• Тұлға
  • 19 Сәуір, 2012

Телеөнердің тұлғасы

d0bdd183d180d182d0b8d0bbd0b5d1833Нұртілеу Иманғалиұлы. Бұл есімді үйінің төрінде теледидары бар әр қазақ біледі. Ал оның «Бай, қуатты болайық!» – деп әр хабарын түйіндейтін бір ауыз сөзі Алаш баласының жадында жатталып қалғалы қашан?! Қанатты сөз, баталы сөз, елін, жерін ерекше қадір тұтатын отансүйгіш перзенттің жүректен жарып шыққан боямасыз, адал сөз, ақ тілегі – бұл. Біз білетін Нұртілеудің өзі де аузын ашса жүрегі көрінетін ақ көйлек жан. Оның кейбір арсыл-күрсіл қылықтары мен бәзбір батыл қимылдары танымайтын адамға ерсілеу көрінуі де мүмкін. Ал жақын араласып, жанында жүрсеңіз, сол табиғи жаратылысы, сол айрықша мінезі оны ешкімге ұқсамайтын Тұлға ретінде қалыптастырған қасиет екеніне көзің жетеді. Ол не айтса да, не тірлік жасаса да өз табиғатынан алыс кетпейді. Кейде ақиқатын айтып салып, айтқанда да тіліп айтып, қарап тұрады. Нұртілеу сонысымен де қалың елге, жалпақ жұртқа ұнайды. Ешкімге ұқсамайды, өзгелерден сол қадір-қасиетімен дараланып, кейде, тіпті, оқшауланып, бірбеткейлігімен ерекшеленіп тұрады. Жанында жүрсең, жас сәбидей тазалығын, қулық-сұмдығы жоқ адалдығын, достыққа кірбің түсірмейтіндігін, бейкүнә ақкөңілдігін көріп, қайран қаласың. Сосын шын мәнінде Аға тұтып сыйлайсың. Қазақ теледидары қалыптасып, дамуында көп-көп азаматтар қал-қадерінше еңбек етті, тер төкті. Бірақ жарты ғасырдан астам тарихы бар ұлттық теледидар әлемінде қадау-қадау ірі тұлғаларды халықтың өзі даралап шығарды, уақыттың өзі екшеп көрсетті. Олар кімдер десек, Хамит Хасенов, Камал Смайылов, Совет Масғұтов, Марат Барманқұлов, Ғаділбек Шалахметов, Сұлтан Оразалинов, Жүрсін Ерман, Құсман Игісінов, Фатима Бегенбаева, Нұртілеу Иманғалиұлы, Бейбіт Құсанбек, Серік Жанболат болып жалғасады. Нұртілеу – атақты Молықбай қо­быз­шының ұрпағы, шашасына шаң жұқпас қазақ эпикалық поэзиясы­ның бірінші жүйрігі, қайталанбайтын ақын Ілияс Жансүгіровтың аталас інісі. Әкесі Иман­ғали ақсақал елге қадірлі, халық ақыны болған екен. Заманында талай айтысқа қатысып, оза шауып, бәйге алған. Жыр алыбы Жамбылдан бата алған Қалқа Жапсарбаевтармен сыйлас, замандас болған, өнер қонған жан екен. Нұртілеуге сөз киесі қанмен келген, бергісі әке тәлімінен дарыған. Анасы Гүлжәмила 12 құрсақ көтерген ардагер. Нұртілеу Имекең шаңырағының сүткенжесі екен. Өзі шалдың қолында болып, жасынан ерке өскен. Атасы Қалиасқар «осы сарым» деп, маңдайына жел тигізбей өсірген бұл ұл қазақи дәстүр, тәрбиенің бәрін өз бойына сіңіріп өскен. Сондықтан да шығар, ол нағыз ұлттық тұлға болып қалыптасты. Алты алаштың абызы болған Бәйкен Әшімов ағамыздың “Еліңді жамандама, шығар төрің, жеріңді жамандама, кірер көрің»,– деген аталы сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған азамат болып өсті. Кеңестік кезеңде ұлттық бояуы қанық хабарлар жасады, тәуелсіздік кезеңінде де Қазақ елі мәртебесін биіктетуге бар ынта-ықылас, білім-парасат, күш-жігерін түгел сарқа жұмсады. Ол 1972 жылы КазГУ-дің журналистика факуль­тетіне 20 жасында оқуға түсті. Ал 2 курста күндізгі бөлімде оқи жүріп, Қазақ теледидарының жастар редакциясында жұмысқа араласты. Оның атын елге дүр еткізіп танытқан алғашқы дүниесі «Жадыңда ма, жолдас» атты хабары болатын. Онда жас журналист өзі туып-өскен ауылдан шыққан 28 панфиловшылардың бірі, батыр Нарсұтбай Есеболатов туралы тұщымды телехабар жасады. Көп ізденді, өзіне тән ширақ қимыл көрсетті. Батырдың жан жарын Омбы қаласынан тауып, сұхбат алды, ел ұмытқан баласын да іздеп тапты. Осыдан кейін-ақ «Жас жігер», «Ашық микрофон», «Ақиқат пен аңыз», «Заң мен заман», «Арай» сияқты хабарларды бірінен соң бірін эфирге шығарып, Қазақстанның түкпір-түкпіріне оның бейнесі мен дауысы қатар тарап жатты. Ал «Көкпар» атты хабарды жасап, қазақ жастарын еркін ойын жеткізуге баулыды, кейін «Көкпар» «Ойкөкпарға» ұласып, көрермен көзайымына айналды. Оның шебер тележүргізуші, шешен журналист ретіндегі бет-бейнесі көпшіліктің көз алдында сол 70-ші , 80-ші жылдардағы кеңестік кезеңде-ақ қалыптасып үлгерген еді. Тәуелсіздік таңы атып, жариялылық желі ес­кен­де, теледидардағы Нұртілеу бейнесі бұрын­ғыдан да жарқырап көріне бастады. Ол тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен алғаш шетелге, Америка Құрама Штаттары мен Түркияға барып хабарлар әзірлеген тұңғыш қазақ журналисі екенін біреу білсе, біреу білмейді. 1994 жылы бүкіл Еуропаны аралап, Германия, Франция, Люксембург, Бельгия, Италия сияқты елдерден өзі оператор болып хабар дайындаған бірінші қазақ тележурналисі де Нұртілеу Иманғалиұлы болатын. Люксембургке барып Адамзаттың Айтматовымен жолығысып, бейнекамераны автоматты жүйеге қосып қойып, әйгілі жазушы Шыңғыс ағамен сұхбат жүргізгендігі де таспаға басылып халық жүрегіне жол тартты. Бұл енді қазақ журналистикасының тарихында қалатын жаңалықтың бірі еді. Кейін «Қазақстан» телеарнасынан «Хабар» арнасына қызметке ауысты да, Ақпараттық хабарларда күн сайын эфирге шығатын Нұртілеу Иманғалиұлы әр қазақтың асыға күтетін хабаршысына, айтаманына, жаршысына, тіпті, жақын сырласына айналды.Ол жүргізген «Бетпе-бет» хабары – тікелей эфирде хабар жүргізуге талай буын жастарды тәрбиелеген алаңға, тіпті, үлкен тәлім мектебіне ұласты. Үнемі тап-тұйнақтай, үлгі­лі киінген, әр сұрағын ойланып-толғанып қоя­тын, жедеқабыл, тез, шұғыл, жоқ жерден сөз тауып кететін шеберлік иірімдері – Тәуелсіз Қазақ­станның өсу, өркендеуінің тұтас шежіресіне айналып кеткендігін айтуымыз керек. Кейін «Қазақстан» арнасынан өзі жүргізіп, өзі дайындаған «Діңгек», «Қолтаңба», «Көршілер» ток-шоуы да Нұртілеу Иманғалиұлының өзіндік қолтаңбасын тайға таңба басқандай айқындап тұр.Нұртілеу әр жылдары көрерменмен қауыштырған Шыңғыс Айтматов, Төрегелді Шарманов, Камал Смайылов, Асанәлі Әшімов, Қадыр Мырза Әли, Ақселеу Сейдімбек, Қаршыға Ахмедияров, Тұңғышбай Жаманқұлов, Мақпал Жүнісова туралы хабарлары халық жадынан өшпестей болып, теледидардың Алтын қорына еніп кетті. Өзінің ерен еңбегі мен танымал тележүр­гі­зу­­шілігі арқасында «Қазақстан» телерадио­кор­порациясының Президенті лауазымды қызметіне дейін жоғарылады. Басшы, ұйым­дастырушы ретінде тын­дыр­ған көп-көп істері жалпы жұртшы­лықтың, әріптестерінің көз алдында. Нұртілеумен 1985 жылы Қазақ теледидарының әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясына редактор болып орналасқан кезде таныстым. Елпілдеген, елгезек, жылыұшыраған мейірімді, көңілді, жарқ-жұрқ алдаспан мінезді Нұрекеңмен сол кезде-ақ жақын жүрдік. Ол да бауырына тартты, сыйлас болып кеттік. ...Бертінде мені «Қолтаңба» атты хабарына қонақ ретінде шақырды. Сонда Нұрекең­нің әр хабарын жасау үшін жан-жақты дайын­дала­тындығының тағы бір куәсі болдым. Ол қазіргі қазақ поэзиясынан, бүгінгі ғылым-білім проблемаларынан жан-жақты хабардар екенін көрсете білді. Бір қызығы, сұрақтарын алдын-ала тіс жарып болса да айтпайды екен. Ал ол тәсілі хабардың табиғи болып шығуына ықпал ететін болып көрінді. Оның сауалдары кез-келген адамның ой түк­пі­рінде жатқан небір құпияларды ертіп алып эфирге шығарады екен. Бұл енді мол тәжірибе мен зор шеберліктің ұштасқан кезінде ғана жүзеге асатын жайттар. «Журналист – энци­клопедиялық білім иесі бо­лу керек»,– деген қағидатты жасымыздан жат­тап өстік. Ал Нұртілеу Иманғалиұлының әр хабарында қоғамдық өмірдің сан алуан саласы жайлы сөз болады. Әдебиет пен өнер де, білім мен ғылым да, экономика мен саясат та, медицина мен әлеу­мет­тік ахуал да қамтылады. Сол салалардың бәрінен хабардар болу, сол салалардың әрқайсысынан білім-білік жинақтау – нағыз майталман қаламгерге ғана тән қасиет. Нұртілеудің атын Нұртілеу етіп жүр­ген де оның осы жан-жақтылығы, әмбебаптығы деп ойлаймын. Теледидарды өнер деңгейіне жеткізуге ұмтылыс жеке тележурналистер тарапынан жасалады. Танымал тұлғалы жүргізушінің кейбір өзіне ғана тән шеберлік иірімдері басқаларға әсер етеді, сөйтіп, тұтас бір мектепке айналып кетеді. Мәселен, Нұртілеудің хабарды түйіндер тұста айтатын «Бай, қуатты болайық!» деген сөзі өзін ерекшелеп тұратыны сияқты, басқа тележурналистер де көрерменмен қоштасудың өзіндік ізін салуға талпынды. Амангелді Сейітхан іліп әкетіп «Жеңісті күндерде жолыққанша!» – десе, Нұрділдә Ораз «Әр шаңы­раққа мереке!», Мейіржан Әлібекұлы «Бірінші арна қосулы болсын!» деп өз хабарларын аяқтап жүр. Ренат Кертаев деген шәкіртім студент кезінде Нұртілеу ағасына еліктеуші еді. Қазір «Хабар» телеарнасында басшы қызметтің біріне тағайындалды, Ренат Думанұлы болып апталық «Жеті күн» бағдарламасын жүргізіп жүр. Хабар жүргізу стилінен, эфирде өзін ұстауынан, тіпті көзілдірік киісінен Нұртілеу ағасының мәнері байқалып қалады. Бұл дегеніңіз – Нұртілеу Иманғалиұлының қазіргі қазақ тележурналистикасында тұтас бір мектебі бар деген сөз. «Қазақстан» телеарнасында басшылықта болған кезінде арнаның бет-бейнесі, эмблемасынан бастап картинкасына дейін өзгертті. Картинка ретінде қазақтың қошқармүйіз оюын терең зерттеп, таңдап алды. Бұл бір жағы еңкейіп отырған дулығалы қазақ батырының да бейнесін білдіреді. Қазақтың әрі батыр, әрі өнерлі халық екенін білдіретін бұл бедер-бейне сәтті таңдалып алынған, әрі одан ұлттық бояу бірден көзге ұрып тұр. Осыдан кейін-ақ «Хабар», «Рахат», т.б. телеарналар да өз картинкаларын, заставкаларын өзгерте бастады. «Діңгек» хабарында бір көзім шалып қалғаны – әнші Бекболат Тілеуханмен сұхбаты еді. Нұртілеу екеуі атқа мініп келе жатып еркін әңгімелеседі. Бұл да қазақи сұхбатқа жаңа да лайықты пішін (форма). Қазақ баласы атқа мінгенде делебесі қозады, іштегі жатқан шерін, ойын еркін тарқатады. Ойланарлық, ойлантарлық жайт. «Көршілер» ток-шоуының соңында Абайдың қарасөздерін жүйелі пайдаланып, ұлы ақынның ғақлияларын кеңінен насихаттады. Дәл содан кейін-ақ Абай қарасөздерін халық санасына сіңіруге біраз бұқаралық ақпарат құралдары атсалыса бастады. Ойды ой қозғайды деген осы. Тележурналистика – өз машақаты, өз ерекшелігі көп өнер. Ал сол тележурналистиканы өнер деңгейіне жеткізген Капица, Николаев, Познер, Масляков, Ворошилов, Лис­тьев, Якубович сияқты кіміміз бар дегенде, Нұртілеу Иманғалиұлының есімі алдымен ауызға ілігеді. Оны жатса да, тұрса да бүгінгі ұлттық теледидарымыздың ахуалы алаңдатады. Осыдан 12 жыл бұрын берген сұхбатында Нұртілеу: «Кез-келген телеөнімді ұлттық мүддеге байланысты, тек соған сәйкес келетін талап биігінен, сүзгіден өткізу, дәл біздің қазіргі ахуалымызда ешқандай да әбес емес екеңдігін алдымен өзіміз ұғынуымыз қажет. Екіншіден, осы қажеттілікті реттейтін әдемі механизм жоқ емес, тек батылдық жетпей жатқандай. Соңғы жылдардағы телевизиядағы тенденцияларды мен үш топқа қойып қараймын. Барлық арналарда жарысып жүрген жаңалықтар бар, яғни, ақпараттар бағдарламалары тенденциясы айқын. Екіншісі — ток-шоулар тенденциясы екпін алуда. Ал үшінші топқа демалуға бейімделген, әуенді-сазды бағдарламалар мен талғамсыз сериалдар теңденциясын жатқызамын. Не ұттық? Телерынок туралы түсініктер толысты, бәсекелестік пайда болды. Қалай десек те ауыздығы алынып, тізгіні, тұсауы тарқады. Бұл білгенге аз емес. Алайда, қырық жылдан астам теле-тарихымызда теңдесі жоқ танымды дүниелердің ескерусіз қалғаны өкінішті! Айталық, әрқайсысы бір-бір лаборатория болуға лайық хабарлар тізбегі бүгінгі ұрпаққа белгісіз қалуда. Жалпы, тележурналистердің ұлттық бағдарлама өндіруші тобының бірлестігі сияқты, ең болмағанда, қоғамы немесе қоры қажет. Ол үшін тұрақты қалыптасқан көзқарас керек», – деп толғаныпты. Шынында теледидар өмірмен жарыса ағып жатқан өзен сияқты. Сол үшін де тынымсыз тер төгетін тележурналистердің еңбегі жалт етіп көрінеді де жоқ болады. Өмір ағысының жал-жал толқындарына көміліп, ұмытылып кете беретіндей. Сондықтан, таңдаулы хабарлардың Қорын жасап, оны сақтап отыру жайын терең ойланып шешетін кез келді. Бүгін берілген құнды хабардың ертең өшіп кететінін көргенде, ішің удай ашиды. Әйтпесе, осы Нұртілеудің осы уаққа дейін­гі жасаған таңдаулы хабарларының өзі бірнеше том кітап болар еді. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде қанша дипломдар мен диссертациялар қорғалғанының куәсі болдым. Солардың теледидарға қатыстыларында міндетті түрде тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлының хабарлары талданады, сараптан өтеді. Оның жеке тележүргізушілік тәжірибесі туралы ондаған диплом жұмыстары қорғалды. Биылғы университет бітіретін түлектердің ішінде Әйгерім Оспанова деген шәкіртіміз Нұртілеу шығармашылығы туралы диплом қорғамақшы. Нұрекеңнің аралас досы ретінде тағы кейбір қасиетін айтпай кетуге болмас. Оның бірі – Нұртілеудің биллиард спортының асқан шебері екендігі. Кезінде Ғабеңдер (Ғ.Мүсірепов) жоғары бағалаған тастаяқ ойынынан қазақ журналистері, жазушылары арасында жыл сайын өткізіліп тұратын жарыстарда Нұртілеудің бәйге алмаған кезі тым сирек. Оның үйінің төрінде 5 мәрте чемпион болғандығын айғақтайтын кубоктар жарқырап тұр. Тағы бір ерекшелігі – салауатты өмір салтын ұстанатындығы. Сол үшін де 40 жылға жуық уақыт үзіліссіз аптасына бір мәрте моншаға баратындығы. «Тәні саудың – жаны сау» екендігін терең сезінетіндігі. Бір әңгімесінде ол былай деді : «Мен тастамаған бір ғана әдет — монша. Ол — адам ағзасын таза ұстаудың, өзіңді жеңіл сезінудің, сергек жүрудің кепілі. Сондықтан, орыс, түрік, фин ғалымдары, дәрігерлері жазған моншаға түсудің ондаған тәсілдері туралы еңбектерді түгел оқып шықтым. Тіпті, моншаның маманы болдым. Пікір бөлісетін орта таптым. Олармен бай тәжірибемді бөлісуді құпия санамаймын. Мәселен, кейбір кісі­лер парда отырғанда, терлегенді ұнатады. Мүлде қате. Керісінше, парда ұзақ отырып терлеу жүректің дертке ұшырауын күшейтеді. Қайта киім шешетін бөлмеде халат киіп отырып терлеген пайдалы. Сұйықты көп ішпеген дұрыс. Денеден алдымен су, тұз, сонан соң басқа да артық заттар шығады. Адамның шөлі қанбайтын кез — калий мен кальцийді қажетті деңгейге жеткізе алмау. Осы екеуін ағзада қалыпты ұстау үшін алма, алмұрт секілді, құрамында минералы мол көкөніс жеймін». Оның эфирден өзгеріссіз жас,«баяғы Нұрті­леу» болып көрінетіндігінің, өзін-өзі күтіп-сақтай­тындығының бір құпиясы да осы шығар. Ол домбыраны тәуір шертеді, гитара, пианинода ойнайды. Ал жап-жақсы әншілік қабілетін кәсіби әнші Жанна Орынбасаровамен қосылып, «Екі жұлдыз» сазды хабарында ән салғанында барша көрермен алдында жайып салды. Тележурналистикаға сіңірген еңбегі үшін ол үш мәрте Қазақстан Журналистер одағы сыйлығы­ның лауреаты болды. «Алтын Жұлдыз» сыйлығын иеленді. Қазақстанның мәдениетке еңбегі сіңген қайраткері атанды. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының мәртебелі профессоры. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде телеөнер жайында көп жыл дәрістер оқыды. Өзінің туған жері – Ақсу ауданының «Құрметті азаматы». Біраз бұрын өзі бас болып Ақсу ауданының 80 жылдығын ерекше атап өтуді ұйымдастырды. Ақындар айтысы, жыр мүшәйрасы, т.б. шаралардың жоғары деңгейде өткенінің біз де куәсі болып қайттық. Биыл алпыстың асқаралы асуына аяқ басып отырған, соның қырық жылын телеөнерге арнаған Нұртілеу Иманғалиұлы мемлекеттік марапаттың қай-қайсысына да лайықты тұлға. Нұрекең отбасында төрт перзент өсіріп, немерелер сүйіп отырған отағасы. Қазақы жоралғымен атасының қолында өскен, «шалдың баласы» – Талдықорғанда тұратын Елдос Иманғалиұлы деген ұлы бар екенін көпшілік біле бермейді. Жанар, Гүлнар, Динара атты алтын асықтай қыздарының бәрі де мемлекеттік қызмет саласында еңбек етеді. Гүлнары «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде Бұрым қыздың рөлін сомдаған. Балаларының бәрі тәрбиелі, өнегелі отбасынан шыққандығын дәлелдеп-ақ тұр. Нұртілеу қаншама танымал болғанымен, соншалықты қарапайым жан. Осыдан екі жыл бұрын, Семей қаласындағы Абай атындағы қазақ сазды-драма театрында менің «Қолтаңба» атты шығармашылық кешім өтті. Сол кешті жүргізуді Нұрекеңнен сұрап едік, сөзге келмей келісе кетті. Жол алыс екендігіне қарамай, бізбен бірге автокөлікпен барды. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай үшеуміз бірге сапарлас болдық. Сонда кез-келген жерде кезіккен адамның бәрі Нұрекеңді таниды, сәлемдеседі, құрметтейді. Жарма ауданының Аршалы деген ауылындағы, жол бойындағы асханадан шай ішкен кезімізде, Нұрекең ақша төлеп еді, асхана иесі, жас келіншек: «Ойбай-ау, сізден ақша алмаймын», – деп азар да безер болды. Ал Семейдегі 500 адамдық залға жиналған өлеңсүйер қауымды, өзінің жүргізушілік шеберлігімен тәнті еткенде, бүкіл ел риза пейілде тарқасты. Әрі еш дайындықсыз кеш тізгінін өз қолына алды. Онда да Нұртілеудің халық алдында танымал тұлға екендігіне тағы бір көзіміз жетті. Тұлға болу оңай емес, ол үшін 40 жыл кө­гілдір экраннан көріну де аздық етеді. Оның не алуан құпиялары бар шығар? Сол құпияны бір білсе, бүкіл ғұмырын теледидар өнеріне арнаған Нұртілеу Иманғалиұлы біледі. Бауыржан Жақып, «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС бас директоры, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Тарланбоз

Нұртілеу Иманғалиұлына

Көсем сөз тартқызғанда көне көшін, Көктейсің, Көктем болып көгересің. Жұртының жүрегіне жатталғандай – Нұртілеу Иманғали деген есім. Дүбірі, дүниенің дүрмектері, Әкеңнің сен ұшырған жыр-кептері. Кеңжыра, Қарасуда кіндік кесіп Бесігі тербетілген Діңгектегі. Жорғасың, Қара сөзде қазанатсың, Жаныңмен жалғандықты жазалапсың. Тұлпардан тұлпар шыққан тарланбозым – асылдан асыл туған азаматсың. Қасынан орын сайлап ірілердің, Көзайым ұлы болдың бүгін елдің. Қорықпай сөз бастасаң топ алдында – Молықбай қобызы боп күңірендің. Азамат аға болдың зор тұлғалы, Ар, намыс тамырыңда солқылдады. Арқардай ай мүйізді топ бастатты Ағынды Ақсуыңның толқындары. Елінің бір ырысы, ірі кісі, телегей телеөнердің құбылысы. Мұрагер ағалардың рухына Құлагер Ілиястың бір інісі. Жүйрікке өмір осы жарыс-алаң, Ақсудың сені көрсем ағысы аман. Бар болып, Нар болып жүр алдымызда Ар болып сөйлейтұғын арыс ағам. Бастайтын топ ішінде сөзің дара, Төріңе малдас құрсын төзім ғана. ...Сен барда мына біз де «бай-қуатты» Біз барда «бай-қуатты» өзің де, аға! Ғалым Жайлыбай

6783 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы