• Тұлға
  • 14 Маусым, 2012

Түркілік жадыны жаңғыртқан

Орал қаласында Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясы және Түрксой халықарлық ұйымының ұйымдастырумен әрі Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Профессор Н.Ф.Катанов және түркітану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.  Бұл басқосу ХХІ ғасырда түркіта­ну ғылымының саяси-әлеуметтік, гуманитарлық ғылым ретінде маңызы арта түскендігін көрсетті. Еуразия кеңістігінде ұлан-ғайыр жерді жайлаған 39 ұлт пен ұлыстан тұратын, 250 милиионнан астам түркі тектес ағайынның рухани құндылықтарын тағы бір зерделеу үшін берісі Алматы мен Астанадан, әрісі Сібір, Енисей, Еділ, Алтай, Алатау, Анадолыдан келген ғалымдар түбі бір түркілерге ортақ мәселелерді ортаға салды. Хакас ұлтынан шыққан белгілі түркітанушы Катановтың туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Сол себепті 2012 жыл ТҮРКСОЙ тарапынан «Катанов жылы» болып белгіленді. Н.Ф.Катанов уақытында Ресей империясы құрамындағы орыс емес халықтардың рухани мұрасын, тілін, әдет-ғұрпын, ауыз әдебиетін, өзіндік ерекшелігін зерттеуді басты назарда ұстады. Соның ішінде Н.Ф.Катанов қазақтарды да айналып кете алмады. Ол Жетісу, Орынбор қазақтарының тілін, тұрмыс-тіршілігін, ауыл мектептеріндегі ағарту мәселелерін қарастырып, басқа туыстас тілдермен жан-жақты салыстыра, байланыстыра зерттеп, тың тұжырымдамалар мен ғылыми зерттеулерін дәйекті де, дәлелді түрде ұсынды. Конференцияда ТҮРКСОЙ бас хатшысының орынбасары А.Тұрғанбаев, Хакас мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі В.Бутанаев, Түркі академиясының өкілі, профессор Г.Сағидолда, Татарстан Республикасы Татар энциклопедиясы институтының директоры Р.Валее, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, профессор Ж.Манкеева және басқалар сөз сөйледі. Сонымен қатар Батыс Қазақстан гу­манитарлық академиясында өткен дөң­гелек үстелде жаңа ғасырдағы түр­кітанудың жалпытүркілік және Еура­зия кеңістігіндегі түркі өркениеті­нің мәселелері жан-жақты талқыланды. Орта Азия түркілеріне, оның ішін­де қазақ халқының тіліне, тарихына, этнографиясына құрметпен қараған ғалымның еңбектерін жаңа ғасырда тәуелсіз ой-толғамына салып зерделеу игі іс болмақ. Конференция соңында Орта Азия түркілері мен Сібір түркілері тілінің лексикалық қорындағы этнолингвистикалық ортақтықтарды, жалпытүркілік сөздік қорды саралап, зерттеулер жүргізуге шешім қабылданды. Сабыр Бөкенбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор

2618 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы