• Ақпарат
  • 10 Мамыр, 2012

ЖАСТАР МӘСЕЛЕСІНІҢ ТҮЙТКІЛДЕРІ

Елбасымыз Н.Назарбаев жас­тар мәселесіне баса мән беріп келе жатқаны белгілі. Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында жастарға білім беруі мен еңбек етуіне байланысты міндеттерді нақты саралап көрсетті. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында жастар мәселесі жөнінде де кеңінен сөз қозғады. Сессияда жас буынға айтарлықтай міндет атқаруы тиіс екендігін баса айтты. «Жасыл ел», «Ауыл жастары», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары аясында нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Жастарды баспанамен қамтамасыз етуге мән берілетін болды. Елбасымыз Қазақстан жастар елі екендігін, әрбір екінші қазақстандықтың жасы 30-ға жетпегенін, еліміздің серпінді дамуына жастардың үлесі зор болатынын айта келіп, Үкіметке үстіміздегі жылдың Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың соңына дейін біздің заңнамаларымызды мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша жаңартуды, Білім және ғылым министрлігінің құрылымында Жас­тар саясаты жөніндегі комитет, ал өңірлерде тиісті басқармалар құру қажеттігін, Астана және Алматы қалаларының әкімдері өңірлік Жастар істері жөніндегі кеңестерді тікелей өздері басқаруы тиіс екендігін нақты көрсетті. Үкіметке жастар үшін әлеуметтік қолайлы жағдайларды қалыптастыру жөнінен заңнамалық және әлеуметтік-экономикалық шаралардың жүйелі кестесін әзірлеуді тапсырды. «Жастар арасындағы үрдістерге терең зерттеулер жүргізу қажет. Білім және ғылым министрлігіне Гумилев атындағы Еуразия университеті жанынан «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығын құру туралы мәселені ойластыру керек. «Жас Отан» жастар қанатының жұмысын күшейте түсу қажет. «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратына «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі іс-қимыл стратегиясын әзірлеп, бекітуді тапсырамын. ҚХА істен бейтарап қалмай, жастар мәселелеріне көбірек көңіл бөліп, жоғарыда аталған шараларға белсенді қолдау көрсетуі тиіс» деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев. Демек, жастар алдына қойылып отырған жаңа міндеттер, келешекте еліміздің қозғаушы күші болары анық. Дені сау ұрпақ – тірегіміз Жастардың денсаулығын жақсартып, білімін көтеру және әл-ауқатын арттыру мәселелері Елбасының үнемі назарында болуы бекер емес. Адам бақытты болу үшін бұл дүниеде екі нәрсе керек: бірінші – денсаулық, екінші – білім. Осы екеуі біріксе, адам алдында алынбайтын қамал, қол жетпейтін арман, игерілмейтін биік жоқ. Мемлекетіміз халық денсаулығына әрдайым ерекше көңіл бөліп, еліміздің тұрғындарының өмірін неғұрлым ұзарта түсуге бағытталған шаралар алуы қазір басты мәселеге айналып отыр. Әсіресе, жастардың денсаулығы мықты болуы тиіс. Әскерге шақыртылған жастарды медициналық тексеруден өткізгенде көптеген жастардың денсаулығы қалыпты жағдайда емес екені анықталып отыр. Жастар денсаулығының нашар болуы неліктен? Мұндай жастың келешегі не болмақ? Бұны балалар мен жастардың денсаулығын бекемдеу ісінің әлі де ойдағыдай болмай отырғаны деп ұққанымыз жөн. Бүгінгі жас бала – ертеңгі әке, жас қыз – ертеңгі ана екенін естен шығармауымыз керек. Темекі мен спирттік өнімдердің, нашақорлықтың адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға қанша қасірет әкелетіні жайлы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік – қазіргі бүкіл әлемде қоғамның ауыр дертіне айналды. Ішімдікке әуестіктің қыз-келіншектер мен жасөспірімдер арасында кең етек алып бара жатқаны, соның салдарынан қылмыстық оқиғалардың жиілеп бара жатқаны алаңдатады. Ресми мәліметтер­ге сүйенсек, республикамыздағы нар­ко­логиялық мекемелерде қазіргі кезде 235 416 адам маскүнемдік дерті бойынша есепте тұрады екен. Демек, маскүнемдік 100 мың адамға шаққанда 144,2 болып отыр. Тиісті орындардың мәліметтеріне жүгінсек, елімізде ішімдік ішу 1 адамға – 12 литрден, ал сыра – 31 литрден айналыпты. Демек, еліміздің тұрғындарының 33,3 пайызы, яғни үштен бірі ішімдікке әуес. Мұны жас ерекшіліктеріне орай сараптасақ, 40-49 жас аралығындағылар көш бастап тұрса, 20-29 жастағылар екінші орында. Ал 18-19 жастағылардың үлес салмағы 37,7 пайызды, жасөспірімдердің үлесі 22 пайызды құрайды екен. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары ішімдікті шамадан тыс тұтыну азаматтардың денсаулығы үшін ғана емес, бүкіл ұлттың болашағына төнген апат екенін жеткізді. Жастайынан ішімдікке салынып, темекінің ащы түтінімен өкпесін ыстаған, наркотиктің «дәмін татқан» жасөспірімді ертең не күтіп тұр? Болашағы бұлыңғыр емес пе?! Темекі түтіні сәбиді улап жатыр Елімізде жастар арасында көк түтінге құмартқандардын саны азаяр емес. Тіпті, қаракөз қыздарымыздың бұрқыратып көшеде шылымды тартып тұрғанының өзі көзімізге үйреншікті жайт болып кетті емес пе?! Тіпті, нәзікжандыларға арналған түрі жіңішке, дәмдері әртүрлі қоспалармен байытылған темекі түрлері де баршылық. Әрине, көк түтінге әуестенушілердің санының артуына бұл да бір себеп. Мәселен, 2000 жылы бір қорап темекінің бағасы дәл қазіргідей. Басқа да тұрмыстық заттар, азық-түлік қымбаттап жатқанда, ал темекі бағасының көтерілмеуінде құйтырқы саясат жатқандығына дауымыз жоқ. Өйткені, мол табыс түсіріп отырған темекі фабрикалары тұтынушыларынан айрылғылары келмейді. Орташа құны 100 теңге тұратын темекіге әуестіктің салдарынан жыл сайын 25 мың адам немесе күн сайын 70 адам көз жұматын көрінеді. Сол себепті «қауіпті ермектің» құнын 10 теңгеге қымбаттатсақ – 1500 өмірді, 1 теңгеге қымбаттатсақ 150 өмірді аман сақтап қалады екенбіз. Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде 12 жастан асқан азаматтар арасында темекі шегу әдеті кең тарап отырғандығын көрсетті. Жалпы елімізде 4,5 миллионға жуық азамат шылым шегетіндігі анықталды. Жалпы, темекінің түтінінен әлемде әр 6 секунд сайын бір адам, яғни әр сағат сайын 600 адам көз жұмады екен. Бұл – жылына 5-5,4 миллион адамның өмірін алады деген сөз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжауынша, 2030 жылы темекінің құрбандары 8-10 миллионға дейін жететін көрінеді. Қазақстан халқының демографиялық өсіміне темекінің зияны шаш етектен. Мәселен, аяғы ауыр кезінде шылым шеккен әйелдердің балалары өсе келе әртүрлі жасырын және созылмалы ауруларға ұшырайтынын ақ халатты абзал жандарымыз айтып та жүр. Шылым шегетін аналардан туылған балалар өз құрдастарымен салыстырғанда ақыл-ой дамуы жағынан артта қалады. Зерттеулер бойынша, темекі түтінінің құрамында 30-дан астам улы заттар: никотин, көмірқышқыл газы, көміртек тотығы, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар бар екендігі анықталған. Шылым шегудің туберкулез ауруына соқтыратыны да анықталды. Темекі жүкті әйелдерге өте зиян. Сәбидің дүниеге сырқат болып келуіне немесе өлі болып туылуына темекі де себеп болады. Бала емізетін әйелдерде никотин сүтке араласып, осы арқылы сәбиді улайды. Шылым шегудің зиян екендігін біле тұра, жылдан- жылға шылым шегетін қыздарымыздың саны артып келеді. Рас, соңғы кезде қоғамдық мекемелерде, аялдамаларда, оқу орындарында, көшелерде шылым шегуге тыйым салынды. Сырты әдеміленіп, жылтыр қорапшаларға салынған удың жарнамасы өкінішке орай, қазір де жүріп жатыр. «Зиянды әдеттерден халықты ал­шақ­­­татамыз» деп дәрігерлер әуре. Тіп­ті, арнайы мемлекеттік бағдарлама, заң да қабылданды. Қыруар қаржы бөлі­ніп, «Салауатты өмір салтын қа­лып­­тастыру» орталықтары ашыл­­ды. Бірақ атқарылып жатқан шаралар­­­дың ықпалы әзірше сезіл­мейді. Ішім­дік­ке, темекіге, есірткіге әуестенуші­лер саны жыл өткен сайын өсіп бара­ды. Ал, жастардың дені сау, ұрпа­ғы таза, рухы биік болуы үшін шылым шегу­ге қарсы күресті күшейту қажет. Жамандықтан қайтсек арыламыз? Ұлтын сүйетін, ана тілін білетін, салт-дәстүрін құрметтейтін, төл өнері­нен ләззат алатын жас­тар қатары көбейсе, еліміздің гүл­денері анық. Қоғамдағы кемшін тұсы­мыздың бірі – жастардың өз ұлтының құндылықтарынан гөрі, өзге елдің арзанқол дүниесіне құмартып жүргендігі болса керек. Жалпы бүкіл әлемде ұрлық-қарлық, адам өлтіру, қыз зорлау, тонаушылық пен қарақшылық оқиғалары жиі кездесуде. Осындай келеңсіз істерге тосқауыл қою үшін ұлттық идеология керек. Жас бала – күнге талпынған өсімдік сияқты десек, оған дұрыс бағдар көрсететін ұстаз да аса қажет қой. «Құбылған әлем жарысы, Ақылды жанның табысы» дейді Шәкәрім бабамыз. Бәрін біліп алуға тырысатын, өмірге икемді, тәрбиелі жастар аз емес. Ұлттық мәдениеттен жұрдай ұрпақ­тан халықтың қасиеті мен мүддесін қор­ғай­тын азаматтар шықпайды. Халық даналығында «Баланы әуелі мейір-шапағатқа, содан соң ақыл-парасатқа, ақырында еңбек пен ғылымға баулы», – дейді. Өмір көшіне ілесем десең, уақыт талабына сай талпыныс жасаудың, жасампаздықтан жалықпаудың, ақылың мен еңбегіңе сүйенуге тырыс. Ғаламторға телмірген жастар Таңертеңнен кешке дейін интернетте телміріп отырған жастарды бұл күндері жиі кездестіретін болдық. Тіпті, ұялы телефон арқылы агентке кіріп, алтын уақыттарын өлтіріп, бір-біріне жарыса хат жазысып жатады. Ғаламтордың зияны туралы әлем ғалымдары дабыл қағуда. Біріншіден, мониторға ұзақ уақыт қараудың салдарынан адамның көз жанары құрғап, көру қабілеті нашарлайды. Сіресіп отырғандықтан омыртқа зақымданып, скалиоз, кифоз ауруларына шалдығады. Қимыл-қозғалыс азайғандықтан, қан айналымы нашарлайды, семіздік пайда болады. Жаңа технологиялар адамның жасушаларына қау­іп төндіріп, қатерлі ісік ауруының туын­дауына себеп болады. Екіншіден, ғаламтор жастардың көп уақытын алады. Жастар көптеген қоғамдық жұмыстар­дан шет қалады. Үшіншіден, ғаламтор жас­тарды еріншектікке дағдыландырады. Қазір керекті мағлұматтың барлығы ғаламторда бар. Іздеген нәрсеңіздің атын жазсаңыз болғаны түрлі рефераттар, зерттеулер, ақпараттар дап-дайын табыла кетеді. Төртіншіден, жастар жасандылыққа бой алдыруда. Мәселен, аты-жөнін өзгертіп, өзінің суретінің орнына өзге бейнені салатындар көбейді. Не болса соны жазып, жалған мәліметтерді жариялайтындар көп. Тіпті, қазір жастардың кеш үйленуіне де ғаламтор зиянын тигізуде. Статистикалық мәліметке сүйенсек, қазір Қазақстанда жасы 25-тен асқан бойдақтар саны 3 миллионнан асады екен. Соның ішінде қыздардың 28,2 %-ы, жігіттердің – 39,6 %-ы бойдақ болып өмір сүреді. Бұрынғыдай Қыз Жібек пен Төлегендей махаббат сезімдері жоқ жастар азайып, жаңа технологияға сай құлтемірге айналып бара ма, қалай?! Бесіншіден, ғаламтор арқылы мінез-құлық бұзылады. Бұған дәлел, бұрындары халық ән-күйлерін тыңдайтын балалар мен жасөспірімдер қазір компьютердегі шетелдің ырду-дырду әуендерін естіп, түкке тұрмайтын ойындарын қызықтай­ды. Атыс-шабыс, қан төгу және жауыздық арқау болған ойындар бала психологиясын бұзады. Ойынның мазмұны, әдіс-тәсілдері баланың миында сіңгендіктен, ол қылмысқа да баруы әбден мүмкін. Тіпті өтірік ақпарат берілсе, соған сенеді. Ғаламтордағы келеңсіз көрсетілімдерден кейін күйзеліске ұшырап, жүйке дертіне ұшырап жүрген жастар қаншама?! Мұндайлар тез ашуланады, айтылған ақылды қабылдамайды. Демек, баланы компьютерден қорғау да қазір басты мәселеге айналды. Тәтті сусынның залалы Еліміздің нарығында «Дизи», «Редбул», «Монстер» секілді энергетикалық сусындар ашықтан-ашық сатылуда. Жастар да, мектеп оқушылары да осы бір «сиқырлы сусынға» әуестеніп алған. Себебі, оның жарнамасы керемет. Ұйқыны ашып, күш беріп, сергек жүруге көмектесетін сусын әсіресе балалардың ағзасына өте зиянды. Оған дәлел, энергетикалық сусындарды жиі пайдаланатын мектеп жасындағы балаларды тексергенде, олардың бауыры 35 жастағы маскүнемнің бауырымен бірдей болатындығы анықталды. Бұл улағыш сұйықтықты балалар көп ішсе, жастайынан түрлі ауруларға шалдығады екен. Жүрек дертіне, жүйке жүйесі, асқазан, бауыр, тіпті қатерлі ісікке апаратын мұндай сусындарды пайдаланбаған жөн. Бұл сусындар бастапқыда спортпен шұғылданатын адамдарға белгілі бір күш-жігер қажет болғанда қолдану үшін ұсынылған болатын. Алайда, аталған сусынды жиі пайдаланғандардың ойлау қабілеті тежелетіндігі анықталды. Ұрпақ болашағын, ұлт келешегін ойласақ, жастардың тәрбиесіне, ішетін сусынына, айналысатын кәсібіне мән беретін кез келді. Нұрлан ҚҰМАР

8415 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы