• Руханият
  • 22 Ақпан, 2012

Сөз зергері

kabdolov-7Шарпып өткен жалындай ХХ ғасырдың бас кезіндегі репрессиядан бірен-саран аман қалған, арынан жаны садаға Мұхтар Әуезов, Бисембай Кенжебаев, Есмағамбет Ысмайылов сияқты қазақ зиялыларының көзін көрген, тәлім-тәрбиесін алған жаңа бір лек соғыстан кейінгі жылдары әдебиетке келіп қосылса, сол әдебиет майданының алғы шебінде тыңнан түрен салған белгілі қазақ әдебиетінің зерттеушісі, оның теориялық негіздерін ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсыновтан кейін біраз жылдарға ілгерілетуші, қазақ сөз зергерлерінің бірі – әрі ойшыл, әрі шешен академик Зейнолла Қабдолов тұрады. З.Қабдолов шығармашылығы мен ғұмырнамасына жіті көз сал­саңыз, оның сан қырлы, сан сана­лы жан екендігіне әрі сөзден тер­ме теріп, ою ойған логикалық пайымы мен парасаты биік тұлға болғандығына көзіңіз әбден жете­ді. Алғаш әдебиет есігін өлеңмен ашқан академик өзінің өсу жолында әдебиетпен өзін ғана байы­тып қоймай, әдебиетті «Сөз өнерімен» Қабдоловша байытқан жан. Зекең бірден диссертация қорғап, ғылымның шен-шекпеніне ұмтылмаған. Қаламдарын арларына суарып отырған ақын-жазушылар ауылына өңмендей кірмей, өлең жазып келіп есігін қақ­қан. Ұлылар ауылын іздей жүріп жас қаламгер әр­түр­лі салада қалам тербеп, публицистикалық шығарма­дан роман-повестерге дейінгі сатылы шығармашылық өсуде өз шама-шарқын байқап көргені де бар. Адам бейнесі дегеннің образ жасаудың не екенін, көркем шығарманың күшті құдіретін, жүрекке жылы тиер жылы әуезін сырттай орағытып, сын айтатын жалған ғалымдардай емес, өзі сол сөзден бейнелі ою-өрнек салған. Қараңғы түнекте шам алып жүрген кеншідей әр сөздің тамырын түртпектеп тауып, көңіл үлдірігіне тәптіштеп жинаған жан. «Сөз құдіреті», Қабдоловша айтсақ, үлкен тасқын құдірет, өнердің ішінде ең қадірлісі де – көркем әдебиет. Сөз өнері сурет пен музыка секілді жалпыға бірдей жетімді деу қиын: сөз бояу немесе дыбыс емес. Әр ұлттың өзгеден ерекше өз тілі бар. Әдеби шығарма сол тілде ғана туады, есесіне, әдебиетің тілі музыка тілінен гөрі нақты, театр тілінен гөрі затты». Ұстаз-ғалым еңбектерінің өсу, күрделену сатыларына ғылыми тұрғыдан саралай, салмақтай көз сүріндірсеңіз, белгілі бір тұтастықты, әдебиеттану мен ғылымдағы байыптылық – қарапайымдылықты, теориялық тұтас организмді танисыз. Оның еңбектері жас шәкірттерді баулуда, олардың бойына тіл арқылы рух мәдениетін дарытуда, сөздің өзге өнер­ден ерекше құдіретін жеткізуде айрықша орын алады. Оқытушы-ғалым бұл фәниден де өзі соққан сөз сарайындай қарапайымдылықтың, сырбаз, әсем мінездің символындай болып өтті. Сөз зергері әдебиетті әр қырынан терең зерттей отырып, Батыс пен Шығыс, орыс пен неміс басқа да дүниежүзі ғұламалары­мен қатар қазақ ақын-жыраулары­ның, жазушыларының шығарма­ла­рын қатар қойды. Шоқтығы биік тұс­та­рын жауһар тастай жарқы­рата көрсетті. Жансебіл еңбегі­нің арқасында ол сөз өнеріне тұздық­ты сөзбен дәм келтірді, өзінің сөз қолданысында ерекше стильге ие болды. Мәселен, орыс сыншысы В.Белинскийдің «Поэзияны біреу су десе, біреу от дейді», не болмаса К.Фединнің: «Сөз – әдебиеттің құрылыс материалы», О.Бальзактың «Өнер атаулының ең қиыны және күрде­лісі» сияқты сөз тіркестері З.Қаб­долов қолданысында ерекше түрге еніп, тотықұстай құлпырып шыға келді. Ғалым ағамыз: «Жә, сонымен, әдебиет дегеніміз не: от па, су ма? Шынында да, «поэзияны біреу су десе, біреу от дейді» (Белинский). Әрине, су да емес, от та емес. Әдебиет – өнер. Өнердің түрі көп емес пе: кескін өнері (живопись), мүсін өнері (скульптура), сәулет өнері (архитектура), тағы басқа ал әдебиет қандай өнер? Әдебиет – сөз өнері». Қандай ғажап қисынды сөз! Жалпы, ғылыми мақала түгілі, көп­ші­лікке арналған публицистика­лық шығармалар жазған кезде сөз басын артық сөзбен «былғап», адамды жалықтырар таптаурын тіркестермен оқырман бойындағы әу бастағы қызығушылығын бірден қашырып жібереміз. Ал Қабдоловтың «Сөз өнерін» қолыңа алысымен-ақ қызықты, тартымды сөз қолданысы тұнығына тартып, мөлдір судан балық аулағандай әсер береді. Өзіне бірден баурап әкететіндігі соншалық, тіпті арналы ағысқа түскен қайықтай бас еркіңнен айырылып сөз ауанымен бірге ілесе жөнелесің. Бұдан басқа да «Сөз өнеріндегі» қазақ ақындарының шығармалары ұлттық нақышта, ұлттық бедерде, жаңаша түр-сипатқа ие болып, арналы ағыспен бірге ағады. Тілтанушы, әдебиетші мұғалім­дер мектептегі жас буынды оқытуда тәжірибелерінің аздығымен қатар, сөзден сөйлем құрауда тапшылыққа ұрынып жататындығы жасырын емес. Өлеңді жай оқу ғана емес, оның астарына үңілу, ішкі терең сырларына қанықтыру – тәрбие мен білімді зердеге мықтап орнықтырудағы басты әдіс екені белгілі. Осы орайда жалаң мәтіндемемен тыңдаушы зейінін шаршатып жібермей, негізгі тақырып төңірегіндегі өмірден немесе өнерден алынған ұқсас жағдаяттарды оқытушылар зердесіне түрткі ретінде пайдалану көп жағдайда бойымызда жетіспейді. Ал академик З.Қаб­до­лов­тың ақын-жазушылар шығарма­ларының тігісін жатқызып, жігін айырып, кестелеп жеткізудегі үлгі тәсілі өзгеден ерекше, сіңімді де қонымды. Жай қарағанда бәріміз білетін Абай өлеңдері түсінікті сияқты. Ал, шын мәнінде, белгілі бір тақырыпқа Қабдоловша үңіліп, Қабдоловша ой толқыту сұлулыққа құмар жас ұрпақ ойын елең еткізері сөзсіз. Мәселен, академик-жазушы теориялық мәселелерді айта келе: Жас жүрек жайып саусағын, Ұмтылған шығар айға алыс, – деген Абай өлеңіне тоқталған кезде, «япыр-ау, жүректе саусақ бола ма, ол саусағын қалай жаяды» деп таңырқап, тамсанады. Одан әрі бала қиялын шарықтатып әкетіп, албырттық асау қанын тасытқан бұла күш арқылы әлгі жасты биік-биік шырқауларға шығарады. Тұнық та мөлдір махаббат сезімін шәкірт бойына ұялатуда, міне, мұндай формада түсіндіру, жеткізу нағыз ұстаздың ұстазының ғана қолынан келмек. Сондай-ақ: Күлімсіреп аспан тұр, Жерге ойлатып әр нені, – деген қарапайым мағынасындағы образ, суретті сөздің астарын ғалым «аспан жай тұрған жоқ, езу тартып күлімсіреп тұр, жер жай жатқан жоқ, әлгі жадырап жайнап күлген аспанның қылығына елтіп, біртүрлі ойланып жатыр» деп түсіндіреді, сөйтіп, қарапайым екі жолға жан бітіреді. Бұдан артық сөз құдіретін қалай жеткізуге болар екен?! Әдебиетті танып-білудің ғасыр­лық тарихына үңілсек, қай заманда да көркем дүниенің адамға, оның ішінде қоғамға, әсіресе келер ұрпақтың тірегі, жас буынға ықпалының негізгісі деп оның эстетикалық әсерін айтамыз. Эстетикалық әсердің бояуының қанық болуы қаламгер қиялы мен қарымына байланысты. Әлбетте, сол шығарма мен оқушы, түптеп келгенде, әдебиет пен қоғам арасын­дағы негізгі байланысты, яғни эстетикалық әсерді суреткер қандай жолмен қамтамасыз етеді, міне, мәселе – осында... Ал академик-ғалым осы ара-жікті пайымдауда эстетикалық әсер, шын мәнінде, рухани байлықтың негізі діңгегі екенін көрсететіндей, түгендей бір «Образ және образдылық» деген тарау арнап, оның өзін қыздың жиған жүгіндей ғып текшелеп берген. Ғалымның айтуынша, образ­дылық – жазушы қолмен ойына келген жеріне қоя салатын техникалық құрал-жабдық, не болмаса, технологиялық құбылыс емес. Біз көрген, біз сезінген қоғамда болып жатқан адамдар өмірінен өр­біген тұрмыстағы құбылыс. Жеке адамның өзін қоршаған ортаға, болмысқа, сан алуан оқиғаларға беретін эстетикалық бағасы. Бүгінгі жас буын бойында образды ойлау, табиғат тылсымының терең тамырына үңіле білу, табиғатша күліп, табиғатша жылау сияқты қасиеттердің аз кездесуі, біріншіден, табиғатпен адамзат арасының алшақтауы болса, екіншіден, ұстаздың шәкіртке дұрыс ұғындыра алмауынан. Сондықтан да болар, ойлаудың қабілеті тарылып, қолданар аясының төмендеп келе жатқаны. Академик-жазушы мұндай суреткерлікке, образдылыққа тек жазушы ғана емес, кез келген көкірегі ояу, көзі ашық адамның де ие болатынын, тек олардың сөзбен беруде, не болмаса, жазуда жеткізе алмай қиыншылыққа ұшырап жататын тұстарын нақты мысалдармен дәйектеп, ұтымды келтіреді. Ғалым «суреткер іс жүзінде өмір шындығын өз дүниетанымы тұрғысынан белгілі бір уақыт пен кеңістікке, әлеуметтік орта мен дәуірге сай талғап, тануы, таңдап, іріктеуі және жинақтауы, сол арқылы өзі жасап отырған көркем бейнені сомдауы, тұлғаландыруы» десе, мінезді «адамның ішкі болмысы, белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлқы, барлық психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы» деп бағалайды. Шын мәнінде, күнде­лікті құмырсқаның илеуіндей жү­­ріп жатқан қыз-қыз тұрмыс-тір­ші­лік шынайы көркем бейне жасаса, ал жеке адам бойындағы бас бермес мінез даралығы – еш уақытта қайталанбайтын құбылыс. Ол тек қоғамдағы көркем бейнемен байланыс арқылы ғана ашылып, танылады. Мәселен, оқушы бойындағы танымның әртүрлі болуы да, міне, осыдан. Ата-анасының құрсағында-ақ сәби мінезі қалыптасатынын ескерсек, шәкірт мінез-құлқындағы ерекшелік, қайталанбас қасиеттері сөз мәнін жеткізуде ұстаздың негізгі теориялық ұстанымы болуы қажет. Өйткені жас буынның таным­дық әсері жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отырады. Соған сәйкес, оның мінез-құлқында да өзгеріс болуы мүмкін. Ал образдық бейнені қабылдау жас ерекше­лі­гі­не сай жүретіні сөзсіз. Міне, осы тұстан келіп, академик-жазушы айтқан образды ғылыми жағынан әлдеқайда негізді, логикалық жағынан әлдеқайда қисынды етіп жеткізсек, адам бойындағы танымның да күн шуағындай жадырап, құлпыра түсері, оның бойға сіңуінің әлдеқайда көбірек болатындығы келіп шығады. Академик З.Қабдолов жазған «Сөз өнерінің» жан-жақтылығы оның танымдық қасиетімен ғана өлшенбейді, қалыпқа құйған қорғасындай сөз құдіретінің тұтас бітімі, атқаратын қызметі тек қана жеке адамдармен шектелмейді, ол қоғамға, тұтас бір дәуірге әсер етеді. Міне, бұл тұрғыдан алғанда академик З.Қабдолов әдебиеттің теориясын оның практикасымен байланыстыру, сондай-ақ теориялық талғамдарды жазушылық шеберлік мәселесімен, қажет жағдайда қаламгерлік өнердің қиын иірімдерімен ұштастыра, көркем шығарманың психологиясымен байланыстыра жүйелеу мақсатын қойған. Ғалым одан әрі әдебиет теориясын үңги отырып, дәуір мен әдебиет арасындағы қондырмалық байланысқа тоқталады. Әдебиеттің қондырмалық сипатын дәлелдейді. Ұлттық сипатты осы жерден келіп іздейді. Ұлттық сипаттың төмендеуі тұтас бір қоғамға мәңгүрттікті алып келеді. Бүгінгі таңда сөз қадіріне жетпей, сөздің күш-қуатының кемуі үлкеннің кішіге құрметінің, кішінің үлкеннің алдындағы ізеттілік пен сөз қадірінің мәнін түсінбеуге әкеліп ұрындыруда. Бұл болашақта қоғамның басқа бір формада дамуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан да жоғарыда ұлы ұстаз, ұлы ғалым айтқан қағидаларға жай атүсті нәрсе деп қарауға болмайды. Біз өмір сүріп жатқан ғасыр –тастан тамақ, судан сүт жасайтын нанотехнологиялық, атомдық ғасыр. Мұндай ғаламдық аласапыран кезінде ұлт мәдениетінің жо­йылып, жойылмаса да бұрынғыға қарағанда тым арзандап кетуі – осы әдебиет құралы тіл мәдениетімен тікелей байланысты. Сондықтан да академик З.Қабдолов айтқан сөз өнерінің тасқын күшін ұрпақ бойына дарытып, жаһандануға қарсы қояр ең бірінші қаруымыз екенін ұмытпағанымыз жөн. Бұл орайда елінің ертеңіне алаңдап, құлқыны мен қара басы емес, «қараша қазағым – болашағым» дейтін қолына қалам алған қауымның «Әдебиет – ардың ісі» деген ғұлама ғалымның қағидалы сөздерін үнемі еске алып отырғаны абзал. Сондай-ақ жас ұрпақ бойына білім нәрін себуші ұстаздардың Қабдоловша әдебиет құбылыстарын тарих тұрғысынан елеп-екшегендері, оларға даму тұрғысынан баға бергендері жөн. Ғалым қалдырған өшпес еңбек «Сөз өнерінің» соңғы жағында әдеби дамудың мағынасы мен мәні, яғни әдеби үрдістің не екені айқындалады. Мұнда жанрлардың әлі де нақты анықтамаға ие бола алмай келе жатқанын, жанрлар арасындағы проблемалық мәселелер қарастырылады. Қабдолов «жанр» деп – әдебиеттің тегін, ал түрлерін «жанрлық түр» деп қарайтын қағиданы ұстанады. Ғылыми талдау, ғылыми ізденіс кезінде жанр тегі мен түрлерін терең зерделеп қарастыруға болар. Бірақ оқушы бойына әдебиет нәрін беруде жылуы жоқ сөздерге құрылған терминдердің тигізер пайдасы шамалы. Алғаш шағын әңгіме, эпостық шығармалардан басталатын әдебиет сабақтарында ұлттық пен қатар танымдық сипатқа баса назар аударсаңыз, ұтқаныңыз. Бас­қа жанрлар З.Қабдолов теориясымен одан әрі өз ауанымен өрбиді. Өйткені жас буын жанрлық мәселелерді бірден қабылдамауы мүмкін. Ал оны әдеби үрдіс ретінде даму тенденциясын барынша жан-жақты талдап, «нақты тарихи түр» деп қарастырып берсе, бұл, ең алдымен, жас буынның бойындағы білім құнарлылығын арттыруға септігін тигізеді. Көркем әдебиет бүгін ғана пайда бола қалған жоқ. Оның өзіндік тарихи теориясы, суреткерлер қолымен жинақталған бай тәжірибесі, ешкімге бағын­баған объективті заңдылықтары бар. Міне, мұны бірден жас буын санасына қондыра салу, оның ерекшелігін қалыптастыру мүмкін емес және мүмкін болмайды. Оған сатылы білім, сатылы әдіс қажет. Бұл жолда тағы да академик З.Қабдоловтың «Әдебиет теориясының негіздеріне» келіп соғамыз. Әлемдік әдебиет даму мектебі­нің негізгі қазығы – азаматтық болмыс, ғылыми көрегендік, биік парасат, философиялық тереңдік алынған объектіні дәлдікпен дәлелді беру сияқты сипаттар болса, Қабдолов лекцияларында оның бәрі қамтылған. Ұлы ұстаз лекцияларын әр жыл сайын жаңартып, түзеп, әр сөйлемін қайта қарап, саф алтындай қалыпқа түскен құйма сөйлемдерін «Сөз өнері» кітабына хаттап кетті. Ғұлама өмірінің соңғы күніне дейін сөзден оқ жонып, оны жетілдірумен болды. Ол қалдырып кеткен теңдессіз мұра талай оқушы бойына дарып, талай буынға нәр берері сөзсіз. Бұл орайда бүгінгі ұстаздар қауымының алдында тұр­ған үлкен міндет бар. Ол – ғасыр үнімен үндес, сырымен сырлас З.Қабдолов шығармашылығын одан әрі терең зерттеп, қабдоловтану ілімін дамыту арқылы оның танымдық, тағылымдық тұстарын шәкірт бойына ұялата білу. Қайран, Ұлы ұстаз! Ізгілік пен білімнен жаралған бойыңыздағы күн нұрындай жылуға қасыңыздан жанай өткен жанның өзі жадырап сала беруші еді. Кей-кейде өзіңіз айтқан қоғам мен адамзат арасындағы тартыс, сөз қадірін түсінбес пендешілікті көргенде заңғар бейнеңіз еске түсіп, сағыныш сезімі кеудемізді кернейді. Сізден тыңдаған лекциялар сана қатпарынан оянады. Сондағы шәкірттеріңіздің жүрегіне сіз еккен білім нәрі шығар өмірде адастырмай келе жатқан бізді де.

12595 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы