• Әдебиет
  • 15 Наурыз, 2012

Суыр туралы суыртпақ ойлар

«Ана тілі» апталығының биылғы жылдың алғашқы санында белгілі журналист Қайнар Олжайдың «Тарбаған қайда бармаған деңізші, мына жалпақ жер үстінде» – деген танымдық мақаласын қызыға да құныға оқып шықтым. «Суыр туралы суыртпақ ойлар» соның әсерінен туындады.

Әкем шопан болғандықтан, бал дәурен балалық шағым Тарбағатай тауының қуысында, қатал табиғаттың уысында өтті. Елуінші жылдардың басы, әлі Қытайдан ел бері қарай келмеген шақ еді. Тауда мал бағатындардың көбі соғыстың жаралы мүгедектері мен күні еңкейген қарттар еді. Бір таудың қуысындағы жалғыз-жарым үйлерден өрбитін балаларға таудың аң-құсы да қызық көрінуші еді. Наурыздың он төртінен бастап інінен шығатын суыр біздер үшін ермек. Кейде аңдып ит қосамыз. Сол кездегі үлкендер бізге ұрсып, тыйып тастап отырушы еді. Суыр туралы қорқынышты әңгімелер айтып, біздің зәре-құтымызды алатын. Олардың айтуынша, суыр адамнан азған. Мұсылман баласы етін жеуге болмайды. Бұрын осы тауды мекен еткен қалмақтар, моңғолдар ғана жейді. Тарбатай қалмақ немесе моңғол сөзі. Тарбаған – моңғолша суыр, тай – тау, жалпы алғанда, «суырлы тау» деген сөз. Тағы сол үлкендер айтатын: «Қалмақ­тар Тарбағатай тауымыз-ай, тарбаған деген аңымыз-ай» – деп жылайды екен. «Кімдер сері болмаған бойдағында» – деп халық әнінде айтылғандай, жігіт шағымда суырды көп аулаған қазақтың бірі менмін. Жетпісінші жылдары аржақтан келген Әнсейіт, Әлімжан деген екі қартпен таныстым. Ағайынды екеуі өмірбойы еншісі бөлінбей тату өтті. Ел «қос шал» деп атаушы еді. Суырдың әбден толысып семірген жаздың бір жайсаң күндерінде өзімді қатты сыйлайтын «қос шалдың» үйінде суыр аулап жаттым. Бір күні «қос шалдың» үлкені маған мынандай бір әңгіме айтты. «Ата тегіміз осы жерден болғандық­тан, бұл тауды біз ежелден мекен етіп келеміз. Жайлауымыз – Тарбағатайдың жоны. Ертеде Кеңес өкіметі алғаш орнаған кезде орыстар суырдың терісіне пұл, шай берді. Соған қызығып ел суырды көп аулады. Ол кезде мылтық жоқтың қасы, қақпан да жоқ. Суырды көбінесе іннен қазып алушы еді. Сонда іннің түбін қазып жеткен кезде барар жер, басар тауы қалмағанда байғұс суыр бірін-бірі құшақтап балаша жылайды екен. Кейіннен әлгі суыр қазғыштардың көбінен тұқым қалмады деп естиміз. Шырағым, тіл алсаң осыған жолама, жалпы, қоңыр аңның киесі қиын болады». Қарттардың сөзі ем болды ма, суыр аулаудан біртіндеп суынып, ақыры мүлде доғардым. Суырдың майы ем дегенге өз басым күдікпен қараушы едім. Себебі – суыр іннен жүз метр ұзақ жайыла алмайтын бейкүнә да әлсіз хайуан. Сәл суық болса тоңғақ. Майы қатты қайыстың өзін жөндеп жібіте алмайды. Ақсуат өңірінің білікті азаматы, мар­құм Шәріп Жылқыбаев «Суырда ем­дік қа­­сиет аз, ол борсық секілді жүз­­де­ген шөптің тамырын қазып жемейді. Уынан дәрі алынатын құмырсқа мен жы­лан­­ға, жемек түгіл, суыр жолай да алмай­ды», – деп. Сол Шәріптің сөзі әбден дұрыс. Егер суырдың еті мен майы керемет ем болса, моңғолдар кавказдықтар секілді жүз, жүз қырық жасаса керек еді. Қайнардың аталмыш мақаласы бай тілмен төгілте жазылған. Бірақ қиялдың жетегіне көбірек беріліп кеткен. Мына жолдарға назар аударайық: «Майы – мүлде қазыналар қойма­сы. Онымен түрлі ауруларды емдеген. Үсіген жерді майлайды. Суықта үсіп қалмау үшін алдын ала беті-қолға жағады, жөтелгенде, суық тигенде ішеді. Өзі қысқы аязда тоңазымай, сұйық күйде тұрады. Бір ғажабы, темір немесе шыны ыдыста сақталмайды. Ондай ыдыстың еш тесігі болмаса да, арасына сіңіп кетеді. Сондықтан сарымай сияқты сиырдың қарнына салады. Аңшылар қысқы аязға тоңбау үшін жазда тарбағанның майын жақсылап жейді». «Сиырдың сүті тілінде» – демекші кез келген хайуанның емдік қасиеті жеген азығына байланысты екенін жоғарыда шамамыз жеткенінше айттық. Үсіген жерді атамыз қазақ жылқының майымен немесе күзде сойылған қаздың майымен майлаушы еді. Олардың жанында суырдың майы жіп есе алмайды. Темір мен шыны ыдыста сақталмайды дегенді кім айтып жүр. Суыр аулаған орыстар оның майын темір флягаға ерітіп құятын. Ал дәріханаларда суыр майы шыны бөтелкелермен сатылады. Еріп, ұшып кеткенін көргеніміз жоқ. «Сарымай сияқты сиырдың қарнына сақтайды» – деген не сөз. Атамыз қазақ ежелден сарымайды қойдың қарнына салып сақтамаушы ма еді? Сиырдың қарнына май салған қай қазақты көрдік. Ал енді суыр терісінің сапасына келер болсақ. Қыста інде ұйқыда жататын аңдардың терісі онша сапалы болмайды. Суыр терісінен жасалған құлақшыннан қоян терісінен тігілген құлақшын әлдеқайда жеңіл әрі жылы. Бұрынғы бабаларымыз суыр терісі басқа зиян деп одан бас киім кимеген. Арқада терісінің беріктігімен, әдемілігі жағынан күзен түрлерімен бәсекелесе алатын бірде-бір аң жоқ десек, артық айтқандық болмас. Тарбағатай мен Арқаның ұсақ шоқылы тауларында көбінесе сарғыш күзен мекендейді. Бұл өңірдің қазақтары оны қорғаныс үшін шығаратын жағымсыз иісіне байланысты «сасық күзен» деп атайды. Осы бір шағын аңның терісінің ғажап беріктігі жайында аңызға бергісіз бір әңгімені халық ақыны марқұм Тәңірберген Әміреновтан естіп едім. 1973 жылы «Семей таңы» газетін­де әдеби қызметкерліктен журналистік жолым басталып еді. Бір күні редакция­ға ұзын бойлы, қошқар мұрынды, ақсары өңді бір ақсақал келді. Атақты халық ақыны Тәңірберген Әміренов осы кісі екен. Ол кісінің түрін көргенде ұлы жырау Жамбылдың «Қойдан бөлі­ніп қалған қошқардай екен» – деген әзілі еріксіз еске түскендей еді. Сол Тәкең редакцияға бір тұрмыс қажетін өтеу комбинатының үстінен арыз айта келіпті. Оның мәнісі мынандай екен. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» деген атақты кәмпеске жылдары Тәңірберген ақынның қыл­шылдаған бозбала шағы екен. Заман талабына сай байлардың малын тәркілеудің алғы шебінде болмаса да, белортасында жүріпті. Сол 1928 жылдары оның үлесіне бір күзен ішік бұйырыпты. Сол ішікті 45 жыл өткенде сырты тозған соң қайтадан тыстатуға аталмыш комбинатқа беріп­ті. Олар тігілгеніне жарты ғасырға жуық уақыт өткен күзен ішікті сол кездегі кеңес өкіметінің ақшасымен 700 сомға бағалапты. Бұл ол кезде екі бұзаулы сиырдың құны. Комбинат әлдебір себеппен өртеніп кетіп, ішік қоса жанып кетеді. Тәкең келісілген ақшаны даулап ала алмай жүрсе керек. Сол кезде жасы егделеу, облысқа танымал журналист Боранбай Мауқаев ақсақал ақынға қалжыңдап: «Сіздің қолға түскелі 45 жыл болса, сізден бұрын қанша жыл киілгенін бір құдай біледі. Тышқан терісінен тігілген сол ішігі құрғырды қайтесіз» – деп әзілдеген болды. – Ей, шырағым, күзен терісі елуге жетпей жидіп түсіп қалатын сендердің шашың емес, бір қылшығы қисайса, мұрнымды кесіп берейін. Жыл са­йын қарға бір қағып алсам сары алтындай құлпырып сала беруші еді. Қадірін білгенге күзен ішік киімнің төресі ғой, – деп қарсы уәж айтып еді. «Суырдың терісі күзеннің терісінің жанында жіп есе алмайды» деуімізге негізгі бір дәлел – осы. Кеңес Одағы бүкіл дүниежүзіне үстемдігін жүргізіп дүрілдеп тұрған кезде терісі бағалы аңдар туралы бір кітап жарық көрді. Қазақ тіліне де аударылды. Соның бір жерінде «ғалымдар суырдың майынан адам ағзасына аса пайдалы зат тапты» деген пікір айтылды. Осы пікірді суырдың майының емдік қасиетіне үнемі күдікпен қарайтын аздаған үлкен ағалығы бар жоғарыдағы аты аталған Шәріп Жылқыбаев марқұмға білдіріп едім, «орыс ойына келгенін істейді» деп атаң қазақ бекер айтпаған ғой. Суырдың майы керемет болса, алдымен монғолдар жүз жасар еді ғой» деп өз ойын бекіте түсті. Суыр тірі табиғатқа ешбір зияны жоқ, құдай тағала жыртқыш аңдардың жазғы тамағына арнап жаратқан бейкүнә хайуаны секілді. Ол қорлауға емес, қорғауға лайықты хайуан. Адамнан азса азған шығар. Тек оның еті мен майын жеймін деп қазақ азбаса екен?! Мейрам Оралов, журналист Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылы.

14027 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы