• Әдебиет
  • 29 Қаңтар, 2009

Баһаргүл ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Әдемі-ай plus» ЖШС-нің бас директоры: «Қазақ елі» монументі қазақ халқына қойылған ескерткіш

Әлдекімге тарту жасар кезде біршама бас қатыратынымыз шындық. Сондай күй біздің де бастан өтті. Әрі-сәрі болып жүргенде Алматыдағы «Әдемі-ай» өнер үйіне жолымыз түсті. Іші тұнып тұрған сыйлық. Онда да анау-мынау емес, ұлттық иісі аңқып тұрған, елдігімізді білдіретін сыйлықтарға лықа толы. Кәдесыйлардан бас айналады. Бәйтерек, Тәуелсіздік монументі, тайқазан, Қожа Ахмет Иассауй кесенесі, батырларды мен қоғам қайраткерлерінің бейнесі, асық, жауырын, ер-тұрман дегеніңізді бір жерден табасыз. Содан журналистік қызығушылығымыз оянып, басшысын іздедік. Қытай жерінде туып-өскен Баһаргүл Төлегенқызы деген қандасымыз екен. Төменде Төлегеннің қызымен сұхбатты ұсынып отырмыз.

«Қытайдың затын сатып, қазақтың құндылықтарын жинадым»

– «Туған жерге туың тік» дейді ғой. Сіз шеттен келіп, туған елге ту тіккен адамдардың бірісіз. Дегенмен сіз өскен орта мен қазақ қоғамының арасында айырмашылық бар ғой. Қазақстанда бизнес бастау қиын болған жоқ па?

– Әрине қиыншылықтар болды. Әсіресе, тіл тұрғысынан біршама қиындық көрдім. Дегенмен күш-жігерімді жанып, жанымды салып жұмыс істеп сол кедергілердің бәрін жеңуге тура келді. ҚазҰУ-дың дайындық курсында оқыдым. Өзім Бейжің университетінің биология факультетін бітірген едім. Мамандығымды Қазақстанда жалғастырып, білімімді ұштай түстім.

Қытайда оқып жүрген кезімде қойнауы тарихқа толы талай жерді аралап, сән-салтанаты жарасқан сарайларды көріп, онда көңіліме ұнаған заттарды жинап жүретінмін. Сол заттардан кәдімгідей коллекция құралды. Кең көлемде болмаса да, шағын мұражайдың сөрелерін толтыратындай жағдайға жетті. Қазақстанға соның біршамасын алып келдім. Қытайдан арқалап келген заттарымды осындағы сыйлы ағаларыма көрсеткенімде, олар мұның үлкен еңбек екенін айтып, сөз көмек көрсетті. Ағаларымның сөзі мені арқаландырып жіберді. Сөйтіп, оқумен қатар коллекция жинауды қолға алдым.

– Сонда сіз мұны бизнес деп қараған жоқсыз ғой. Бұл сіздің хоббиіңіз болған сияқты. Қателесіп отырған жоқпын ба?

– Менің жиған-тергендерім шет елдің, басқа ұлттың заттары еді ғой. Оны жинап, бизнеске айналдырам деп ойламадым. Елге келгеннен кейін маған «Мен неге шеттің заттарын жинау керекпін. Онан да өз ұлтымның асыл құндылықтарын жинап, сақтамаймын ба?» деген ой келді. Солайша, қытайда жиған заттарды сатып, оның орнына қазақ халқының металдан жасалған бұйымдарын жинауды бастадым.

Шешем өте өнерлі адам болатын. Жас күнімде анамның инесін сабақтап беріп, шамам келгенше көмектесіп жүретінмін. Ол кісі түскиіз, сырмақ, кестенің неше түрлерін тігетін. Қытайдың батыс өңірін «үш аймақ» дейді. Сол жерде тоқыма бұйым өнері қатты дамыған. Соның бәрін көріп өстік. Бірақ металл бұйымдардан жасалған заттарды көрмеген болатынмын. Ал Қытайда мен императорлардың, тағы да басқа тарихи тұлғалардың саусағының ізі қалған заттарды жинадым. Олардың көбі арнайы тапсырыспен күмістен, қоладан құйылып жасалған еді. Жер асты қазба жұмыстарын жүргізгенде сондай қалдықтарды көп көрдім. Ал Қазақстанға келгеннен соң 18-19 ғасырларда жасалған зергерлік бұйымдарын, ат әбзелдерін, батырлардың қару-жарақтарын, аңшылардың құрал-саймандарын кезіктірдім. Содан өз ұлтымның асыл заттарын жинауға кірістім. Солайша, шет ел заттарын сатып, оны бизнеске айналдырып, ал қазақ халқының зергерлік бұйымдарын жинап отырдым.

– Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған асыл заттар Қазақстанда қаншалықты бағалы?

Қазақтың қол өнерін жианп келе жатқаныма 15 жылдың жүзі болды. Алғаш бастаған кезімде, 90-шы жылдары бұйымдар арзан болатын. Еліміз енді еңсесін жиып келе жатқан кездегі баға аса қымбат емес-тін. Бірақ сол кездің өзінде біраз затты уысымнан шығарып қойдым. Қазір сол заттарды іздесем, таппаймын. Халық арасында сиреп кетті. Соған қарағанда асыл бұйымдардың ел арасында аса бағалы екені білініп тұр.

– Сіз қандай бұйымдарды жинадыңыз?

– Мен тек қазақ халқының ғана бұйымдарын жинамаймын. Менің коллекциямда бүкіл Орта Азия халқының құндылықтары бар. Мысалы, түркімен, қарақалпақ, өзбек, қырғыз секілді көршілес елдердің де қол өнер бұйымдары бар. Сол 18-19-ғасырларда көрші отырған елдер бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасап, алыс-беріс болып тұрған ғой. Сондықтан қол өнерлері де бір-біріне ұқсап жатады. Ал тек қазақ халқының асыл бұйымдарын жинау оңай емес. Баяғының бай-манаптары сән-салтанат үшін алыста жатқан шеберлерді үйіне алдырып, айлап, жылдап жатқызып асыл бұйымдар жасатқан ғой. Қазір олардың бәрі бірдей сақталмаған. Іздесең, таппайсың. Ал біздің қолда бар дүниеден, жоғалтқан заттарымыз өте көп. Сол себепті оларды табу, бір жерге жинау аса қиын. Дегенмен шамам жеткенше жинап жатырмын. Бүгінде 1000-нан артық коллекциям бар.

«Бәйтерек әрбір қазақтың үйінде тұруы керек»

– Әдетте Қазақстандағы бизнес алып-сатарлыққа құрылған ғой. Бизнестің осы саласын дамытуға не себеп болды?

– Ол менің кішкене күнімнен өнерге құштар болып өскендігімнен болса керек. Жас күнімнен қазақтың тұрмыс-тіршілігін өз бояуында көргеннен кейін, өсе келе ұлттық құндылықтарды әспеттеуге, оларды жұрт назарына ұсынуға асық болдым. Біздің дүкендердің сөрелерінде басқа жұрттың кәдесыйлары толып тұр. Сонан соң коллекция жинаумен қатар, соларды кәдесый ретінде жасап, оны халыққа ұсынуды жөн деп таптық. Ойымды жұбайым Мұратқа айтып едім, ол бірден қолдады. Содан 2000 жылға дейін біз бұрын-соңды болмаған қазақтың бір топ кәдесый топтамаларын жасап шықтық. Райымбек, Бәйдібек, Махамбет, Исатай секілді батырларымыздың кішкене бейнесін жасап, кәдесый ретінде жасадық. Егемендік алғаннан кейін бой көтерген монументтерді авторларымен бірлесе отырып дайындадық. Мәселен, Бәйтерек тек Астанада тұр. Басқа қалаларда ондай монумент жоқ. Ол біздің елдігіміздің символы. Ал ондай символ әр қазақтың үйінде тұру керек деген оймен, олардың да кішірейтілген нұсқасын жасап шығардық. Онан бөлек Түркістандағы тайқазан, Қожа Ахмет Иассауйдің кесенесі де әрбір қазақ баласының үйінде тұрса, қандай жарасымды. Патриоттық сезімді оятатын, жастарға ұлттық тәрбие беретін киелі қобызды, домбыраны, асық пен жауырынды кәдесый ретінде дайындап, жарыққа әкелдік. Бұл заттарға халықтың сұранысы жақсы. Сондықтан бизнеске айналдырдым.

– Кәдесыйларды жасау барысында қай нәрсеге баса назар аударасыздар? Оның сыртқы келбетіне ме, әлде маңыздылығына ма?

Әр заттан ұлттың келбеті көрініп тұруы керек. Ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді көрсетуі қажет. Онан кейін таңбаланған тарихтан сыр шертіп тұруға тиіс. Біздің басты ұстанған мақсатымыз осы. Көбіне көшпелі өмірдің келбетін жасауға тырысамыз. Мысалы, «қыз қуу» дейтін ойын бар ғой. Соның өзін кәдесый қылып дайындадық. Сондай-ақ, қазақтың торсығы неге тек қайыстан немесе теріден жасалуы керек. Оны да қоладан құйып, сыртын алтындатып жасап шықтық. Ер-тоқымның, шаңырақтың өзін кәдесый ретінде жасап жатырмыз. Қысқасы, біз кәдесыйлар арқылы қазақы өмірдің тұтастай бір бейнесін жасауға тырысамыз. Әр жасаған затымыз ұлт өмірінен, өткенінен хабар беріп тұрады. Шеттен келген адамдар біздің кәдесыйлар арқылы қазақтың тұрмыс-тіршілігін танып кетуі керек деген ойдамыз.

– Кәдесыйдың қай түрлері өтімді?

– Мына түрлері өтімді, басқа түрлері өтпейді деп кесіп айта алмаймын. Бірақ біз жасаған кәдесыйлардың ешқайсысы өтпей, дүкен сөрелерінде тұрып қалмайды. Бір айта кетерлігі, халықтың қызығушылығы мықты. «Тағы қандай кәдесый жасайсыздар» деп хабарласып жатқан тұтынушылар да жоқ емес. Дейтұрғанмен, «асығың алшысынан түссін» деп шығардық бір кәдесыйды. Бұл өзі қоғамдағы барлық адамға бірдей сыйлауға болатын дүние. Жаңадан жұмысқа тұрған кісіге, жаңа туған нәрестеге, туған күн, мерей той иелеріне де сыйлауға болады. Әрі-беріден соң аяғы ауыр әйелге де «маңдайы торсықтай ұл тап» деп те тарту жасауға болады. Осы кәдесый үлкен сұранысқа ие болды. Сосын біз асықтың бір ғана түрін жасап қоя салған жоқпыз. Алдымен жалғыз асықтың алшысынан түсіп жатқанын жасадық. Онан соң жеті асықтың жантайып жатқан түрін айналымға шығардық. Кейіннен 16 асықтың басын біріктірдік. Ең соңынан 24 асықтан тұтас композиция жасап шықтық. Жалпы, қай нәрсені болмасын дизайнер, суретшілермен келісе отырып түрлендіріп шығаруға болады.

– Кәдесыйларды кімдер жасайды?

– Көптеген кәдесыйлардың авторы өзіміз. Ал жекелеген кәдесыйлардың авторлары бар. Біз олармен қоян-қолтық араласып, жұмыс істейміз. Олардың бірі Қарағандыда тұратын мәдениет қайраткері, көрнекті суретші Мұрат Қалқабаев. Айтып отырғанымдай, біз көп дүниенің кішірейтілген нұсқасын жасап шығамыз. Ал домбыра, қобыз, асық, жауырын секілді композицияларды өзіміз ойлап табамыз. Негізінен, кәдесыйдың көбі өзіміздің ойымыздан туған дүниелер.

– Франция дегенде Эйфель мұнарасы бірден еске түседі. Америка десек, Бостандық статуясын елестетеміз. Ал Қазақстан дегенде әлем халқының көз алдына қандай ескерткіштің кейпі келеді деп ойлайсыз?

– Алматыда тұрған Тәуелсіздік монументін біз елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің символы ретінде алғаш болып кәдесый ретінде жасадық. Ол халық арасында бірден сұранысқа ие болып кетті. Жұрт шетелден келген қонақтарға не болмаса өздері сырт елдерге барғанда «біздің тәуелсіздігіміздің символы осы» деп беріп жатады. «Халық айтса қалып айтпайды» дейді ғой. Сондықтан мен де біздің тәуелсіздігіміздің символы сол Тәуелсіздік монументі деп ойлаймын.

Сарыарқаның самалына тербеліп, жайқалып өсіп келе жатқан Астанамыздың символы Бәйтерек деген ойдамын. Оны, сондай-ақ, өсіп-өркендеудің, елдіктің символы ретінде де қабылдауға болады.

«Журналдың атын Ақселеу аға қойды»

– Ал кеше ғана ашылған «Қазақ елі» деген монумент ше?

– Бұл енді ерекше құбылыс. Аспанмен астасып жатқан алып монументтің жанында тұрып түрлі ойға берілесің. Талай қырғын болса да жер бетінен жойылып кетпеген, елдігін сақтап қалған мемлекеттің бүкіл тарихы сол жерде тұрып санаңда жаңғырады. Еліңе, жеріңе деген сүйіспеншілік үдей түседі. Мен «Қазақ елі» монументі қазақ халқына қойылған ескерткіш деп ойлаймын. Әл-әзір оның насихаты аз болып жатыр. Дегенмен болашақта бұл біздің ұлттық мақтанышымзға айналатын дүние деп түсінемін. Тұтастай ұлтқа қойылған ескерткіштің ұлттық мақтанышқа айналмауы мүмкін емес. Қазірдің өзінде біз оны кәдесый ретінде жасап қойдық. Енді халыққа ұсынғалы отырмыз. Солайша, «Қазақ елі» монументін біз де шамамыз жеткенше насихаттауға кірісіп кеттік.

– Осы сіздер «Әдемі-ай» деген журнал шығарасыздар ғой. Сол не үшін керек?

– Әрбір мекеме өзін-өзі асырауды ойлайды. Дегенмен біз тек қаржы табуды ғана ойламаймыз. Сөзімнің басында айттым, біз ұлттық құндылықтарымызды жан-жақты насихаттап, ел арасынан жоғалып кеткен асыл мұраларды өзіндей болмаса да, соның көзіндей етіп жасап, халыққа қайта ұсынып отырмыз. «Әдем-ай plus» шығарған бұйымдардың суреттерін бір жерге біріктіріп, оларға анықтама беріп каталок шығардық. Соны көрген ағаларымыз «Мынау үлкен дүние ғой. Мұны неге журнал ретінде тіркемейсің. Сөйтіп мектептерге, мәдени орындарға таратпайсың» деп ұсыныс айтты. Шынында да, біз жасаған каталоктың өзі журналға сұранып тұр екен. Содан оны журнал ретінде тіркедік. Атын Ақселеу Сейдімбек ағамыз қойып берді. Солайша, «Әдемі-ай» этнографиялық журналы дүниеге келді.

– Жаңа кіріп келгенде көрдім: неше түрлі қылыш, ер-тұрман, тоқыма бұйымдары, сақина, сырға, білезік, тиындар, самаурындар тұр. Бұл сатуға қойылған дүниелер ме?

– Мына жердегі бірінші зал – сату бөлімі деп аталады. Онда біздің мекеме шығарған кәдесыйлар тұр. Олар сатылуға қойлған заттар. Ал екінші зал – көрме залы. Онда тұрған заттардың бәрі менің осы уақытқа дейін жиған қорым. Оны сату үшін емес, халыққа көрсету үшін қойып отырмын. Мына ғимараттың тарлығынан көптеген заттарым симай қалып отыр. Бұл мен жинаған заттардың жартысы ғана. Алдағы уақытта бір мұражай ашу ойда бар. Сол күнге жетіп жатсақ, қолымдағы колекциямды сонда қойып, олардың анықтамалығын қоса жазып, қай жақтан табылғанын көрсетіп қойғым келеді.

– Көрме залыңызда қанша бұйым тұр?

– Қазір 500-дей зат тұр. Жақында Астанадан да «Әдемі-ай» өнер үйін ашқанбыз. Соған 500-ге тарта жәдігерді апарып қойдық. Ал қалғаны үйімде жатыр.

– Сіздер жасаған кәдесыйларда «асығың алшысынан түссін», «жолың болсын» деген сынды тілектер жазылған. Бұл тауарды өткізудің бір жолы ма, әлде басқа себептері бар ма?

– Жақсы тілек тілеген дұрыс. Сөредегі заттан жақсылықтың иісі аңқып тұрғаннан кейін халықтың да назары ауады. «Әдемі-ай» тек қана ақша табуды ғана көздемейді. Біз осы арқылы өз тұтынушыларымызға тілектес екенімізді білдірдік. Оның үстіне сыйлық беруші де, сыйлық алушыда қуанып қалады. Біз осының бәрін ойладық.

– Осы істеріңізге мемлекеттен көмек болып жатыр ма?

– Жақында Президенттің кеңесшісі Гүлшара Науханқызы бізбен арнайы жолықты. Ол кісі біздің істеп жатқан тірліктерімізді сырттай біледі екен. Оң бағасын берді. 8-наурыз күні Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен бизнесмен әйелдердің форумы өтеді. Мені сол форумға мүше ретінде енгізді. Ал жеке басыма келсек, мемлекеттен көмек болған емес.

Сұхбаттасқан Ержан БАЙТІЛЕС.

4977 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы