• Тұлға
  • 07 Маусым, 2012

Ораза ұстайтын жастар көбейді

Серікбай қажы Ораз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы:

Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Ораздың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы болып тағайындалғанына да бір жыл болды. Өмірін ислам дінін өркендетуге арнаған облыстың бас имамының Қостанайда болған мерзім ішінде атқарған жұмыстары қай жағынан болсын ауыз толтырып айтарлықтай. Жақында біз Серікбай қажы Сатыбалдыұлына арнайы жолығып, көкейде жүрген бірқатар сауалдарымызды қойған едік. Төменде осы әңгімені қалың жұртшылық назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– Серікбай қажы, байқаймын, қос­танайлықтардың сіз туралы пікірі өте жақсы. Өзіңіздің де бұл өңірге тез сіңісіп, халықпен тіл табысып кеткеніңіз көрініп тұр. Бүгінгі әңгімемізді осыдан бастасақ орынды секілді. – Шынымды айтсам, бір жылдың қалай тез өтіп кеткенін сезбей де қалдым. Мен Қостанайға уақыт өткізу үшін емес, осындағы бауырларыма қызмет етуге келген едім. Жалпы, солтүстік маған таңсық емес-ті. Өйткені бұдан бұрын менің Ақмола облысының бас имамы болып қызмет атқарғанымнан көпшілік хабардар болса керек. Қостанай жеріне табаным тиген кезде халық мүддесі үшін жүзеге асырсам деген мақсаттарым мен жоспарларым да жеткілікті еді. Соларды біртіндеп іске асырып келе жатырмын деп ойлаймын. Әрине, мен өзімнің алдымда қызмет атқарған әріптестерімнің еңбегін жоққа шығарудан аулақпын. Олар да өздерінің қабілет-қарымы, мүмкіндіктері келгенше жұмыс істеді. Осы мешіттің көркеюі мен оның парасат ордасына айналуына қолдарынан келгенше үлестерін қосты. Алайда әрбір өкіл имамның өзінің қалыптасқан жұмыс стилі, ұстанған бағыты болады. Осы арада айтарым, мешіт ең алдымен халыққа қызмет ететін киелі орын. Оның іші-сырты, айналасы мұнтаздай таза болуы керек. Сондықтан облыстық Марал ишан мешітінің кеңселерін күрделі жөндеуден өткізуді қолға алдым. «Көп түкірсе – көл» деген, жергілікті кәсіпкер бауырларымның тікелей қолдауының арқасында бұл жұмыс та көңілдегідей орындалды. Қостанай – қасиетті өңір. Өткен тари­хымызға көз жүгіртетін болсақ, бұл жерден ұлтымыздың ары мен намысы болған ұлы тұлғалар шыққан. Солардың ізін жалғастырып келе жатқан азаматтар қазір де баршылық. Осындай асыл ағалар және апаларымызбен кездесіп, оларға мұнда өкіл имам болып тағайындалғандағы мақсат-мұратыммен де бөлістім. Олар да мені жатсынған жоқ. Өздерінің үлкендік іл­типаттарын білдіріп, қамқорлық таны­тып, құшақтарын ашты. Сол үшін де жер­гілікті ағайындарға айтар алғысым шексіз. – Біздің байқауымызша, бір жыл ішінде Қостанай өңірінің барлық аудандары мен қалаларында, кенттерінде болдыңыз. Ондағы ислам дініне ден қойған бауырларымызбен жүздесіп, келелі әңгімелерді қозғадыңыз емес пе? – Облыстық Марал ишан ме­шітіндегі барша қызметкерлермен ақылдаса отырып, бір жылғы жұмыс жоспарын жасадық. Қол жеткен жетістіктеріміз бен кейбір кемшін тұстарымызды сараладық. Сөйтіп, жұмыс барысында қандай өзекті мәселелерге ерекше назар аудару қажеттігіне көңіл бөлдік. Барлық аудандар мен қалалардағы, кенттердегі бас имамдарды арнайы шақырып, олармен де ашық сөйлестім. Пікірлерін тыңдап, өзімнің өкіл имам ретіндегі негізгі ұстанымымды білдірдім. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қағиданы басшылыққа алып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жұмыс істеуге бел будық. Қазақ «Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» демей ме? Қағаздағы имам­дардың есебі өз алдына, барлық ме­шіттердің тыныс-тіршілігімен таныс­қанды жөн көрдім. Соның нәтижесінде барлық мәселелердің анық-қанығына көз жеткіздім. Өздеріңізге белгілі, Торғай өңірі қазақтың нағыз қаймағы бұзылмаған, ұлтымыздың мақтаныштары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Амангелді Иманов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Нұрхан Ахметбеков, Сейіт Кенжеахметов секілді тұлғалардың туған мекені. Сондықтан жақсы ырыммен алғашқы танысу сапарымды осы өңірдің қаймана қазағы көп Жангелдин, Амангелді аудандары мен Арқалық қаласынан бастадым. Өңірде ел басқарып отырған білікті азаматтармен тілдестім. Мешіттегі басқосуларда дініміз мен тілімізді, ділімізді пір тұтатын мұсылман ағайындармен жүздестім. Ондағы жұртшылықты толғандырып отырған мәселелерге нақты жауап беруге тырыстым. Болашақта өкіл имам ретінде басты назарда ұстайтын жайларды көңіліме түйдім. Өмірдің біраз белестерінен өткен, рухани жағынан жан дүниесі бай асыл ағаларымның ақ батасын алдым. Ұлтымызда «Алғыспен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген даналы сөз бар. Егер осы бір жылдың ішінде бірқатар ойға алған шаруалар жүзеге асып, табысқа қол жеткізген болсақ, онда сол аға буын өкілдерінің баталары мен ізгі ниеттері де септігін тигізгені хақ. – Кезінде Мысыр Араб Респуб­лика­­сының Каир қаласындағы Аль-Азхар, содан кейін Пәкістан Әлем­дік университеттерінде білім алдыңыз. Алматыдағы Ислам инс­ти­ту­­тының ректоры болдыңыз. ҚМДБ-ның наиб мүфтиі секілді лауазымды қызметтерді атқардыңыз. Шыныңызды айтыңызшы, Қостанай өңіріндегі имамдардың білімі мен біліктілігіне көңіліңіз тола ма, әлде жоқ па? – Сіз бұл сауалыңыз арқылы менің көз алдыма өткен өмір жолдарымды елестеттіңіз. Осы арада айтайын дегенім, «Білімді мыңды жығар» демекші, қазір тиянақты білімсіз қай салада болмасын, алға қарай ілгерілеп, көздеген мақсатқа жету мүмкін емес. Мұны өз басымнан өткізген соң тілге тиек етіп отырмын. Жоғарыда өзіңіз сауалыңызда айтып өткендей, әлем­нің ең өркениетті елдеріндегі басты діни оқу орындарында білім алдым. Сол терең білімімді Алматыдағы Ислам институтында ректор болған жылдары болашақ жас ма­мандардың санасына сіңіруге тырыстым. Бұл күндері Қостанай өңірінде отыз­дан астам мешіт бар. Олардың көпшілігінде жоғары діни білім алған азаматтар қызмет атқарады. Имамдардын жұмысына бағаны халық береді. Сондықтан мешіттерді басқарып отырған мамандардың сөзіне ісі, біліміне білігі сай болғаны жөн. Сонымен қатар, осы киелі орындарда кітапханалардың да жұмысы жанданып, оларға тиісті діни кітаптар, газет-журналдармен үнемі толықтырылып отыруына да көп көңіл бөліп келеміз. – Облыс орталығындағы «Наурыз» шағынауданының маңында жаңа мешіт салынып жатқанынан хабардармыз. Қазір ондағы құрылыс жұмысының барысы қалай болып жатыр? Сол жөнінде қысқаша айтып берсеңіз? – Бұл жаңа мешіттің қолға алын­ғанына көп бола қойған жоқ. Қазір онда жұмыс жалғасып жатыр. Киелі орынның сапалы әрі дәл уақытында аяқталып, пайдалануға берілуі қаржыға келіп тіреледі. Осы мешіттің құрылысына байла­нысты арнайы есепшот та ашылды. Оған мұсылмандар қауымы өздерінің мүмкіндіктеріне қарай үлестерін қосып жатыр. Өзім осы мәселеге байланысты облыс­тың жаңа әкімі Нұралы Мұстафаұлы Сәдуақасовпен де арнайы жолығып, сөйлестім. Ол кісі де өз тарапынан қолдау көрсететіндігін білдірді. Сонымен қатар, өңірдегі іскер жігіттерде мешіт құрылысына қолдан келген жәрдемдерін аямайды деген үміттемін. – Өзіңіз өкіл имам болғалы бері тағылымды да тәрбиелік мәні мол түрлі семинарлар, рухани кештер өткізіліп келеді. Биыл Мәуліт мерекесі облыс орталығында айрық­ша есте қаларлықтай өтті. Осы жөнінде де айта кетсеңіз? – Меніңше, шын ниетпен қолға алынған қандай игі іс болмасын өз нәтижесін беретіндігі даусыз. Біз де облыстық мешіттің ұжымы болып ақылдасып, әрі облыс басшысының тікелей қолдауымен тұңғыш рет Мәуліт мерекесін Қостанай шаһарындағы жаңадан пайдалануға берілген көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, даңқты жерлесіміз Ілияс Омаров атындағы Қазақ драма театрының ғимаратында өткіздік. Бұл ұмытылмас кешті көкшетаулық танымал айтыс ақыны Арман Бердалин жүргізді. Сонымен қатар, өңірде ораза ұстайтын жастар қатары да көбейді. Осы арада жалаң сөзге салынбас үшін нақты деректер мен дәйектерге сүйене кетейін. Мәселен, өткен жылы Қадір түнінде облыс бойынша 8700-ден аса мұсылмандар киелі орындарда таң атқанға дейін құлшылық еткенін айтып өткенім де орынды болар. – Алдағы уақытта қандай рухани шараларды жүзеге асыратын боласыздар? – Міне, жаз да келіп, мектеп оқушылары демалысқа шықты. Сондықтан сол кездері облыстағы мешіттердің жанында сауат ашу курстары жұмысын жандандырады. Биыл да оны барынша талапкерлерге ғибратты боларлықтай ұйымдастырғалы отырмыз. Сонымен қатар, алдағы кездері мешіттердегі шәкірттер арасында Құран жаттаудан жарыс өткізілгелі отыр. Бұл күндері барлық мешіттерде оған дайындықтар жасалуда. Тәжі­рибесі мол мамандар байқауға қаты­сатын ер балалардың бойындағы қа­рым-қабілеттерін ашуға барын салуда. Баршаға мәлім, жылдан-жылға Рамазан айы жаз айларына қарай жылжып келеді. Ол үстіміздегі жылы 20 шілдеде басталады. Қазір осы киелі айға да әзірліктер жасалып жатыр. Бір қуаныштысы – мұсылман қауымының оразаға деген ниеттері өте жақсы. Былтыр облыстық Марал ишан мешітінің жанында тұңғыш рет Ораза бойы іскер азаматтардың демеушілігімен ауызашар берілді. Биыл да осы дәстүрді қолға алмақ ойымыз бар. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Оразалы Жақсанов ҚОСТАНАЙ

1927 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы