• Мәдениет
  • 10 Ақпан, 2009

«Шәмші» шықты

Қазақтың біртуар перзенті, әнұранымыздың авторы, ел жүрегінен өшпестей орын алған  Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығын насихаттауды мақсат еткен «Шәмші» ұлттық мәдениет және ғылыми-танымдық журналының сиыр жылғы жаңа саны жарық көрді.

Журналдың бас редакторы Қалдыбек Құрманәлінің Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке жолдаған  «Алматыда Шәмшіге саябақ ашылып, ескерткіш қойылса...» деген ұсынысы оқырманды елең еткізерлік жақсы бастама екен. Ал ақын Мұзафар Әлімбайдың «Жеті жетелілік» деген мақаласы мен Н.Нүсіпжановтың сұхбаты Шәмші Қалдаяқовтың адами болмысы мен шығармашылық қырынан мол мәлімет береді. Қали Сәрсенбайдың «Композитордың көз жасы» дейтін шығармасы да оқыған жанға ой салып, табыну мен құрметтеудің құдіретін сипаттайды.

«Қазақ вальсінің королі» атанған Шәкеңнің дүнген жастарына қалай шахмат үйреткені Құрманбек Оңалбековтың «Шәмшінің  шахматы» атты естелік материалына арқау болыпты. Жаңабек Шағатайдың «Қара джип мінгендер және қазақ мүддесі» деген мақаласы да «Ататүрік айтқан екен» деген атпен берілген аталы сөздермен астасып, ұлт мүддесін ұлықтап, басылымға басымдылық беріп тұр. 

Гүлбиғаш Омарованың «Үлескерлер үміті ақтала ма?»  атты мақаласы мен «Аралды құтқаруға болады» дейтін Бердалы Рысбековтың мақалалары көпшіліктің көкейінде жүрген көп сұраққа жауап іздепті. «Сарғайған суреттер сыры», «Шәмшінің әні», «Шәмші – мұра» айдарлары да журналға айтарлықтай сән беріп тұр. Сондай-ақ, Шәмші журналының бұл санынан Е.Жеңісұлының қазақ спорты,  Ә.Бағдәулетқызының қазақ киносы жайлы мақалаларымен таныса аласыздар.

3549 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы