• Әдебиет
  • 29 Наурыз, 2012

Бейнелі сөздер

Қысқа өмірді қиястық шолтита түседі. *** Өмірден тиесілі үлесіңді алсаң, бір бөлігін ортаға сал. *** Адам сәулелендірген өмір, Адамды да сәулелендіреді. *** Өмір жолыңды шаңдатпа, Бұрқасыны болашағыңды бұлдыратар. *** Тән сұлулығы – мүсін сәні, Жан сұлулығы – өмір мәні. *** Жалтақтамай өмір сүр, Бірақ, жан-жағыңа көз сала жүр. *** Өмірде ындыны кепкеннің шөлі басылмас. *** Өмір кешінің қараңғылықты сейілтер шырағы болады. *** Өмір мен өлім, бірі – жарқын, бірі – түнек тізбек. *** Өмірге келу – адамның таңдауы емес, Алланың қалауы; Өмірден өту – адамның шешуі емес, Тәңірінің кесімі. *** Зар Заман ақынды, Зіл Заман батырды, Кер Заман дананы дүниеге әкеледі. *** Адам өмірі – қателік пен тапқырлық қоспасы. *** Имандылық шапағаты болмаса, өмірдің қымбаттылығын білмес едік. Әйелдер әлемі болмаса, өмірдің сымбаттылығын білмес едік. *** Өмір – әлем тынысы. *** Кездейсоқтық – табиғи себебі сезілмейтін, ақиқаты ақыл жаңылдырар тағдыр-құбылыс. *** Татым – таңдайда, Талайы – маңдайда. *** Қарттық – Алла шапағаты, өмір сыйы. *** Сәнімен, әдемі қартаю ләзім. *** Өз төрінен төмендемей, Адами биігінен аласармай, Сыны мен сыйын қашырмай Қартайғанға, не жетсін. *** Ата батасы – сауап. *** Кәрі өткенін көксейді, бүгінгісін бұрынғысымен өлшейді. *** Қарт жаңылмасын, қатесін түзетуге уақыты жетпейді. *** Кәрінің күні оймен өтеді. *** Кәрінің бастан өтетіні қайталамалы сұрғылт тәуліктер. *** Қартайғанда өкпешіл болсаң, оғаш қаласың; Қартайғанда мақтаншақ болсаң, күлкіге қаласың. *** Қартайған бір кезеңде: Мінез қотырланады, Сезім шерменденеді, Таным сағымданады, сөзден алдырады. *** «Қара кемпір» – дана кемпір, «Қара шал» – дара шал. *** Қартайған адам өзін мерзімі аяқталған іс-сапарда жүргендей сезінеді. *** Жасыңда татпағаныңды, егделігіңде іздеме. *** Жастық – үміт оты, Қарттық – тіршілік куәсі. *** Жастық – өмір қаймағы, Қарттық – ғұмыр сарқыны. Кәрінің өткен өмірі Кеше көрген түсіндей. *** Кәріге де ақылшы аға керек. *** Кәрінің жыры – мұңы. *** Қатары сиреген қарт – мұңлық. *** Қартты сыйла, Ол бүгін – әкең, ертең – өзің. *** Адамның есеюінен қартаюы тез. *** Қартайғанда сақилық қасиет. *** Қара сақал – сылаң, Қаба сақал – қылаң. *** Қарттары сыйлы ел – берекелі, бірлікті. *** Кәрінің көзі – төртеу, аяғы – үшеу. *** Шүкіршілік – қарттардың бас рәсімі. *** Қарттардың қазынасы – тәжірибесі мен естелігі. *** Төріне өрлеген қарт – асыл, Төріне телмірген қарт – масыл. *** Ақсақалдық – көнеруде, Қарасақалдық – түрленуде. *** Қартайғанда боссөзденбе, алакөздене, бекерге өңмеңдеме. *** Сексен бес – мүшел төрт жас, одан асса, шөре-шөре жас. *** Адам қартайғанда – бір бала, сәл нәрсеге қуанады, сәл нәрседен көңілі суалады, ардақтап, арқадан қақса, оп-оңай балаша жұбанады. *** Ұрпағың барда – кәрілікке налыма. *** Әжім – қарттың әшекейі. *** Қартайғанда құр мадаққа желпілдеме, құр қолпашқа елпілдеме! *** Қарттар аздап өзімшіл, аздап қолпаш сүйгіш. *** Қарттықтың өзі – тәлімділік. *** Қартайған адамға достық пен сырластық – бірі кем дүние. *** Қарттық пен жастық арасы – алтын көпір. *** Жиырма бес – жастық шыңы: Жеткенше, шат дәурен, Өткенде, қат дәурен. *** Жасты жасқама, бауырыңа бас ол – кешегі өзің, бүгінгі – қайратың, ертеңгі – үмітің. *** Жастық – сұлулық пен ерлік символы. Жастықтың өзі – бақыт.

Жәрдем Кейкін

3819 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы