• Әдебиет
  • 10 Мамыр, 2012

Сол бір күн...

Биыл Ұлы Жеңістің 67 жылдығы аталып өтпек. Сол бір сұрапыл жылдардың ауыр кезеңдерін бастан кешіріп, ерлікпен шайқасқан Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне деген ел құрметі ерекше. Олардың көбі майдан даласында қаза тапты. Елге аман-сау оралғандары – бүгінде тоқсанды алқымдап қалған қариялар. Ардагерлеріміздің арамызда жүргендері – көңілге демеу, жүрегімізге қуаныш ұялатады. Олардың ғибратқа толы әңгімелерін тыңдау, жандарында отырып сұхбаттасудың өзі тарихтың өзімен тілдескендей әсер береді. Бүгінгі бейбіт аспан орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда соғыс ардагерлерінің қадірі жыл санап арта түспесе, кемімек емес. Осы қастерлі күнге орай жыл сайын қалалар мен ауылдарда, елді-мекендерде ардагерлермен кездесулер өтіп тұрады. Бұл – елімізде қалыптасқан өнегелі дәстүрге айналған. Жақында Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай кентінінің әкімшілігінде осындай кездесу болып өтті. Боралдай кентінің әкімі Мұрат Сәлімбаев өткізген кездесуге Ұлы Отан соғысының ардагері Қантбек Аяшев, Ауған соғысының ардагерлері Мұхаммедали Иманқұлов пен Алдажар Сейітұлы және «Әсем-ай» ЖБК-ның белсенді жастары қатысты. Әкім өз сөзінде Ұлы Отан соғысының тарихтағы орны, ардагерлеріміздің Отан алдындағы ерліктері туралы ой толғай келіп, ардагер Қантбек Асқарбайұлына сөз берді. Ардақты ардагеріміз соғыс жайында сыр шертіп, майдан жылдарын еске алды. Әңгіме өзегі – ерлік, Отан алдындағы парыз болды. Сол парызды терең сезініп, еліңнің, жеріңнің патриоты болуға шақыратын ұлағатты сөздер жиынға келген жастарға ой салды. Жастар өз кезегінде соғыстың қалай өткенін, майдандағы қандастарымыздың ерліктері жөнінде, сондай-ақ, ардагер азаматтардың жастық шақтары туралы сұрап, тұщымды жауаптар алды. Ауған соғысы ардагерлерінің де айтары аз емес. Олар өз сөздерінде соғыстың адамзат баласына әкелген зардаптары аз болмағанын айтып, тарихтан деректер келтірді. Ауған соғысындағы қазақ жастарының ерлігі туралы сөз сөйлеп, тұжырымды оймен сабақтады. Кездесуге қатысқан қонақтарға әкімшілік тарапынан сый-сыяпат жасалды. Артынан барлығы естелік суретке түсті. Фариза Башарова, Алматы облысы, Iле ауданы, Боралдай кентi

3520 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы