• Әдебиет
  • 29 Наурыз, 2012

Сызықша неге көбейіп кетті?

Кейінгі кездері қазақ тілі жөніндегі ғылыми-теориялық білімсіздік үдеп бара жатқандай. Әсіресе, басқаны былай қойғанда, ақын-жазушылар, тілшілер шешен сөйлегендерімен, жазғанда қате жіберіп, тыныс белгілерін де дұрыс қоя алмайтын болып алды. Мәселен, бір ғана сөйлемде сызықша қою мәселесін алайық. Қазір не көп, сызықша көбейіп кетті. Сондықтан тіл маманы ретінде сызықша қандай жағдайларда қойылатынын жазарман есіне салғым келеді. 1. Бастауыш зат есімнен болып, баяндауыштар атау тұлғалы зат есімі болса, араларына сызықша қойылады. Мысалы: Алтын – металл. Махамбет – ақын. 2. Бастауыш заттанған сын есімнен, сан есімнен және есімшеден болып, баяндауыш зат есім болса, бастауыштан кейін сызықша қойылады. Мысалы: Қыздардың үлкені – Майра да, кішісі – Сайра. (Б.Соқпақбаев) Үш – тақ сан. Ұзын белдің бойында биік таудай мұнартқан – Қарағанды. 3. Бастауыш сілтеу есімдігінен немесе жіктеу есімдігінің ІІІ жағынан болып, баяндауыш зат есімнен болса, бастауыштан кейін сызықша қойылады. Мысалы: Бұл – үлкен қуаныш. Ол – үлгілі пионер. 4. Бастауыш тұйық етістіктен (дара я күрделі) болып, баяндауыш зат есімнен болса немесе, керісінше, бастауыш зат есім, баяндауыш тұйық етістіктен болса, араларына сызықша қойылады. Мысалы: Тасегеннен жол тарту – бәрімізге ортақ іс (Ғ.С.) 5. Бастауыш та, баяндауыш та сан есім болса, араларына сызықша қойылады: Мысалы: Бес жерде бес – жиырма бес. 6. Сілтеу есімдігі мен жіктеу есімдігінің ІІІ жағынан болған баста­уыштарды көршілес тұрған зат есімнен болған сөйлем мүшесінің анықтауышы деп шатастырмас үшін бастауыштан кейін сызықша қойылады. Мысалы: Бұл – жазушының байқағыштығын көрсетеді. («ҚӘ»). Жақсы – ісімен жақсы. Көрмес – түйені де көрмес. 7. Сан есімнен болған бастауышты күрделі сан есімнен болған мүшеден ажырату үшін соңынан сызықша қойылады. Мысалы: Жүз жиырма – беске бөлінеді. 8. Жалпылауыш сөздер бірыңғай мүшелердің алдында келсе, соңынан қос нүкте, артында келсе, алдынан сызықша қойылады. Мысалы: Қазақстан Алтайындағы қылқанды ағаштар: май қарағай, бал қарағай, самырсын, шырша – барлығы бағалы ағаштар. («Қазақ тілі», орта мектептің 6-7 кластарына арналған. Алматы. «Мектеп» баспасы. 1977. 10-басылымы. Авторлары: С.Аманжолов, А.Әбілқаев, И.Ұйқыбаев). Міне, біз ережелерді де, мысалдарды да ойдан шығарып отырғанымыз жоқ, қазақ тіл білімі білгірлерінің әб­ден мойындалған, сыннан өткен клас­сикалық еңбектерінен алып отырмыз. Сызықша қоюдың басқа да қаншама қағидалары бар. Басқа тыныс белгілері өз алдарына бөлек-бөлек ғылыми әңгіме. Сызықшаны дұрыс қоя білу үшін, емле ережелерін мүлтіксіз білу – міндет. Емле ережелерін түсіну үшін, грамматиканы жетік білу керек. Емле ережелерін ешкім ойдан шығармайды. Оны ғалымдар қазақ тілінің практикалық грамматикасына – іс жүзіндегі табиғи заңдарына сүйене отырып жасайды. Ғалымдар тілдің табиғи заңдылықтарын зерттеп, ғылыми жүйеге түсіреді. Яғни, тіл теориясын жасайды. Оны грамматика деп атайды. Сондықтан тілді тек практикалық жақтан ғана білу жеткіліксіз. Ол әлі істің жартысы ғана. Ойыңызды қағазға шатастырмай, анық түсіру үшін алдымен грамматиканы, сонан соң емле ережелерін толық білуің қажет. Біз енді бір ғана сызықшаны дұрыс қоя алмау арқылы логикалық ұғымды, ойды, пікірді қалай шатастыруға, өзгертуге болатындығына көз жеткізейік. 1. Ол – оқушы. Ол – кім? 2. Ол оқушы – зерек бала. Қай оқушы – зерек бала. 1-сөйлемде «Ол» есімдігі бастауыш болып тұр. 2-сөйлемде «Қай» деген сұраққа жауап беріп, анықтауыш болып тұр. Себебі, мұның бәрі сызықшаның орын өзгертуінен болып отыр. Әрі айтайын деген ойыңды анықтап, оған ерекше екпін түсіріп тұр. Сызықшаның орны сырғыған сайын, сөйлемнің мағынасы өзгеріп отырады. Мысалы: Жүз – жиырма беске бөлінеді. Жүз жиырма – беске бөлінеді. Егер осы сөйлемдердегі сы­зықшаларды мүлде алып тастасақ, ой, пікір мүлде түсініксіз болып кетеді. Жүз жиырма беске бөлінеді. Не – жүз жиырма беске бөлінеді? Қанша қаншаға бөлінеді? Бұл сұрақ сызықша ( – ) қою арқылы анықталады. Дау жоқ, бұрынғы емле ережелері өте дұрыс, ғылыми негізді, сапалы жасалған. Оны қай жазуға көшсең де өзгерте алмайсың. Алайда оның да кейбір кемшін жақтары болуға тиісті. Мәселен, бұрынғы ережелерде: «Қос сөздердің арасына сызықша қойылады» делінген. Ал қазақ тілінде қос сөздер өте көп. Сондықтан олар сызықшаның да санын тым көбейтіп жіберген тәрізді. Қазір байқап отырсақ, сол қос сөздердің беретін мағынасы да, атқара­тын синтаксистік қызметтері де көбінесе бірдей. Мысалы: «Мен талай-талай қызықты көргенмін» деген сөйлемде, «талай-талай» сөздері бір ғана мағынаны білдіріп, анықтауыш болып тұр. Егер осы сөйлемді «Мен талайталай қызықты көргенмін» түрінде жазсақ та, бір сөздің қайталанып тұрғаны белгілі. Мағынасы да, қызметі де өзгермейді. Демек, бұл жерде сызықшаның барынан да, жоғынан да келіп тұрған кемшілік жоқ екен. «Қорада қоймой, ешкімешкі ғана қалыпты». – десек те, ұтылып тұрған ештеңеміз жоқ. Қосып жазсақ та, қомсынғандық мағына шығып тұр. Есесіне сызықша азаяды. Егер қос сөздер антоним сөздер болса, арасына сызықша қойып жазған дұрыс болмақ. Өйткені, олардың синтаксистік қызметі бірдей болғанымен, лексикалық мағыналары мүлде қарама-қайшы. Жалпы, қос сөздердің емлесін қайта қарау керек. Ал біріккен сөздердің арасына бұрыннан да сызықша қойылмайды. Ол өте дұрыс та. Мысалы: Ердәулет, Нұрдәулет, Айсұлу, Нұргүл... Міне, енді қазір кейбір ақын, жазушы, журналист, лингвист білгірлеріміз дәл осылай бірігіп бір кісінің атына айналған сөздердің де арасына ши жүгіртіп, «жік» салып, сызықша қоятын болып жүр. Мәселен, Ер-сұлтан, Жұма-назар, Әмір-бек, Алтын-бек, Бұл – дұрыс емес. Біріккен сөздер өздерінің алғашқы мағыналарын әлсіретіп, көмескілендіріп, бір заттың немесе бір адамның аты болып кетеді. Бір ғана сөйлем мүшесі болып қызмет атқарады. Сондықтан араларына сызықша қойылмай, бірігіп, кірігіп жазылады. Сонымен қатар аруана – қос сөз де, біріккен сөз де емес, біртұтас атау. Қасиетті іңген. Ол – ару және ана сөздерінің бірікпесі. «Ару-ана» деп сызықшамен жазуға болмайды. Ойсылқара – түйенің атасы, киелі бура. Түйе түлігінің о бастағы атасы. Бөліп жазуға келмейді. Ал әңгіме адам туралы болса, онда «ару», «ана» болып бөлек жазылады, бірақ сызықша қойылмайды. Жалпы, қазір қазақ баспасөзінде лингвистикалық, орфографиялық сауатсыздық дендеп барады. Қазақ тілі ғылымы тұрғысынан сауатсыздық бүкіл мектептерді, жоғары оқу орындарын, министрліктерді, баспаларды, редакцияларды, терминкомға дейін түгел жаулап алған. Жалған ғалымдардың қаптап кеткендігі туралы бұрын да баспасөзде жазылған. Қала берді, мемлекеттік қызметкерлердің тең жартысы қазақ тілін білмейді. Біразы тұрмыстық деңгейде ғана білсе, бір бөлігі мүлде шала сөйлейді. Ал мемлекеттік тіл дегеніміз – республикадағы бүкіл қазаққа түсінікті, жоғары деңгейде мінсіз қалыптасқан ғылыми, әдеби, мәдени, экономикалық, саяси, әкімшілік тілі. Оны ғылыми түрде білмейінше, ешкім де дұрыс қолдана алмайды. Әбдеш ДАЙЫРБАЕВ Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Саймасай ауылы

13161 рет

көрсетілді

290

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы