• Тіл
  • 03 Мамыр, 2012

"Кіреуке тартты нарт іңір..."

Ақын Кеңшілік Мырзабековтің "Іңкәр дүние" жинағындағы сирек кездесетін сөздерЖазушылардың, ақындардың туындыларының түрі қай уақытта болсын ұлттық болатыны сөзсіз. Оқырман үшін ең басты құндылық – шығармадағы өмірдің шынайы суреттелуі. Егерде ол шынайылық шебер суреткердің қаламынан туындаса, оқырманның эстетикалық қабылдау тұрғысынан алғанда, ол – ең керемет, ең әдемі, ең сұлу туынды. Ал, ол шығармалар, сондай-ақ, ұлттық нақыш өрнектерімен ерекшеленетін болса, онда оны әлемдегі ең тамаша классикалық туындылар қатарына қосуға әбден болады. Дарынды ақиық ақын Кеңшілік Мырзабековтің қайсібір жырлары, балладалары мен дастандары болсын, осындай биік талап деңгейінен көріне алатынын айта кеткім келеді. Оның табиғат лирикаларының, махаббат пен азаматтық лирикаларының, балладалары мен поэмаларының ерекше құндылығы осында. Кеңшіліктің дарынының даралығы, бейнелі көркем тілінің биіктігі – суретті, ұлттық нақышты өрнекпен кестелейтіндігі.Сондықтан, мен осы мақалада Кең­шілік жырларының сан қырының бірін ғана аша түсетін, оның лирикаларындағы бүгінгі тіл қолда­нысында өте сирек кездесетін сөздердің мағынасын оқырмандарға түсіндіре кетпекпін. Олар төмендегідей: Көбенің түбі қараңдап, Кіреуке тартты нарт іңір Жалқыаяқ жалқын талаурап... Осы он сөзден құралған өлең жолдарында осы күндері сирек қолданылатын алты сөз бар, олар: КӨБЕ – «шоғыр» (шағырдың, шидің, жусанның шоғыры) деген мағынада. КІРЕУКЕ – «қоюланды», «күң­гірттене бастады» деген мағынада. НАРТ – қызарған, оттай қызыл нұрға бөленген (іңір). ЖАЛҚЫАЯҚ – түрлі түсті. ЖАЛҚЫН – «нұры», «сәулесі» деген мағынада берілген. ТАЛАУРАП – әлсіреп. Жауар ма екен ебіл де себіл тамшы ағып... ЕБІЛ ДЕ СЕБІЛ – «құрғатпай ақты», «тамды» деген мағынада. Қаулап қырға шашадан көк мелдеп тұр... ШАШАДАН – «тобықтан асатын» деген мағынада. МЕЛДЕП – толысып, толығып, бояуына қанығып. Бейсеубет бір шамасы... БЕЙСЕУБЕТ – әлдекім, бөтен адам. Орғыл қызыл құмдардың қамсауында... ОРҒЫЛ – «арқа-арқа», «жал-жал» деген мағынада. ҚАМСАУЫНДА – қоршауында. Көзімнің көптен бері бар емес пе еді басыры... БАСЫРЫ – көз ауруы. Жел тұрса зеңген жаққа... ЗЕҢГЕН – көшкен, ауған. Сарғайған дала сазды әйет құмы бұрқылдап... ӘЙЕТ – «сары» деген мағынада. Күртік қарға күрпілдеп мелдектесең... МЕЛДЕКТЕСЕҢ – омбыласаң. Тауқымет деуге бола ма... ТАУҚЫМЕТ – бейнет. Сөлкебайы бар, теңгелеріңді бұлдама... СӨЛКЕБАЙ – күміс теңге. Салқын сабат үрлей тұрмай... САБАТ – саумал, самал жел. Әбзелі шекетулі, мақпал жорға... ӘБЗЕЛІ – ер-тұрманы. МАҚПАЛ – жұмсақ, майда. Күзгі күн күңгірт нұрын нарау сеуіп... НАРАУ – сараң, сирек. Жел қағып етегіңді қыжым барқыт... ҚЫЖЫМ – тықырлау түкті барқыт. Тартсам созылар тарамыс болсашы... ТАРАМЫС – ірі қараның сіңірінен иірілген «жіп». Ыраңды жерлерді ойладым... ЫРАҢДЫ – ойдымды, ойлы-қырлы жерлер. Рабайда біреу айтпаса... РАБАЙДА – реті келгенде. Қақпақша жаға қондырған, сырма зер қатып... СЫРМА ЗЕР – сырылып зерленген, өрнектелген. Сауырлап қойшы бала шапты осылай... САУЫРЛАП – «қапталдап», «жанай» деген мағынада. Шырғай сап, Ұлытаудың шынары-ау деп... ШЫРҒАЙ – «аспандаған», «ұзын» деген мағынада. Сәуірдің сәркіл аспаны сыздап, сіркіреп... СӘРКІЛ – «сұрғылт» деген мағынада. Сап етіп тағы кездейсоқ кепке жолығам... КЕПКЕ – кездейсоқ жағдайға. Кәусарыңнан бір татқан... КӘУСАРЫҢНАН – «керемет сусыныңнан» деген мағынада. Шеменіңде тағдыр жатқан... ШЕМЕНІҢДЕ – іш қатпарыңда. Шыптадан сусын құя бастайды жеңгем де... ШЫПТА – «ши астындағы» деген мағынада. Ырдуан арба ыңырсығанда... ЫРДУАН – епетейсіз, қолайсыз, майланбаған арба. Жалғызаяқ жол қосығындай... ҚОСЫҒЫНДАЙ – өне бойында. Қақсал ғой жануар қара өгіз шыдар... ҚАҚСАЛ – «бәрін басынан өткерген пәле» деген мағынада. Сірке кірпіктің қарашығы ауып... СІРКЕ – ара-кідік, сирек. Албаты тиіп, аласұрғанда... АЛБАТЫ – «ине тұмсығы» деген мағынада. Әбдіра арба аударылғанда... КҮРМЕУІНЕ – «шырмауына» деген мағынада. Жориын енді, Өңімде болғай ұшпағы... ҰШПАҒЫ – «болатыны» деген мағынада. Күнде шығып күлән күн, көп бояуды ұрлап тұр... КҮЛӘН – пердесіз, ашық. Бұл Біржан дүниелікке ділгер емес... ДІЛГЕР ЕМЕС – қат емес, қажетсінбейді. Дүние үшін айтпайды күлдікөмеш... КҮЛДІКӨМЕШ – шала, піспеген. Қайсысына ісі түссе бір зауқайыр... ЗАУҚАЙЫР – әлдебір. Сумаңдап күлік көпес, күлән мінез... КҮЛІК – «қу» деген мағынада. Айдау жол. Арба. Кер өгіз... КЕР – «кертартпа», «шаршаған» деген мағынада. Кездеме бөзін, әшмүшке шайын азғана... ӘШМҮШКЕ – «бір салым» деген мағынада. Тағдырға зейнет қояды іштей тәу етіп... ТӘУ ЕТІП – құлдық етіп. Терезе алды. Бадалып сыртқа бала отыр... БАДАЛЫП – «қадалып қарап отыр» деген мағынада. Көргенде сені сәмбі тал... СӘМБІ ТАЛ – «жас», «құба тал» деген мағынада. Тұрмысы әбеқоңыр әй... ӘБЕҚОҢЫР – орташа. Бағы ашылған пешене... ПЕШЕНЕ – тағдыры. Сары үрпек үш бала... ҮРПЕК – «бұғанасы қатпаған балапандай» деген мағынада. Тұланын тұтып күз келді... ТҰЛАНЫН – қатуланып. Бәрінде бір-бір қынулы ат... ҚЫНУЛЫ – жаратулы. Қызыл да жасыл күреңсе... КҮРЕҢСЕ – түрлі түсті деген мағынада. Тазарсын менің бойдағы пәле құзғанам... ҚҰЗҒАНАМ – сырқатым, ауруым. Үргедек шіркей үйір боп қонып... ҮРГЕДЕК – «жеңілтек, ұшып қонатын» деген мағынада. Тып-тыныш дала тұмшаланып шыққан сүмектей... ТҰМШАНЫП – «орану», «малынған» деген мағынада. Кеңшіліктің кез келген жыр­ларын­да қазіргі күндері сирек қол­даны­латын осындай сөздер жиі кез­десе­ді. Жоғарыдағы аталған таза қа­за­қы сөздер Кеңшіліктің өлеңдері­не ұлттық өрнек, нақыш беріп тұратыны сөзсіз. Әрине, бұл жырларды таза қазақы кестелеудің бір қасиеті ғана екенін еске алған жөн. Ал, сөзді тірілту, оған жан беру тек дарынды ақынның ғана қолынан келетін құды­рет. Ондай құдырет Кеңшіліктің бо­йында бар еді. Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, журналист, әдебиеттанушы

7703 рет

көрсетілді

83

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы