• Әдебиет
  • 10 Мамыр, 2012

Тұщықұдық тарланы (Соғыс және еңбек ардагері Иса Жанәділұлы туралы)

d0b8d181d0b0-d0b6d0b0d0bdd399d0b4d196d0bbd0bed0b2 Жарықтық Тұщықұдық-Шебірдің киелі жері-ай! Киесіне көлеңке түсірмеген елі-ай! Ойпаңыңды жерұйық десем, құба жоның нар биік емес пе?! Арымыңды қыстау десем, адырың хан жайлау емес пе?! Қызым 13-ке жетіп бұлан болған, ұлым 15-ке жетіп ұлан болған жерім-ай! Айрандай ұйыған елім-ай! Тұщықұдықтың ту сыртындағы нарқасқа құмдарды кесіп өтсең, Қауынды мен Теппенің жәннатқа бергісіз жазирасына жетесің. Бұл – Қазан төңкерісіне дейін атақты Жары Тастемір батырдан тарайтын Жылгелді ауылының атакүлдігі. Жылгелдінің Өтеу, Көшен, Бекбай, Жақсылық атты төрт баласынан тараған ұрпақ «Төрт арыс Жылгелді» деген атпен Адайдың аталық шежіресіне енген. Өтеуден тараған төртеудің тұңғышы – Елменбет. Сыпа, Роман, Ербай, Құлбай, Өмірбай, Айтбай – Елменбеттен тараған емшектес бауырлар, еншілес туыстар. Қауқарлы да қайратты жігіттер Қауынды-Теппенің бұйратты даласынан бұйырғанын алды, бұйырмағаны, әрине, қалды. Бірі – Астрахань көпестерінің көңілін тауып, сауда-саттық жағын келістірсе, екіншілері – үйірлеп мал айдады. Бесқалаға барып, базаршылап қайтқандары да жоқ емес. Бәрі де «Бірді екі етемін, екіні төрт етемін», – деп, тынымсыз тірлік етті. Сол жігіттердің арқасында Жылгелді ауылының қатын-баласының аш жатып, қара қазаны қайнамай қалған күн болған емес. Бірлік бұзылмаса, тірлік азбайды, тектілік тозбайды екен. Елменбет балаларының бірлігі мен тірлігінен көңілге түйгеніміз осы болды. Сол бірліктің арқасында бөтенге белін бастырмады, бетін қақтырмады. Орынды жерінде айта білді, орынсыз жерде райдан қайта білді. 1916 жылы Елменбеттің үшінші ұлы Ербайдың үйінде өзінің құдіретті «іңгәсімен» бүкіл Жылгелді жұртын жалт қаратып, бір торсық шеке ұл дүниеге келіпті. Әлгі ұлдың әкесі – Бәйден, анасы – Алма, атасы – Ербай. Алда болатын төңкерістерден де, текетірестерден де, адыра қалар дүниеден де, ауа көшер елден де, ашаршылық пен індеттерден де қаймықпай дүниеге келген сол бір торсық шеке ұл қайда екен?! Бар ма екен мынау жалған дүниеде?! Бар, бар екен! Ол сәби еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болып қалыптасып, өсіп-өніп, кемелденіп, көретінін көріп, алатынын алып, беретінін беріп, тоқсан деген толағай жасты тоздырып барып, осыдан тура алты жыл бұрын өмірден озыпты. Біз жоқтап отырған перзенттің аты-жөні – Иса! Иса тәй-тәй баспай жатып тәттісінен, төртке толмай жатып тектісінен айырылыпты. Тәттісі деп отырғанымыз – анасының сүті, Ана сүтінен ақ, ана сүтінен пәк, тәтті не бар дейсің, тәйірі, мынау өткінші өмірде. Ай бойы бар мен жоқтың арасында толықсып жатқан анасы Алма ақшам туа үзіліпті. Табынай батыр әулетінің қызы екен. Күрмелген тілі көңілдегісін жеткізе алмай, жаутаңдап қараумен күн кешкен қайран ана жиырмадан асар-аспас шағында, уыздай жап-жас қалпында аттанып кете барыпты. Тектісі деп отырғанымыз – әкесі Бәйден! Әкесі Бәйденнің ақиреттік сапарға аттанар сәті Исаның еміс-еміс есінде. Кейде оқыстан дене қызуы көтеріліп, күйіп-жанып ауырған сәттерінде әлгі бір елестің нақтылы бейнеге айналып, құшағына қысып қасында отыратыны бар. «Сол бір аяулы бейнемен қайтадан қауышу үшін тағы да ауырсам екен, күйіп-жанып қызуласам екен», – деп Исаның іштей тілейтіні де жасырын емес. Мұндай сәттерде көңілі жайланып, қияндағы ғазиз жандармен көрісіп-сәлемдесіп қайтқандай, жеңілденіп қалатыны бар. Ербайдың тетелес ағасы Романның ұлы Жанәділ Исаны «Балам» деп, бауырына басты. «Жарығым», «Жалғызым» деп, жан жылуын төкті. Ағайындарымен ақылдасып, болысқа барып: «Иса Жанәділұлы» деп қағаз толтыртты. Сөйтіп, Иса әкеміз тоқсан жыл бойы Жанәділұлы болып өмір сүрді. Иса Жанәділұлы деген атпен ақиреттік сапарға аттанды. Тіпті, бақилық мекенінің маңдайшасына да «Иса Жанәділұлы» деп белгі соқтыруды ұрпағына аманат етіп тапсырды. «Бәйден ақсақал туралы тіс жарып отырғаным – осы. Онда да ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, он ойланып, жүз толғанып барып, бір ғасыр уақыттың арғы жағында қалған шындықтың бетін ашып отырмын», – деп, Исекеңнің үлкен ұлы Қуантқанның ағынан жарылғаны бар. «Иса – Жанәділдің бауырына басқан баласы еді», – деуге, біріншіден, Құдайдан қорықтық, екіншіден, Жәкемнің пейілі мен ниетінен аттап өте алмадық», – дейді Қуекең. Шынында да солай. Ескіше сауаты мол, обал мен сауапты істен сырт қалып көрмеген, Ержандай хазіреттің өзі қадір тұтқан Жанәділдей дананың наласын арқалауға ешкімнің де батылы бара қоймасы анық. Жәкең өз кіндігінен бір ғана қызталақ бала көріпті. Бірақ, қызталағын қызықтай алмай, қара жер қойнына ертерек тапсырса керек. Сондықтан, інісінен қалған жәдігерді көргенде, Алласынан алданыш сұрап, алақан жайып тілек тілеп жүрген аруана көңіл бірден иіп сала берді. Жанәділдің Исасы шыбыртқыға ерте ілінді. Алты жасында ат жалын тартып мінсе, жеті жасында желбегей жүріп қозы-лақ қайырды. Тоғыз-он жасында қотан күзетті, он бір-он екі жасында түн қатып, отар түнетті. Исаны желектеп жүгірткен жетімдік емес еді. Бала біткен бесіктен белі шықпай жатып кісілікке ұмтылатын, қажеттілікті өтеуге жұмылатын заман еді ғой. Иса он үш жасында Қанжан Есханұлына ілесіп, Үйшікке (Атырау) жетті, одан әрі Астрахань асты. Ауылдастары аманаттап тапсырған аз ғана мал өнімін орыстың базарына салып, бағын сынады. Қанжанның арқасында базардың баукеспесінен де, Еділ-Жайық, Каспийдің жолкеспесінен де аман-есен сытылып кетіп отырды. Ер Қосай ауылынан шыққан Қанжан Есханұлы аты аңызға айналған адам болатын. Ол тапқыр, қайратты, сескенуді білмейтін серінің нақ өзі еді. – Сен де бір көкжал таймайтын, Боранда жортқан бөрі едің, – деп Сәттіғұл ақын сөз арнаған адам, тегін бола ма?! Исаның бар оқуы екі сыныптық ескіше мектеп болса да, «Биссимилласына» берік, «Алхамына» адал болды. Ақиреттік сапарға да өз иманын өзі үйіріп аттаныпты, жарықтық. Маңғыстауда 1929 жылы ірі байларды тәркілеу, 1930 жылы ұжымдастыру науқанының басталғаны белгілі. Қолдағы бар адыра қалып, ел ауа көшіп, айқай мен айтақ көбейіп, жердің құты, елдің сұсы қашқан кез еді ғой, ол да бір. Бұлар ауа көшкен елге ермей, ерулі елдің сапында қалды. Өтеудің балалары жұптарын жазбай әуелі Мойынсеріктестікке, кейін артельге келіп қосылды. Біздің кейіпкеріміз Иса әкесі Жанәділмен бірге «Ворошилов» ұжымшарының бес жүз ешкісін бағып, мал басын дін аман сақтап, міндеттемелерін мүлткісіз орындап отырды. Иса Жанәділұлы Маңғыстауда жасақталған арнаулы бригаданың құрамында Мақат-Құлсары темір жолын төсеуге атсалысты. Ол – «Таушық көмір» тресінде «Стахановшы» атанған алғашқы забойшылардың бірі. Қаршадайынан қанына сіңген төзім мен азаматтық парыз оны қай майданда да ұятқа қалдырып көрген емес. Ал нағыз қан майданда ажырамас қасиетіне айналды. Ол қасиеттер ордабұзар сәтінде қолдады, омақаса құлар сәтінде қорғады. Исекең 90 жыл бойы төзімін – тірек, парызын серік ете білді. Иса Жанәділұлы – Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері. Оның даңқ жолы Еділ-Дон даласынан бас­талыпты. 1942 жылы майданға аттанған жерлесіміз Таушық – Форт-Щевченко – Красноворск (Қызылсу) арқылы Сталинград үшін кескілескен ұрыс жүргізіп жатқан Украина майданынан бір-ақ шығады. Он күндей әскери-тактикалық жаттығудан өтісімен, алдыңғы шептегі шешуші шайқас алаңына жіберіледі. Исаның тал бойы жауынгер үшін таптырмас қасиет­терге толы еді. Ең бастысы – төзім, ақыл, қайрат, амал-айла, шалт қимыл, мәрт мінез. Ұрыстың ұлы даласында осы қасиеттер оның қалқаны да, семсері де, сенімді серігі де болды десек, артық айтқандық бола қоймас. Қорғаныс шебін құруда алдына жан салмады. Жолдастарын шабуылға көтерген сәттері де аз болған жоқ. Үш рет оққа ұшты. Үш рет ажал аузында жатып, өмір үшін арпалысты. Әскери дәрігерлердің жанкешті еңбегінің арқасында ғана ол майдан даласына қайта оралып отырды. Иса – туа біткен барлаушы болатын. Ол тірілей «тіл» әкелудің нағыз төселген шебері ретінде танылды. Әсіресе, Ленинград майданында жүргенде полк командирінің арнаулы тапсырмасымен барлауға шығып, немістің төрт жауынгерін тұтқындап, штабқа тапсырғаны айтулы ерлік болды. Майдан газеттері бәкене бойлы барлаушы туралы жарыса жазып жатты. Исекең түтін сасыған майдан газеттерінің қиындыларын әкесіне жіберіп тұратын. «Бертінірек келгенше сандық түбіне тығып, сары майдай сақтап жүруші едім», – дейді бәйбішесі Алдабергенқызы Үзілхан шешеміз. Соғыстың жарасы жазылған сайын, оның қымбат жәдігерлерінің құны төмендеп кетті ме, кім білсін, әйтеуір, сарғайған майдан газеттерінің қиындылары не мұрағатқа, не мұражайға тапсырылмай, желге ұшып тынған сыңайлы. «Қуантқаным мен Асылтасыма да (келіні) тапсырып үлгере алмадым», – деп, Исекеңнің кейде кейіп отыратыны бар. Исекең соңғы рет Германияның Штецин қаласының түбінде жараланып, майданның санитарлық батальонында емделіп, соғыстың соңғы нүктесін қою операциясына қатыса алмай, елге оралды. Елге оралғанда маңғыстаулық баһадүрдің кеудесінде екі орден: «Қызыл жұлдыз», «1-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені және бес медаль бар болатын. Осылайша Иса әкеміздің ерлігі елге – үлгі, ұрпаққа мұра болып, жадымызда мәңгі жатталып қалды. Ол соғыстан кейін ірілендірілген Сталин атындағы ұжымшардың бір отар түйесін бағып, отыз жыл табан аудармай Түрлен деген жерде отырды. Ол кезде түйе ұжымшардың негізгі күш көлігі ретінде бағаланатын. 1963 жылға дейін шөп түйе-косылькамен шабылды. Малшылар Үстірт шыңырауларына араға 15-20 күн салып, түйемен көшкенін өзіміз де көрдік. Көктемде әр малшының отбасына бір-бір сауын түйе берілетіні де есімізде. Малшылардың мініс көлігі де, соғымы да, жарықтық, ойсылқара тұқымы болды. Исекең 30 жыл бойы осынау қыруар шаруаны қапысыз атқара білді. Біреудің өкпесін арқалап, өктемдігін естіп көрген емес. Алғаны – алғыс, арқалағаны абырой болды. 1951 жылы Маңғыстау аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Өтежан Алшынбаевтың бас түйешіні Мәскеу қаласындағы Халық шаруашылығы жетістігінің көрмесіне апарып, тәжірибесін бүкіл Кеңес елінің аумағына насихаттап қайтуы немесе «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталуы, мүмкін, сол қыруар еңбектің қайтарымы шығыр. Исекең жарқыратып жайсаң жар сүйді. Аты – Үзілхан! Ол да өзі сияқты жоқшылықтың тауқыметін көріп өсті. Бір үйде інісі Сисенбай, сіңілісі Таңсұлу болып жетім қалды. Інісі Сисенбай өзінің ұқыптылығының арқасында жоғары оқу орнын бітіріп, ауданның әртүрлі саласында белсенді қызмет жасап, бұл күндері бақилыққа аттанды. Үзілхан тек жан жары ғана емес, үзеңгілес серігі де бола білді. Үй мен түздің тірлігіне қатар араласты. Ғасырдан да ұзақ айлар мен жылдарды бірге өткізіп, 90-ның төріне бірге шықты. Исекең – отбасының панасы болса, Үзілхан шешеміз – данасы болды. Бірі – патшадай, бірі – ханшадай перзентінің анасы атанды. Үлкен ұлы – Қуантқан. Ол тек ұлы ғана емес, зор үміті, көңілінің қуанышы, арқа сүйер тірегі де еді. Қуекең Атырау педагогикалық институтының математика, Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтының экономика факультеттерін бітіріп, қос дипломды маман атанды. Партия, кеңес, мәдениет, кәсіподақ комитеттерінде жұмыс жасап, елге абыройлы азамат ретінде танылды. Атақты Дәулеталы әулетінің қызы Асылтастай арумен бас қосып, бақытқа кенелді. Қуекең Маңғыстаудың соңғы биі атанған, көркем тілмен кестелеп сөйлей білетін көшелі кісі еді. Ұзақ жылдар ұжымшар басқарып, ұлағатты ісімен есте қалды. Сөз соңында айтарымыз, Тұщықұдық кентінде «Иса Жанәділұлының көшесі» деген жаңа көше пайда болды. Үйінің маңдайшасында «Бұл үйде соғыс және еңбек ардагері Иса Жанәділұлы тұрды» деген мәрмәр тақта ілінді. «Иса Жанәділұлы – Тұщықұдық ауылының құрметті азаматы» деген мәртебелі атақ алқызыл лентаға жазылып кереге басына керілді. Сонымен бірге, Исекең Маңғыстау өлкесіндегі атақты 100 озат малшының тізіміне енгізілді. Иә, Ерге жасалған Елдің құрметі – осы! Ал ұлағатты әке мен шешеге жасаған ұрпақтың құрметі қандай? Ол – өз алдына бөлек хикая. Үлкен ұлы Қуантқан туралы тым қысқа қайырсақ та, хабардар еттік. Исекеңнің екінші ұлы Абзал – құтты қол мұнайшы. Сұлухан, Оңайхан, Ардақ, Ендіғой, Күләш – бес қызы бес ауылдың анасы, бес жігіттің сүйген жары. Қызы Ендіғой жол апатынан бақилыққа аттанса, орнында қалған жиендері: Гүлшара, Асанәлі, Гүлжазира – өз алдарына бөлек отау иелері. Исекеңе жасаған елдің құрметін көрсеттік, ұрпақтың құрметін айттық. Ал, Құдайдың құрметі, бір Алланың рақымы ше? Әрине, ол шексіз және мәңгілік! Мәңгіліктің бесігінде тербеліп дамылдай бер, тоқсанды тоздырған тарланым, киелі қара шалым! Мұсабай СЕГІЗБАЕВ Маңғыстау облысы, Тұщықұдық ауылы

5407 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы