• Тіл
  • 19 Сәуір, 2012

Ортақ түркі терминологиясын қалыптастыру – бүгінгі күн талабы

ХХІ ғасыр тек қазақ халқының ғана емес, тұтас түркі тектес жұрттардың алдына мол мүмкіндіктер ашуымен бірге, шешімін табуды көздейтін зор міндеттер де қоюымен ерекшеленуде. Рухани құбыланаманы анықтауда, ғылымның сан алуан саласында зерттеулер жасап, ізденістер жүргізуде осы кезге дейін бір жақты еуропаменмендік («ұлы орыстық») ойарна аясында қалыптасып қалған әдіс-тәсілдер мен негіз-тіректерге, көзқарастық бағдарларға ғана сүйеніп елеулі табыстарға жете алмайтынымыз әрі көне сүрлеуді шиырлаудан аса алмай, көшірінді еліктеушілік шеңберден шыға алмайтынымыз анық болып тұр. Оның үстіне Кеңес Одағы аясында өмір сүрген түркі халықтарының ойлау жүйесіне ғасырға жуық уақыт бойы үстемдік еткен «формасы – социалистік, мазмұны – ұлттық» әдіс-тәсілдің де тигізген әсер-ықпалы аз емес. Дербес даму арнасына түс­кенімізге біршама уақыт өт­кені­не қарамастан, одақтық ойарна құрсауынан құрық үзіп шығудың өзі оңайға түспей тұрғанын жасырмауға тиіспіз. Әдетте, белгілі бір жағдай аясында туындаған мәселені сол кезеңде қалыптасқан ойлау жүйесі арқылы шешу мүмкін де емес. Мұны қай-қай салаға қатысты болсын, дәлел-дәйекті молынан келтіре отырып айтуымызға әбден болады. Еліміздің ғылыми-зерттеушілік өрісінде қазақ тілінде өзіндік бағыт-бағдары, соны пайымдау жүйелері бар дербес ғылым жасаудан гөрі орыс оқымыстыларының зерттеулеріндегі же­тек­ші ойлар мен ғылыми әдіс­темелерге, солар арқылы жеткен еуропалық ғалым­дардың ғылыми тұжырымдарын, ой байламдары мен қалып-нысандарын негіз ете отырып, ұлт өмірінен мысалдар енгізу арқылы ғылыми ізденістер жасаудың ишаралық түріне ден қоюшылықтың етек алғаны да рас. Қысқаша қайырғанда, бұл құбылысты ғылыми зерттеушілік деуден гөрі «ғылымды түсіндірушілік» деп атасақ, ауа жайыла қоймаспыз. Әлбетте, елімізде осы кезге дейін жүргізілген ғылыми ізденістердің бар­лығын біржақты теріс бағалауға болмайды және оған қақымыз да жоқ. Ғылымның белгілі бір салаларында елеулі жетістіктерге қол жеткізгеніміз де рас. Бірқатар гуманитарлық салалар болмаса, жаратылыстану саласы бойынша ғылыми зерттеулердің толықтай орыс тілінде жүр­гізілгені және бұл үрдістің қазіргі күннің өзінде оңалып кете қоймағаны мәлім. Сондықтан, ащы да болса ауық-ауық ақиқатқа жүгініп, одан ауытқымауға ұмтылып отырудың ісімізге келтірер пайдасы болмаса, тигізер зияны жоқ. Жалпыға белгілі жалқы жайттарды тәптіштеп жатуымыздың сыры өмір бойы «үйренушілік» позициясын ұстанудың ұшпаққа шығармайтындығын көрсетуден туындап жатыр. Жоғарыда келтірілген жайттарды ғылымға тірек болар – төл терминдер жүйесін қалыптастыруға да тікелей қатысы бар. Ғылым – жалпы адамзатқа ортақ игілік болғанымен, оны әрбір ұлт өз тілінде игеріп, таңбалап, әрі қарай өрістетуге қақысы бар екендігі де талас туғызбайтын ақиқат. Бұл маңызды мәселе түркі халықтарына да жат емес. Кеңес Одағы ыдырап, түркі мемлекеттері жеке-жеке шаңырақ көтеруіне орай терминологиялық жұмыстарға қатысты да елеулі өзгерістер орын алды. Бұрын қалыптасқан терминжасам қағидаттары да қайта қаралып, жаңа қағидаттар белгіленді. Тілдің табиғи заңдылықтары ескерілді. Осыған байланысты халықаралық аяда қолданылып жүрген сан-салалы терминдердің ұлттық тілдердегі баламалары пайда болды, жаңа терминдер жасалды, үздіксіз ізденістер қарқын алды. Осы ретте артық-кем тұстар да бой көрсетті. Біздіңше, ендігі кезекте мынадай келелі жайттарға назар аудару қажет секілді. Біріншіден, қоғамдық-саяси өмір мен ғылымның сан-саласында халықаралық аяда кеңінен қолданылып жүрген және жаңадан пайда болған терминдерді ана тілімізде баламалау кезінде түркі халықтары бөлек-бөлек бағыт ұстанбай, ұлттық терминологиялық жүйелерін ортақтастыру жайын қолға алғандары жөн. Екіншіден, ғылымның жаңа салаларын бірлесе өрістетіп, әлемге тың ғылыми бағыттар ұсынуды ойластырмай, іргелі елдердің қатарына кіре алмай­тындығымызды ұғынғанымыз абзал. Міне, осы екі бағыттағы жұмыстарды ынтымақтаса, үйлестіре отыра жүргізсек, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге жол ашылар еді. Сонымен қатар, бұл жұмыстарды болашақ Тұтас Түркістан идеясының іске асуына қаланар іргетас, маңызды қадам ретінде қарауға да мүмкіндік бар. Ақыл, күш біріктіруден ұтпасақ, ұтылмайтынымыз айдан анық. Әлбетте, мұны іске асырудың түрлі қиындықтары бар екендігі сөзсіз. Қаржылық, интеллектуалдық ресурс­тарды топтастыруды айтпағанның өзінде, сая­си шешім қабылдау, ұлттық өзімшілдікке бой алдыру секілді тосқа­у­ылдардың да кесе-көлденең тұр­май­тынына кепілдік бере алмаймыз. Сондай-ақ, мұндай бірлестікке мүдделі емес тараптар жағынан туындайтын түрлі қы­сым­дардың да бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Алайда түркі халықтарының қай-қайсысы болсын, дүние дидарында дамыған мемлекет ретінде өмір сүруі үшін осынау арманды іске асырмай болмайды. Бұл мәселеге біз қайта-қайта айналып соға беретін боламыз. Егер түрік халықтары ортақ бірлес­тікке қол жеткізіп, үлкен одаққа айналмаса, түптің түбінде шағын елдер ретінде ірі мемлекеттерге жем болуы ғажап емес. Сондықтан да біз биік мақсаттарға ұмтыла отырып, шағын болса да үздіксіз қадамдар жасай бергеніміз абзал. Бұл қадам мәдени өріс, тілдік тұтастық саласындағы рухани қарым-қатынастардан бастау алғаны тиімді. Бүкіл түркі жұртының болашағы, мәдениетінің сақталып, өсіп-өркендеуі – белгілі бір деңгейде ортақ терминологиясын, ортақ ғылым тілін қалыптастыруға байланысты. Бұлай болмаған жағдайда, олар бөлшектеніп, бірте-бірте дамыған мәдениеттерге сіңіп, жұтылып кетуі ықти­мал. Осындай үлкен мақсат жолында, әрбір түркі елінің іргелі мемлекетке айналып, тұтас түркі әлемін қалыптастыру үшін түркі тектес жұрағаттарымыздың парасат биігінен көрінетініне сеніміміз мол. Осы ретте негізгі сөз ортақ тіл туралы емес, ортақ терминология қалып­тастыру жайында болып отырғанын қаперден шығармаған жөн. Ортақ терминологиялық жүйе құру арқылы аз санды түркі халықтарының жойылып кетуіне тосқауыл қоюға әрі түркі халық­тарының одақтаса отырып, нығаюына қол жеткізуге болады деп білеміз. Бұл мәселе экономикалық жағынан да тиімді. Өйткені, алдымыздан 200 миллионнан артық тұтынушысы бар кеңістік ашылар еді. Бүкіл әлемдік ғылыми ақпаратты ұлттық тіл арқылы игергенімізбен, мұны тұтынуға келгенде өз нарығымыздың тарлық етуі мүмкін екендігін де ойлауымыз керек, яғни әрбір түркі халқының ұлттық тілінде ғылыми терминологияға балама тапқанымызбен, оны пайдалану жағы кемшін болады. Сондықтан, ортақ түркі терминоло­гиясын қалыптастырғанымыз жөн. Бұл үлкен синергетикалық әсер береді. Осы орайда түркі халықтарының бұған дейін жасаған, қалыптастырған термин-атаулары мен ұлттық баламаларын өзгерте алмаймыз және оның қажеті де жоқ. Өйткені, бұлай жасау арқылы біз ыңғайсыздық пен келіспеушілікті тудырамыз, оның үстіне шалағайлыққа, түсініксіздікке ұрынамыз. Сондықтан, барын сол қалпында қалдырып, бұдан кейінгі істерімізді үйлестіре алсақ та тақиямызға тар келмейді. Әрине, терминологияны ортақ­тас­тыру жекелеген ғалымдар шеше салатын іс емес. Бұл мәселемен түбегейлі айналысатын түркі мемлекеттерінің терминолог мамандарынан құрылған арнайы ғылыми орталық керек. Әсіресе, осыған дейін әр елде әр алуан күй кешіп, өз халінше еңбек етіп жатқан әр қилы қоғам, ұйым, одақтардың іс-тәжірибелерін осы іске жұмылдырсақ, айтарлықтай нәтиже берер еді. Мүмкін, бұл орталықты Түрксой жанынан ұйымдастыру жөнінде ұсыныс жасау керек шығар? Бірақ, қалай болғанда да сең қозғалды, сана оянды. Осы бағыттағы әрекеттеріміз жинақталып, бір арнаға түсетініне сеніміз кәміл. Түбі бір түркі халықтарын бірінен бірін алшақтатқан тарихтың талай теперішін білеміз. Соның ішінде жазу алшақтығының алар үлесі тым мол. Қараңыз, отыздан астам туыс тілдер осы жазу түрлілігінің кесірінен 70-80 жылдың барысында, тіпті, бірін бірі түсінбейтін күйге жетті. Араб, кириллица, латын, тағы басқаларының жазуларының сан құбылтылған нұсқаларын мұра тұтқан түркі тілдері туыстық негізде дамудың орнына бірінен бірі оқшауланып, дараланып, тұмшалана түскені мәлім. Түркі халықтары, негізінен, дербес­тікке қолы жетіп отырған бүгінгі таңда осы бір орасан олқылықтың орнын толтыруды ойластырғаны абзал. Бұл – тарихи мүмкіндік. Егер біз мұны дер кезінде пайдаланып қалмасақ, кейін кеш болуы мүмкін. Сондықтан, жазу-сызуы ертеден жүйеленіп қалыптасқан түркі тілдерінің негізгілері латын жазуын қолданады. Ортақ терминологиялық жүйе қа­лып­тастыру дегенде біздің көздеп отыр­ғанымыз мынадай үш негіз: а) түркі тілдерінің көбіне ортақ неше алуан туынды сөздер жасауға негіз болатын түбірлер (Ә.Қайдар). Мұның саны едәуір және бұлар кез-келген түркі тілдерінен кездеседі. Соларды кез келген тілден теріп саралай, жүйелей біл, талғай біл; ә) түркі тілдеріне әр дәуірде еніп, сіңісіп кеткен кірме сөздер. Олар –араб, парсы, монғол, орыс сөздері. Мұның үс­тіне кейінгі бір ғасырға жуық мерзімде орыс тілі арқылы тілдерімізге көбі күш­теп ендірілген интернационалдық терминдер. Бұлай деп отырғанымыз, әлгі термин сөздер орыс тіліндегі пішінін бұзбай, яғни өзге тілдің заңдылығын сақтай енгізілгендіктен. Біз емле ережелерімізді де әуелден-ақ осы ыңғаймен, яғни орыс тілінің үлгісімен түздік. Сөйтіп, тіліміздің айтылу, жазылу заңдылықтарына айтарлықтай нұқсан келтіріп алдық. Енді осыларды жаңаша игеріп, реттеуде де өзара ортақтаса шешілетін мәселе туындауда. Ендеше, бұл жөнінде де кеңесіп, келісіп алатын жайттар жетерлік; б) әрбір тілдің ғасырлар, жылдар бо­­йы қалыптасқан өзіндік сөзжасам үлгілері, яғни әрбір тілдің өз байлығын са­рқа пайдалану мүмкіндігінің де оңашалық­қа ғана емес, ортақтыққа қарай жетелей­тін мысалдары мол. Міне, бұл жерде де сауаттылық пен сарамандық қажет. Осы айтылғандарды негізге ала отырып, түркі тілдерінің бәріне ортақ үлгіні жасауға әбден болады деп білеміз. Қозғалып отырған мәселені ғылым­ның кез-келген саласы бойынша тарата әңгімелеуге болады. Мәселен, медицина саласын алалық. Медицина ғылымы неше алуан салалар мен тармақтардан тұратыны мәлім. Соның қай бөлігінде де жүйелеуді, реттеуді күтіп тұрған мәселесі қыруар. Мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдырудың түбегейлі мәселелері қарастырылып жатқан қазіргі кезде бұл шаруаның көкейтестілігі, тіпті, анық. Тәуіп, емші, сынықшы, ұшықшы, тамыршы, тағы басқалар тәрізді толып жатқан ұғымдардың өзі-ақ ана тіліміздің өрісін бұл салада да кеңейте түсуге болатынын байқатпай ма? Тек, ізденімпаздық керек. Жоғарыда сөз болған түбір сөздің де, кірме сөздің де, сөзжасамның сан түрін танытар төл байлығымыз да медицина саласында мол, олардың талай терминге негіз болары хақ. Медициналық терминдерге бұрын ­да негіз болған, қазір де негіз боларлық ­сан мыңдаған өсімдік атаулары мен мал атау­лары, дене мүшелері, ас-тағамды білді­рер сөздерді біз түгел игердік деп айта аламыз ба? Осы игілікті игерудің неше алуан заңды жолдары мен принциптері сараланбай тұрып медицина ғылымының да ұлттық тілде дамуы неғайбіл. Ендеше, бұл ғылым мамандарының алдында да өзге тіл ғалымдарымен ортақтаса, кеңесе шешер мәселелер баршылық. Зиялы қауым үнемі осындай мәселелерді алқаға салып, кеңесіп отыруды дәстүрге айналдырса мақұл болар еді. Жалпы, термин пайда болу үшін сол терминге негіз боларлық оқиға қажет. Оқиға, құбылыс болмаса, оны атаудың да қажеттігі болмас еді. Сондықтан, біз үнемі қабылдағыш, алғыш бола бермей, өзіміз де жасағыш, ат бергіш санатына өтуіміз керек. Кез келген тіл осындай ғы­лы­ми табыстары арқылы көгереді. Қолданыс аясы кеңейеді. Белгілі бір салада басымдық танытып, жетекшілікке ие болмай, тілдік өркендеуге жету қиын. Мысалы, ХІХ ғасырдың соңында халықаралық сауда-саттық артып, жүк тасымалдау саласының дамуына орай іргелі отаршыл державалар – Англия, Франция, Голландия, Германия және Италия секілді елдер суырылып алға шықты. Осыған орай шаруашылық-құқықтық, нарықтық қатынастарды, те­ңізде кемемен жүру қауіпсіздігін реттеу үшін халықаралық одақтар мен әртүрлі қауымдастықтар, институттар пайда болды. Теңіз көлігінде қарым-қатынас жасау мен ақпарат алмасу үшін ортақ тіл ретінде ағылшын тілі, ал темір жолда – француз тілі таңдап алынды. Ағылшын тіліне артықшылық берілуінің мәні те­ңіз­дегі құқықтық қарым-қатынастарды реттеу ағылшын құқығына негізделген еді. Ал француз тілінде халықаралық теміржолмен жүк және жолаушылар тасымалдау конвенциялары жасалды. Осы арқылы әлемде көлік тасыма­лы саласындағы терминологиялық жүйе­де ағылшын және француз тілдері үстем­дікке ие болды. Соңғы кезде компьютердің пайда болуына орай қаншама құбылыстар ашылды. Саланың әрбір жаңа құбылыстарын атау үшін көптеген термин қажеттігі туды. Соны терминологтер жиылып алып, қалай атаймыз деп отырған жоқ. Компьютерші мамандар процесс барысында пайда болған әрбір жаңа құбылысқа өздері атау беруде. Компьютер Америкада ойлап табылғандықтан, ақпараттық технология атауларының бәрі ағылшын тілінде болатыны заңды. Сол секілді түркі халықтары немесе қазақ халқы белгілі бір саланы дамытып алып кетсе, сол сала терминдері түгелдей қазақша жасалып, әлемге солай таралар еді. Жоғарыда айтылған екінші мақсаттан туындайтын міндеттер осыған тікелей байланысты. Біз халықаралық өредегі осындай бас қосулар аталған мақсаттар үдесінен шығуға сеп болса игі деп тілейміз.

Өмірзақ Айтбайұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик

3804 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы