, қазақ халқы арасына іріткі салуға бастайтын зиянды әрекет» деп, бұл мәселені қозғаудан, қорғаудан ат-тондарын ала қашатынын күнде көріп, біліп, естіп жүрміз. Сондықтан мүлде жаңа ұлттық көзқарастағы, тың бағыттағы осынау ауқымды жұмыс қалай қолға алынып, қалай жүргізіліп келе жатқаны және алғы кезеңде қалай өрбитіні туралы Хайролла Мағауияұлымен болған сұхбатты жариялаудағы мақсатымыз – әсіресе қазіргі қазақ зиялылары арасындағы ру-тайпа туралы теріс көзқарастан арылуға ықпал етуге септесін болу деген ойдамыз.

– Хайреке, тәуелсіздік алғалы 20 жылдың жүзі болса да, әлі күнге дейін билікте қызмет ететіндерді былай қойғанда, ұлттық көзқарастағы зиялылар арасында руын айтуға, ру тарихын білуге, жалпы, ру мәселесіне мүлде теріс көзқарас басым болып келе жатқаны өзіңізге де мәлім болса керек. Ру мәселесін қозғаған кезде «рушылдық – ескілікті көзқарас» деп сырт айналатындар өзіңіздің дос-жарандарыңыз­дың, тіпті тарихшылардың арасында жиі кездесіп жүр ғой. Ал осындай қарсылыққа қарамай, рулар тарихын зерттеуге, насихаттауға, көптомдық кітап етіп шығаруға белсене кірісіп кеткеніңізге не себеп? Бұл жөнінде біреулер сізге ой салды ма, әлде тапсырыс берді ме? – Маған бұл жөнінде әу баста ешкім де ой қос­қан жоқ. Ру мәселесінен үркіп-қорқатын қазіргі қазақ қоғамында кім тапсырыс бере қойсын?! Бұл менің бала күнімнен көкейімде жатталып қалған арман-ой десем де болады. Жалпы, бойымда жылт еткен қасиет болса, ол ата-бабаларымнан дарыған деп білемін. Әкем Мағауияның құлағыма құйған ақыл-кеңесі, өсиеті, замандастарымен, дос-жарандарымен болған әңгімелері жадымда жатталып қалыпты. – Өзіңіз сәулетші, дизайнер бола тұра тарихты зерттеуге бой ұрғаныңыз таңданарлық қой. Мұндай зерттеу жұмысына қандай дайындығыңыз, біліміңіз бен білігіңіз болды деп ойлайсыз? – Мен бұл өмірдегі ең биік, ең жоғары институт – отбасылық тәрбие институтынан өттім. Аз оқыдым демеймін, көп бітірдім де демеймін. Бірақ бір азаматтың ғұмырына жететін білім де, тәжірибе де жинақтадым. Самарқан қаласындағы мемлекеттік сәулет-құрылыс институтын бітіріп, сонау Еуропаның Прага қаласында суретші-сәулетшілер мектебінде тәжірибеден өткенім өміріме үлкен бағыт берді деп ойлаймын. Еуропа елдерінде ата-баба тарихын ерекше құрметтейтініне қанық болғанмын. Алматы, Жаңатас және еліміздің бірнеше қалаларында қала құрылысын жобалауда қолтаңбамның қалғанын мақтаныш етемін. Бұл жолдағы тәжірибем қажетке жарап, еліміздің тұңғыш валютасы – қазақтың төл теңгесін шығаруды ұйымдастырушы және авторларының бірі болып, Қазақстанды әлемге ең алғаш теңге арқылы танытуға қатысқанымды бақытым деп білемін. Демек, бұл менің оқу-білімдегі тәжірибемнің зая кетпегендігін аңғартса керек. Сондай-ақ руларды зерттеп білу, құрметтеу жөнінде көңілге түйгенімді де жүзеге асыру арманым еді. Уақытпен санаспай жүріп, ата болатын жасқа да келіп қалыппын. Енді кейінгі ұрпаққа ұлтымыз­ды қорғау жөнінде өсиет қалдыру да – парыз. Жалпы, адамға алғашқы отыз жылы қателіктер жасау үшін, кейінгі отыз жылы оны түзету үшін, соңғы отыз жылы жиған-тергені мен ой-санаға түйгенін ұрпағына дарыту үшін берілетін көрінеді. Мен осының үшінші баспалдағына табан тіредім. Сіз маған «тарих мамандығын алған жоқсыз» дегендей ой айттыңыз. Рас, мен дизайнер-сәулетші болсам да, кейін кәсіби тарихшыға айналдым. Тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін алуға диссертация қорғадым. Мен қазір кәсіби тарихшымын. Демек, тарихты ғылыми тұрғыдан зерттеуге де дайындығым тыңғылықты деуге болады. 2005 жылы «Алаш» тарихи зерттеу орталығын ашып, оның айналасына белгілі тарих мамандарын топтастырдым. Бұл – Тәуелсіз Қазақстандағы ең алғаш тарихи зерттеу орталығы екендігін айта кеткенім артық болмас. – «Алаш» тарихи зерттеу орталығын құруға, рулар тарихы туралы 100 томдық ғылыми еңбек шығаруға нақты не түрткі болғанын тарқатып айтып берсеңіз… – Қазақ тарихы туралы кәсіби тарихшылар жазып шығарған ғылыми еңбек тек қана 5 томдық тарихи кітап екен. Мұның өзі – саяси тарих. Бұл кітаптарда мемлекеттердің қалыптасуы, күйреуі, саяси-әлеуметтік, әскери жағдайлары сөз болған. Түптеп келгенде, қазақтың нағыз тарихы, негізінен, ру-тайпалар ұйысып, мемлекет құрғандығын және олардан шыққан ұлы тұлғалардан құралады. Осының бәрін түбегейлі зерттеп барып, шынайы тарихтың жазылатындығын түйсіндім. Тарихты зерттеуге ден қоюымның тағы бір себебі бар. Еліміздің тұңғыш теңгесін шығару жолында еуропалық мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас жасадық. Сонда Лондонда жүргенде тіпті ағылшын зиялыларына дейін қазақ халқына жер бетінде соңғы жылдары пайда болған халық ретінде қарайтындығын байқадым. Шет жұрттардың көбі, тіпті қазақ деген ұлтты естіп көрмегені мені таңдандырды. Шын мәнінде, қазақтың көнеден келе жатқан өркениеті, тарихы ағылшын, француз, неміс және өзге халықтар тарихынан, өркениетінен кем емес, тіпті одан да тереңге бойлайтынын сезінген сайын олардың осындай өркөкірек көзқарастарына намыстандым. Сөйтіп, осы жұмысты қолға алсам деген арман жетегіне берілдім. Сонымен, мен теңге шыққаннан кейін біраз уақыттан соң арман-ойымды, жоба-жоспарымды баян етіп, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа хат жолдадым. Елбасы менің хатымды 2005 жылы 10 мамыр күні оқып «қазақ халқының тарихын, оның әлемдегі өркениеттегі орнын және рөлін ғылыми талдауға бағытталған» жобама ұлтымызды қалыптастыруға бағытталған үлкен еңбек деп қолдау білдіргенін Президенттің кеңесшісі Игорь Романов мені арнайы хабардар етіп хат жолдады. Елбасының қолдауы менің сенімімді бекемдей түсті. Сөйтіп, біраз тарихшыларды бұл іске жұмылдырып, әуелі «Алаш» тарихи-зерттеу орталығын құрдым. Сөйтіп, тарих мамандарын Қытай, Ресей, Иран, Араб елдеріне, Ташкент, Қазан, Баку қалаларына архивтерден деректер жинауға өз қаражатыммен жібердім. Қазіргі күні біздің орталықта осы елдерден жиналған төрт мыңға жуық кітап қоры, қолжазбалар мен деректер бар. Олардың дені қытай, араб, парсы, орыс, неміс, ағылшын тілдерінде жазылған. Орталық екі айда бір шығатын «Алаш» та­ри­­хи-эт­­но­­­логиялық ғылыми журналын шығарып ке­­ле­ді. Осы уақыт аралығында «Қазақ ру-тайпа­ларының та­рихы» туралы 36-дан аса ғылыми еңбек жа­рияланды. Осының бәрін мен өз қаржыммен жүзеге асырып келемін. Ел үшін еңбек еткеніме өкінбей, қайта адал еңбегімнің ағартушылық жолға жұмсалғанына қуанамын. – Бұл орталықтың рулар тарихын жазудағы негізгі ерекшеліктері, ұстанымдары, концепциялары қандай? – «Алаш» тарихи-зерттеу орталы­ғының мақсаты – біреудің руын немесе атасын дәріптеу емес, қазақтың ғылыми тарихын зерттеп жазу. Себебі қазақ халқы ру-тайпалық дәуірден қазіргі мемлекеттік деңгейге дейін өскен халық. Бір мемлекеттің иесі болып отырған халықтың тарихын жазу үшін оның құрамын зерттеу керек. Қазақтың тамыры – рулық жүйеде емес пе? 43 атадан тарайтын рулар: 25 ата – Кіші жүз, 6 ата – Орта жүз, 12 ата – Ұлы жүз. Біз соның түп-тамырын зерттеп жатырмыз. Қазақ руларының мыңдаған жыл бұрын қалай пайда болғаны, тарих сахнасына қалай шыққаны жөнінде деректер әлі де мардымсыз. Қазақ рулары дегеніміз – қазақ халқының қасиет тұтқан ерекшелігі, ұлтты қорғаудағы ең мықты қамалы болса да, оны тәрк етуге, бұған қарсы дұшпандық пиғыл қазіргі қазақ қоғамында әлі де басым. Сөйтсе де, біз мұндайлардың қарсылығына қарамай, инемен құдық қазғандай болып, шет жұрттардағы деректерді, еліміздегі мағлұматтарды барынша пайдалануға тырысып келеміз. Әр рудың көшіп-қону мекендері, Шыңғыс хан кезіндегі жағдайы, Қазақ хандығы кезіндегі жағдаяттар, олардың өсіп, ұйысып, мемлекет болғандағы ық­палы, саяси орны секілді мағлұматтар ру тарихына қамтылуы тиіс. Олардан шыққан батыр­ларды, билерді, әулиелерді, үлкен шайқас­тарды, бір тудың астына бір қазақ ұлты болып топтасуын талдау, зерттеу оңай емес. Рулар тарихы зерттеліп кітап болып шыққан соң, қазақ халқының шынайы тарихын жазу қиын болмаса керек. Біз мұны зерттей отырып, түркі әлемінің тарихына кіріп бара жатқанымызды байқаймыз. Барлығының да түбі бір халық екеніне көзіміз жеткендей болды. Жеке-жеке рулар бола тұра, олардың түп-тамыры бір жерге, бір идеологияға шоғырланған. Ал санасы төмен, ой-өресі тар адамдардың біз талқыға салып отырған үлкен кеңістік ішінен өз аталарын бөліп алып, жөн-жосықсыз асыра мадақтауы – сорақылық. Тарих – адамның жадысы, рухы, тілі. Халықтың ұлттық рухын көте­ремін десеңіз, оның руларының ғылыми, яғни шынайы тарихын білуге, құрметтеуге баулу керек. Біз кімбіз, бұрын кім болдық, ежелгі дәуірдегі қазақ кім болды, болашақтағы орнымыз қандай болмақ? Болашақ дегеніміз – біздің балаларымыз, немере­леріміз, шөбе­релеріміз. Оларға біз қандай мемлекет қалдырамыз? Қандай қоғамдық орта қалдырамыз? Іріп-шіріп жатқан қоғамды аздырып, тоздырып қалдырып кетеміз бе, әлде ұрпағымызға қазақтың ешбір халықтан кем емес өркениеті болғанын, терең тарихы бар екенін айшықтап жазылған тарихы мен ата-бабаларымыз қан төгіп қорғаған, жері мен қазына-байлығын мұра етеміз бе? Міне, мәселе – осында. Отансүйгіштік, ең алдымен, тарихты құрметтеуден басталады. Ал тарих деген ұғым жалпылама емес, әр қазақтың ата-бабаларының, руының тарихы, бастан кешкен күрестері мен жеңістерінің, жеңілістерінің, қайғы-қасіретінің баяны емес пе. Ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі мен елінің тарихын санасына сіңіріп өскен жас ұрпақ азамат болғанда Отанын, ұлтын ешқашан сатып, тастап кетпейді, қазіргі кейбір шенеуніктерге ұқсап, дүниенің құлына айналмайды. Қазір шенеуніктің біразы отансыз қанғыбастыққа бейім десем, артық айтқандық емес. Тарихынан, ана тілінен, салт-дәстүрінен мүлде бейхабар, мәңгүрт шенеуніктер, жасыратыны жоқ, тек тілімізді ғана емес, тарих ғылымымыздың дамуына да, ұлттық салт-санамызды оятатындай тәрбие беруге де теріс қарайтынын байқап жүрміз. Шет жұрттардың, әсіресе Еуропа, Америка елдерінің қазіргі азғындаған мәдениетіне табынушылық, қазақ ұлтынан безінушілік секілді құбылыстар осындайдан өршіп бара жатқаны жасырын емес. Сондықтан мен тарихымызды жинап-терген бар қаражатым мен ынтамды салып, болашақ ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу үшін ғылыми-зерттеулер жүргізіп жатырмын деген ойдамын. Қазақ халқының көптеген ру-тайпасын зерттеп жаздым. – Сонда нақты қандай рулар туралы, олардың әрқайсысы неше том болып жарыққа шыққаны туралы айта кетсеңіз? – Кітап шығаруды біз тама руынан бастадық. Өйткені мен тама ру тайпасын бұған дейін үш жыл зерттеп, мол мағлұмат алған едім. Сөйтіп, тама – үш том, табын – екі том, кердері – бір том, керейіт – бір том, жағалбайлы – екі том, телеу – бір том, рамадан – бір том, жалайыр – екі том, арғын – үш том, найман – үш том, дулат – екі том, қаңлы – бір том, қаракесек бірлестігі (Әлім, Кете, Шөмекей) төрт том – «Мәдени мұ­ра» бағдарламасымен 12 кітап жарық көрді. Баспаға жіберуге Байұлы тайпасы туралы – алты кітап, қоңырат руы туралы – бір кітап, қыпшақ руы туралы – бір кітап, төрелер туралы – бір кітап, қожа, сунақ, төлеңгіттер туралы бір кітап басуға дайын тұр. – Бұл кітаптарды шығаруға қанша қаржы жұмсалғанын айтуға болмай ма? Әр кітаптың сатылым бағасы қанша деген де сұрақтар өзінен-өзі туындайды ғой? – Жалпы, бүкіл жұмысты, соның ішінде зерттеу, дүниежүзі мұражай­ларынан деректерді жинас­тыру секілді жұмыстарды қоса есептесем, кітаптардың әр данасының өзіндік құнын шығару үшін мөлшермен 18-20 мың теңге қаражатым жұмсалған деуге болады. Түсінген адамға біз шығарып жатқан ғылыми тұрғыдан зерттелген тарих кітаптары баға жетпес құнды дүние болмақ. Алайда кітаптардың әр данасының сатылым бағасын 1500-2000 теңгеден деп белгіледім. Алдағы уақытта албан, суандарға және тағы басқа тайпаларға материал жинақталмақ. Осы еңбекті жазып шықаннан соң негізгі мақсатым – бірнеше том етіп қазақтың ең мықты, білімдар, иманды тарихшыларын жұмылдырып, қазақ халқы қандай халық екенін, сонау ежелгі дәуірден бастап өркениет жетістіктері бүкіл әлемге қалай тарағанын да қозғасақ деймін. Тіпті өзіндік өркениетке ие болған мая тайпалары, Америкадағы өзге аборигендердің түркі тайпаларынан тарағанын, олардың түп атасы түрік империясының қара шаңырағын ұстап отырған қазақ халқы екенін дәлелдеп жазып шығарсақ деймін. Сонымен қатар оны ағылшын тіліне аударып, мыңдаған данамен шығарып, қазақ елінің тарихын бүкіл әлемге паш еткім келеді. – Бұл кітаптар қанша данамен басылды, ол оқырмандарына қалай таралып жатыр? – Ру-тайпалардың тарихы туралы кітаптарға деген сұраныс өте күшті болғаны бізді қанаттандыра түсті. Жұрттың бұған деген ықыласы ересен екен. Тіпті шалғай аудандардан келіп, сатып алатындар жиі ұшырасады. Әрине, кітаптың шыққанын жарнамалау жағы кемшін, оның себебі – қазіргі БАҚ-тарда сіздің журналист әріптестеріңіздің өзі руға үрке қарайтындығында. Тіпті олардың арасында «елді ру-руға бөліп жатырсың» дейтіндері бар. Руларды құрметтеуді рушылдық деп айтып, қазақтың салт-санасын, дәстүрін әжуа-мазақ ету газеттерде, радиода, телеарналарда өршіп барады. Өкініштісі сол мұндай дұшпандық әрекеттерге қазақ журналистері мен ақын-жазушылары білек сыбанып қатысатын болды. Сөйтіп, олар ата-бабаларының наласына ұшырап, ұрпақтарының мәңгүртке айналатынын аңдай алмай келеді. Сонымен қатар, қандай қарапайым қазақ баласы болса да, өзінің ата-баба тарихын, руын білуге құштар екені даусыз. Тіпті ана тілінен бейхабар, қазақты менсінбейтін кейбір шенеуніктерге дейін өзінің руын, оның тарихын білуге құштар екенін байқап жүрмін. Ал қара қазақ үшін руының тарихы ең бас­ты құндылық екені қашанда сезіліп тұрады. Қазір тіпті мектепте оқитын балаларға дейін «кімнің баласысың» десең, «бәленбайдың баласымын» дейді, «руың кім» десең, руын айтып, тақылдап тұрады. Мұндайлар руынан шыққан батырлар мен әйгілі тұлғаларды да мақтан тұтады. Өзіміз де осылай болып өстік. Мен де өзімнің руым тама екенін, оның ішінде Қарабура атамыздан тарайтыны­мызды бала кезімде біліп мақтан еткем. Мұны әкем құлағыма құйған. Қарабура туралы дастандарды да жаттап өстім. Бұл туралы жеке кітап шығару да ойымда бар. Бәлки, менің рулар тарихын зерттеуге құштар болуымның себебі осыдан болар. Әрине, руын мақтан тұтқан балалардың ержеткен соң ұлтын сатып кетпейтіні анық. Ал қазір қазақтықтан безіну, ұлттық құн­дылықтарды сынап-мінеп, одан сырт айналу, қазақ тілін менсінбеу ата-баба тарихын, қасиетін білмеуден екені анық. Қазақ «білмеген у ішеді» демей ме?! Тіпті кейбір әйгілі әншілер мен актерлерге дейін, ақын-жазушыларға дейін руын айтуға намыс­танады, ата салтқа құрметпен қарамайды. Өйткені олар жасынан ата-баба тарихынан мақұрым өскендер ғой. «У ішсең – руыңмен, тамырына қарай – бұтағы, те­гіне қарай – ұрпағы», «тегін білгеннен қорықпа, тексізге айналғаннан қорық» деп бекер айтпаған ғой халқымыз. Руыңды құрметтемей, қасиет тұтпай ұлт патриоты бола алмайсың. Ұлттық мүдде дегенді түсінбейтін, халқының қамын ойламайтын кейбір әкімқаралар мен билікте отырған тоғышарлар өзінің жақынын тартып, білікті мамандарды қудалағанын да көріп жүрміз. Мұндайлар ой-өресі тар, топас адамдар ғой. Мұндайлар барлық ұлтта бар, тіпті кеңес заманында да болған. Мұны протекция дейді. Бұл тек біздің қазақта ғана емес, өзге халықтың бәрінде ұшырасып жатады. Қазақтың руын құрметтеуі, оны мақтан тұтуы, асыл қасиет деп білемін. Өткен ғасырлардағы жоңғарға қарсы соғыста әрбір ру батырлары өз руларының ұранын айтып, дұшпанға атой салған. – Жалпы, мұндай пікірлеріңіз әйгілі батыр Бауыр­жан Момышұлының ой-толғамдарымен сәйкеседі деуге болады. Ол бір шығармасында бір қауіпті тапсырманы орындауға қазақ жігітін жұмсағанда «осыдан қорқатын болсаң, ата-бабаңның аруағы атады» дегендей ой айтып қайрағанын түсіндіріп жазған еді. «Рулар мәселесі ұлтты ірітетін зиянды әрекет» деп түсінетіндер бар. Ал қазақ тарихының жете зерттелмеуі де осындай көзқарастан емес пе? – Иә, дұрыс айтасыз. Себебі бізде тарих ғылымы дамымаған деп айтуға болады. Қазақстанда тарих ғылымы жоқтың қасы десек, артық айтқандық емес. Ол тек үстірт жазылған диссертация қорғаумен шектеліп жатыр. Бірен-саран адамдар шынайы тарихпен айналысып жатыр, ал көбі оны көзбояушылыққа айналдырған. Тарихтың ақсап тұрғанының бір себебі – бізде тарихшы мамандардың тек мұ­ғалімдікпен ғана айналысатындығында. Көп­теген тарихшы Алаш қозғалысы мен ашаршылық кезеңін зерттеуден ары аса алмай жүр. Соның өзі әлі де көптеген зерт­теуді талап етеді. Мәселен, бүкіл Қазақстан ғалым­дары жи­на­лып, Шоқан Уәлихановтың отыз жасына дейінгі жазып кеткен еңбегін толық зерттеп бере алмай отыр. Бұл не деген ғылым деңгейі? Ашаршылық кезеңінің өзін зерттей келе, оған тарихи бағасын әлі күнге бере алмай келеміз. Оны қойыңызшы, көз алдымызда болған 1986-ның бетпердесі ашылмай келе жатыр ғой! Оның өзін әркім әрқалай бұрмалап, әрқалай жазып жатыр. Көзіміздің алдында өткен тарихты жаза алмау деген не сұмдық?! – Сонда қазақ тарихын зерттейтін ғалымдар, ғылыми-зерттеу мекемелері не тындырып жүр? – Бүгінде бес ғылыми зерттеу институты жұмыс істейді. Археология институты, Шығыстану инс­титуты, Тәуелсіздіктен кейінгі тарихпен айналысып отырған институт, Номадтар, яғни көшпенділер тарихи институты. Бірақ бұлар істеп жатқан жұмыстан біздің жұмыс өзгеше сипатта. Өзгелердің немен айналысып, не жазып жатқандарын біл­меймін. Ал тарих ғылымы жалпы­халықтық деңгейде болуы керек қой. Әрбір қазақтың үйінде тұратын тарих кітабы әлі жазылмай жатыр. Әрбір оқушы, әрбір студент, әрбір қойшы, әрбір инженер оқып, рухы көтеріліп, білім алатын тарих кітаптары болуы керек. «Бабаларым мынадай екен ғой» деп, рухтарын, отаншылдық қасиетін көтеретін тарих жазу керек. Қазір біздің тарихымызды тарихшы­ларымыздың әлсіздігінен жазушылар және басқа сала маман­дары жазып жатыр. Мысалы, Ілияс Есен­берлин, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Софы Сматай, Қойшығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбектер сияқты ­тарих ғылымына өзге мамандықтан келіп, баға жетпес еңбек сіңірді. «Тарих­шымыз» деп көкі­ре­гін ұрып бізге келген тарихшы­ларымыздың тарихты жаза алмай, ғылыммен шұғылданудың орнына ұрланып өздерінің және біреудің докторлық еңбектерін жазғанын да байқадым, ондайлардың сирек кездесетін кітаптарымды ұрлап, талан-таражға салып, тарап кеткені қынжылдырады. Осындай бала кезінен отбасынан тәрбие алмаған, тарихшылардан қандай үміт күтуге болады?! Қазақ халқы түрік империясының қара шаңырағы екенін, «бүкіл мәдениет әлемге көшпенділерден тараған» деп Батыс ғалымдары мойындап отырса да, бүкіл түркітілдес ұлт пен ұлыс бізді «атажұрт» деп Алтай өңірінен тарағанын дәлелдесе де, өзіміз соны сезінбейміз. Үлкен ғалым, сенатор Әділ Ахметов мая тайпалары қазақ рулары арасынан кеткенін дәлелдеп жүр. Олардың қолданған сөздерінің көбінің біздің тілмен сәйкестігі айқын байқалады. Сол сияқты қазба тарихи жәдігерлер арасынан немістің свастикасының, бес жұлдыздың Алтай өңірінен табылуы, діннің белгілері бізден бастау алғандығын, біздің дәуірімізден сегіз мың жыл бұрынғы «Алтын адамның» табылып жатқаны мәдениетіміздің, тарихымыздың өте терең екенін көрсетеді. – Осындай ойларды тіпті 1985 жылдары жаңа өзіңіз есімдерін атап айтқан Қойшығара Салғараұлы мен Ақселеу Сейдімбектен де еститінмін. Олармен «Егемен Қазақстан» газетінде бірге қызмет еттім. Тіпті Қойшығара екеуміз бір бөлімде, бір бөлмеде бірге отырдық. Сонда Ақселеу тіпті күн сайын Қойшығараға келіп әңгімелесетін. Тарихты зерттеу­ге Қойшығараны қайрайтын. Сөз арасында Ақселеу «Әттең, миллиондаған долларым бол­са, дү­ние­­жүзінің архивтерін ақтарып тарихи еңбек жазар едім» деп армандайтын. Сол кезде Қойшығара қазақтың көне тарихын зерттеуге тәуекел етіп кірісіп еді. Ол күндіз-түні мұражайлардағы көне дерек­терді іздестіріп, қазіргі қазақ жерінде қазақ рулары шет жұрттарда аттары түрліше аталса да, сан мыңдаған жылдардан бері мекендегенін, Алтайдан Қырымға дейін қазақ жері болғанын, мұнда өзге жақтан ешқандай халық көшіп келмегенін дәлелдеп жазған кітабын Республика басшысы болып келген Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары бағалағаны қаламгерлер қауымына мәлім. Бұл еңбектің тың тақырып, жаңаша бағыт екенін қазақтың елін, жерін қорғауда маңызы зор болатынын Н.Назарбаев сол кезде-ақ бағамдаса керек. Ол жазушылар туралы пікір білдіргенде бірнеше мәрте Қойшығараның есімін атап, оның кітаптарының құны зор екенін білдірумен болды. Кейін Қойшығараға тарихи зерттеу кітаптарын жазғаны үшін мемлекеттік сыйлық берілді. Қазір ойлап отырсам, сол кезеңдерде Ресейдің империяшыл ғалымдары «Қазақстан жері қазақтікі емес, өзге ұлттар қоныстанған» дегендей пікірлерді жиі қозғай бастаған еді. Мұның соңы Республиканы бөлшектеуге бастайтын қитұрқы саясат екенін Ақселеу мен Қойшығара сол кезде сырлас қаламдастарына ашып айтқанын да тыңдап отыратынмын. Ел Тәуелсіздік алғаннан соң қазақтың ішкі жаулары баспасөзде бас көтеріп, Мәскеудің сол кездегі империяшыл, шовинистік сая­­сатын басшы­лық­қа алып, «Қазақстан жеріне тіпті қазақтан бұрын орыстар қоныстанған, қазақ этносы ұлттық мемлекет құруға жарамайды, қазақ тілінде қазақтардың өздері де сөйлегісі келмейді» дегендей пікірлерді ашықтан-ашық қымсынбай, ұялмай-қызармай басылымдарға жариялап, теле-радиодадан қоңырсытатын болды. Тіпті Алматының 150 жылдығын тойлаймыз деп те басынды. Бір таңданарлығы, оларға қазақша оқымаған, қазақша білмейтін қазақтар да қосылатын болды. Мұндайларға кәсіби тарихшылар қарсы тұрудан жалтарып үнсіз қалды. Ондайларға қарсы тарихшылар емес, журналистер тілсіз майданға шыққаны өзіңізге де белгілі. Тарихшылардың бұғып қалғаны, жаңа сіз айтқандай, біліксіздіктен, жасқаншақтықтан, өресіздіктен болса керек. – Иә, сондықтан өзге мамандық­тан тарихты зерттеуге келгендер жиі ұшырасады. Мәселен, Болатбек Нәсенов деген ағамыз, Алла тағала күш-қуат берсін, бұрын Республикалық са­лық инспекция­сын басқарған, кейін зейнетке шыққаннан соң өз қаражатына Ресейдің мұра­ғаттарынан дерек жинап, 12 том кітап шығарды. Тап-таза дереккөздері. Енді және 15 том кітапты шығарғалы жатыр. Менің таңданатыным – Алаш қайраткерлерінің қазақ рулары жөнінде айтқан тұжырымдарын тарихшыларымыздың басшылыққа алмайтыны. Мәселен, Мұхаметжан Тынышбаев мынадай тұжырым түйген ғой: «...Қырғыз (қазақ-ред.) халқының әрбір жеке руының шығу тегін, алдын ала зерттемей, сондай-ақ оның кіммен және қандай уақыттарда бас қосқанын анықтамай, қырғыз (қазақ - ред.) халқының тарихи тағдырының жалпы көрінісін көзге елестету мүмкін емес». Қазақ халқының тарихы рулық-тайпалық құрылымдармен тығыз байланысты екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Қаласақ та, қаламасақ та, бұл біздің ұлтымыздың тарихына тән сипат болып табылады. Тайпалық-рулық қауымдастық ерекшеліктері біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтардан бастау алып, кешегі ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы кеңестік дәуірдің берік орнығу кезеңіне дейін біздің ата-бабаларымыздың әлеуметтік, саяси-шаруа­шылықтық өмірімен тығыз, біте қайнасып, өрбіп, өрістеп келді. Бұл – ғылымда дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома! Жалпы, «қытайлардың бес мың жылдық тарихы бар» деген сөзді естіп жүрміз. Тыңғылықты зерттеу жүргізе алсақ, қазақ руларының тарихы да сондай кезеңді қамтитыны даусыз. Ұлы Қытай қорғанын салуға мәжбүр еткен де біздің бабаларымыз емес пе?! Солай бола тұрса да, Қазақстан тарихы бұрын­ғы бес томдықтың көлемінен ас­пай қой­ды. Еліміздің тарихына байланыс­ты бас­па­лардан қаптап шығып жат­қан «Қазақ­­стан тарихы» оқулықтары да, негізі­нен, бас­­ты мәселе­лерде бірін-бірі қайталаудан ұзай қой­ма­ды. Соның салдарынан Батыстың және Америка құрлығы елдерінің бүгінгі мәдениетін әспеттеу, ұлттық дәстүрлі құндылықтардың екінші қатарға ысырылуы азғындаған ұрпақтың үстемдігіне жол ашып келеді. Мұның ел үшін қаупі аса зор. Бұдан біз өзіміздің дәстүрлі рухани құндылықтарымыз бен ұлттық тарихымызды қарсы қойғанда ғана қорғана аламыз. Егер осы айтылғандарды мойындар болсақ, қазақ қоғамын құраған рулар мен тайпалар тарихын тереңдете зерттеу қажеттігі өзінен-өзі туындайды. Оның үстіне кеңестік жүйеге дейін қазақ­тың әрбір руының өзіндік атақонысы, шаруашылық­тық көшу жолдары, ел басқарған ру басылары, от ауызды, орақ тілді шешен-билері, қол бастаған ерен батырлары, ұлтымыздың рухани, діни және мәдени өмірінде із қалдырған айтулы сал-серілері, дарынды әнші-күйшілері, адуынды жыраулары және т.б. болғанын да ешкімнің жоққа шығара алмайтыны айдан анық. Қазақ руларының тарихын білу деген сөз осындай айтулы тұлғаларды мақтаныш етіп, болашаққа үлгі ету болып шығады. Алайда қазіргі қазақ қоғамы ірі тұлғаларды рулық емес, ұлттық деңгейде насихаттауға дағдыланды. Ал тарихи тұлғалар өздерінің руымен бірге, рулық-тайпалық әлеуметтік қоғамда әрекет жасағанын неге ұмытуымыз керек? Мұндай тарихи бейнелер тарихы өзінің туған руының ортақ тарихынан жеке-дара және дербес қаралмауы керек. Руды ұмытып, ұлт тарихын жасаймыз деу – ғылыми қателік. Орыс отарлауы орныққанға дейін қазақтардың өздерінің есімдеріне ру-тайпа аттарын тіркеп айтқаны, әкелерінің есімдерінің орнына дәл осы рулар мен тайпалар аттары жазылғаны (қоңырат Алатау, шақшақ Бөгенбай, шапырашты Қарасай, тарақты Байқозы, албан Райымбек және т.б.) қазақ тарихынан хабары бар кісілерге белгілі. Халықтың тарихи санасында Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай деген есімдермен қалған ұлттық тұлғаларды жаңа жағдайда неге басқаша атауға тиіспіз? Батырларға өз руларынан дұшпанға қарсы жасақтарды жинап берген «қанжығалы» немесе «қаракерей» рулары тарихымызда неге ұмыт қалулары керек? Қанжығалы кім? Қаракерей кім? Бұл рулар қайдан, қалай шығып, өсіп-өнген? Бұларды неге қасиет тұтып мақтан етпеске? Бұлар сауалдардан гөрі бүгінгі жаңадан жазылуы тиіс этникалық, ұлттық тарихымызға қойылатын талаптар болса керек. Бұдан шығатын қорытынды – тарихи тұлғаларды рулармен, тайпалармен тұтас қарастыру міндет. Ұлтымызға тән тағы бір ерекше асыл қасиет аталас ағайынды, туысты, құда-жекжатты, дос-жаранды, жиен-нағашыны қастерлейтін салты дер едік. Осынау асыл қасиеттерімізден ажырап қалмаудың жолын тынбай іздестіруіміз керек. Қазақтың рулық-тайпалық тарихын терең білген азамат бөтен жұрттың алдында өзінің ұлтын қорғап қалуға белсенді жұмыс істейтін болады. – Жалпы, қазақтың рулары мен тайпаларын зерттеген ғалымдар да аз емес қой? – Қазақ руларының тарихын жазудан қаш­қақтайтын зерттеушілерге П.И.Рычковтың, В.В.Вельяминов-Зерновтың, А.И.Левшиннің, Шәкәрім Құдайбердіұлының, А.И.Аристовтың, Г.Е.Грумм-Гржимайлоның, В.В.Бар­тольдтың, ақырында өзіміздің Шоқан Уәлиханов пен Мұхаметжан Тынышпаевтың және өзге Алаш көсем­дерінің еңбектеріне назар аударыңыз дер едік. Халқымыздың рулық-тайпалық тарихын белсенді, тиянақты әрі терең зерттеген осындай ғалымдар болмаса, бүгінгі Қазақстан тарихы толыққанды бола алар ма еді? Әрине, жоқ. Алайда осындай салиқалы да байсалды зерттеушілер салған айқын жол кеңестік-тоталитарлық жүйе тұсында үзіліп қалды. Тіпті қазақ рулары мен тайпалары тарихын жазушылардың қуғындалғаны, жазаланғаны баршаға мәлім. Руын мақтан еткенді «рушыл» деп жазғыру бел алды. Сөйтіп, әлі күнге дейін «ұлтшылмын» деп кеуде қағатын ақын-жазушыларға дейін «балам жеті атасын білсін, одан ары білмей-ақ қойсын, руды ұмыту керек, ұрпақ санасынан өшіру керек» дегендей көзқарасын ашық айтып жүр. – Қазақ тарихын зерттеуге шежіре­лердің, ру таңбаларының септігі тие ме? – Шежіренің әртүрлі нұсқалары рулар тари­хы­нан құн­ды мәліметтер берумен қатар, тарихи шын­дықты шатастыра да түседі. Оның үстіне шежірелер әртүрлі баламалар түрінде де кездеседі. Жалпы алғанда, көптеген рулардың әртүрлі шежірелік нұсқаларын да зерттеу қажет. Шежіре барлық қазақ руларын бір тудың астына біріктіру құралы деуге болады. «Барлық ру, үш жүз бір атадан – қазақтан туып таралған» деп шежіре тарату ұлтты ұйыстыруға аса қуатты идеологиялық насихат болды. – Шежірелерде «қазақтан Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс туып, одан үш жүз – Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз пайда болды, олардан рулар таралып күні бүгінге дейін ұрпақтары жалғасып келе жатыр» деген көзқарастағы аңыз бен ақиқатты ажырату әлі де жеткілікті болмаса керек. Бұлай дейтінім, шежіреде айтылғандай, қазақтың әр руының, әр жүзінің өзіндік ерекше мінез-құлқы, тұрмысқа бейімдігі байқалып тұрады. Төле бидің «Кіші жүзді найза бер де жауға қой, Орта жүзді қалам бер де дауға қой, Ұлы жүзді қауға бер де малға қой» деген мінездемесі де бекер айтылмаған болса керек. Әлі күнге дейін Оңтүстік жақтағы Ұлы жүз рулары мекендеген жерлерде Кеңес өкіметінің қыспағына қарамастан, жүздеген қой ұстағандар да болды ғой. Ал Қазақстанның шығысы мен батысында бұл кезеңде төрт қойдан артық мал ұстай алмаған еді. Қазір де мыңғырған малы барлар Оңтүстік жақтағы қазақтар емес пе? Ал Кіші жүз рулары ұрпақтарының мінездері қызуқанды екенін жақсы білеміз. Орта жүзден сал-серілер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері жиі шыққаны да жасырын емес. Демек, шежіреде қандай да бір шындық бар секілді. Мұны биологиялық-генетикалық тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да дәлелдеу қажет секілді. Сондай-ақ Алтайдан Қырымға дейінгі ұлан-ғайыр даланы мекен еткен қазақтардың тілінде диалект болмағаны да, бәріне ортақ түр-түсі, қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы олардың ежелден бір атадан таралғанын байқатса керек. Бәлкім, қазақ рулары 5-10 мың жыл емес, 30-40 мың жыл бұрын бір атадан тараған шығар... – Иә, мұндай пікірді де зерттемей жоққа шыға­ра салу жөн емес секілді. Тарихи, ғылыми-зерт­­теу бойын­ша, түркі тектес халықтардың ру-тайпаларының қалыптасуы Алтай дәуірінен бастау алады. Бұл әсіресе тілдік ерекшеліктерден айқын байқа­лады. Мұны белгілі түркітанушы Н.А.Баскаков жаса­ған сызбадан айқынырақ аңғарамыз. Мұнда әсіресе түркітілдес халықтардың тарихи отаны Саян-Алтай өңірі екендігі дәлелдірек көрсетілген. Яғни алғашқы түркі тайпаларының рулық-тайпалық бірлестіктері және мемлекеттік одақтары, негізінен, осында дүниеге келген және қазіргі қазақ жері арқылы Батысқа қанат жайған. Бұдан шығатын қорытынды – кейінгі қазақ руларының ата-бабаларының терең тамырлары сонау түркі дәуірлеріне бойлап кеткені. Оғыз-қарлық-қыпшақ бірлестіктері­нен бас­тау алған қазақтың ру-тайпалары көптеген қилы тарихи кезеңдерді бастан өткізіп, өзінің мем­ле­кет­тігін – Қазақ хандығын құра алды. Көш­пелі ру-тайпалардың бір орталыққа біріккен мемлекетін ұйыстырудың өзінің сол заманда адамзат тарихындағы орны ерекше болды. Бұл – мемлекеттің этно-әлеуметтік тірегі, ынтымағы жарасқан, «ел басына күн туып, ат ауыздығымен су ішкен» заманда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білген қазақ рулары мен тайпалары болды. Алайда орыс отарлауы және кеңестік тоталитарлық билік қазақтың дәстүрлі қоғамын күйретіп жіберді. Әсіресе ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап Кеңес өкіметі тарапынан қазақ рулары мен тайпаларына ашықтан-ашық шабуыл жасап, қоғамда дұшпандық көз­қарас қалып­тасты. Бұл әлі өшер емес. Қазақтың ру-тай­па­ларын түгендемек түгіл, адамдар­дың өзде­рі­нің туған ата-бабаларының есімін естен шығаратын, яғни дәстүрлі тарихи сананы тәрк ететін рухсыздану, русыздану және ұлтсыздану әлі жалғасып келеді. Рушылдықтан қорқамыз деп, өзіндік ерекшелігі бар, шын мәнінде, өткені ру-тайпалардан құралған ұлтымыздың тарихын көпе-көрнеу байқамай, «ұлттық», «халықтық» деген жалпылама ұрандар тасасында «жауырды жаба тоқып» жүре береміз бе? Рулар тарихын ұлт тарихына қарсы қойғанымыз қалай болады?! Сонда біз қазақты этникалық тұрғыдан құра­ған әрбір рудың алғаш өзіндік рулық тулары болғанын (Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашидиін» қараңыз), олардың жеке рулық таңбалары-белгілері болғанын, кейінірек рулық ұрандардың үстемдік алғанын мақтан етіп айтудан неге жалтарамыз? Неліктен осындай көптеген ру-тайпалар мәселесіне қатысты тарихымыздың құнды да бағалы жақтарынан қасақана, саналы түрде бас тартуымыз керек? – 100 томдық ауқымды, энцикло­пе­диялық еңбекті жазып шығаруды жүзеге асырып жатқан жұмыстарыңызға қолдау, көмек көрсеткендер бар ма? Тендерге қатыстыңыздар ма? – Тендерге қатысу былай тұрсын, бізді ешбір мекеме есігінен қаратпайды деуге болады. Бәрі ру-тайпа мәселесінен үркіп-қорқатын болса керек. Алайда есімдері халық арасында құрметпен аталатын марқұм Салық Зиманов пен әйгілі ғалым Кеңес Нұрпейісовтен бастап, әйгілі қаламгерлер Әзілхан Нұршайықов пен Қалмұхан Исабай, Рымғали Нұрғалиев пен Қабдеш Жұмаділов, Ақселеу Сейдімбек пен Қойшығара Салғараұлы, Уақап Қыдырхан мен Советхан Ғаббасов, әйгілі математик ғалым Асқар Жұмаділдаев, археолог-ғалым Зейнолла Самашев секілді есімдері кеңі­нен танымал болған ғылым, мәдениет қайраткер­леріне дейін қазақтың айтулы зиялылары біздің жұмыс орнымызға келіп, еңбегімізге рухани демеу жасап, қолдау білдіргені бізді, әрине, қанат­тандыра түсті. Жуықта Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкері, белгілі жазушы Әлібек Асқаров орталыққа келіп, шығарған томдарды көріп ризашылығын білдіріп кетті. Жалпы, Елбасымыздың біздің жұмысымызға көзқарасы дұ­рыс болса да, керітартпа зиялылар мен шенеуніктердің теріс пиғылы өзгере қойған жоқ.

d180d183d0bbd0b0d180-55

Әңгімелескен Қуанбек Боқаев

20596 рет

көрсетілді

37

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы