• Тұлға
  • 07 Маусым, 2012

«Ел үшінтуған ер еді». Жұртшылық Нұртас Оңдасынов жайлы осылай жылы лебіз білдіреді

Гурьев мемлекеттік педагогика институтында аға оқытушы болып жұмыс істеп жүрген кезім. Туған ағам Зәкіш Өтегенұлы Юсупов үйіне жедел шақырып алды. Жұмыстан шыға сала ағамның үйіне бағыт алдым. Ағам – өте салмақты, парасатты, ақылды, әр ісіне асықпай баппен кірісетін адам. Жуықта ғана зейнеткерлікке шыққан. Келгеннен кейін амандық-саулық сұрап болып:

– Қадыржан, саған жауапты тапсырма бергелі отырмын, – деді. – Қолдан келетін нәрсе болса, тапсыр­маңызды орындау інілік борышым ғой, – дедім. – Ендеше, былай. Қарындасың Гүл­жамалдың Мәскеу ауруханасында жатқанын білесің. Оның емі бітіп, енді шыққалы жатыр. Қарындасыңды ауруханадан шығарып, елге аман-есен алып келуің керек. – Құп болады, тәте, – дедім, бұл кісіні мен жас кезімнен «Тәте» дейтінмін. – Саған уақыт керек болады. Бастығыңнан бір аптаға сұран. Жағдайыңды айтқан соң, қарсы болмас. – Ректорым жағдайға түсінетін парасатты азамат. Қарсы болмас деп ойлаймын. Сонымен, ректор Жамбыл Ақылбаев бір аптаға рұқсат берді. Ұшақпен жолға шықтым. Мәскеудің Домодедово әуежайынан ауруханаға тіке барып, қарындасымды қасыма алып, Қазақстан «поспредствосына» тарттым. Мұндағы қонақүйден екі орын алмақшы болып едік, тек бір ғана орын бар екен. Қарындасым «Аға, мейлі, біреу болса, сіз алыңыз. Мен Нұртас атамның үйіне қонамын» деді. Ондай мүмкіндік бар екен. Гүлжамал өткен жолы Мәскеуге келгенде, Нұртас аға өзі күтіп алып, үйінде бір күн қондырып, ауруханаға сосын апарған екен. Қонақүйге орналасып болғаннан кейін, Гүлжамал екеуміз Нұртас ағаның үйі қайдасың деп таксимен тартып отырдық. Нұртас деген кім? Нұртас Дәнді­байұлы Оңдасынов – еліміздің ардақты ақсақалы. Мен бұл кісі туралы жақсы білемін. Еңбекшілер депутаттары Гурьев облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, содан кейін Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Сөйтіп, ардақты аға Гурьевте жеті жыл басшылық қызмет атқарды. Нұрекең біздің облысқа басшы боп келгенде, мен мектеп оқушысымын. Ағам Зәкіш соғыстан оралған соң Еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесі атқару комитетінің аппаратында жұмыс істеп жүрген болатын. Нұртас Дәндібайұлы төраға болып келгенде, ағамды өзіне көмекшілікке алды. Екі жыл Облыстық атқару комитетінде төраға болып жұмыс атқарған Нұртас Дәндібайұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімімен Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып ауысты. Сол кезде ағамды Нұрекең көмекшілікке өзімен бірге ала кетті. Облыстық партия комитетінің қызметкерлері менің ағамды «Закеш Өтегенұлы» дейтін. Ағам іске тындырымды, жауапкершілікті ерекше сезіне білетін коммунист еді. Ол Компартияға мүшелікке майданда жүргенде өтіпті. Жұмысты адалдықпен атқарғанын қызметтес жолдастары үнемі айтып отыратын. «Зәкең Нұрекеңнің інісі сияқты еді» дейді осы күні зейнеткер, кезінде Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Оңайбай Көшекұлы. Оқушы болсам да ағамның Нұрекеңді қалай құрметтейтінін айтқан сөздерінен бағдарлайтынмын. Себебі ол үнемі «біздің Нұрекең, біздің Нұрекең» деп, оның адамгершілік істерін, жұмыстағы ұқыптылығын ілтипатпен ерекше сүйсініп айтып отыратын. Ағамның айтқанынан түйгенім: Нұртас Дәндібайұлы – жұмыс бабындағы жауапкершілікті жақсы сезінетін адам. Ешкімге дауыс көтермейтіндігі, жұмысты әр қызметкерден талап ете білетіндігі, қызметкерлердің, аудан басшыларының, мекеме жетекшілерінің жұмыстағы қателіктерін беттеріне тіке айтып, ұялтатыны, осындай талапшыл болумен қатар, өзінің асқан іскерлігін, уақытпен есептеспей жұмыс істейтіндігін айтып отыратын. Ол таңертең жұмысқа ерте кеткеннен түнгі он бір-он екіге дейін, тіпті кейде одан да кеш, кей кездері тыным алмастан, арасында демалыс бөлмесінде мызғып алатын. Мұның бәрінде ағам көбіне Нұрекеңнің қасында жүретін. Ағам да уақытпен санаспай, сол кісімен бірге жұмыстан бас алмайтын. Нұртас кабинетте көп отырмай, адамдардың арасында болуды ұнатады екен. Бірде малшыларға барса, бірде балықшыларға кемемен, бірде мұнайшыларға машинамен, алыс аудандарға ұшақпен, тікұшақпен баратын. Ол уақыт та, бап та таңдамаған. Қарапайымдылығы сол, жұмысшылармен, малшылармен, балықшылармен кездескенде, олармен бірге тамақтанып, дастарқан басында шүйіркелесіп отырады екен. Еңбекшілердің тұрмыстарымен танысып, қандай жетпестіктерді барлығын әр барған сайын біліп алып, жұмысқа келген соң, жұмысшыларды жабдықтау басқармаларының басшыларын аяқтарынан тік тұрғызатын. Тапсырылған жұмыстарының қалай тындырылғанынан есеп алуды ешқашан ұмытпайтын. Азық-түлік мәселесі ме, жанармай мәселесі ме, құрылыс мәселесі дейсіз бе, барлығы Нұрекеңнің көз алдынан кино лентасындай көрініс беріп жатады екен. Ал өзі үйдегі демалыс жағдайына еш көңіл бөлмейтін көрінеді. Ағам бірде мынадай әңгіме айтты. Алдағы болатын үлкен жиналысқа дайындық жасамақшы болып, Нұрекең ағамды үйіне шақырыпты. Ол қандай жиналыс болса да сөйлейтін сөзін өзі дайындайды екен. Ақпарлардың, деректердің бәрін жинаттырып алып, өзі жазуға отыратын көрінеді. Кейде диктовка жасайды. Ағам өзінің әдемі жазуымен Нұрекеңнің айтқандарын қағазға түсіреді. Жазып болғаннан кейін оқытып, түзетіп, кей жерін қысқартып, тың идеяларын қосып, редакциялайды. Осылайша жұмыс бабымен отырғанда, түстенетін уақыттың болғанын байқамапты. Бір кезде Нұртас ағаның жары Валентина Васильевна кабинетке кіріп келіп: «Нуртас Дандибаевич, обед готов» деп хабарлайды. Үстел басына отырған сәтте Валентина: «Закеш Утегенович, бүгінгі тамақ тек көкөніс сияқты шөп-шаламдар болды, кешірерсіз» дейді орысша. Ағам да жалма-жан: – Валентина Васильевна, о не дегеніңіз, айып емес, осы да жетеді, – деген екен. Сол кезде әзіл араластырып, Нұрекеңнің әйелі тағы да былай дейді: – Базарға барайын десем, Нуртас Дандибаевич маған машина бермейді, «общественным транспортом» деп айтқанынан қайтпайды. Сол кезде Нұрекең де: – Ничего, ничего. Мы довольны и этим. Да, Закеш Утегенович? – деп ағайға қарайды. – Міне, айтатыны. Ет әкелуге де машина бермейді. Көретін күнім осы. Кемпірін аямайды, – дейді тағы да әйелі. Бірақ Нұрекең ештеңе айтпапты да, үндемей, тамағын іше беріпті. Ет мәселесіне байланысты, ағам кетерде: – Валентина Васильевна, мен жігіт­терге айтып, сіздерге ет әкел­дірейін, – деген екен. Әйелі сыбырлап: – Вы что, Закеш Утегенович, он убьет меня, – депті ернін саусағымен басып. Содан кейін ағай ондай тақырыпқа ештеңе айтпайтын болыпты. Валентина Васильевна тағамдарын базардан автобуспен әкелетін көрінеді. Нұрекең «қызыл балық, уылдырық әкелем» дегендерге де ұрсып: «Маған ондайды екінші айтпаңыз. Аштан өліп, көштен қалмаймын!» деп жақтырмай қарайды дейді. Облысты басқаруда Нұрекең жемісті жұмыс атқарды. Халықтың сүйікті басшысына айналды. Бүкіл облыс, қала, аудан еңбекшілері Нұртас Дәндібайұлын аңыз кейіпкеріне айналдырды. Халық аузында «Нұрекең былай депті», «Нұрекең олай депті», «Нұрекең дұрыс шешіпті», «Нұрекең дұрыс істеген», «Ой, басшы болсаң, осындай бол!», «Нұрекеңе рахмет», «Өміріңе нұр жаусын», «Нағыз азамат, ел үшін туған ер ғой», «Ерің болса, осындай болсын», тағысын-тағы мақтаулар жаңбырдай жауып, онсыз да нұрлы адамның жүзін одан әрі жарқыратып жүретін. Бірақ Нұрекең облыс маңдайына сыймай кетті. Орталықтан кенеттен шешім қабылданыпты. Оңдасыновқа жұмысты тоқтатып, зейнеткерлікке шығу ұсыныс етіліпті. 58 жасқа енді жеткен Нұрекеңді жұмыстан алатындай, әлі бойында халыққа берері көп мәуелі бәйтеректі түбінен қиятындай не күн жетті? Халық аузында «Нұртас Дәндібайұлы ерлік көрсетіпті» деген әңгіме тарады. Бұл рас еді. Орталық Комитеттің үлкен мәжілісінде Нұрекең орталықтың шешіміне қарсы шығыпты. Никита Сергеевич Хрущевтің елді бөлшектеумен ауырып жүрген кезінде болған көрінеді. Ол қазақты бұрынғы орыс патшаларына ұқсап көзінің қырынан шығармаған ғой. Не түлен түрткенін кім білсін, Никита: «Маңғыстау Түрікменстанға қосылсын» деген шешім шығаруға шақ қалыпты. Нұрекең бұған үзілді-кесілді қарсы болып, ұран көтере сөйлеген, басшылыққа наразылығын білдірген. Амалы құрыған Никита Нұртас Оңдасыновты дереу зейнеткерлікке шығаруға ұсыныс жасапты. Сөйтіп: «Оказывается, руководит Гурьевской областью один из соратников И.Сталина. Его немедленно отправить на пенсию» депті «көреген патша». Сонымен, Нұрекең 58 жасында еріксіз зейнеткерлікке шығып, Гурьев облысы бойынша алға қойған тамаша жоспарларын жүзеге асыра алмай, халықты өкіндіріп кетті. Кеңес үкіметінің топас басшылығы қазақ жерінің бір ауқымды аймағының болашағына зиян келтіріп, алдағы болатын жарқын істердің желкесін қиды. Нұртас Дәндібайұлы зейнеткерлікке шыққаннан бастап сол кездегі Жоғары Кеңес төрағасы Анастас Иванович Микоянның баспанаға байланысты көмегімен Мәскеуде тұрады. Нұрекеңнің мекенжайы ағам жазып берген: «Мәскеу, Гвардейская көшесі, №1 үй, №28 пәтер». Осы мекенге қарындасым екеуміз таксилетіп жеттік. Өзінің інісіндей болған, жан түсіністігімен қызметтес болған ағасына беріп жіберген біздің жердің дәмінен сәлемдеме ала бардық. Нұрекеңнің тұрған жері қаланың жаңадан салынған шағынаудандарының бірі екен. Қаланың шеті ме деп ойладым, себебі такси үлкен даңғылмен ұзақ жүрді. Нұртас Дәндібайұлы ақжарқын көңілмен қарсы алды. Үйге кіргенімізде есік алдында әйелімен екеуі қатар тұрып сәлемдесті. Қол алысып амандастық. Нұрекең мені кабинетке қарай бастағанда, Гүлжамал Валентина жеңгеймен асүйге бағыт алды. Нұрекең үлкен бөлмені кабинетке айналдырыпты. Айнала кресло, орындықтар. Үстел үсті толған картотека қораптары, бірқатар кітаптар, жазу құралдары, жазуға дайындалған ақ қағаздар. Аға маған орындық ұсынды. – Кабинетім осы болады, – деді де, атымды сұрады. Мен атымды айттым. – Зәкіштің інісімін, атым – Қадыр. – Шырағым, атың жақсы екен. «Қадыр» деген аттың мағынасы жақсы. Бұл үлкен тілектен қойылған ат болса керек, – деді. Біз түске жақын барған едік. Жеңгеміздің түскі тамағы да дайын бола қалыпты. Бізді жеңгей тамаққа шақырды. Асханаға барып, түскі ас іштік. Іле шай да келді. Шай үстінде Нұрекең әңгіме айтты. – Бұл үйде жалғыз қазақ – мен ғана, – деп еді, жеңгей жармаса кетті. – Вот, Нуртас Дандибаевич теперь начинает хвалится. Нұрекең оған тоқтаған жоқ. Орысшалап: – А что, не правда что ли, я истинный патриот своей Родины. Я нахожусь здесь временно, потому что я хочу воспитывать здесь живущих казахов, которые насчитывается около восьми тысяч, я руковожу ими, они слушаются меня, я им читаю лекцию о патриотизме, о значении и величии казахского языка. Это – моя общественная работа, – деп ұзақ сөйлеп кетті. Жеңгей де сабасына түсе бастады: – Хорошо, хорошо, патриот, понятно! Тамақтанып болғаннан кейін, Нұрекең ас қайырды. Бұл 1986 жылдың наурыз айының 14-ші жұлдызы болатын. Нұрекең бұл кезде 82 жаста екен. Жеңгеймен екеуі құрдас сияқты. Маған мынадай ой келді: «Егер Нұртас аға Гурьев облысының басшылығынан 1962 жылы кеткен болса, сол кезде тек 58-ақ жаста болған-ау». Ал содан бері 24 жыл өтіпті. Жеті жыл облыс басшысы болыпты. «Жеті» деген қасиетті сан. Негізінде, өзі ақ та пәк адамның бұрын барып көрмеген жеріне басшы болып жеті жыл жұмыс істесе, бұл да бір облыс халқы үшін игілікті жылдар болғаны ғой. – Қадыр, дәлізге шығып қайтайық, – деген соң, сүйретпе киіп шыға бергенімізде, – Шылым шегетінім бар, өзің бұған қалайсың? – деп сұрады. Мен оған әуестігім жоғын айттым. – Ой, айналайын, оның тамаша екен. Денсаулық деген қадірсіз нәрсе ғой кей адамдарға, мен бұрын шеккен едім, сексеннен асқанда тастайын ба деп талпынам, бірақ бұзып алам. Кемпірім менің сыртымнан бағады да жүреді. Шылым шекпеуімді талап етеді, «ауырып қаласың» деп мазасызданады. Мені сен тасалап тұр, есік ашылғанда көріп қалмасын. Мен темекімді тұтата қояйын, – деді де, «Беломорканалдың» бір данасын сіріңкемен тұтатуға кірісті. Темекіні орталап тарта келгенде, есік ашылды да, Валентина Васильевна : – Нұртас Дандибаевич, опять куришь, брось сейчас же, – деп балаға да­уыс көтергендей сөйлемесі бар ма? Нұрекең де оқыс қылығын анасы көріп қалған бала сияқты: – Извини, Валя, извини, – деп папиросын өшіріп тастады. Мен таңқалдым, іштей осынша жаста бір-бірін аялап, бір-бірінің денсаулықтарының сақшысы болу шынайы махаббаттың, сыйластықтың белгісі-ау деп топшыладым. Ішке кірген соң, Нұрекең бірден кабинетіне бағыт алды. Мен ілесе кірдім. Орнына отырған соң сөзін сабақтады: – Шырағым, Қадыр, мен қазақ халқы­ның Мәскеудегі өкілімін. Қарап отырмаймын, зейнеткерлікке шыққаннан бері қолымнан қалам түспейді. Мен мемлекеттік жұмысқа араласпас бұрын бала кезімнен арабша оқып, молда болған адаммын. Арабша, парсыша кітаптарды көп қарастырдым, оқыдым, бар құштарлығыммен кірістім. Егер жоғары оқу орнына түсіп оқымаған болсам, осы кезге дейін молдалықпен айналысып, діни қызметкер болып кетер едім. Жас кезімдегі молдалығым әжептәуір, діни оқуым біршама терең және жүйелі болды. Заманның ағымы өзінің бір арнасына бұрып алып, Орман шаруашылығы институтында оқыдым да, жақсы маман боп тәрбиеленіп шықтым. Өкінбеймін. Республика басшылығында қызмет атқардым. Беделді болдым, партия тапсырған жұмыстарды адал атқаруға тырыстым. Мына сөре толы кітаптарды көріп тұрсың ғой, осының біразы – ылғи араб, парсы тіліндегі кітаптар. Зейнеткерлікке шығысымен бұл кітаптарды ерінбей-жалықпай зерттей оқып, ақылға ақыл қостым, адамзат баласының ғұмыры туралы ойлар мазалады. Толғанысты пікірлер тынышымды алумен болды. «Әттеген-айлар» адам өмірінде көп болады. Солардың кейбірін жөндеуге ұмтылыс жасалса, кейбіреулеріне тісің батпайды. Ал, түзете алатыным – қолымнан келген пайдалы істі елге сарқа ұсыну, ең соңғы күшімді қажетті, пайдалы деп есептегендеріне жұмсауды мақсат еттім. Араб тілінде оқығандарымнан халыққа тәрбиелік пайдасы бар дегендерін ұлттық тілімізге аударумен айналыстым. Бірқатар дүниелер қазір кітап боп жинақталып, хатталып тұр. Кейбіреулері кішкене кітапша боп, Алматы баспаларынан жарық көрді. Сонымен бірге қазақтың мақал-мәтелдерін жинақтап жатырмын. Өтебай Тұрманжанов жинаған мақал-мәтелдер кітабы қазақтың қанатты сөздерінің тек бір бөлігі ғана. Ал, ұмыт қалғандары қаншама. Кейбір мақалдар алуан нұсқалармен айтылады ғой. Мысалы, бір мақал пәлен рет құбылып келеді. Халық дана ғой жарықтық. Әрбір сөзі – тұңғиық терең философия. Әрбіреуі адамды ойландырады, толғандырады, логикалық тереңдікке жетелеп әкетеді. Міне, сондықтан қазақтың мақалдарын тірнектеп, текшелеп жатырмын. Өзің естіген, оқыған кітаптардан бұрын айтылмаған мақал-мәтелдер болса, маған хатпен жіберіп тұрсаң деймін. Менің мекенжайым белгілі ғой. Осы үй мәңгілік мекенім болатын шығар деп ойлаймын. О дүниеге осыдан аттанатын шығармын. Халқымның алдында сол терең мәнді сөздерін жинақтап, бір үлкен борышымды атқарсам деп едім. Үшінші бір үлкен жұмысым – сөздік жазу. Екі кітабым дүниеге келді, біреуі – «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», екіншісі – «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік». Өзіңнің мамандығың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екен. Осы кітаптарымды көрген шығарсың? – Көрдім, Нұреке. Бір-бір данасы кітапханамда бар. – Филолог ретінде айтшы, осы сөздіктердің пайдасы бар ма, әлде мен босқа арамтер болып жүрмін бе? – Нұреке, ол не дегеніңіз. Бұл сөздіктердің құны зор, себебі қазақтың сөздерінің бір бөлігі осы араб-парсы сөздерінен тұрады. Қазақтың тілін байытқан осы араб-парсы сөздері ғой. – Иә, ертедегі ел-елдің бір-бірімен қарым-қатынасының, аралас-құралас болғандығының пайдасы бұл. Қазақтың өз тілі де бай, ал мына араб-парсы тілдерімен одан әрі байып, мән-мағынасы тереңдеп кетті емес пе? – Аға, сіз бұл сөздіктеріңізбен қазақтың Тіл білімі институты жұмысына үлкен көмек көрсетіп отырсыз. Институт пен Қазақ Ғылым академиясы Сізге өте риза шығар. Сізге тіпті барлық тіл білімі ғылымының өкілдері де, әдебиетшілер де, жазушылар да риза. Әйтпесе, қазақтың төл сөзі қайсы, кірме сөзі қайсысы екенін білмей жүргенде, сіз ит мұрыны өтпейтін нудан жол көрсеткендей болдыңыз. Рахмет сізге! – Егер бұл кітаптарымның халыққа пайдасы болса, мен өзімді бақытты санаймын. Бір-бір том шығарумен шектелген жоқ бұл ағаң. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, «Арабша-қазақша түсіндірме сөздіктің» үш томын дайындап қойып отырмын. Осы үштомдықты бастыру туралы Алматыға барғанымда Дінмұхамед Ахметовичке кіріп шығып едім. Уәде беріп қалды. Бірақ одан әлі хабар жоқ. Келген-кеткен інілерімнің құлағына салып қоямын. Олар да қозғау салармыз деп уәде беріп кетіп жүр. Бұл кітаптардың қолжазбаларының тұрысы мынау. Енді парсышаны да қолға алудамын. Қазір «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктің» екі кітабын бітіріп, үшінші томын тәмамдап жатырмын. Бұларды да баспаға ұсынбақшымын. Бұған не дейсің? – Нұреке, Тіл білімі институтының түсіндірме сөздік жөніндегі жұмыстарының жартысын өз мойныңызға алған екенсіз. Мұныңыз жанкештілік қой, – деп риза болғандықтан ағамды қолпаштай сөйледім. – Ой, рахмет, айналайын. Алматыдан келген інілерімнің бәрі осылай баға береді. Сонда ұлттық тілімізге аздап та болса пайдасы тиетін түрі бар-ау, шамасы. – Әрине, аға. Мұны Тіл білімі институты біле ме? – Білгенде қандай. Олар жұмысымды керемет құп көріп отыр. Анау Қайдаров інім бар, басқалар бар, бәрі де ризашылығын білдіруде. Алдыма қойған жоспарым қыруар. Осы сөздікті бітірісімен, естеліктер жазуға кірісемін. Ол естеліктерім партия, кеңес органдарының қайраткерлері туралы, елдің ұлағатты адамдары туралы болмақ. Қазір кімдер туралы жазатынымды тізімдеп қойдым. Амандық болса, білекті сыбанып бастамақшымын. Ал, мақал-мәтелдерді жинақтау мәселесі өмір бақи жалғасып келеді. Айтпақшы, маған естіген, оқыған кітаптарыңнан алған қанатты сөздер туралы хабарласып тұру үшін мекенжайыңды жазып алайын, – деп Нұрекең үлкен қалың дәптерін ашты да: «234-ші тілшім Юсупов Қадыр Өтегенұлы» деп жазып қойды. Сен Қазақстандағы тілшілерімнін бірісің, енді ұмытпа, менің мекенжайымды білесің, хабарласып тұр, білдің бе? Енді сен бір әңгімемді тыңда. Гурьев деген жерде мен жеті жыл еңбек еттім. Өмірімде еңбек еткен жылдарымдағы шоқтығы биік жұмыстарымның сүбелісі осында жасалды. Неге дейсің ғой. Сондағы жұмыстас болған тамаша адамдарды бұрын-соңды еш жерде кездестірген емеспін. Жұмыстас інілерім мен қарындастарым тапсырмаларымды бұлжытпай орындайтын, сыйласа білетін, Құдайдай табынғандықтан емес, сыйластықтан, құрметтегендіктен, жауапкершілікті сезінгендіктен. Олар мені қас-қабағымнан-ақ түсінетін. Әрине, алғашқы кезде маған үйрене алмай, кібіртіктеп жүргендері болды. Ал, кейін қамшы салдырмады. Қандай қыруар үлкен іс болмасын, көпшіліктің көмегімен бітеді. Жұмыстың табысты нәтижесі адамды алдағы іске де құлшындырады, шабыттандырады. Мен сондай күйлерді бастан кешірдім. Мұнда жұмысқа келгенімде елу бір ғана жаста екенмін. «Елу – ердің жасы» дейді қазақ. Кемеңгер ұлтым баға берген осы жасыма келгенімде Гурьев сияқты жерұйықта болуым мен үшін бақыт болды деп әлі күнге дейін еске аламын. Жігіттер мен қыздар қандай?! Іске беріле кететін мұндай адамдарды сирек кездестірдім. Гурьевтіктер мәңгі есімде қалды. Ғұмыр берсе, – деді де, бес саусағын жазып көрсетіп, – Міне, мынадай, Каспий өңірі қайраткерлері туралы да жазамын, тек бес жыл ғана сұраймын Алла Тағаладан. – Аға, Сізді гурьевтіктер ілтипатпен әрқашан еске алып отырады. Сіздің еңбегіңіз біздің жердегі өшпес құбылыс болып қала береді. Ел еңбекшілері – жерлестеріміз Сіздің батыл істеріңізді мысал қып, аңыз қып айтуда. – Жерлестеріңе рахмет. Әйтеуір жаман атым қалмаса болар, – деп күлді Нұрекең. – «Жаман ат» деген сөзді аузыңызға алмаңыз, Нұреке. – Қазір Гурьевке жаңа басшы барыпты деп естідім. Басшы кадрларды жергілікті халық қатарынан өсіру керек. Басшыны басқа жақтан алып келу – жергілікті халықты сыйламау, олардың намысына тию болады. Ол – жергілікті кадрлардың жұмысына деген сенімсіздік. Олардың біліміне, іскерлігіне күмән келтіру. Олай етуге болмайды. Мен өз басым облысты басқаруға келгенде, кейінгі басшылардың бәрін де сол топырақтың адамдарынан өсірдім. Өзімнің үстімнен қарайтын органдардан сескенген жоқпын. Партия органдарының облыстағы жетекшілерін солай тәрбиеледім. Өзіммен бірге ешбір адам әкелгенім жоқ. Тек жалғыз өзім ғана. Сенім аспандағы айға ұмтылуға қанат бітіреді. Мысал келтірейін. Оңайбай Көшеков, Есен Тасқынбаев, Сағидолла Құбашев, Закаш Камалиденов, Саламат Мұқашев, Мәдина Ғабдісәлімова және тағы басқалар – мен өсірген кадрлар. Мынадай бір қызық айтайын. Сағидолла Құбашев «Передовик» деген колхоздың председателі болып жақсы жұмыс істеді. Облыстың атқару комитеті төрағалығына адам керек болғанда, өзім жақсы білетін сол С.Құбашевті ұсындым. Орталық Комитет біраз уақыт бекітпей қойды. Менің өзім барып түсіндіруіме тура келді. Сағидолланың іскерлігін, біліктілігін, партиялық прин­ципшілдігін алға тарттым, жақсы басшы болатынына Орталық Комитетті сендірдім. Сөйтіп, ол облыстың еңбекшілер депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы болды. Менің үмітім ақталды. Мен таңдаған басқа басшылар да жемісті жұмыстар атқарды. Қазір еліміздің жоғары лауазымдарындағы Сағидолла Құбашев, Саламат Мұқашев, Закаш Камалиденов – бәрі де менің тәрбиемнен өткендер. Мен оларды Гурьевтің нәрлі топырағынан баптап, өсіріп шығардым. Бұлардың қазір мемлекет басқарып отырғандарын мақтаныш етемін. Нұрекеңмен кездескен бұл шақта, шынында да, аты аталған адамдар сол тұғырларда отырған болатын. Нұртас аға мақтанса, мақтанғандай еді. Оның көрегендігі, шыншылдығы, сенімнің алтын тұлпарын ерттеп мінетіндігі, адам жанын түсіне білетін кемеңгерлігі оларды аталған деңгейге дейін көтерген. Нұрекеңнің парасаттылығы «баладан дана жасау», тәрбиелеу шеберлігі кім-кімге де үлгі болғандай. Мәскеу уақытымен күндізгі сағат он екіде келген мені Нұртас аға кешкі сағат бесте әрең жіберді. Менің бес сағат уақытым босқа кеткен жоқ. Ұлағатты адаммен кездескенді үлкен бақыт деп есептедім. Рухани жағынан біраз байып қалдым. Нұрекеңнің әңгімесі, ұлағатты сөзі, патриоттық сезімі қатты әсер етті. Нағыз қазақ Нұрекеңдей болар дедім. Оның елді сағынып жүргені байқалды. Ұлттық тіліміздің тағдыры жолында қандай қиындықтан да бас тартпайтын тілжандылығы мен елжандылығы менің жүрегімде өшпестей із қалдырды. Ол кісінің: «В этом доме я единственный казах» деп кеудесін қаққаны әлі көз алдымда. Ағаны қатты аяп, әрең аттанғанымды айтқым келеді. Ұлы тұлға, асқан ақылман, талмас еңбекқор, елін жан жүрегімен сүйген патриоттың жалғызсырауы рас-ау дедім. Әттең, амал қанша?! Осындай адам да бір күні о дүниеге кетеді-ау деп мұңайдым. Кетерімде Нұрекең маған әртүрлі халықтардың мақал-мәтелдерінен жинақталған «Ой маржандары» атты кітабын ұсынды. «Кітапты орысшадан жазушы Софы Сматаев пен Нұртас Оңдасынов аударған» деп жазылған. 1984 жылы Алматының «Жалын» баспасынан шығыпты. Бұл кітапқа мынадай қолтаңба жазып берді: «Қадыржанға! Жаман ағаңнан, Н.Оңдасынов» деп қол қойды. Астына «Москва, 14.03.1986ж.» деп жазды (Мен бұл кітапты қазіргі ерекше құнды ескерткіштердің бірі деп санаймын. Нұртас ағамның екі сөздігі де кітапханамның ең қымбат кітаптар қатарында сап түзеп тұр). Ертеңіне қарындасым Гүлжамалды алып, Нұрекең қонақүйге өзі келді. Пойызға өзі шығарып салды. Ағам Зәкішке, отбасына, барлық гурьевтіктерге дұғай сәлем айтты. Нұрекең 1987 жылы қазан айының аяғында ағамның қайтыс болғанын естіп, жеделхат салып жіберіпті: «Зәкіш мен үшін де, халық үшін де қымбат азамат еді. Қимаймын, бірақ тағдырға не шара... Бақилы болсын! Н.Оңдасыновтар» Мәтін орысша еді. Мазмұны осындай. Кейіннен,1989 жылы құрметті Нұртас ағамның дүние салғанын естіп, отбасына көңіл айтып, жеделхат салдым. Қаралы хабарды естігенде маған: «Қап, әттеген-ай, «шіркін бес жыл ғұмыр берсе» деген тілегіне жете алмаған екен, топырағың торқа болсын» деген өкінішті ой келді. 2003 жылы мамыр айының басында Нұртас аға туралы ізденіп, естеліктер жинап, ағаның еңбектерін жарыққа шығарумен айналысып жүрген қарындасымыз журналист Гүлсім Оразалиева Атырауға келді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Нұртас ағаны еске алу кездесуін өткізді. Осындай кездесулер басқа да қоғамдық орындарда өтті. Сол келгенде Гүлсім өзі құрастырған, 2002 жылы Астананың «Елорда» баспасынан жарыққа шығарған «Нұртас Оңдасынов» атты кітабын ала келген екен. Жиналысқа қатысқандарға ескерткіш ретінде таратып берді. Гүлсім қарындасым: «Аға, Оңдасыновтай оңды азамат болыңыз» деп қолтаңба жазып берумен бірге, «Нұртас ағамен Мәскеуде кездескеніңіз жайлы естелігіңізді жазып берсеңіз және баспасөзде жарияласаңыз, мен оны келесі естелік кітапқа енгіземін» деген тілегін білдірген еді. Бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау қаласында Нұртас Оңдасынов атында көше бар. Сол көшемен күнде келе жатып, бұрышындағы «Нұртас Оңдасынов көшесі» деген жазуды оқып, «Атыңнан айналайын, аға, рухыңыз ешқашан өшпейді» деп іштей қайталап айтамын.

Қадыр ЖҮСІП, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор АТЫРАУ

7974 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы