• Тұлға
  • 07 Маусым, 2012

Туған жерінде театр ашқан талант

Райымбек Сейітметовтің есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Мәскеу театр институтының жоғарғы режиссерлік курсында дүниежүзіне әйгілі екі шебер режиссер, Кеңес Одағының халық артистері Л.Варпаховский мен А.Гончаровтың мектебінен дәріс алған Райымбек Сейітметов өзі алғаш актер болып қызмет еткен театрына режиссер болып оралған кезі. Жас режиссер Қазақ драма театрында (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры) А.Макаеноктың «Пұшайман болған әулие», Л.Пиранеллоның «Өгей қыз», Г.Лорканың «Қасіретті қатындар», Л.Дюрконың «Электра – сүйіктім менің», В.Дельмардың «Өкінішті өмір» сынды әртүрлі жанрдағы өз замандастарынан бастап, дүниежүзілік драматургияның озық туындыларын сахналады. 

Осы жерде сахнагердің режис­­сер­лік шығармашылығына жіті қара­сақ, ол Мәскеудегі жоғарғы режис­сер­лік оқу курсына үлкен дайындық­пен барып, ол жақтан да режиссерге қажетті білім мен тәжірбиені молынан игеріп қайтқанын байқаймыз. Демек, осы бір-екі жыл суреткердің шығармашылығына үлкен өзгерістер енгізді. Режиссер Райымбек Сейіт­метов тұңғыш қазақ сахнасына поэзиялық спектакль қойып, поэзия театрын қалыптастырды. Оның поэ­зияны қоюы заңдылық еді, себебі ол ақынжанды, поэзияға ғашық режиссер болатын. 1982 жылдың күзінде ол Жас­тар театрын қолына алды. Жас­тар театрының шығармашылық деңгейін көтеру үшін оның репертуарын жаңартып, жаңа драматургтермен бірлесіп, көрермендерге тың дүниелерді ұсынуды мақсат етті. Жастар театрындағы алғашқы қойылымы Ә.Тауасаровтың «Аса құрметті Икс» атты сатиралық комедиясы болды. Сол жылдары Жастар театры­ның шығармашылық табысы молая түсті. Алдымен М.Әуезовтің 1954 жылы жазылып, бірақ жарық көрмеген «Алуа» драмасы болды. Осы еңбегі үшін Райымбек 1984 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Іле-шала Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқтысын» қайта қойды. Режиссер Райымбек Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» романы бойынша жа­салған инсценировканы қолға алып, алты Алаштың ардақтысы Тұрар Рысқұлов бейнесін сахнаға әкелді. Спектакльді көрген автор Ш.Мұртаза қатты толқыса керек. Көп ұзамай режиссер «Сталинге хат» және «Бесеудің хаты» драмаларын қолға алды. Хал­қымыздың көрген тарихи трагедиясы мұнымен біткен жоқ. Соларды көрсету үшін белгілі драматург Б.Мұқайдың Семей полигоны жайлы «Ақыр заман» және «Өмірзая» атты трагедиясын сахна төрінен көрсетті. Қазақ театр өнеріне қырық жыл­­дай еңбек сіңірген Райымбек Сейіт­метов өз еркімен 1995 жылы кіндік қаны тамған жері, түркі халықтары­ның рухани астанасы Түркістанға алдына үлкен мақсат қоя келді. Мақсаты – Түркістаннан театр ашып, өз өнер мектебін қалыптастыру. Бұл туралы Шерхан Мұртаза «Алматының екі бірдей театрын басқарған Райымбектің Түркістанға кеткені бәрімізге жұмбақ болды. Сөйтсек, Райымбек, Юлий Цезарша «Қазақстанның театр әлеміне жаңа, өзгеше театр қосу үшін» кетіпті» десе, жақында ғана бақилық болған Рахманқұл Бердібай «Түркістан қаласында театрдың ашылуы Тұран жерінде имандылық пен қазақтың ұлтжандылығы, таза пейілі сақталғаны деп есептеймін» деген еді. Ясауи университетінен 1995 жылы «Өнер» факультетін ашып, жергілікті жастарды өнерге баулып, актерлік шеберліктің қыр-сырын үйретті. Ауызбен айтқанға оңай көрінер. Дегенмен де, өнердің қызу қайнаған ордасы Алматыдан алшақ жатқан Түркістан жерінен өнер мектебін ашу –қиынның қиыны. Өзі ашқан «Өнер» факультетіне оқу-әдістемелік жүйесін енгізіп, жастар­ға кәсіби өнердің білімін берді. Бұ­дан бөлек жылуы жоқ, жарығы көп сөнетін суық үйде тұрып өзінің қайсар мінезінің, еңбекқорлығының, өнерге деген адалдығының және та­бандылығының арқасында баста­ған ісінің аяғына жетуді мақсат етті. Бір сөзбен айтқанда, өз идеясын жүзеге асыруға жан аямай кірісті. Бірде сол жылуы, жарығы жоқ үйге Алматыдан достары келеді. Жағдайы жоқ үйде тұрып жатқан халық артисін көріп, «Реке, мұныңыз не? Мынадай жағдайда қалай өнерге қызмет етпексің? Кеттік Алматыға» дейді. Сонда Рекең «Алматы – ару қала. Мен ол жақта өнерді меңгердім, енді туған жеріме қызмет жасаймын. Қарашы, бұл жақтың халқы күніне төрт-бес мәрте бақытты болады. Қа­лай дейсің гой? Жарық өшіп-жанған сайын балалар қуанып, теледидарға қарай жүгіреді. Балалардың қуаны­шы бақыт емей немене? Ал Алматыда мұндай қуанышты көре алмайсың» деп астарлы әзілмен жауап бергеніне куәмін. Түркістанға келген жылдан бас­тап жыл сайын талантты жастарды оқуға қабылдап, өз мақсатына да жақындай түсті. Елбасына хат жазып, қолдау тапқан Райымбек Сейітметов 2000 жылы наурыз айында Қазақ театрларының қатарына ең жас театрды қосты. Міне, үлкен еңбектің, табандылықтың нәтижесінде Түркістанда кәсіби драма театры пайда болды. Алғашқы көркемдік жетек­шісі өзі болды. Түркістан театры­ның артистері жергілікті Райымбек­тің өнер мектебін бітірген талантты жас­тардан құралды. Түркістандық жас театр ұжымы 2000 жылы Алматы қаласында өткен «Еуропа бірлігі» театр фестиваліне қатысты. Бірінші күні Қазақстан­ның атынан Б.Вахапзаденің «Көк түріктер» атты тарихи драмасын ойнаса, екінші күні Түркия мем­ле­кетінің арнайы өтініші­мен осы «Көк түріктер» спектаклін тү­рік тілінде ойнады. Елбасымыз Н.Назарбаев 2001 жылы Түркістан театрында болып, аталған қойылым­ды тамашалап «Райымбек Ноғайбай­ұлы негізін қалаған Түркістан театрының болашағы зор деп сенемін» деген бағасын берген. Түркістан театры Түркия мемлекетінің арнайы шақыруымен Анкара, Сивас, Кайсери, Қырықкәле, Кония, Нидде, Маталия, Ерзум, Герсун, Анталия, Спарта сияқты ірі қалаларда бірне­ше рет гастрольдік сапарда болып қайтты. Бұл туралы кейіпкеріміздің өзі күнделігінде: «Бұл жақта халім, Аллаға шүкір, жаман емес. Өмір бойы аңсаған арманына жеткен адамның жағдайы, әрине, жақсы болады. 1995 жылы туған жерім – «Екі дүние есігі – Түркістаныма» кел­дім... Елбасымыз Нұрекең арнайы Түркістанға келгенде театрымызды «Түркістан сазды-драма театры» етіп ашып берді. Алғашқы спектаклімізді «Көк-Түріктерді» тамашалаған Елбасы: «Бұл театрдың аты жақын күндері елге әйгілі болады» деді. Мен үшін бұдан артық сый болған емес. Түркістанда басталған өнер мектебі өнер ордасына айналады... Түркістан халқы театр өнерінен сусындап, әр күн сайын маған алғысын жаудырады. Бақыт деген осы емес пе? Өмірде өз ізіңді қалдыру деген осы емес пе? Бұл да болса Алланың берген бақыты» деп жазып қалдырыпты. Бүгінде көңілге медеу – Райым­бек Ноғайбайұлы Сейітметовтің ар­тында ұрпағы мен талантты шә­кірттері өсіп келеді. Өзі ашқан Түр­кістан театры рухани мән-мағынасы бар көркем дүниелерді сахналап, халыққа қызмет көрсетуде. 2009 жылы Әшірбек Сығайдың «Райымбек Сейітмет» атты ғұмырнамалық кітабы жарық көрді. Бекзат өнер­паздың қазақ киносындағы, қазақ радиосындағы қызметі мен жазу­шылық қыры өз алдына бір төбе. Көзі тірісінде өзінің «Актер, режиссер Райымбек Сейітметов» атты кітабы өз оқырманына жол тартқан еді. Алда ұстазының жолын қуатындардың саны артып, арасынан райымбектанушылар шығып, ұлы өнер көшін жалғап жүре берер деген үміттеміз. Бұдан бөлек өзі ашқан Түркістан театры Райымбек Сейітметовтың есімімен аталарына сеніміз мол. Нұрболат МАРАИМ, Түркістан қалалық сазды-драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі

4424 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы