• Әдебиет
  • 15 Наурыз, 2012

Қайта «тірілген» аспаптар немесе Болат Сарыбаевтың бір мақаласы жайында

d0b0d181d0bfd0b0d0bfМен Болат Сарыбаевты «аға» деп құрметтейтін едім. Ол кісімен 1961 жылдан бері таныс болдым. Құрманғазы атындағы консерваторияда ағаның сыныбында екі ай сабақ алып, әскерге шақырылдым. Әскери міндетімді өтеп, қайтып келгенімде Болат аға Мәскеу консерваториясына білімін жетілдіруге бір жылға кеткен екен. Тағдырдың жазуы шығар, мен Болат ағаның бас-қобыз сыныбынан Н.А.Лапченковтың «домбыра- прима» сыныбына ауыстым. Болат аға Мәскеуден келгеннен кейін бұрынғы қарым-қатынасымыз өз жалғасын тапты. Бір күні ол мені өз үйіне шақырды. Бұл – 1965 жылдың көктемі еді. Үйіне келген соң, екі қонақпен таныстырды. Оның бірі аты аңызға айналған қылқобызшы – Жаппас Қаламбаев, екіншісі Болат ағаның ғылыми ізденісіне көмектесіп, көне аспаптарды қалпына келтіруші шебер – Оразғазы Бисембиев деген азамат екен. Дастарқан үстінде Болат аға қазақтың бір кездерде халық арасында қолданыста болып, небір қилы замандарда жоғалып кеткен көне аспаптары жайында әңгіме қозғап отырып, сөз арасында маған өзінің жинағындағы аспаптарды фотоға түсіріп беруімді өтінді (мен ол кезде суретке түсірумен де шұғылданатын едім). Содан фотоаппаратымды алып келіп, жеке жинақтағы музыкалық аспаптарды фотоға басып бердім... Болат аға Кеңес үкіметінің көптеген мұражайларын аралап, олардан табылған құнды деректерді республикалық газет беттерінде жариялап жүрді. Мысалы, 1968 жылдың 8-ші желтоқсан күні «Ленинская смена» газетінде жарық көрген «С песней сквозь века…» деп аталатын мақаласында біраз дүниелердің бетін ашты. Ендігі әңгімені сол мақала жайына бұрайын. Мақала орысша жазылғандықтан көп жерлерін қазақшалай отырып таныстырамын. «Моя музыкальная коллекция состоит из фотоколлекций и самих музыкальных инструментов. В фотоколлекций насчитывается около семисот снимков. Среди инструментов – десять домбр, три сыбызги, джетыган, шертер, асатаяк, трехструнный кобыз, двухструнный старинный кылкобыз, два вида шанкобыза и нес­колько оригинальных футляров от этих инструментов. Каждый из них отличается друг от друга тембровыми особеннос­тями звучания, оригинальной формой, интересным орнаментом. А «началась» моя коллекция с домбры известной исполнительницы Дины Нурпеисовой. Среди уникальных инструментов – одна домбра, богато украшенная резьбой, со старинным устройством и интересной формой корпуса изготовленная замечательным народным умельцем Абикулом Аккозевым (1891-1963) из Меркенского района, Джамбулской области. Другая домбра с красивой инкрустацией из кости и с древным устройством верхнего порожка (шайтан тиек), принадлежала известному мастеру в Тамдинском районе, Бухарской области Узбекской ССР Бекжасару Есембаеву (1886-1958) Все его домбры, встречающиеся в районе, мастерски инкрустрированы костью. Среди его инструментов – кылкобыз, сделанный целиком из склееных кос­тей». Ары қарай Болат аға Талдықорған аймағынан табылған үш домбыра жө­нінде жазады. «Бұл домбыралар­дың біреуі сым ішектен жасалғандығымен таңқалдырды» – дейді. – Бұл кездей­соқ емес. Үш және төрт ішекті домбыра туралы мәлімет өткен ғасыр саяхатшыларының жазбаларында кездеседі. Шанағы дөңгелек болып келген домбыра Қазақстанның батыс өңірлеріне тән. Олар Гурьев облысының Махамбет ауданынан жеткізілді. Оны әкелген – Өтепберген Хамзин. Дина Нұрпейісованың ұлы Мұрат Нұрпейісовтың сөзіне қарағанда, бұл домбыра атақты Құрман­ғазы­ның Динаға сыйға тартқан домбырасына ұқсайды екен» деп жазады Болат Сарыбаев. Осы жерде айта кететін бір жайт, менің туып-өскен ауылым «Манаш» ауылы деп аталады. Бұл ауылдан талай домбырашылар шыққан. Атап айтсам, Алдамберген Хамзин, Нариман Үлкенбаев, Еммат және Лепес Мардановтар, Қисмет Меңдіғалиев, т.б. Біздің бала кезімізде «Нарын құмы» жайлауында, Бимұқан деген қарт домбырашы болған. Сол кісінің үйінде Болат ағамыз айтқандай, сүйекпен көмкерілген домбыра бар еді. Бимұқан ақсақалды ел «арқалы домбырашы» деп атайтын-ды. Ол кісі домбыра тартқанда, бір орында отыра алмай, орнынан жылжып кете беруші еді. Осы күндері орындалып жүрген Құрманғазының «Алатау» күйінің екінші нұсқасын менің ағам Алдамберген сол қарттан үйренген болатын. Сүйектен жасалған домбыраны іздестіріп, Бимұқанның Рамазан деген баласынан сұрастырсам, ол кісі тұшымды ештеңе айта алмады. Әңгімемді Болат ағаның орысша жазылған мақаласынан үзінді бере отырып сабақтайын. «Многочисленные материалы этнографов ХVІІІ-ХІХ веков свидетельствуют о бытований у казахов трех очень древних и примитивных по устройству инструментов – джетыгана, шертера и асатаяка. Практически они уже исчезли. В народе сохранилась интересная легенда о происхождений одного из них – джетыгана. «В глубокой древности в одном ауле жил старик, у которого была семь сыновей. В холодную зиму погиб весь скот, люди остались без еды, и в доме старика поселилось горе. Смерть одного за другим унесла семерых сыновей. Выдолбив кусок иссохшего дерева, убитый горем старик, со смертью каждого сына натягивал на него по одной струне, ставил подставку и слагал печальный Жоктау – плач. Извлекая из инструмента звуки, полные скорби, исполнитель в этих различных по характеру плачах показывает образ своих детей». Бұдан ары Болат аға осы аңыздың мән-жайын тарқатып әкетеді. Аңызда баян етілген жайға қарасақ, «бір қа­рия­ның жеті ұлы о дүниелік болады. Солардың әрқайсысына арнап қария ішек жасайды. Әр ішекті жасаған сайын, ұлдарына бір-бір күй арнайды. Бірінші ішекті салғанда «Қарағым» күйін, екінші ішекті салғанда «Қанат сынар» күйін, үшінші ішекті салғанда «Құмарым», одан кейін «От сөнер», «Бақыт көшті», «Күн тұтылды», «Жеті баламнан айырылып құса болдым» деген күйлер шығарады. Осылайша, дүниеге жаңа аспап пен жеті күй келеді. Бұл күйлер халық арасында «Жетігеннің жетеуі» деген атпен тараған. Жетіген аспабы жөніндегі аңызды 1966 жылы Өзбекстан елінің Бұхар облысы Тамды ауданына жасаған сапарымда жазып алған едім. Аңызды жергілікті домбырашы Жақсылық Елеусінов айтып берді. Ол оны өзінің атасынан есітіпті. XVIII ғасыр­дың соңы, XIX ғасырдың бас кезін­де жетігенді алғаш естіген орыс сая­хат­шылары «етиган», «ята­ган», «джетыган» деп атаған. 1860 жыл­дары Орынбор даласының қазақтары­нан жетіген аспабының беймәлім фото-нұсқасы табылды. Ол кесек ағаш­тан ойылып жасалған. Ішектерінің саны жетеу. Әр ішектің астына қойдың асығы қойылған. Асықтың көмегімен жетіген аспабының құлақ күйі келтірілетін болған». Бұдан ары Болат аға қазақтың ұлттық аспабының бірі – шертерге тоқталады. Шертер аспабының құрылысын, дауыс ерекшелігін, аспаптың жасалу әдісіне жан-жақты тоқталады. «Шертер» аспабы туралы дерек поляк революционері Бронислав Залес­скийдің 1865 жылы Парижде шыққан альбомында кездесетіндігін, Залесский ұзақ жылдар бойы Маңғыстауда тұрып, қазақтардың әдет-ғұрпын терең зерттегенін айтады. Мақалада қазақтың көне аспаптарының бірі – асатаяқ туралы да деректерді жазады. Болат ағаның айтуынша, асатаяқ бақсы-шаман­дардың қолданған аспабы болыпты. Асатаяқтың бір түрін кезінде атақты суретші Әбілхан Қастеев салыпты. Ол нұсқа өзінің жеке жинағында барын жазады. Мақалада Болат Сарыбаев «халық аспаптарының бұл күнге дейін аман сақталып қалғанына біз қазақ оқы­мысты­ларына қарыздармыз» дейді. Онда әйгілі ғалым Шоқан Уәлихановтың қалбырына салынған сыбызғы аспабы Ленинград мұра­жайында тұрғанын, Абайдың Семей қаласындағы мұражайға бірнеше музыкалық аспаптарды тапсырғанын айтады. Солардың арасында бір қызықты дерек, ол – қылқобыз аспабының ертедегі нобайы 1768 жылы суретші Иван Борисовтың туындыларынан табылғаны. Бұл да құнды мәлімет. Болат аға барлық аспаптардың шығу тарихын бірнеше дереккөздерге сүйене отырып баяндаған, әрбір аспапқа шын жанашырлық сезіммен қараған. Мен ол кісінің іздеп тапқан көне музыкалық аспаптарын фотоға түсі­ріп, кандидаттық және докторлық диссертациясын қорғауына атсалыс­қанымды өзіме бақыт санаймын, және ең алғаш жасалған шертер аспабының бұрауын келтіріп, өмірге жолдама беруді маған тапсырғаны үшін өзімді ағаның алдында мәңгі- бақи қарыздар санаймын. Болат ағамен көп жылдар байланыста болып, айтқан әңгімелерін тыңдап отырып, «доспын» деп жүрген талай әріптестерінің Мәскеуге хат жазып, докторлығын қорғатпағандарының куәсі болдым. Ол кісі атқарған жұмыстар бір ғылым докторы түгілі, он шақты ғылым докторының еңбегіне бара-бар дүние еді. Өз қолымен құрған байырғы ұлт аспаптары ансамблімен ел аралап, концерттер қойдық. Бірде Мәскеу, Ленинград қалаларынан экспедиция келген еді. Сол кезде Алматы телестудиясында Болат аға екеуміз қонақтарға халық әндерін (ол сыбызғыда, мен шертерде) ойнап бердік. Қазір ойлап отырсам, ол жылдар қазақ аспаптарының Болат Сарыбаевтың еңбегінің арқасында қайта жаңғырған жылдары екен-ау... Өтепберген Хамзин Алматы

24564 рет

көрсетілді

95

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы